Энергетика министрі кім болады?
Энергетика министрі болған Нұрлан Ноғаевтың Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалуы енді энергетика және министрлігінің тізгінін кім ұстайды деген үлкен сауалды қалдырды. Бұл ел экономикасында басты рөл ойнайтын мұнай мен газ саласын басқаратын және жер қойнауындағы шексіз байлықты игеруге тікелей жауап беретін, инвестиция тарту бойынша басты міндетті мойнына алған министрлік. Бюджеті мен салмағы да басым.
Жалпы министрлік мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруды, мұнай-газ, мұнай-газ-химия өнеркәсібі, көмірсутектерді тасымалдау, уран өндіру, мұнай өнімдерін өндіруді, газ және газбен жабдықтауды, магистральдық құбырды, электр энергетикасын, жылумен жабдықтауды мемлекеттік реттеу салаларында, орталықтандырылған жылумен жабдықтау, атом энергиясы, жаңартылатын энергия көздерін дамыту аймағында жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын жылу электр орталықтары мен қазандықтары бөлігінде басқару процесін үйлестіруді жүзеге асырады.
Енді бұл миллиардтаған доллар ағымы жүретін министрлік тізгінін кім ұстайды? Аталмыш мәселе қазір биік мінбердегі шенеуніктер арасында қызу талқыланып жатқан болар. Жорамалдар өте көп, кандидаттар да жетерлік. Алайда энергетика министрі болып мүлде біз күтпеген азамат тағайындалуы да ғажап емес. Қорғаныс министрі болып қоғам білмейтін вице-министрдің тізгінді ұстауы сияқты, энергетиканың тізгінін де энергиясы тасыған бір жасқа ұстатуы бек мүмкін. Әрине, аталмыш орынға тәжірибелі, инвестиция тарту қабілеті бар азамат қойылуы қажет. Оны Ақорда да, Үкімет те жақсы түсінеді.
Сарапшылар кандидаттар ішінде сарапшылар түрлі болжамдар айтуда. Мысалы, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының төрағасы болған Сауат Мыңбаев денсаулығына байланысты ем алып жатыр деген ақпарат бар. Шаңғы теуіп жүріп омыртқасын зақымдап алды деген ақпарат шыққан еді. Алайда қазіргі таңда бос тұрған министрлік орнына осы азамат жайғасуы мүмкін деген сәуегейлік айтылып жүр.
Болат Жәмішевтің де бұл орыннан көрінуі мүмкін дейді кей сарапшылар. Бұған дейін қаржы министрі, Қазақстан өңірлерді дамыту министрі, Қазақстан Даму банкі басқармасының төрағасы сынды қызметтерді атқарған Жәмішевтің басқару саласындағы тәжірибесі расымен басым.
Энергетика саласында тәжірибесі мол, алайда халық арасында танымалдығы төмен бірінші вице-министр Мұрат Жүребековтың да бұл орынға жайғасуы мүмкін дейтін пікірлер бар. Бұл Қорғаныс министрлігіндегі тәжірибе мысалында іске асуы мүмкін.
Министрлік тізгіні Владимир Школьникке табыстаулы мүмкін. Бұл АЭС салу мәселесімен тығыз байланысты деген ойлар бар. Сонымен қатар Школьник бұл орында бұрын қызмет еткен тәжірибесі де ескерілуі ғажап емес.
Аталмыш кандидаттардан бөлек, бұл орынға облыс әкімдерінің бірі келіп, аймақ басшылықтарын ауыстыру процесі де іске асады деген болжамдар қойылуда.
Abai.kz