Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4830 0 пікір 13 Шілде, 2012 сағат 10:19

Интернет-конференция: «Жігіттер» квартеті

Қазақ эстрадасына өзіндік қолтаңба, өзгеше үнімен келіп,  тыңдармандар арасында айрықша танымал болып үлгерген өнер ұжымдарының бірі - «Жігіттер» квартеті. Үлкен сахнаға алғаш рет 2004 жылы шыққан топ содан бергі сегіз жыл ішінде ұлттық эстрадамыздың ән қорына талай тамаша туынды қосты, ескі де есті әндерді жаңаша жаңғыртты. Жұмысын лирикалық бағытта бастаған квартеттің қазір репертуарын басқа да жанрларға тән әндермен байытуға талпыныстары байқалады.

«Жігіттер» қазір қандай шығармашылық ізденісте жүр? Алға қойған нендей мақсат-мұраттары, ойға алған жоба-жоспарлары бар? Осы және өзге де сұрақтарға конференциямыздың кезекті қонағы  «Жігіттер» квартетінің әншілері - Ердос Қанаев, Айдар Байжанов, Бағлан Әбдірайымов және Мырзахан Маханов жауап береді.

Қазақ эстрадасына өзіндік қолтаңба, өзгеше үнімен келіп,  тыңдармандар арасында айрықша танымал болып үлгерген өнер ұжымдарының бірі - «Жігіттер» квартеті. Үлкен сахнаға алғаш рет 2004 жылы шыққан топ содан бергі сегіз жыл ішінде ұлттық эстрадамыздың ән қорына талай тамаша туынды қосты, ескі де есті әндерді жаңаша жаңғыртты. Жұмысын лирикалық бағытта бастаған квартеттің қазір репертуарын басқа да жанрларға тән әндермен байытуға талпыныстары байқалады.

«Жігіттер» қазір қандай шығармашылық ізденісте жүр? Алға қойған нендей мақсат-мұраттары, ойға алған жоба-жоспарлары бар? Осы және өзге де сұрақтарға конференциямыздың кезекті қонағы  «Жігіттер» квартетінің әншілері - Ердос Қанаев, Айдар Байжанов, Бағлан Әбдірайымов және Мырзахан Маханов жауап береді.

Міне, қазақтың жігіттері дейтіндей сүйкімдісіңдер, өнерлісіңдер. Өздеріңді де, әндеріңді де жақсы көремін.Тек, айналайындар, қазақ әндерінің тарихына құлақ түре, зерттей жүріңдер. Өйткені қазір сендер жай ғана сүйкімді әншілер емессіңдер, азаматтық парасатты биіктікке қарай өсіп барасыңдар."Балқадиша" әні қазіргі айтып жүрген қалыптарыңда авторы Ақан серіге де,өлеңдегі кейіпкерлерге де, айналып келгенде, қазақ деген болмысымызға жасалған қиянат.Жиырма бірінші ғасырда жаңа бойжеткен қызымызды сексен бестегі шалға жетектетіп, тіпті клипке түсіріп сыңсытқанымыз өрескел ұят. Сексен бес дегеннің қандай болатынын білесіңдер ме? Қыз жәукемдемек түгіл,аяғын нық басып жүре алар ма екен. Сендердің кінәларың жоқ.Қастарыңда жөн білетін ұстаз ағаларыңның болмағандығынан ғой.Немесе осылай етсек, көрермен тартамыз, имидж көтеріледі деп безбүйрек топас біреудің ақылы болар.Алдағы уақытта әндеріңнің тағдырына ұлттық мүдде, азаматтық парасат биігінен де қарауларыңды сұраймын. Өнерде қанаттарың талмасын, өрге жүзе беріңдер.

 

Жанашыр Өтен Ахмет аталарың.

Редакциядан: Өтен ақсақалдың бұл жанашыр жақсы пікіріне «Жігіттер» рахмет айтты.

Салем, жігіттер! Әскери-патриоттық әндер айтқыларыңыз келмей ме?

Әскери патриоттық әндерді, әрине, айтқымыз келеді! «Жігіттер» продюсер орталығы арнайы әскерге барып, бейнебаян да түсірген болатын. Әзірге, Арман Дүйсеновтың «Айбынды сарбаздар» атты туындысы  бар ән қоржынымызда. Болашақта патриоттық әндерді көбейтпек ниеттеміз

 

Келешекте домбыра ұстап, қазақтың жыр-термелерiн айту ойларыңда бар ма?

