Бейсенбі, 5 Қараша 2026
Күбіртке 147 0 пікір 5 Қараша, 2026 сағат 14:38

Дәрі бағасы: Мемлекеттік бақылау бар, нәтиже жоқ!

Сурет: ЖИ арқылы жасалған / finratings.kz.

Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасын бақылау тетіктері мен сан алуан цифрлық жүйелер енгізілгеніне қарамастан, фармацевтика нарығындағы бағаның негізсіз өсуі тоқтамай тұр.

Неліктен? Бұл сұраққа ҚР Денсаулық сақтау экс-вице-министрі, цифрландыру жөніндегі сарапшы Олжас Әбішев өзінің Facebook парақшасында сараптамалық талдау жасады.

172%-ҒА ДЕЙІНГІ ҮСТЕМЕ БАҒА ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІ ДАҒДАРЫС

Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) 2025 жылғы маусымдағы тексеру қорытындысы елдегі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіндегі сұмдық деректерді әшкереледі:

Нарықтағы дәрілердің үстеме бағасы 172%-ға дейін жеткен;

Бюджеттік сатып алулар кезіндегі үстеме баға 35%-ды құраған;

Ең өкініштісі, 2024 және 2025 жылдардағы аудиторлық тексерулер бірдей жүйелі қателіктер мен заңбұзушылықтардың қайталанып жатқанын көрсеткен.

Олжас Әбішевтің пікірінше, бұл жердегі мәселе жаңа цифрлық бағдарламалардың жоқтығында емес, бар жүйелерді іс жүзінде тиімді қолдана алмауда.

«АСТАНА-1» ЖӘНЕ БОСҚА ЖАТҚАН МӘЛІМЕТТЕР БАЗАСЫ

Қазіргі таңда Қаржы министрлігінің «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесінде елге импортталатын әрбір дәрі мен медициналық бұйымның кедендік құны туралы нақты деректер бар. Сонымен қатар, салықтық бақылау базасы мен ЕАЭО аясындағы мәлімет алмасу тетіктері де жұмыс істеп тұр.

Ең бастысы, 2026 жылдың қаңтар айында Мемлекеттік кірістер комитеті мен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті арасында құпия кедендік мәліметтерді алмасу ережелері ресми түрде бекітілген. Төтенше талдау жүргізуге заңнамалық негіз де, деректер де толық жеткілікті.

«Айталық, дәрілік препарат Қазақстанға 100 долларға импортталды делік, ал мемлекет оны 300 долларға сатып алады. Әрине, логистика, сақтау, салықтар, дистрибьютордың шығындары мен негізделген пайдасын ескеру керек. Бірақ барлық есептеулерден кейін алшақтық тым үлкен болса, мемлекет оның себебін білуі тиіс. Егер мемлекетте импорттың нақты құны туралы тәуелсіз деректер тұрса, неге сатып алу бағасын белгілеуде тек нарық қатысушыларының ұсыныстарына сүйенуіміз керек?» — деп сұрақ қояды экс-вице-министр.

ЖАҢА ЖҮЙЕНІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ: БАРЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ МЫСАЛЫ

Сарапшының айтуынша, мемлекетке жаңа IT-жүйелер жасап, бюджет қаржысын шығындаудың еш қажеті жоқ. Бұған айқын дәлел — 2026 жылдың қаңтарында Қаржы министрлігі жүргізген IT-аудит. Бұрыннан бар мемлекеттік жүйелердегі медициналық мәліметтерді салыстыру арқылы сарапшылар:

768 827 жағдайда ер адамдардың жатыр мойны обырына (рак шейки матки) скринингтен өткені туралы сұмдық припискаларды;

Балаларға арналған дәрі-дәрмектерді есептен шығаруға қатысты ондаған мың күмәнді жазбаларды анықтаған.

Бұл мысал мемлекеттік жүйелердегі мәліметтерді бір-бірімен салыстыру (сопоставление) арқылы заңбұзушылықтарды табудың қаншалықты тиімді екенін дәлелдеді.

МӘСЕЛЕНІ ШЕШУДІҢ АЛГОРИТМІ

Олжас Әбішев соңғы 2–3 жылдағы мына төрт дереккөзді өзара салыстырып, тексеруді ұсынады:

Кедендік және салықтық есептегі дәрілердің импорттық құны;

Мемлекеттік сатып алулардың нақты бағасы мен көлемі;

Пациенттерге дәрілердің босатылуы мен пайдаланылуы туралы деректер;

Қоймадағы қалдықтар мен алдағы 2–3 жылға арналған сатып алу жоспарлары.

Мұндай кешенді талдау бағаның негізділігін біліп қана қоймай, сатып алынатын дәрі көлемінің халықтың нақты қажеттілігіне сай екенін тексеруге мүмкіндік береді.

Не істеу керек?

Экс-вице-министр бұл жұмысты кураторлық ететін Премьер-министрдің орынбасарының басшылығымен, Қаржы министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті және «СК-Фармация» өкілдерінен тұратын ведомствоаралық комиссия құру арқылы жүзеге асыруды ұсынады.

Басты міндеттер:

Жаңа ереже ойлап таппау: Басты мақсат — жаңа жүйе құру емес, қолданыстағы заңдардың орындалуын тексеру.

Аудит ұсыныстарын орындау: Жоғары аудиторлық палатаның өткен жылдардағы ескертпелерінің неге жойылмағанын, аудиторлардың бірдей қателіктерді неге қайта-қайта табатынын анықтау.

Ашықтықты қамтамасыз ету: Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктері Үкімет сайтында ең қымбат 30-40 дәрінің баға түзілу формуласын, импорттық бағасын және басқа елдердегі бағасын ашық жариялауы тиіс.

«Мемлекет імпортталған дәрінің қанша тұратынын, оның қаншасы сатып алынғанын және қаншасы пайдаланылғанын біле тұра, неге дәл осы бағаны төлегенін қоғамға түсіндіріп бере алуы керек. Нәтиже енгізілген жүйелердің санымен емес, үнемделген бюджет қаржысымен және халықтың қолжетімді дәрімен қамтамасыз етілуімен өлшенуі тиіс», — деп түйіндейді Олжас Әбішев.

Abai.kz

0 пікір