Алматы әуежайын кеңейтуге 780 млн доллар кетеді
Алматы халықаралық әуежайын кеңейту және жаңғырту инвестициялық бағдарламасының жалпы құны 780 миллион доллар болмақ. Оған қажетті қаржыны халықаралық несие берушілер және инвесторлар бөледі.
Еуразиялық даму банкі баспасөз қызметінің мәліметінше кредиторларлар Алматы халықаралық әуежайын кеңейту мен жаңғыртуды қаржыландыру шарттары туралы келісімге қол қойып үлгерген. Кредиторлар тізіміне Еуразиялық даму банкі, Еуропалық Қайта құру және даму банкі, халықаралық қаржы корпорациясы және DEG неміс инвестициялық корпорациясы бар. ЕАДБ әуежайға 40 миллион доллар бөледі, ал жобаның жалпы құны 780 миллион долларға бағаланған.
Әуежайдың жаңа иесі - TAV Kazakhstan компаниясы. Жаңғырту жобасына жаңа терминал салу, жұмыс істеп тұрған әуежайды жаңғырту, өткізу қабілетінің шектеулерін жою, маршруттарды дамыту, рейстер санын ұлғайту, клиенттерге қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жұмыстар кіретін болады. Алматы әуежайы екі жыл бұрын түрік өкілдіктеріне сатылған болатын.
Abai.kz