Бұл сұрақты қойған оқырманымызға жауабымыз дайын. Мүмкін, ол кісі байқамай қалған шығар. Еліміздің әр облысына жасаған гастрольдік сапарларымызда түрлі музыкалық аспаптармен сахнаға шығып көрдік. Мәселен, Ердос екеуміз (Бағылан айтады.-ред) қазақтың қара домбырасымен ән айтсақ, Айдар гитарада, Мырзахан күйсандықта ойнады. Ал, қазақтың жыр термелері біздің жүрегімізге жақын. Мүмкін, болашақта термелерді де орындап қалармыз.

 

Қазір қоғамда үлкен-кіші көбіне әнші-әртістерге еліктейді, ұқсағысы келеді, олардың өмірлері қызықтырады.Сондықтан олар көпке үлгі бола білуі керек деп ойлаймын.Ең бірінші отбасын қалай аман сақтап қалуға болады, баланы қалай дұрыс тәрбиелеуге болады, ата-анамен қалай тіл табысуға болады, міне өмірдің осы сұрақтарына жауап бере алатын болу керек және үлгіні іс жүзінде көрсете білу керек. Мен ондай өнер адамы жоқ дей алмаймын, аздап бар, бірақ көбі гүрлетіп той жасайды да ажырасып жатады. Осыған не айтар едіңіздер?Қайсысыңыз осы жағынан үлгі бола аласыздар?

Күлпаш апаларың

Бұл жерде біз діннің алатын орны ерекше екенін айтқымыз келеді. Қазақ болғаннан соң, оның үстіне ислам дінін ұстанғаннан кейін, біз тәрбиені ең бірінші кезекте шариғаттан іздейміз. Ислам дінінде отбасының маңызы жоғары екенін білесіздер. Үлгі болу керек дейсіз бе? Біздің арамызда Ердос пен Айдар намаз оқиды. Аузынан Алласы түспеген, иманды жандарға еліктесе, жаман болмайтын шығар. Бірақ, пенде болған соң, кез келген адамнан кемшілік табылады. Сондықтан, бүгін біреуді мақтап, ертең ол адамды тыңдарман басқаша қырынан көріп қалса, ұят болары сөзсіз...кімге еліктеу керектігін тыңдарманның өз еркіне қалдырдық.

 

Жігіттер - нағыз біздің жігіттер. Бір сауал. Неге Еркін Нұржан орталарыңнан алыстап кетті?

Естай

«Жігіттер» квартетінен Еркін Нұржанның бөлініп кеткені туралы айтпаған ауыз, жазбаған журналист жоқ шығар. Бір анығы, Еркін бізден бөлек кеткенімен, онымен достығымыз үзілген жоқ. Әрине, ол біздің топқа қайтадан қосылмайды. Бірақ, болашақта Еркін мен «Жігіттер» квартеті бірігіп ән салатынын айтқымыз келеді. Бұйырса, сол күндердің де куәгері боласыздар. Еркінмен бірлесіп ән айту жоспарымызда бар. Еркіннің аты да айтып тұр ғой... Еркіндікте жүргісі келетін жігіт! Сондықтан, досымыздың еркін жүргені де дұрыс шығар!

 

Сахнада өздерінді дұрыс ұстай алмайсыңдар.Көңілді ән айтқанда тек қана Айдар билеген болады. Бір бірлеріңе қарап, ақырын қимылдайсыңдар.Сендер жассыңдар, жас адамда ширақтық, әбжіл қимыл деген болу керек қой. Ресейдің әншілері ән айтқанда бар күштерін салып,өздерін жұлып жейді,біздікілер бір орнында қозғалмай тұрып айтады да, көрерменді оятқанның орнына, ұйықтатып кетеді.Музыкаға қарай қимылдау керек,билеу керек, секіру керек, көрерменді қыздыру керек. Біздің қазақ әншілері билегенге ұялады, өйткені біздің менталитет сондай, егер секіріп кетсе, не болды сонша құтырып дейміз, ақырын қимылдаса, неге кішкене қозғалмайды дейміз. Қысқасы ештене жақпайды. Ал дауыстарың керемет, төрт дауыспен айтқанда сол әндегі әр әншінің өз орны бар екені байқалып тұрады.

