Сейсенбі, 3 Қараша 2026
Қоғам 159 0 пікір 3 Қараша, 2026 сағат 13:26

Ер азамат болу деген не?

Сурет: hartm.ru сайтынан алынды.

«МӘҢГІЛІК ЖАС ЖІГІТ»

Ертедегі Римнің ақыны Овидийн «Metamorphoses» еңбегінде Puer Aeternus немесе «Мәңгілік жас жігіт» деген латын ұғымы кездеседі. Бұл тіркес Элевсиннің құпия ғұрыптарымен байланысты жас құдай Иакхқа қатысты қолданылған.

Ал XX ғасырда психолог Карл Густав Юнг бұл бейнені архетип тұрғысынан қарастырса, оның шәкірті, юнгтік аналитикалық психологияның өкілі Мари-Луиз фон Франц «The Problem of the Puer Aeternus» атты еңбегінде бұл ұғымды ересек жасқа жетсе де, жасөспірімге тән психологиялық ерекшеліктерін сақтап, өмірдегі нақты міндеттер мен жауапкершіліктен жалтаратын адамдардың мысалында кеңінен түсіндіреді.

Олардың денесі есейіп, шашына ақ кіре бастаса да, психологиялық тұрғыдан дәл 17 жасында қатып қалғандай. Үлкен армандары бар, бірақ жауапкершіліктен қашады. Еркіндікті қалайды, алайда өз өмірін басқару міндетінен қорқады. Сырт көзге ересек ер адам болып көрінеді. Бірақ ішкі әлемінде өмірдің шындығымен бетпе-бет келуден жалтарған кішкентай бала жасырынып жатады.

Қазақ қоғамында да осындай «қартайған ұлдардың» бейнесі қалыптасып отыр.

ЕСЕЙГЕН ӘЙЕЛДЕН ҚАШЫП, АҢҒАЛ ҚЫЗДАРҒА ҰМТЫЛУ

Puer Aeternus мінез-құлқының бір көрінісі махаббат қатынастарынан байқалады. Олардың кейбірі ақылды, дербес, болашағын айқындап қойған әйелдермен қарым-қатынас орнатудан қорқады. Себебі мұндай әйелдің жанында әдемі сөйлеп, үлкен армандарды уәде ету жеткіліксіз. Жауапкершілік алу, уәдеде тұру және айтқан сөзін ісімен дәлелдеу қажет болады.

Мұндай талаптар оларға еркіндігінен айырылып жатқандай сезілуі мүмкін. Сондықтан өмірлік тәжірибесі аз, өзіне сүйсіне қарайтын, кемшіліктерін онша байқай бермейтін жас қыздарға ұмтылатын кездері болады.

Өйткені олардың жанында өзін күшті, өмір көрген, ақылды адам ретінде сезіне алады. Өзінің шын мәнінде дамып, есейгенінен гөрі, өзгелердің көз алдында мықты болып көріну әлдеқайда оңай. 

ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ «АНАСЫНЫҢ ЕРКЕ ҰЛДАРЫ»

Қазақ қоғамында ұлдарды дербес тұлға етіп тәрбиелеуден гөрі, «анасының сүйікті ұлы» күйінде мәпелеп өсіру үрдісі бар. Не істесе де ақтап, қорғап, әрбір қателігінің салдарын өз мойнына алып, түзеп отыратын тәрбие баланың өзгеге тәуелсіз өмір сүруді үйренуіне кедергі келтіруі мүмкін.

Бұлай өскен адамдардың бәрі жауапсыз болады деген сөз емес. Алайда дербес болуға мүмкіндік берілмей өскен, қателік жасаған сайын біреу құтқарып отырған адам 30–40 жасқа келсе де, өз өмірін басқалардың реттеп беруін күтетін күйде қалуы мүмкін.

Олар «ірі жобалар», «ұлы армандар» туралы көп айтады, бірақ шынайы өмірде атқарған істері сөздеріне сай келмейді. Қиындық туындағанда өзін өзгертуге тырысудың орнына қоғамды, сәтсіз тағдырды немесе қасындағы әйелді кінәлайды.

