Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3761 0 пікір 22 Маусым, 2012 сағат 08:30

Серік Ерғали. Ысыах – Сақалық қымызмұрындық

Уақыттың түркілік бағдары мен бейнесі ежелгі дейтүркілік Күнді кие тұту танымына негізделгендігін бұрын да келтіргенбіз. Бұл жайт Күн-Түн теңесімі мен Күн-Түн арбасуына қатысты этнографиялық мереке түрінде өмірден орын алған.

Түркі-моңғолдар парсылар секілді көктемгі «теңесіммен» шектелмей, күзгі теңесім қарсаңында Чук (шұбаш), Сабантой (қазақ, башқұрт, татар, шұбаш), Ақ айды (маңғол, қалмақ: сар саған, сар шаған, сар цаган) мерекелесе, оған қоса қысқы Күн-Түн арбасуын да Нартуған (башқұрт, татар, шұбаш), Корачун («Түнек құрысын» этномерекелік сыйпатты - мажар-қыпшақтар, кейбір Сібір, Саян түркілері) мейрамын, сондай-ақ жазғы Күн-Түн арбасуы Күндіздің ең ұзарған шағына сәйкес келіп, Ысыах (иақұт-сақа) мерекесін Ұлы мейрам деңгейінде әлі де атап өтеді. Қысқасы, түркілердің Күн-Түн арақатысына байланысты мерекелердің барлығы Жер бетіндегі Өмірдің көзі ретінде Күнді пір тұту көріністері мен соған сай танымның салтанаты көрінісі болып табылады.

Уақыттың түркілік бағдары мен бейнесі ежелгі дейтүркілік Күнді кие тұту танымына негізделгендігін бұрын да келтіргенбіз. Бұл жайт Күн-Түн теңесімі мен Күн-Түн арбасуына қатысты этнографиялық мереке түрінде өмірден орын алған.

Түркі-моңғолдар парсылар секілді көктемгі «теңесіммен» шектелмей, күзгі теңесім қарсаңында Чук (шұбаш), Сабантой (қазақ, башқұрт, татар, шұбаш), Ақ айды (маңғол, қалмақ: сар саған, сар шаған, сар цаган) мерекелесе, оған қоса қысқы Күн-Түн арбасуын да Нартуған (башқұрт, татар, шұбаш), Корачун («Түнек құрысын» этномерекелік сыйпатты - мажар-қыпшақтар, кейбір Сібір, Саян түркілері) мейрамын, сондай-ақ жазғы Күн-Түн арбасуы Күндіздің ең ұзарған шағына сәйкес келіп, Ысыах (иақұт-сақа) мерекесін Ұлы мейрам деңгейінде әлі де атап өтеді. Қысқасы, түркілердің Күн-Түн арақатысына байланысты мерекелердің барлығы Жер бетіндегі Өмірдің көзі ретінде Күнді пір тұту көріністері мен соған сай танымның салтанаты көрінісі болып табылады.

Біздің назарымызға бұл жолы сақалардың Ысыах мерекесі түсіп отыр. Ысыах - Айыы [4] аталатын игілік иесінің береке күні болып табылады. Айыы - сақа халқын туған Жоғарғы әлемді мекендейтін жандар дүниесі. Айыы қанды құрбан қабылдамайды, сондықтан оған өсімдіктекті және сүттекті құрбандық беріледі.  Бұл - Ысыах мерекесінің мифтік-идеологиялық тегі.  Мейрамдайтын уақыт - жылдың ең ұзақ күндізіне сәйкес 20-21 маусым. Алайда, бүгінгі сақалар мұны өздеріне жаңажылдық мереке тұтады.

Бұл жайттарға мән берсек, Ысыах мерекесі Күн-Түн арбасуының жазғы шарықтау шегіне сәйкеседі және де қазақтарда сақталған жылдың төрт тоқсанға: Жылтоқсан - Су дүлейі (стихия), Жазтоқсан - От дүлейі, Күзтоқсан - Топырақ дүлейі, Желтоқсан - Ауа дүлейіне бөлініп, Табиғаттың сәйкес түрде жыйылу, жазылу,күзелу және сығылу (қысылу) күйін білдіру үдерісін аша түседі.

Ысыах мейрамы Табиғаттың жазылып қоймай, төрт дүлейдің ішіндегі От маусымының ең асқақ сәтіне сәйкес келетін түркілік салтанатты жоралғы болып табылады. Сақалық бұл мерке мезеті Күн-Түн оппозициясының шекарасы іспетті танылады. Сол себепті де, мұның жаңажылдық  сыйпаты бар.

Жолайы түрде қазақтағы «от» ұғымының шөпке,өсімдікке,құнарға, қуатқа қатысты айтылатын екінші мағынасын ескерсек, бұл ұғымның әу баста әлгі төрт дүлейлік тұжырымға қатысты қалыптасқанын және оның жазғы маусымға сәйкестігін көрсетеді. Сондықтан да жаздың толық күшіне ену кезеңі қазақтарда Қымызмұрындық жоралғысымен атап өтілген. Алайда, мұны бүгінде жай ғана жаздың шығуымен, қымыздың молайуымен байланысты ақсақалдарға қымыздан ауыз тигізу ғұрпы ретінде ғана қарадүрсін насиқатталып жүр.

