АШЫҚ ЖАУАП АЙТА АЛМАҒАН Әуезхан ҚОДАРДЫҢ: «ТАРИХТА ҚАЗАҚ ҚАЛСЫН БА, ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛІ ҚАЛСЫН БА», – ДЕГЕНІ ҚАЙ САСҚАНЫ?
Абай данышпанға таңғаламын. Қолдың қырындай ғана кішкентай кітапша болып шыққан... шығып жатқан «Қара сөздерінде» іздеген сұрақтарыңа жауап атаулының бәрі бар ғой. Бәрі бар. Біздің көптеген аузы дуалы атақты ақын-жазушыларымыз, «оқу өтіп кеткен» зиялыларымыз, тіпті қағаз шимайлап, «қарнын тойдырып» жүрген қатардағы «жазғыштарымыз», бәрі-бәрі бірдеңе жазса болды, қарапайым халық өмірі есімін естімеген шет елдің «данышпандарынан» мысқалдап-мысқалдап болса да мысалдар келтіргенді, жүдә, жақсы көреді. Қарапайым халық үшін жазылып отырған дүниеге сол қарапайым халық мүлде білмейтін біреулердің «кереметтей» сөздерін мысалға келтіре берудің не үшін қажет екенін өз басым онша түсіне бермеймін. Сол шетелдік данышпандардың айтқандарының барлығын абайлап қана ақыл-ой таразысынан өткізіп көрсең, Абайымыздың өз қазағымызға өте түсінікті, өзіміздің жалпақ тілімізбен жазылған «Қара сөздерінде» тұнып тұрады ғой, тұнып тұрады. Осы Абай жарықтықтың: «...біріңді, қазақ, бірің дос - көрмесең, істің бәрі бос» дегені аяқ астынан ойыма оралмасы бар ма, өзім сырттай болса да сыйлап жүретін, әдебиетін-мәдениетін өз басым өте жақсы көретін өркениетті оқымысты, ақын-әдебиетші, заңгер Әуезхан ҚОДАРдың өткен аптада өткен бір басқосудағы әңгімелерін естіген кезде.
Енді Әуезханның әңгімесінен түңіле жаздаған түйткіліміздің түйінін тарқатып көрейік:
Абай данышпанға таңғаламын. Қолдың қырындай ғана кішкентай кітапша болып шыққан... шығып жатқан «Қара сөздерінде» іздеген сұрақтарыңа жауап атаулының бәрі бар ғой. Бәрі бар. Біздің көптеген аузы дуалы атақты ақын-жазушыларымыз, «оқу өтіп кеткен» зиялыларымыз, тіпті қағаз шимайлап, «қарнын тойдырып» жүрген қатардағы «жазғыштарымыз», бәрі-бәрі бірдеңе жазса болды, қарапайым халық өмірі есімін естімеген шет елдің «данышпандарынан» мысқалдап-мысқалдап болса да мысалдар келтіргенді, жүдә, жақсы көреді. Қарапайым халық үшін жазылып отырған дүниеге сол қарапайым халық мүлде білмейтін біреулердің «кереметтей» сөздерін мысалға келтіре берудің не үшін қажет екенін өз басым онша түсіне бермеймін. Сол шетелдік данышпандардың айтқандарының барлығын абайлап қана ақыл-ой таразысынан өткізіп көрсең, Абайымыздың өз қазағымызға өте түсінікті, өзіміздің жалпақ тілімізбен жазылған «Қара сөздерінде» тұнып тұрады ғой, тұнып тұрады. Осы Абай жарықтықтың: «...біріңді, қазақ, бірің дос - көрмесең, істің бәрі бос» дегені аяқ астынан ойыма оралмасы бар ма, өзім сырттай болса да сыйлап жүретін, әдебиетін-мәдениетін өз басым өте жақсы көретін өркениетті оқымысты, ақын-әдебиетші, заңгер Әуезхан ҚОДАРдың өткен аптада өткен бір басқосудағы әңгімелерін естіген кезде.
