Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 1707 1 пікір 12 Қыркүйек, 2021 сағат 14:41

Ауыл шаруашылығы саласына 50 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген

Ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтауды қолдау тәсілдерін мұқият қарауымыз қажет. Агроөнеркәсіп кешені қолданатын технологияның шамамен 90 пайызы әбден ескірді. Оны жаңарту керек. Ауыл шаруашылығын субсидиялау саясатын өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатпен ұштастырған жөн. Үкімет пен «Бәйтерек» холдингі осы мәселе бойынша ұсыныстар әзірлеуі қажет. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету. Президен Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында дәл осылай айтып пәрмен берген еді. Расымен, ауыл шаруашылығы-асыраушы сала.

Мәселен, Алматы облысында 201 мыңнан астам адам аграрлық секторда еңбек етіп, жан бағып отыр. Өңірде 50 мыңға жуық субъектілер мен 300 мың қосалқы шаруашылық және 373 өңдеу кәсіпорындары жұмыс жасайды. Облыс экономикасының жетекші саласы – ауыл шаруашылығы. Бұл бағытқа қазынадан үстіміздегі жылы 50 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген, оның 43 млрд. теңгесі субсидия ретінде қарастырылған.

Инвестициялық субсидиялау бағдарламасы аясында, Жетісу өлкесіндегі шаруашылықтардың шыққан шығынын 32 бағытта ішінара өтеуге 12 млрд. теңге көзделді.

«Жалпы өсімдік шаруашылығында тұқым, минералды тыңайтқыштар мен гербицидтер, бірегей көшеттік материалдар, су жеткізу, ағаш ауруларын жою, қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізілетін қант қызылшасы мен дәндік жүгері бағыттары бойынша субсидиялау жүргізіледі»,- дейді Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бахтияр Шампиков.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 972,3 мың гектарға себіліп, егіс алқабы өткен жылмен салыстырғанда 3,8 мың гектарға артты. Өткен жылы бұл көрсеткіш 968 мың гектарды құраған еді.

Тарқатып айтар болсақ, бидайдың егіс көлемі – 10,9 мың гектарға, дәндік жүгері – 9,5 мың га, мал азығы дақылдары – 8,0 мың га, картоп және көкөніс – бақша дақылдары – 1,3 мың га жерге кеңейтілді. Қант қызылшасы 16,1 мың га егілді.

Бүгінгі күнге 303 мың гектар масақты дәнді дақылдан 524 мың тонна астық жиналған. Өнімділігі гектарына 17,3 центнерді құрайды. Ал картоптан 15 мың гектардан 288 мың тонна өнім жиналды. Көкөністерге келер болсақ, 21 мың гектардан 596 мың тонна дақыл алынды. Бақша дақылдары - 4 мың гектардан 110 мың тонна жиналды.

Фермерлер уақытылы сапалы тұқымдармен, тыңайтқыштармен, техникамен, жанар-жағар маймен қамтамасыз етілді. Көктемгі дала жұмыстарына Аграрлық несие корпорациясы арқылы «Кең Дала» несиелік бағдарламасы аясында 92 шаруашылық 1,3 млрд. теңгеге несиелендірілді.

«Жеңілдетілген жанар-жағар май энергетика министрлігі арқылы бөлінуде, біздің облысқа кепілді 13,8 мың тонна дизель отыны бөлінді, литріне орташа бағасы 177 теңге, қазіргі уақытта 6228 тонна жеткізіліп, оның 2811 тоннасы 213 шаруашылыққа берілді»,-деп бөлісті Бахтияр Шампиков.

Abai.kz

1 пікір