Әркімнің өз тыңдарманы бар. Біз билеп те көрдік. 2006 жылғы «Ерке қыз» атты жеке концертімізде біраз бидің басын қайырғанбыз (бәрі дуылдай күлді). Ержан Серікбаевтың сөзіне жазылған «Арман-ай» атты әніміздің бейнебаянын көрген тыңдарман біздің билегенімізді ұмытпаған болуы керек. Біздің ойымызша, «Ринго», «Орда» топтарына билеген жақсы жарасатын сияқты. Ал, ұйықтап қалдық дегенге келетін болсақ... Мүмкін, бұл сұрақты қойған тыңдарманымыз басқа біреудің концертіне барып ұйықтап қалған шығар. Себебі, қанша жылдан бері киелі сахнада ән салып жүрміз. Ешкім бізге «Концерттеріңде ұйықтап қалдық!» деп шағым айтқан жоқ. Біз көбіне халық әндерін, қазақтың жүрегіне жақын туындыларды орындағаннан кейін, селкілдеп билеп тұрғанды  орынсыз санаймыз.

 

Жігіттер, жарайсыңдар.Сендердің өнерлерің ҚАЗАҚ халқының жүрегін жаулап алды.Сендер маған қатты ұнайсыңдар, әсіресе, Бағлан сенің салмақтылығын маған қатты ұнайды. Сендер әнді жүрекпен айтасыңдар.Тыңдаушының жүрегін елжіретіп жібересіңдер. Сендерге айтар бір ғана сыным бар, мұңды әндерді айтқанда бәрің рөлге еніп айтасыңдар, ал, Айдар күліп, билегісі кеп тұратынын байқаймын, осынысы маған ұнамайды.Қалғанының бәрі тамаша, сөз жоқ.Өнерлерің өрге жүзсін.Білгім келетіні сіздердің Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Бесбаев секілді өз топтарыңызды құрып, шәкірт тәрбиелейітін ойларыңыз жоқ па?

Дәл қазіргі сәтте біз әншіміз. Әзірге, шәкірт тәрбиелеу бізге әлі ерте. Біз бағындыратын биік алда. Ән әлемінде білмейтініміз де көп. Өзімізді ұстаздық деңгейге жеттік деп ойламаймыз. Алда тындыратын істер жетіп артылады...

 

Отансүйгіштік, ұлттық киноларға түсүге лайықты азаматсыңдар, армандарыңа жетіңдер.

Коғамда болып жаткан жайлар сіздерді ойландыра ма, өзара отырғанда араларыңызда пікір бөлісесіздер ме, әлде «біз-әншіміз, әннен басқа ештеңе ойламауымыз керек! деген ойда жүресіздер ме? Жалпы азаматтық ойларыңыз бен ұстанымдарыңыз қандай?

Біз халық алдында ән салып, ел қошеметін көріп жүрген жігіттерміз. Басқалардан айырмашылығымыз сол ғана шығар. Бірақ, ең бірінші кезекте біз Қазақстанның азаматтарымыз! Сондықтан да, елдегі әрбір оқиғаға құлағымыз түрулі жүреді. Қайғылы жағдайларды естігенде, әрбір Қазақстан азаматы сияқты біздің де жүрегіміз ауырады. Біз де осы мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасып, «Бұл қалай болды? Қайткенде еліміз өркендеп-өседі?» деп ойланатынымыз, осы төңіректе пікірлесетін кезедіріміз болып тұрады.  Көбіне бұл пікірталастың соңы ән жазумен аяқталады. Әрине, олардың бәрі жарыққа  шыққан жоқ. Мәселен, бізді қоғамдағы жетімдер мәселесі қатты толғандырды. Ойлана келе, жетімдер туралы әнді де жаздырдық. Өкінішке қарай, ол ән көп танылған жоқ. Бауыржан Есебаевтың туындысы еді. Мүмкін, тыңдармандарымыз ғаламтор арқылы тыңдап та көрген шығар. Нағыз ішкі күйзелістен шыққан ән еді ол...

