Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4458 0 пікір 10 Шілде, 2012 сағат 11:56

КОММУНИСТІК ПАРТИЯ ӨКІЛДЕРІНІҢ ӨЗЕУРЕУІ

Елiмiзде әлi күнге кеңестiк сарқыншақтардан құтылуға асықпайтындардың қарасы басым. Оны ұлттық мүдде, мемлекеттiк тiл саясатына келгенде анық аңғарып жүрмiз. Тiптi мұндайлардың тiл десе, жыланша жиырылып қалатыны бар. Ал түптiң түбiнде, оларға туған Отанның да, туған тiлдiң де керегi шамалы сияқты.

Елiмiзде әлi күнге кеңестiк сарқыншақтардан құтылуға асықпайтындардың қарасы басым. Оны ұлттық мүдде, мемлекеттiк тiл саясатына келгенде анық аңғарып жүрмiз. Тiптi мұндайлардың тiл десе, жыланша жиырылып қалатыны бар. Ал түптiң түбiнде, оларға туған Отанның да, туған тiлдiң де керегi шамалы сияқты.
Газетіміздің өткен санында Ресей премьері Д.Медведевтің бизнес-форумда Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ валюта енгізу жөнінде ұсыныс жасағанын және бұл мәлімдемеге ерекше қолдау білдірген Ресей Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенконың: «Ресей, Беларусь және Қазақстан арасындағы Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ валютасы ресейлік рубль болуы керек. Сондай-ақ ортақ валютадан бөлек, ортақ тіл, ортақ шекара керек» деп, «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» айтқан пікірін келтіріп едік. Бұл жөнінде экономист Мұхтар Тайжан мырза: «РФ кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенконың аталмыш мәлімдемесі Ресейдің Кеңес одағын қайта құруды қалайтынын ашық айтып отыр. Егер Ресей, Қазақстан, Беларусь елдерінің арасында ортақ валюта - рубль болатын болса, бұл Кеңес үкіметін құруға бағытталған ең үлкен қадамдардың бірі болмақ. Қазақстан Ресей, Беларусь елдерімен ешқашан тең құқылы одақ құра алмайды. Қазақстан жетпіс жыл бойы Ресейдің отарында болды. Ең өкініштісі, Беларусь те, Қазақстан да Еуразиялық Одақ аясында ортақ валюта ретінде рубльді енгізуді құп алатынына сенімдімін», - деген-ді.
Ол ол ма, Матвиенконың пікірін екі қолын көтере қоштаған Қазақстан Коммунистік партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков: «Еуразиялық одақ құрылса, ортақ тіл орыс тілі болуы әбден мүмкін. Еуразиялық одақта ортақ тіл - қазақ тілі немесе беларусь, қырғыз, өзбек тілі бола алады дегенге кім сенеді? Көзді ашып қарау керек қой. Тіпті ағылшын, француз, неміс тілі де бола алмайды. Ресейдің орысымен, беларусьпен қазақша сөйлескен бір адамды көрген емеспін...», - деп орыс тілінің шашбауын көтере өзеуреуін түсінбей қалған едік. Сөйтсек...
Коммунистік партия қашан да өзінің әу бастағы мұрагерлік саясатынан танбай келеді. Біз Алаш қайраткерлерінің табаны тиген қалаларда кезінде қазақ ұлтының егемендігі үшін, қазақ тілінің келешегі үшін бір кісідей күрескен арда азаматтарымызға арналған ескерткіштің жоқтығын айтып жүрсек, жақында Керекудің коммунистері оқу орны ауласындағы негізі сонау 1981 жылы қаланып, бүгінде алынып тасталған Лениннің ескерткішін қайта қалпына келтіруді талап етіп, прокуратураға шағым түсіріпті. Әшейінде ұлттық мүдде, ұлттық тіл туралы жақ ашқысы келмейтін партия өкілдерінің бұлай мазасыздануына жол болсын?! Олар дәл осы өңірде пролетариат көсеміне арналған 40 шақты ескерткіштің барын білмейді емес, біледі. Сөйте тұра, бір ескерткіш бұзылды деп байбалам салып, жұрттың назарын өздеріне аударғысы келгені қызық. Ендігісі мынау. Жалпы, Ахметбековтің «ортақ тіл - орыс тілі болуы керек» деп өзінше байлам айтуы нені аңғартады? Бұл коммунистік партияның әу бастағы ұр да жық саясатын көрсетпей ме?
