Қазақстанда халық саны 19 миллионнан асты
2021 жылғы 1 қыркүйекте еліміздегі халық саны 19042,1 мың адамды құрады, оның ішінде қалалықтар – 11287,4 мың (59,3%), ауылдықтар –7754,7 мың адам (40,7%). 2020 жылғы 1 қыркүйекпен салыстырғанда халық саны 257,1 мың адамға немесе 1,4% өсті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді.
Халықтың табиғи қозғалысы
2021 жылғы қаңтар-тамызда республика халқының табиғи өсімі 2020 жылғы қаңтар-тамызбен салыстырғанда (162,5 мың адам) 10,1% өсіп, 178,9 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 14,14 адамды құрады.
АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылғы қаңтар-тамызда туылғандар саны 296,5 мың адамды құрады, бұл 2020 жылғы қаңтар-тамызға (273,4 мың адам) қарағанда 8,4% көп. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 23,44 туылғандарды құрады.
Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар 117,6 мың адамды құрады, бұл 2020 жылғы қаңтар-тамызға (93,1 мың адам) қарағанда 6% көп. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға 9,30 қайтыс болғандарды құрады.
2021 жылғы қаңтар-тамызда республикада 1 жасқа дейін шетінеген 2345 нәресте тіркелді. 2020 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда (2129 шетінеген нәресте) 10,1% артты. Нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1000 туғандарға шаққанда 7,91 оқиғаны құрады.
Халықтың көші-қоны
Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылғы қаңтар-тамызда елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 6339 адамды, елімізден кеткендердің саны 22685 адамды, көші-қонның айырымы -16346 адамды құрады.
Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен өтуде. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің көшіп-қонушылардың жалпы санынан үлесі 84,1% және 86,1% құрады.
Ел ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны 2020 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 7,3%-ға артты. Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 4 өңірінде байқалды: Алматы (20235 адам), Нұр-Сұлтан (18390 адам), Шымкент (9276 адам) қалаларында және Маңғыстау облысында (346 адам).
Abai.kz