Енді Әуезханның әңгімесінен түңіле жаздаған түйткіліміздің түйінін тарқатып көрейік:
Өткен жұма күні Алматы қаласында қазақ еліндегі орыс тілінің рөлін талқылаған бір басқосу болды. Басқасын қайдам, қазақ еліндегі орыс тілінің рөлінің қандай екенін еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін өте жақсы біледі. Мәселен, Ата заңымызда атап көрсетілгендей, қазақ еліндегі орыс тілі мемлекеттік тілмен, яғни қазақ тілімен теңестірілген ресми тіл болып есептеледі. Бұл аз десеңіз, тағы мынадай да талаптар бар: егер сіз орыс тілін ойдағыдай меңгермеген болсаңыз, мемлекеттік қызметтегі карьераңыздың өсуіне «крест» қойылады, өйткені мемқызметке қабылданатын кез келген үміткерден ресми тілді қалай меңгергеніңіз жайлы «емтихандар» алынады. Ұзын сөздің қысқасы, қазақ елінің қай түпкірінен келсеңіз де, орыс тілін білуіңіз шарт. Онсыз сіздің талантыңыздың, «алтын басыңыздағы күміс миыңыздың» түкке де қажеті жоқ. Ауылдан келген талай да талай таланттылардың Астана мен Алматының «биржевиктерінің» қатарын толтырып, қаңғып-қаңғып қайыра ауылдарына қайтатыны жасырын емес. Ал ауылда, бәріміз де жақсы білеміз, арақ ішуден басқа «дені дұрыс» жұмыс жоқ. Болған да емес. Болмайды да жақын арада. Енді аталмыш басқосудағы келісуге келмейтін кейбір пікірлерге назар аударып көрейік:
Белгілі ақын-жазушы, заңгер, «ТАМЫР» атты журналдың бас редакторы Әуезхан ҚОДАРдың (қазақшасын қайдам, орысша өте сауатты жазады өзі) пікірлеріне қарағанда, қазақ және орыс тілдері ешқашанда бірінен бірі бөлек «өмір сүре» алмайтын көрінеді. «Тілдер бірімен бірі өзара ешқашан жауласқан емес, - дейді, осы кісі отырыстағы талқылау барысында тіл мәселесіне философиялық тұрғыдан ой жүгіртіп, - бірақ біздің елімізде оның дамуының өзі, менің ойымша, тілдік әлпет қабылдаған тәрізді. Ең алғаш рет орыс тілді қазақтар туралы Шыңғыс Айтматов «МӘҢГҮРТтер» деген терминді қолданысымызға енгізді. Міне, содан бері тіл үшін болып келе жатқан күрес қазақ интеллигенциясы үшін мемлекеттік (ұлттық демейді) патриотизмнің жалғыз ғана көрінісіне айналды... менің ойымша, қай тілде сөйлеу мәселесін адамның өзі шешуге тиісті...»
Рас, жүз отыздан астам ұлт өкілдері тұратын қазақ еліндегі кез келген ұлт өкілі өзінің ана тілінде қалай сөйлегісі келсе, солай сөйлей алады, өйткені қазақ елінде өзге ұлт тілдеріне «грамм-грамм» болса да шектеу қойылмаған. Шектеу қойылмайды да. Тіпті саны үш-төрт мыңнан аспайтын дүнген дегендер де өздерінің ана тілдерінде сөйлейді. Орыс, ұйғыр, армян, азербайжан, грузин, чешен, неміс, қытай сияқты көптеген «алпауыт» ұлттардың өкілдерін атамай-ақ қояйық. Ал енді осылардың қазақ еліндегі МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ меңгеру мәселесі қандай дәрежеде, осыны Әуезхан ағамыз айта ала ма? Айта алмайды. Осы отырыста да айтқан жоқ. Неге десеңіз, қазақ еліндегі кез келген өзге ұлт өкілінің 95 пайызы (ашығын айтайық, өтіміз жарылып кетпес) өзі тұрып жатқан мемлекеттің мемлекеттік тілін меңгермеген. Мұны Қодар қалай білмейді? Біледі әрине.