 

«Жігіттер» квартетінің өзге елдің құшағында өмір сүріп жатқан 5 миллион қазақтың бір әнін айтқанын көрген емеспін. Сонда шетелде тұратын қазақтардан осы жігіттер айтатын бір ән табылмады ма? Мүлдем ақылға симайды. Өкінішті! өнерлерің өсе берсін! Аман болыңдар!

Қазір шеттегі қандастарымыз айтып жүрген қазақ әндері өте көп. Нұржан Қалжан сияқты бауырларымыз Қытай қазақтарының, Моңғол қазақтарының тамаша туындыларын орындап жүр. «Ел іші өнер кеніші» деген ғой... Ел ішінен талай жауһарды тауып алуға болады.

 

Қазақтың осындай дарынды жiгiттерi халқына қызмет iстей берсiн. Жаңаөзендегi қазақ бауырларыңның жағдайы қалай әсер еттi сендерге?

Оралдық әпкелерің.

Жаңаөзендегі көтеріліс те естен кетпес оқиғалардың бірі ғой. 86 жылғы көтерілісті көрмесек те, жақсы білетінбіз. Бірақ, мұндай оқиғалардың Қазақстанда қайталанбауын тілеп жүруші ек. Біздің арманымыз біреу ғана. Елімізде мұндай қақтығыс енді орын алмаса екен. Баласынан анасы, анасынан баласы айырылмасын! Бастысы, қан төгілмесін! Алла берген тыныштығымыздың шырқы бұзылмаса деген тілек қана бізде...

 

Менің сұрағым мынандай: дайын сөзге ән жаздыра аласыңдар ма? Егер жаздыра алсаңдар сендермен қалай хабарласуға болады. Өлеңдерімді тегін беремін, ешқандай ақы сұрамаймын. Тек ән қылып жарыққа шығарсаңдар, алғысым шексіз болар еді. Алланың нұры жаусын!

Егер дайын сөз болса, ол тіпті тамаша өлең мәтіні болса, неге оған ән жазбасқа?! Бұл оқырманымыз бізбен байланысын жоғалтпай, «Abai.kz» сайтына ән мәтінін жолдасын. Біз міндетті түрде өлеңді қарап шығып, сөзі жүрекке жетсе, ән жазуға тырысамыз...

 

Жігіттер, сәлем!!! Қазақстандағы ең мықты аранжировшик кім сіздердің ойларыңыздан шығатын? Сіздердің көп әндерііңізді кім әрлеп өндейді?

Біз ең алғаш рет Ринат Әубәкіров деген ән өңдеуші жігітпен бірлесіп жұмыс істегенбіз. Сол әріптестігіміз бүгінге дейін созылуда. Қосымша, Арман Дүйсенов, Әсет Масабаев, Бақытжан Қажымұқанов, Паша Лилермен де бірлесіп, ән жаздырып көрдік. Осы жігіттерді Қазақстандағы ең мықты ән өңдеушілердің қатарына жатқызуға болады.

 

Жігіттер сәлем!!! Соңғы кездері неге шығармашылықпен жөнді түрде айналыспай кеттіңдер?

Шығармашылығымзда соншалықты бір тоқырау орын алып жатыр деп айта алмас едік. Рас, соңғы кезде төрт жігіттің үшеуі үйленді. Үй болып, отбасын құруға да біраз уақыт керек екен. Мүмкін, шығармашылығымыздың сәл дамылдап қалуына сол себеп болған шығар. Өйткені, үйлену де адамға  жауапкершілік жүктейді емес пе?! Мүмкін, оқырманымыз 2006 жылдан бері жеке концертіміз өтпегенін нұсқап отырған шығар. «Жігіттердің» жеке концертін беру біздің көкейімізде жүрген ең үлкен жоспарлардың бірі. Тек, кішкене уақыт пен дайындық керек. Концерт қою туралы ойымыз әлі пісіп, жетілуде...

