Жұма, 22 Қараша 2024
Арылу 5580 14 пікір 1 Қараша, 2021 сағат 16:34

Қазақстан Ленинмен қоштаса алмай жүр

Екі күн болды. Біздегі һәм бізге бөтен орыс тілді ақпараттық кеңістік Ақтөбе жақтағы Кеңес Нокин дейтін шап-шағын ауылдағы Лениннің ескерткіші қиратылатын болды деп, алатайдай бүлініп, күн көсемнің керексіз қалған тастұғырының басы түсіп қалғанына күн жауардай күңіреніп, отыз тісі сырқырап, ойбайлап жатыр.

«Centrasia.org» дейтін алашұбар, әлем-жәлем бір сайт: «Қазақтың Ақтөбесінде қазақ мемлекетінің негізін қалаған В.Лениннің ескерткішінің басын қиратты», - деп жазыпты, тіпті. Алып-қосқанымыз жоқ. Сөзбе-сөз: (В Казахском Актобе снесли голову памятнику основателю каз-государственности - В.Ленину).

Оқиға Ақтөбе облысында, дәлірек айтқанда Ақтөбе қаласынан 15 шақырымдай жерде орналасқан, 2,5-3 мыңға жуық халқы бар Кеңес Нокин дейтін ауылда болған екен. Ауылдық мәдениет үйінің қақ алдындағы шағын саябақта орналасқан Ленин ескерткішін сол маңнан өтіп бара жатқан ауыл тұрғыны видеоға түсіріп, таратқан.

«Бүгін 2021 жылдың 29 қазаны – комсомолдың туған күні. Біздің мәдениет үйіміздің алдында ескерткіш болған. 1965 жылы, оның ашылуына мен де қатысқам, ол кезде мен 5 жаста едім. Содан бері тұрған. Міне, бүгін оның басын жұлып тастады. Соған қарағанда, біртіндеп, қирататын секілді. Иә, бұл бір тұрғынның қалауы болды... Бәрі бұл оқиғаға бастарын шайқап, өтіп жатыр. Осымен біздің саябағымыздағы Владимир Ильич Лениннің тарихы таусылды», - дейді видеодағы ер адам.

Айтпақшы, бұл Лениннің қираған «басына» байланысты жергілікті әкімдік те өз жауаптарын ылдым-жылдым беріп үлгеріпті. Сөйтсек, күн көсемнің тастұғыры қорғалатын мәдени ескерткіштер санатына жатпайды екен. Ал ескерткіштің басы демонтаж кезінде түсіп қалған.

«Кеңес Нокин атындағы ауылдың Мәдениет үйі алдындағы ескерткіш –жарамсыз болған. Әбден тозып, түгелімен қирап қалмасы үшін, қандай да бір оқыс жағдай болмасын деп, жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі үшін ескерткішті қирату (бөлшектеу) туралы шешім қабылданған. Бөлшектеу кезінде ескерткіш үгітіліп, басы түсіп қалды», - депті әкімдіктегілер.

2014 жылдың желтоқсанында Киевтің қақ ортасында қасқайып тұрған пролетариат көсемі Лениннің алып тастұғыры қиратылды. Бұл декомунизация аясында атқарылған көп шаруаның басы еді. Расында «Күн көсемге» күресіннен орын берген жалғыз ел Украина емес. Посткеңестік елдердің бірсыпырасы ескі тастардан әлдеқашан арылған.

Ал бізде ше? Бізде жағдай былай: 

Осыдан үш-төрт жыл бұрын (2017 жылы) жазғанымызда, елімізде күн көсемнің 159 ескерткіші қасқайып тұрған еді.

«Памятники Ленина» дейтін арнайы сайт бар екен. Сол сайттың ақпараттық базасында Владимир Ильич Лениннің ұзын-саны 10 мыңнан астам ескерткіші тіркеліпті. Аталған сайт: «Қазақстанда Лениннің 254 ескерткіші тұр», - дейді. Әрқайсысының орналасқан орны мен суреттерін қоса жариялапты. Қараңыз:

Қостанай облысында – 102,
Ақмола облысында – 29,
Павлодар облысында – 21,
Қарағанды облысында – 18,
Солтүстік Қазақстан облысында – 14,
Алматы облысында – 11,
Шығыс Қазақстан облысында – 11,
Алматыда – 9,
Жамбыл облысында – 8,
Ақтөбе облысында – 7,
Батыс Қазақстан облысында – 5,
Астанада – 4,
Атырау облысында – 4,
Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында – 4,
Қызылорда облысында – 3,
Байқоңырда – 2,
Маңғыстау облысында – 2.