Қодардың «қалай болса солай» жасай салған «саяси сараптамасынан» кейін Zhanaozen.net интернет-порталының журналисі Диас БЕЙСЕНБЕК Әуезхан ағамызға мынадай сұрақ қойды:
- Қазақ жерінде орыс тілін дамытуға күш салудың қажеті бар ма? Егер Қазақстан қазақтар үшін болмаса, кім үшін сонда? Өйткені өзіңіз жақсы білесіз, Ресейде жергілікті ұлт өкілдері көп жағдайларда: Ресей - орыстар үшін... деп ашық айтады.
Бұл сұраққа Қодардың қалай жауап бергеніне назар аударайық: «Халықтың тағдырын («...ұлттың тағдырын» демейді. М.М.) ең бірінші тілі анықтайды дегенге аса мән беру, менің ойымша, дұрыс емес, - деді ол журналистің батыл сауалына біршама жалтара жауап қайтарып, - өйткені Кеңес Одағы кезінде біздер орыс тілінде беймарал сөйлесіп жүрдік. Біздің депутаттарымыз одақтағы Жоғарғы Кеңеске сайланды, барлық үкіметтік ұйымдарда да осылар (орыс тілділерді айтады. М.М) болды. Содан не болды, ештеңе де болған жоқ, республикамыз ойдағыдай дамып жатты. Ең бастысы, әлеуметтік-экономикалық даму, рухани жетілу мәселелері бірінші орында болуға тиісті. Бізде неге осы көрсеткіштер емес, керісінше ТІЛ проблемасы қашан болса да алдыңғы орынға шығады... кейбіреулер тіл мәселесіне жаны ашыған болып, қарапайым халық арасынан саяси ұпай жинауға тырысады. Қазақстанда қазақ тіліне «жаны ашитындар» көбінесе саяси капитал жинап алып, Парламенттен бір-ақ шығады. Сосын... қазақ тілінде сөйлей алмай қалады...»
Қодардың кейбір пікірлерімен емес, осы жердегі пікірлерімен толықтай келіспеуге әбден болады. Біріншіден, сөздерінің аужайынан өткенді... орыс тілді одақ кезеңін «аңсау» байқалатын Қодардың коммунистер билігі кезінде қалай дамығанымызды білмейтіні тіпті де мүмкін емес. «...И ничего, республика развивалась», - дейді Әуезхан Қодар. Ал республикамыз - «...не развивалась, а разваливалась...» Ол кездері әлеуметтік жағдайымыз дамып бара жатқан жоқ еді, керісінше кері кетіп бара жатыр еді. «Тап-таза» болып тұратын дүкен сөрелері, «тап-таза» болып тұратын қарапайым қазақтың қонақжай шаңырағы. Қазақтың тілі мүлдем «банкрот» болуға айналып еді. Он жылдықты орыс тілінде бітірген Қодар мырзаның өткен ғасырдың сексенінші жылдары миллион тұрғыны бар Алматы қаласында жалғыз ғана қазақ мектебі (№12 мектеп) болғанынан хабары жоқ шығар? «Туған тілімнің ертең жойылатынын білсем, бүгін-ақ өліп кетуге дайынмын», - деген атақты авар ақыны Расул ҒАМЗАТОВтың әйгілі өлең жолдарын әдебиетші Қодар оқымаған болса, онда мүлде ұят екен. «Намысыңды нанға» айырбастап, жойылып кеткен тіліңнен кейін әлеуметтік жағдайыңның жақсы болғанының несі мұрат? Екіншіден, «тіл мәселесінен саяси ұпай жинап алып, депутат болып алған соң бәрін ұмытып кетеді» дегеннің де қисыны жоқ. Қазақ тілінің ыстығына күйіп, суығына тоңып, ақыр аяғында «жүректен кете» жаздаған ақын, қоғам қайраткері Мұхтар ШАХАНОВтың дәл осы тіл мәселесінің «кесірінен» Парламентке «жете» алмай қалғаны айдай ақиқат. «Асарын асап, жасарын жасаған» ұлт ұланы Мұхаңа ешқандай саяси ұпайдың қажеті жоқ екені де айдай ақиқат.