Үйлену, бала сүю, ипотека төлеу, тұрақты жұмыс істеу сияқты нәрселер олар үшін өмір құрудың мүмкіндігі емес, еркіндігін тұншықтыратын шынжыр секілді көрінеді. Содан кейін жауапкершіліктен қашудың жолын іздейді. Бірі ішімдікке, екіншісі бейнеойындарға, тағы бірі таусылмайтын сауық-сайранға бой тасалайды. 

ПИТЕР ПЭННІҢ ЕРТЕГІСІ АЯҚТАЛЫП, ШЫНДЫҚ БЕТТЕН ҰРҒАН СӘТТЕ

Питер Пэн ешқашан есейгісі келмейді. Оның Neverland [1.] әлемінде ересек болудың қажеті жоқ, ал болашақ әрдайым жаңа оқиғаларға толы.

«Мәңгілік ұлдар» да осыған ұқсас жалған әлемде өмір сүруі мүмкін. Олар өздерін үнемі жаспыз, бәрін қайта бастауға әлі де мүмкіндік бар деп ойлап, шынайы өмірін кейінге қалдыра береді.

Алайда 17 жастағы баланың жауапкершіліктен қашуы оның әлі есейіп үлгермегенімен түсіндірілуі мүмкін. Ал 40 жастағы ер адамның бүкіл өмірін осындай мінез-құлықпен өткізуі мүлде басқа мәселе. Жас ұлғайған сайын өзгелер алдындағы міндеттер де, өз таңдауыңның салдары да көбейеді.

Уақыт өте келе жастықтың тартымдылығы бәсеңдейді, ал бұрын өзіне сүйсіне қараған адамдар да өз өмірлерін құра бастайды. Сонда «мәңгілік жігіт» өмір бойы не тындырғаны, кімге сүйеніш бола алғаны туралы сұрақтармен бетпе-бет келеді.

Ең қайғылысы қартайғанда жалғыз қалудан да ауыр нәрсені түсіну: өзінің біреуге арқа сүйер, сенім артар адам болып көрмегенін ұғыну. Жауапкершілік алмаған өмірдің өтеуін ол бос қалған кеңістікпен және өкінішпен төлеуі мүмкін. 

ЕР АЗАМАТ БОЛУ ДЕГЕН НЕ?

Ер азамат болу дегеніміз жастың санымен немесе бұлшықеттің көлемімен өлшенбейді. Ол өз таңдауыңның жауапкершілігін көтеру, қателігіңді мойындау, уәдеңде тұру және өзгелер сенім арта алатын адам болу туралы.

Фон Франц Юнгтің «Symbols of Transformation» атты еңбегінде қозғалған ойларды түсіндіре отырып, Puer Aeternus мінез-құлық үлгісін еңсеруде еңбектің маңызды рөл атқаратынын атап өтеді. Мұндағы еңбек тек ақша табумен шектелмейді. Ол іш пыстырарлық немесе қиын болса да, істеуге тиіс нәрсені орындау, бастаған істі аяқтау және өмірдің нақты талаптарынан қашпау.

Арман әлемінен түсіп, өз әрекеттеріңнің салдарын мойындап, жауапкершілікті өз еркіңмен көтере бастаған сәттен бастап нағыз есейу басталады.

Қазақтың қартайған ұлдарына дәл қазір тағы бір ұлы арман емес, өз өмірінің жүгін өзі көтеруге батылдық қажет.

Олардың ертегідегі Neverland әлемінен қайтып оралатын уақыты келді. Әйтпесе, денесі қартайғанымен, өз өмірін шын мәнінде бастап үлгермей, мәңгілік ұлдың бейнесінде бұл дүниеден өтуі мүмкін.

[1] Neverland әлемі дегеніміз қазақша айтқанда, «Ешқашан аралы» немесе «Мәңгілік балалық шақ елі» деген мағынаны білдіреді. Neverland — жазушы Джеймс Мэттью Барридің әйгілі Питер Пэн шығармасындағы қиял-ғажайып мекен.

Тереңірек мағынада Neverland — адамның өз қиялында өмір сүретін, уайымнан арылып, армандарына еркіндік беретін әлемі. Сонымен бірге ол балалық шақпен қоштасқысы келмеуді де білдіруі мүмкін. Қазіргі мәдениетте «Neverland» сөзі ертегі әлемінің, арманның немесе шынайы өмірден алшақ қиял әлемінің атауы ретінде де қолданылады.

Амантай Тойшыбайұлы

Abai.kz

0 пікір