Жұма, 22 Қараша 2024
Қырдағы әңгіме 4549 6 пікір 30 Қыркүйек, 2021 сағат 14:42

Түрік сұлтаны мен Ресей императоры: не айтылды?

Түркия басшысы Ердоған мен Ресей президенті Путин кеше Сочида кездесті. Тараптар сауда қатынасын, геосаяси қайшылықтар мен Ливия, Сирия, Қарабақ пен Ауғанстанды талқылады. Батыстық сарапшылар бұл кездесуді «Түрік сұлтаны мен Ресей императорының кездесуі» деп те жазуда. 

Кездесу алдында тараптар өз позицияларын айқындап алды. Нақтылап айтқанда, Ресей Сирия әскеріне көмегін арттырып, түркиялық күштерге соққы беруге көмектессе, Түркия Идлиб маңына өз әскерін топтастырды. БҰҰ отырысында Түркия президенті Ердоған Қырымды Ресей аумағы деп мойындамайтынын қатаң ескертті. Осылайша тараптар кездесу барысында бұған дейін анықталып қойған мәселелердің өзгермейтінін көрсеткендей болды. Идлиб Түркия үшін маңызды аймақ. Өйткені аталмыш өңірде Сирия билігіне қарсы 4 млн-ға жуық адам жиналған және Сирия үкіметінің шабуылы Түркияға деген босқындар легін тағы да миллиондаған адамға жеткізуі мүмкін. Бұған дейін 4 млн сириялық босқынды қабылдаған Түркия ендігі таңда оған жол беруге ниетті емес. Жақында ғана Сирия басшысы Башар Асад Ресейге келіп, Путинмен кездесті. Тараптардың не талқылағаны белгісіз, алайда келіссөздер арасында Идлиб пен Түркияның әскері де сөз болғаны анық.

Ердоған Сочиге өзімен бірге министрлерді әкелмеді. Соған қарап-ақ, кездесудің экономикалық маңызына қарағанда, саяси мәселелерді шешуге бағытталғанын түсінуге болады. Ердоғанмен бірге оның кеңесшісі Ибрагим Калын келді. Ұлттық барлау ұйымының директоры Хакан Фидан да Ердоғанның жанынан табылды.

Ердоған Мерсин аймағындағы Ресей салып жатқан АЭС мәселесін көтерді. Түрік басшысының сөзінше бір жылдан кейін АЭС-тің алғашқы блогы іске қосылуы мүмкін. Естеріңізде болса, Росатом қатысып жатқан АЭС құрылысы Түркияда екі рет тоқтатылған еді. Оған себепкер АЭС-тың бетон блогының жарылып кетуі болатын. АЭС 2023 жылы Түрік Республикасының 100 жылдығына орай толық іске қосылуы тиіс.

Ердоған Ресей президентіне орман өртін сөндіруге көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді. Өз кезегінде Путин Түркямен қатынасы жайлы айтты.

«Халықаралық саясатта біз тиімді шарттармен әріптестік орнаттық. Сирия бойынша, Ливия мәселесіндегі позицияларымызды келісіп отырмыз. Армения мен Әзербайжан арасындағы ұрысты тоқтату бойынша біздің бірлескен орталығымыз тиімді әрекет етуде», - деді Ресей президенті.

Екі ел арасындағы инвестиция көлемі де артты. Тоғыз айдың ішінде тауар айналымы өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 55%-ға артқан. Аталмыш аралықта Түркия Ресей экономикасына 1,5 млрд доллар инвестиция құйса, Ресей Түркияға 6,5 млрд доллар қаржы құйған. Түркия үшін Ресейден келетін туристер де маңызды.

Кездесудің басты тақырыптарының бірі – ресейлік С-400 өнімін Түркияның сатып алуы болды. Түркия ресейлік зымыран кешенін сатып алып, АҚШ-тың қаһарына ұшыраған еді. Пентагон Түркияның бұл әрекетін НАТО-ға зиянды деп бағалады. Артынша Түркия экономикасына бірқатар қиындықтар туындатқан шектеулер қойылды. Өз кезегінде Түркия «кімнен қару алатынымызды өзіміз шешеміз» деді. Осылайша Түркия жақын аралықта Ресейден екінші C-400 партиясын сатып алмақ.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322