Жалпы, еліміздің кейбір саясаттанушылары мен тарихшылары осы партияның билікке не үшін ұмтылғанын түсінбей дал. Кезінде ашаршылықты қолдан жасап, бертін келе қазақтың маңдайына біткен ұлт зиялыларын да жаппай жоюға барынша үлес қосқан қызыл коммунистердің қылмыстарын неге ұмытуға тиіспіз? Бұл тұрғыда баспасөзге пікір берген белгілі тарихшы Талас Омарбековтің сөзінің жаны бар. Ол: «... Біз ашаршылықты орыстан немесе коммунистік партиядан кек алу үшін зерттемейміз. Ашаршылыққа ұлтымыздың не үшін ұшырағанын білу - бұл қазақтың тарихын білуге алып келеді. Қазақ дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысқан. 1930 жылдарға дейін рулық ауылда тұрған. Сол рулық ауылды коммунистік партия талқандады. Дәстүрлі мал шаруашылығын талқандады. Осының әсерінен, коммунистік партия билеген жетпіс жылдың ішінде қазақтың менталитеті өзгерді. Коммунистік идеология - қазақты қасіретке ұшыратқан идеология...», - депті. Одан әрі: «Әрине, кеңестік идеология кінәлі. Біз одан әлі толық арылып біткен жоқпыз. Сондықтан да ашаршылықты саяси қуғын-сүргін деп қарастырмау керек. Бұл - коммунистік партияның қате аграрлық саясатының салдары. Қазақ деген халықтың қандай халық екенін білмегендіктен, оның дәстүрлі шаруашылығын талқандауға бағытталған солақай шешім осыған душар етті... Коммунистік партия кезіндегі конституцияны оқысаңыздар «барлық ұлттар тең, барлық халықтар бірдей» дейді. Орыс ұлты, әрине, үстем орынға ие болды. Солай болуы керек еді, өйткені орыстың саны көп болды. Сталиннің өзі орыс боламын деп, грузин акцентімен тілін шайнап, 1945 жылы жеңіс кезінде орыс халқының денсаулығына тост көтерген. Сталин өмір бойы орысқа қайтсем жағамын деп өтті. Өйткені Кеңестер одағында билікте отырамын деген адам орысқа ұнау керек. Ол басқа мәселе. Ал біздің қасіретіміз қате аграрлық реформаның салдарынан болып отыр. «Қазақты қыр» деген тапсырманы Сталин берген жоқ. Ондай сөз мұрағат құжаттарында да жоқ. Бар мәселе қазақты менсінбеуде, бізді малмен бірге жүрген малға ұқсас халық деп қарауда жатыр. Олар қазақ қырылып қалады деп ойлаған жоқ. Қазақтың малы шексіз деді. Барлығын сойып таси берсең, әрине, мал да таусылады. Ақыр соңында малмен бірге қазақ та таусылды. Міне, коммунистік партияның білімсіз, топас, надан аграрлық саясаты осындай қасіретке алып келді. Енді кімді кінәлаймыз? Мен айтар едім: «Қазақстанда коммунистердің жұмыс істеуге моральдік құқы жоқ, олар соны түсіну керек қой. Олар Қазақстанның Парламентінде не беттерімен отыр?! Ұят емес пе! Сол коммунистік партия жасаған надан аграрлық саясатының кесірінен қазақ осындай жағдайға жетті. Енді келіп коммунистік партияның жұмыс істеуіне рұқсат етеміз, басқа елде болса әлдеқашан тыйым салған болар еді», - деп кесіп айтыпты. Шынында да, күні бүгінге дейін әлгіндей үстемдік пен өктемдігін жүргізген Коммунистік партияның сарқыншағынан құтыла алмаппыз. Оған басқаны былай қойғанда, Жамбыл Ахметбековтің өзі нақты мысал болып отыр. Ал оның Еуразиялық экономикалық одақта бір ғана орыс тілін елестетуінің өзі сол коммунистерден қалған мұрагер екенін айна-қатесіз дәлелдейтін сияқты. Ал сөйткен бүгінгі коммунистер зұлмат аштық үшін, жазықсыз атылғандар үшін, жарық дүниеге келіп, еш жақсылық көрмей қырылған сәбилер үшін қазақ халқынан неге кешірім сұрамайды?! Барша қылмыстары үшін...

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

«Түркістан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371