 

«Жігіттер» квартетін онша ұнатпаймын. Не киім киістеріңде, не әндеріңде өзіндік стильдерің жоқ. Сендер жас емессіңдер ме? Әкім немесе шенеунік сияқты қатып қалғансыңдар, әзер қозғаласыңдар. Айдар ғана әнді күліп, көңілді айтады. Қалғандарыңа қарасам ұйқым келіп кетеді немесе басқа каналға ауыстыра қоям. Секіріп билемесеңдер де әнге, әннің мазмұнына қарай немесе өздеріңнің түр-тұлғаларыңа қарай тартымды бір сахналық стильный қимыл-қозғалыс табуларың керек. Ол үшін имиджмейкер немесе сахналық қозғалысты жөнге салатын маманмен жұмыс жасау керек. Дауыстарың жақсы, әнді де талғай білісіңдер. Тек жарасымды қимыл-қозғалыс пен прическа, киімдеріңді кішкене қазіргі заманға лайықтасаңдар екен. Әйтеуір, шоу-бизнесте жүрсіңдер ғой, сондықтан шоу-бизнестің және заман талабына сай болғандарың дұрыс.

«Жігіттерді онша ұнатпаймын...» Бұл кісінің айтқан ойларының кей тұстарымен келісуге болады. Кемшіліксіз адам болмайтынын жоғарыда айттық. Орынды пікір білдірген екен. Біз өз қателерімізбен жұмыс істеуден танбаймыз.  Мәселен, имдж туралы ұсынысымен толықтай келісеміз...

 

Ел болып өркендеу үшін: ғылым, техника, экономика, саясатты білу, ал ұлттық болмыс үшін тіл, дін, тарих дәріптелуі керек пе деп ойлаймын. Ал теледидардың бетін ашсаң болды бағдарламалардың жүргізушілері негізінен әнші мен әртіс болып кеткен. Бірі жүргізсе бірі қонақ, бірі көрермен. Ал неге экономистерді, ғалымдарды, қоғамдағы белгілі зиялыларды, саясаткерлерді, сарапшылар мен имамдарды, елге игі іс істеп жүрген тұлғалар мен талапты жастарды көптеп көрсетіп дәріптемеске?!Әлде ұлтты дамытатын тек әртист пен әнші ме? Осыны түсінбедім, осының жауабын айтсаңыздаршы?

Негізі, көп жағдайда біз мұндай ұсыныстардан қашып жүреміз. Бірақ, үнемі бас тарта берген де ұят. «Қазақстан» мен «Хабар» арналары, басқа да коммерциялық телеарналар рейтинг көтеру үшін эстрада әншілерінен  тележұлдыз  жасап шығаруда. Сондықтан, бұл сұрақты телерна басшыларына қойған дұрыс деп есептейміз.

 

Жігіттерді көптің бірі деп есептеймін.

Дұрыс! Біз көптің біріміз, көппен біргеміз.

 

Соңғы кезде Астанада концерт бермей кеттіңде ғой. Неліктен? Астанаға ауысу ойларыңда жоқ па?

Әминә

Астана қаласының  туған күнінен орай жабық кештерде өнер көрсеттік. Былтыр «Музарттың» жеке концерті өтті  дүрілдеп Астанада. Біз де басшылыққа сондай концерт өткізу туралы ұсыныс жасадық. Қазір біздің басқа жоспарларымыз бар. Реті келгенде, концерт өткіземіз!

 

Жігіттер, ән айтып "гуляйттап, қызықпен жүріп жазды алып" жүре беріңдер. Қыл үстінде тұрған ұлт тағдырын ойлап не керек, өздерің аман болыңдар. Тойда шырқап, ақша тауып, бизнестерің дүрілдей берсін. Жорналшылар ұлт, қоғам, қазіргі қазақ жайынан сұрай қалса, жауап бермей жалтарып кетіңдер. Кітап, газет-жорнал оқып қажеті жоқ. Біреуден біреу естіп, шалағай, шатты-бұтты білімдеріңмен өркендерің өсе берсін!

«Жігіттер ән айтып, гуляттап», «Ел болып өркендеу үшін». Оқырманымыз кімді меңзегенін білмей тұрмын. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді»деген сөз бар емес пе?! Мүмкін, бұл оқырманымыз әншілер арасынан осындай жандарды байқап қалған шығар. Бірақ, көпке топырақ шашуға болмайды. Біздер сөз қадірін түсінетін адамдармыз.

