Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 1436 0 пікір 15 Тамыз, 2021 сағат 20:19

Парламентаризм: Бәрі бірден бола қойған жоқ

Осындай оқиғаның, яғни 1991 жылдың 7 қыркүйегіндегі  Қазақстан Компариясының кезектен тыс XVIII съезінің артын күткендер бәрі ың-шыңсыз тез өте шығады деген ойда болды. Сол кездегі «Егеменді Қазақстан» (1991 жылдың маусымына дейінгі атауы «Социалистік Қазақстан» қазіргі «Егемен Қазақстан» - Абай кз) және «Казахстанская правда» газеттерінде әуелгісінде съезд президиумына сегіз адам сайланды деп жазады. Осы жайында қос басылым мынандай қызықты оқиғаны қалам ұшына іліктірді: «Осы кезде залдан дауыс шығып: «Жолдас төраға, бұл неткеніңіз? Тамыз путчасын сегіз адам ұйымдастырған еді ғой!...

Осыдан кейін залда «дұрыс айтады дұрыс» деген айқай-шу басталып. Ақыр аяғы президиум мүшелігін бір адам қосылды».

Орыс тілді славян нәсілінен шыққан мәскеушіл делегаттар трибунадан ұйымдастыру комитетіне партияны тарату турасында ұсыныс айтқан ұлтты қазақ қос шешенді қуып түсірді. Және  «Компартия есть, она должна жить!» - деп айқайға басты. Осы съезде Елбасымыз екі рет сөз алып сөйлеп, Қазақстандағы КОКП өз беделінен біржола айырылғандығын мысалдармен нақты дәлелдеп, Балтық бойында, Ресейде, Арменияда өзге де Кеңестік республикаларда оның өз өмір сүруін тоқтатқандығын және оған заңмен тыйым салынғандығы турасында сөз етіп салиқалықпен жиналғандарды ақылға шақырды. Тек түстен кейін ғана кәріне мінген коммунистер өз тәубесіне келіп, сабасына түскендей болды.

Дегенмен съезд компартияны таратқанымен жаңа партия құру төңірегіндегі дау-дамай кеңінен өрістеді. Бұл дау-дамайдың басты өзегіне оның атауы айналды. Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның халық бірлігі партиясы//Партия народного единства Казахстана» деген атауды ұсынғанымен делегаттардың көпшілігі оны қолдамай, жаңа құрылымға «Қазақстанның социалистік партиясы//Социалистической партией Казахстана» (ары қарай – «ҚСП» – Абай кз)  деген атауды жақтап дауыс берді.

ЫҢ-ШЫҢЫСЫЗ ӨТКЕН ПАРТИЯНЫ ЖЕРЛЕУ

Кезінде аспандағы айдай болған Компартияның өмірден озуына байланысты Балтық бойында, Украинада, Мәскеу, Ленинград және басқада ресей аймақтарында орын алған қақтығыстар мен кісі өлімі орын алған сойқандықтарға қарағанда елімізде кеңестік дәуірдегі партиялық өмірмен қоштасу ың-шыңсыз өтті десек те болады.

Сонымен, Елбасымыздың 25 тамыздағы «Қазақ КСР территориясындағы КОКП мүлкі туралы» атты Жарлығын орындау барысында республика үкіметі өз қаулысын шығарып, соған сәйкес әр нәрсені өз орына қою тірлігін қолға алды. Бірінші кезекте аталған қаулының құжаты Мемменшікке, Қаржы министрлігіне, Ұлттық банкіге, Мемстатком-ге және басқада органдарға 10 күннің ішінде Қазақстан аумағындағы бұрынғы КОКП меншігіне тізімдеу жасау міндеттеді. Бұған кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелердегі парком меншігі енген жоқ. Олар ешбір бағалаусыз шаруашылық жүргізуші ұйымдардың меншігіне қайтарылып берілді.

Аталған іске ҚазКСР Мемкомитетінің жаңа экономикалық құрылымдарды демеу, монополистік іс-әрекетті шектеу бөлімі араласты. Бұл орайда ҚазКСР Мемкомитетінің жаңа экономикалық құрылымдарды демеу, монополистік іс-әрекетті шектеу бөлімі Мемменшік, Қаржы министрлігімен бірлесе отырып, ашкөз партия басшылары дүрбелең сәтті сәтімен пайдаланып бауырына басқан партиялық мүлікті қайтару, меншіктеп алып жалға берудің, коммерциялық құрылымдардың жарғылық қорына енгізушіліктің, шетелдіктердің қатысуымен Бірлескен кәсіпорын құрулардың алдына алуды қолға алды. Дегенмен біраз дүние талан-таражға түсіп те кетті. Аяқ астынан қызмет бабымен КОКП мүлкін пайдаланып, көзін тауып бай-бағылан атанғандар қатары өсті.

Осы тапсырманы орындаушыларға партия мүлкін жеке бас пайдасына жаратушылардың жолын кесу міндеті қойылды. Партиялық меншікте оргтехника, мебель және автомашиналардан бастап, көп қабатты үйлер мен тұтас ғимараттар кешені болды. Республиканың ІІМ ұлттық меншікке алынатын дүниелерді талан-таражға салу мен ұрлап-жырлаудың алдын алуға және оны қорғауға алуға қатысты арнайы бұйрық берілді.

Ұлттық және коммерциялық банктерге парткомитеттердің есепшоттарымен жұмыс істес болуға тыйым салынды. Оларға тек еңбекке жарамсыздық парағын, партия қызметкерлерінің жұмыссыздық өтемақысын әм ақырғы алатын айлығын ғана төлеуге рұқсат етілді.

Осылайша КОКП көрін қазған 1991 жылдың тамыз оқиғасынан кейін қазақ жерінде мүлдем жаңа саяси күштер өмірге келіп, ұлттық парламентаризмді дамытуға өз үлестерін қоса бастады. Қазақстандағы компартияның таратылуы жаңа саяси қозғалыстар дәуірінің есігін ашты.

Жалғасы бар...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475