Жалпы, түркітанушы ғалымдардың сақаларды түркілік таным мен дәстүрді барынша таза сақтаған халық ретінде атауын ескерсек, сақа бауырлардың Ысыағы арқылы шашырап, ұмытылған біртұтас танымды қалпына келтірерлік мүмкіндікке ие боламыз. Мысалы, Желтоқсанның (қысқы үш айды айтып отырмыз) қанды құрбандық тілейтін Ауа дүлейдің маусымы екенін қазақтың тұрмыстық салтқа айналған Соғым ғұрпынан байқауға болады. Соғым - қысқа еттік азық әзірлеудің ғана сылтауы емес, ең әуелгі мәні бойынша - қанды құрбандық шалудың көрінісі болған және ол «Нартуған» аталатын жоралғымен тығыз байланыста болса керек. «Нар» сөзі бүгінде маңғолша Күнді білдіргенімен, оның тағы бір ұғымы - «қан қызыл». Қазақ беттің ұшына қан жүгіруін «нарттай» десе, қантүсті шырыны бар анар жемісін әзербайжандар «нар» дейді.

Жазғы От дүлейінің жоралғысы болып табылатын Ысыах мерекесінің құрбаны кәзіргі сақаларда  - қымыз болып табылады. Және де қымызды отқа құю рәсімі басты ғұрып саналады. Бұл жағынан Ысыахтың қазақтардағы сыйағы (аналогы) - Қымызмұрындық мерекесі. Алайда, ол барлық мәнінен ажырап, тек қана жазғы биебайлар рәсім ретінде сақталған.

Ысыах мейрамын түркілік басқа ұлы жоралғылармен біріктіретін жайттарды атап өткен жөн, олар:

- «Осуохай» аталатын қол ұстаса, айнала билеу дәстүрі, бұл - әрине, Күннің қозғалу бағытын Өмірдің ұлы көрінісі ретінде паш ету ғұрпы;

- Олонхо жырын жырлау дәстүрі;

- Тезек жағылып, Аластау [7]  рәсімінің жасалатыны;

- Дуалистік [7]  қос тараптың  спорттық, өнерлік  сайысқа шығуы;

- Өмір ағашы - Бәйтерек [7]  пен атбайлар мама ағаштың басты атрибут екендігі;

- Түрлі түсті матаның безендірім рөлін атқаруы.
Дегенмен, тек қана Ысыахқа тән кейбір ғұрыпты атап өту арқылы, атрибуты мен дәріптері солғын тартқан Қымызмұрындықты толық қалпына келтіруге болар еді. Алаңға мама ағашқа байланған саба мен күбілер. Одан әрі төрт құбыланы көрсететін ағаштан жасалған Бәйтерек. Басты безендірім - қыл арқанға түрлі түсті орамалдың түйілуі. Бұл - жаңажылдық әшекейдің арғы атасы секілді, әрбір орамал белгілі бір түйілген тілекті білдіреді.

Ысыахтың басты діни рәсімі - Отқа құрбандық  беру. Ол жоралғыны тек қана аппақ болып киінген бақсы қолға алады: ол лаулап жанып жатқан отқа дәм тигізеді - азық тастайды, сосын бір құты қымызды от сөнгенше «ішкізеді».

Одан басқа сақалар бұл күні қолдарына аттың қылынан істелген желпуіш ұстаған қыз-жігіттер ат үстіне жайғасып, айнала шеру жасайды. Қызбала мен бозбалалар қолдарына әлгі қылқұйрық желпуіш ұстаған күйі екі бөлініп билейді.Оның ортасында Ұмай ана іспетті аса көркем киінген пір-әйел басты назарда. Мұнысы қазақтың Алтыбақаны іспетті.

Мерекелік спорттық ойындар да өзгеше:  екі жігіттің (тіпті, қыздар да қатысады) табандарын тірестіре отырып, таяқ тартысқа кірісуі  қазақтың Аударыспағының бір түрі деуге болар. Кәзіргі ер-тұрман әшекейін іріктеу де мерекенің безендіріміне жақсы желеу әрі бәйгелік негізге айналады. Әбзел тағынып киінген жастардың «Жылқы» биін билеуі мерекені  Қымызмұрындыққа  барынша сәйкестеп тұрғандай.

Сақа бауырлардың басты мерекесі болып табылатын Ысыахтың ежелгі түркілік біртұтас танымның шашырандысы екенін аңдаймыз. Ол - жалпытүркілік бойын жазған  Кеңісті дәріптеу салтанаты, Уақыттың жазғы От дүлейінің  заңдарына бағыну ишарасы. Бұл - жалпытүркілік Табиғат пен Адам арасындағы толерантты паш ету, үйлесім рәсімі. Сондықтан қазақтың Қымызмұрындық мерекесін Ысыах деңгейіне жеткізу ортақ түркілік ұмыт болған ұлы мерекені қалпына келтірудің алғышартын жасар еді.

«Абай-ақпарат»

 

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Ақселеу Сейдімбек, «Қазақ әлемі», «Санат», 1997

2. Серікбол Қондыбай,«Арғықазақ мифологиясы». Үшінші кітап - Алматы: Дайк-Пресс.2004. 488-б.

3. Сейіт Кенжеахметұлы, «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Алматыкітап» 2007. - 284 бет.

4. http://ru.wikipedia.org/wiki/%D0%AB%D1%81%D1%8B%D0%B0%D1%85

5. http://planetyakutia.com/about-yakutia/facts/0001008/

6. http://www.sitc.ru/nasled/YSYAKH/Ysyakh.htm

7. Серік Ерғали, «Нау мен ырыс», «Қазығұрт», 2011. - 184 бет

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320