Лениннің ескерткіштері жөнінен көш басында Ресей, Украина мен Беларусь тұр екен. Қазақстан төртінші орында. Онан соң Қапқаз бен Орталық Азия елдері (243), Еуропа елдері (195), Балтық елдері (169) мен Малдова (64) тізімделіп тұр екен.

Қазақстанда Лениннің ең көп ескерткіші Архимед Мұхамбетов тізгінін ұстаған Қостанай облысында екен. Ондағы Ленин ескерткіштерінің саны – 102 деп көрсетіліпті. Ал Қостанай облыстық әкімдігінің ресми сайтында 19-20 тамыз күндері (2021 жыл) жергілікті және республикалық маңызы бар ескерткіштердің тізімі жарияланған екен. Ол екі тізімнің бірде-біреуінде Владимир Ильич Лениннің ескерткіші аталмаған.

«lenin.tilda.ws» сайты: «1991 жылы Қазақстанда Лениннің 500-ге тарта ескерткіші болса, 2021 жылдың қаңтарындағы есеп бойынша, Лениннің 159 ескерткіші бар», - деп жазады.

Аталған сайттың рейтингінде де Қазақстан тізімдіктің төртінші сатысына жайғасыпты. Алдағы үштік – Ресей, Беларусь пен Украина. Енді мына қызықты қараңыз, 1991 жылы Украинада 5500-ге жуық Ленин ескерткіші болса, қазір олардың саны 350-ден кеміпті. Ал Балтық елдері күн көсемнің бірде-бір ескерткішін қалдырмаған (1991 жылы оның саны 160-тан асқан).

Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын алаулатып-жалаулатып, атап өтпекпіз. Президент арнайы мақала жазып, биылғы жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жариялдады. Сол мақалада президент Тоқаев:

«Алғашқы он жылдық егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі болды. Екінші он жылдықта еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітті. Үшінші он жылдықта мемлекетіміз шын мәнінде, кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды. Алдағы төртінші он жылдықта бізді жаңа міндеттер күтіп тұр», - деген еді. Бізше, болса, сол жаңа міндеттердің басы – бүгінде өзге түгілі Кремльге керек болмай қалған пролетариат көсемінің ескі-құсқы ескерткіштерін біржола жоюдан басталуы керек! Отыз жылдықтың құрметіне отыз мың орден тарату – Тәуелсіздікті ұлықтау емес!

Аға ұрпақтың есінде бар:

«Үйімізде, төрімізде, Портретте тұрған кім?
Кімнің жүзі таныс бізге, Бізге жақын, туған кім?
Бұл – Ленин бабамыз,
Бұл – Ленин данамыз!» деген Ленин әлі де төрімізден түспей тұр.

Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толады. Бірақ сонда да КСРО-ға деген сағыныш азаймай келеді. Қазақстан Ленинмен қоштаса алмай жүргендей... Әйтпесе, Тәуелсіздіктің 30 жылында Лениннің 159 ескерткішін төрден түсірмей ұстап отырған басшы-қосшының бұл тірлігін не деп ақтауға болады?Сонда жыл сайын бюджеттен ырып-жырып миллиардтарды бөліп, алашапқын жүргізіп жатқан «Рухани жаңғыру» дейтін идеологиялық саясат қайда?.. Сол «Рухани жаңғыруды» жүзеге асыру үшін бюджеттер 119 млрд теңге бөлінгені өткенде ғана жария болды.

Ленинді ұлықтауды доғармай, рухани жаңғыру болмайтынын расында, биліктілер түсінбей ме? Бізше болса, солай... Лениннің, Ленинннің ғана емес, 70 жылдан астам қазақты езіп-жаншу саясатын жүргізген Советтік билік атрибуттарын біржола жоюға, ескі биліктің ешкімге керексіз элементтерінен арылуға Кремльдің қас-қабағына жәутеңдеп қарайтын Ақорданың батылы, ерік-жігері, керек босла мінезі жетпейтін секілді... Жаңағы «159 Ленин» соның айқын көрінісі. Басқа сөз жоқ...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322