Төлқұжатта ұлтты көрсету: Байменов кімге өкпелі?
Көршіміз Өзбекстан Республикасы жаңа төлқұжат үлгісінде «ұлт» атауына Өзбекстан атауын қолданған. Өзбекстанның жаңа төлқұжат үлгісін Қазақстанда қолдануды қолдайтынтынын айтқан саясатшы Әлихан Байменов Facebook-та кезінде «қазақстандық ұлт» идеясына қарсы болған азаматтарға өз ренішін білдіріпті.
«Паспорттағы «nationality» этникалық немесе тектiк емес, азаматтық ұғым екенiн бiлетiн барлық мемлекеттер осылай жазады. Этникалық жазбаның қалуын сол мемлекеттердегi диаспоралар қолдауы мүмкiн, бiрақ мемлекетке атын берген этнос əдетте қолдамайды. Мысалы , Ресей паспортында этникалық тегi жазылуын татар, шешен т.б. қолдайды да , Ресей атын туындатқан этникалық топ, яғни орыстар, негiзiнен қолдамайды. Түркияда да солай. Елдiң iшкi бiртұтастығын қамтамасыз етуде Ɵзбекстан жасаған үлгi маңызды. Бiр қызығы, «Қазақстанда бiр ғана қазақ ұлты бар» деп сɵйлейтiн азаматтар мəселенiң тереңiне үңiлмегендiктен бiзде осындай шешiм қабылдауға қарсы шығып, тоқтатып тастады. Нəтижесiнде, жүз шүршiт болса, оларды ɵзiмiз мiндеттеп, этникалық тегiн жазғызып, есiне салып тұратын паспорт қалды бiзде. Бiр ұлт болып ұйысу iсiнде басқа да қаптаған мəселемен қатар бұл да тұсау. «Кейде кɵзi ашықтың кɵкiрегi ояу болмаса, кейде кɵкiрегi ояудың кɵзi ашық болмайды», - деп дəрiстер мен кездесулерде айтатынымның бiр кɵрiнiсi. Сондықтан да азаматтық - хақтық ағарту маңызды», - дейді Әлихан Байменов.
Бұл мәселеге қатысты қазақ саясаткерлері не дейді? Біз Әміржан Қосан мен Дос Көшім мырзаларға хабарласып, пікір сұрадық...
«Төлқұжат - ұлттық-саяси маңызы бар құжат!»
Әміржан Қосан, саясаткер:
- Жақында жекебас куәлігім мен төлқұжатымның мерзімі бітіп қалып, ауыстыруға бардым. Сонда ХҚКО қызметкері «Ұлтыңызды жазасыз ба?», - деп сұрайды екен. «Әрине, қазақ екенім тайға таңба басқандай жазылып тұрсын!», - деп жауап бердім.
Меніңше, «анау ел бүйтіпті, мынау ел сөйтіпті» деп, басқаға жалтақтап, еліктей берудің керегі жоқ. Әр елдің, әр ұлттың өзінің даму кезеңдері болады. Сол кезеңнің нақты ұлтқа тиесілі өз талаптары мен шарттары болады.
Біз үш ғасырдай орыс және большевик қанауында боп, өз болмысымызды ұмыта жаздаған ұлтпыз. «Ұлттар болмайды, біртұтас совет халқы болады» деген жалаң пролетарлық интернационализм идеясының құрбаны бола жаздаған ұлтпыз.
Сондықтан «қазақпын» деп ұлттық-саяси маңызы бар төлқұжатқа жазудың дәл қазіргі кезеңде өзіндік, моральдық-психологиялық, геосаяси, саяси маңызы бар деп санаймын.
Ел ішіндегі ішкі (сепаратистік) және сыртқы қауіптерді де ескеруіміз керек.
Кейбір ағайын «қазақстандық» деген ұғым бүкіл елді біріктіреді, тұтас бір жаңа қауым қалыптасады, сондықтан да төлқұжатта ұлтты атаудың керегі жоқ» деген уәж айтады. Американы мысалға келтіреді. Ол елдің қалыптасуы мен дамуының жөні бөлек қой!
Өз басым ондай ұлттық аңыздарға сенбеймін.
Неміс - неміс, француз - француз боп қалады. Қазақ та солай болуы керек! Ал ұлттық болмысыңның бас құжаты – төлқұжат!
Ұлт мейлінше толысып, өркениетті ішкі және халықаралық жағдай қалыптасқанда, келер ұрпақ төлқұжаттағы жазбаға қатысты бұл мәселені өз қажетінше қайта қара жатар.
Дос Көшім, қоғам қайраткері:
- Көптеген елдер, мысалы, Германия, Түркияны алып қарасақ, олар сол мемлекеттің негізін қалаған ұлттың атын жазады. Негізі бұл мәселе 2009 жылы көтеріліп сол жолы нүктесі қойылған. Қазақстанда төлқұжатта ұлтты көрсету әркімнің өз еркінде. Орыс болсаң орыс, неміс болсаң неміс деп жаздыра аласың. Бірақ біз енді ғана ұлттық мемлекет құрып келе жатқан елміз. Сондықтан ұлттық мәселені ұмытпауымыз керек!
Айжан Темірхан
Abai.kz