Сенбі, 23 Қараша 2024
2250 0 пікір 24 Қазан, 2021 сағат 17:19

Рухани жаңғыру: Алматы облысында Сәмен батыр музейі ашылды

Қазақ халқы небір қилы заманды бастан өткерді. Ел тағдыры сынға түскен заманда жеріміздің бүтіндігі мен ұлт тұтастығы үшін ту көтерген батырлар көп шықты. Олардың есімі тарихта әркез алтын әріппен жазылғаны белгілі. Солардың қатарында ерлікпен шайқасып, жанқиярлық танытқан Сәмен батыр да бар. Қалай десек те, бабалар тарихы сан рет жазылар да айтылар, ал олардың ат үстінде өткен өмірі мен ерлікке толы жорықтарын көзбен көргендей әсер қалдыратын жәдігерлері мен мол мұраларын сақтайтын музейлердің болуы ұрпақ тәрбиесі үшін үлкен өнеге.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Кербұлақ ауданы Жоламан ауылында Сәмен батыр музейінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мерекелік шараға қос генерал, қоғам қайраткерлері Сәт Тоқпақбаев пен Алик Шпекбаев, басқа да зиялы қауым өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты. Айта кетейік, музей Алик Жатқамбайұлының бастамасымен өткен жылы іргетасы қаланған. Жиналғандар алдымен Сәмен батыр кесенесіне барып, баба рухына тағзым етті. Құран бағышталып, мал сойылды.

Бұдан соң облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ сөз сөйлеп, көпшілікті музейдің ашылуымен құттықтады.

– Бүгін біз ұлы бабамыздың жатқан жеріне келіп, құран бағыштадық. Осының бәрі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан шарапатты шаралар. Бұрынғы тарихымызды, ерлікпен қаза тапқан батыр бабаларымызды ұмытпай, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа аманаттаудамыз. Жетісу өлкесінде ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ұлан-байтақ жерімізді қасық қаны қалғанша қорғаған батырларымыз баршылық. Сондай-ақ, ақындарымызда аз емес. Аңырақай шайқасында айрықша ерлік көрсеткен Сәмен батыр туралы толғанбай айту мүмкін емес. Осындай өңірдегі киелі жерлер, тарихи мұралар мен ұлттық құндылықтар Алаштың айбынын, батыр бабаларымыздың асқақ рухын биіктетеді. Елбасымыз да, Мемлекет басшымыз да ұлтын ұлықтаған тарихи тұлғаларға құрмет көрсетуден еш танған емес. Бүгінгі өткізіліп отырған шара осының айғағы десек болады. Есіне алар ел барда ерлердің ерлігі ұмытылмайды. Батырларын құрметтейтін қасиет болашақ ұрпағымыздың бойына дарысын деп тілейік. Елімізде әрқашан жақсылық болсын, – деді облыс басшысы.

Амандық Ғаббасұлы сондай-ақ, биыл Мұқағали Мақатаев атамыздың 90 жылдығы аталып өткенін, Талдықорғанның көрнекті жеріне Жолбарыс бидің 350 жылдығына орай ескерткіш орнатылатынын, қазір бұл бағытта жұмыстардың жүріп жатқанын әңгімеледі. Жалпы, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында осындай маңызды іс-шаралардың көптеп өтуі болашақ ұрпақ үшін қажетті дүние екенін еске салды.

Шарада Сәт Бесімбайұлы, Алик Жатқамбайұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, қоғам қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев сөз сөйлеп, өздерінің ой-тілектерімен бөлісті. Салтанатты шара барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың, Алматы облысының Құрметті азаматы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы арнайы жобалар қызметінің жетекшісі Ерсұлтан Бектұрғановтың атынан құттықтаулар келгені аталып өтті. Бұдан соң салтанатты түрде Сәмен батыр музейінің ашылу лентасы қиылып, шашу шашылды. Қонақтар музейге кіріп, ішіндегі экспозиция залдарымен танысты.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371