Негізі, бастан-аяқ орыс тілінде өткен басқосуда аты-жөнін айтудан бас тартқан «БОЛАШАҚ» қозғалысының жалғыз өкілі ғана жиналғандардан қазақ тіліне құрметпен қарауды талап етті. Қажет болса, тіл үшін «қып-қызыл төбелеске» де баратынын ашық айтып салды. Осы жерде өткен жылы Татарстан парламентінің мінбесінен жергілікті журналист қыздың: «...ана тілім - татар тілі үшін тап осы жерде кез келгеніңді бауыздауға бармын», - деп ашық айтып салғаны есімізге түсті. Қатты айтқан қаршадай қызды дәл осы сөзі үшін қудалап, ертеңіне-ақ қызметінен «қуып шыққаны» белгілі. Алайда қаршадай қыз сол күннен бастап қарапайым халықтың ыстық ықыласына бөленіп, ҰЛТТЫҚ БАТЫР деңгейіне дейін көтеріліп кетті. Мұны да бәріміз білеміз, бірақ үндемейміз. НЕГЕ дейсіз ғой? Өйткені дәл осы отырыста өзін «атым - ВАДИМ, мәдениет саласының қызметкерімін» деп таныстырған түрі қазаққа ұқсайтын қатысушылардың бірі: «...мен қазақ тілін жақсы білмеймін, алайда тіл білмегенім үшін қандай да бір қиындықтарға кезіккен емеспін. Маған қазақ тілі мүлде керек емес, мен қазақ тілін тіпті тұрмыстық деңгейде де пайдаланбаймын...» деп ашық айтып салды. Басқосудың басты «тұлғаларының» бірі болып отырған Әуезхан ҚОДАР бұған да жарытымды жауап қайтара алмады, тек «төбелес туып» кетпесін деді ме, әйтеуір тігісін жатқыза сөйлеп: «...біз қазақ тілін дамытамыз деп отырып, оны мүлдем құртып алмайық. Сол сияқты қазақ тілі, қазақ тілі деп жүріп орыс тілін де өлтіріп алмайық... - деп «тұтана бастаған төбелестің» тігісін жатқызып жіберді, - біз үшін ең маңыздысы не нәрсе: тарихта қазақтар сақталып қалсын ба, жоқ әлде қазақтың тілі сақталып қалсын ба? Жанындағы адамынан тіл тазалығы туралы талап етуі үшін әрбір адам өзінен-өзі: менің өзім не істедім? деп сұрауға тиісті...»
Жөн-ақ! Қодар мырза қалай-қалай сөйлейді ә, «өгізді де өлтіргісі келмей, арбаны да сындырғысы» келмей? «Тілді дамыту үшін мен не істедім?» деп романтика қуып, эмоцияға берілгеннен қазақтың тілі дамымайды. Қазақтың тілі мемлекеттік тіл ретінде дамуы үшін ол ЗАҢДЫ түрде күнделікті қажеттілікке айналуға тиісті. Қажеттілік туындамай, тіл дамымайды. Шыңғырған шындық осы. Қазақ тілінің «ит терісін басына қаптап» отырған ВАДИМ деген мәдениет қызметкерінің «мәдениеттілігін» де бетіне басып, ашық жауабын айта алмады Әуезхан ҚОДАР. Басқосуда бірталай әңгімелер айтып, орыс тілінің «өліп бара жатқан» проблемаларын көтерген әдебиетші Павел БАННИКОВ та, «АСПАНДАУ» деп аталатын қордың іс басқарушысы Никита БАБАКОВ та, әрі-беріден кейін, негізгі тақырыптан ауытқып (әдейі ауытқыған сияқты... М.М.), әңгіменің «өрісін» интернет пен интеграцияға қарай бұрып жіберді. Осылайша оңтүстік астанамызда «Орыс тілінің рөлін арттыра отырып, қазақ тілін қалай сақтап қаламыз?» деген тақырыппен тағы бір «саны бар, сапасы жоқ» басқосу өтті. Таза ресми тілде. Мемлекеттік тілді талап жей жаздаған «ділмарлардың» ауыздарына ҚОДАР мырза қақпақ қоя алмады. Қөңілімізде көңілсіз ақыл-нақыл қалды: «сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын...» деген.
Марат МАДАЛИМОВ
«Халық сөзі» газеті