 

Салем! Менің сұрағыма бір ғана сөзбен жауап берсеңіздер деймін. Әншінің жұлдыз немесе әнді хит қылатын ән бе, әуен бе, әншінің орындаушылық қабілеті ме?  Әлде аранжировшиктің еңбегі ме әннің  өзін де, әншінің дауысын да өндеп "конфет" қылып беретін?

Сізге мынаны айтқымыз келеді. Он ән жаздырса да, тыңдарман жүрегіне жол таба алмаған әншілер бар. Ал, бар болғаны бір әнімен хит шерудің алдын бермей, халыққа танылған азаматтар да жетерлік. Бұл жерде «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» деген қанатты сөзді ұмытпағанымыз дұрыс. Бәрі де бағыңның жанғанына байланысты. Әрине, еңбекті де жоққа шығармаймыз.

 

Бағлан, сіз спорттың қай түрімен айналысасыз? Өмірде күш қолданған кездерің болды ма?

Жанболат, Семейден

Спортқа мен бейіммін! Бокс десе ішкен асымды жерге қоямын. Кішкентайымда тай бокспен шұғылданғанмын. Жақында «Чемпион» жобасына қатысқан соң, боксты одан әрі жақсы көріп кеттім. Әлі күнге дейін жаттығу залына барып, дайындалып тұрамын. Шыны керек, «Чемпион» жобасында кәсіби спорттың қиындығына да көзім жетті.

 

Айдар мен Ердостың имандылық жолына жақын екенін білеміз. Өнерпаздың өмір дағдысы қарбалас қауырт сапарлардан, тынымсыз концерт, кеш, байқаулардан тұрмай ма? Діни амалдарды тұрақты ұстану мүмкін болып жүр ме екен? Мырзаханмен және Бағланмен бұл тарапта ешқандай түсінбестік, қиындықтар туындамай ма?.. Алдын ала рахмет.

МӘДИНА

Барлық мұсылмандарға иман парыз етілген. Біздің қатарымыздағы Айдар мен Ердос бес уақыт намаздарын қаза қылған емес. Дін мәселесіне орай арамызда ешқандай түсініспеушілік жоқ. Иманы мықты адамның жан дүниесі таза болып, артық бейәдеп қылықтардан ада болатыны қуантады.

 

Мырзаханға сауал қойғым келеді. "Қайда барсам да жақсы қыз іздеп жүремін" деп едіңіз бір сұхбатыңызда. Сол қызды таптыңыз ба?

Мырзахан әлі тапқан жоқ жақсы қызын! Іздеп жүр!

 

Сендерідің топтарыңды "Жігіттер" де кім атаған? Басқа атау таппадыңдар ма? "Жігіттер" деген былай нелеу сияқты... дұрысын айтсам ән салатын шығармашылық топтың атына келмейтін сияқты. Болашақта топтың атын өзгерту ойларыңда жоқ па?

Топтың аты ешқашан да өзгермейді. Біздің ойымызша, «Жігіттер» нағыз қазақы атау! Топтың атына лайық! Жігіттің аты жігіт емес пе?!

 

Жігіттерге ортақ сұрақ: осынша жыл бірге жүргенде арада өкпе-реніштер, келіспеушіліктер болды ма? Ондай проблеманы қалай шештіңдер?

Сәбит, Алматы

Расы керек, арамызда азғантай түсініспеушіліктер болып тұрады. Бірақ, бәріміз де саналы, ақыл тоқтатқан азамат емеспіз бе?! Сабыр бәрін жеңеді. Бір бірімізбен бет  жыртысқан кезіміз болған емес, артық кетсек дереу кешірім сұрауға дайын тұрамыз. Достығымыз бен адамгершілігіміз бізді үнемі бір арнаға тоғыстырады.

 

Топтың продюсері бір сұхбатында "Енді "Жігіттер" күйдім-сүйдім деген әндерді азайтады" деп еді. "Азайттық" деп ойлайсыздар ма? Жалпы топтың ендігі бағыты қандай болмақ?

Армангүл

Негізі, продюсеріміз бізге әнді таңдау тарапынан шектеу қоя алмайды. Өйткені, әнді айтатын ол емес, біздер ғой. Жүрегімізге қандай ән жақын, соны орындаймыз! Ал, махаббат туралы әндерді орындамау деген ойымыз мүлде болған емес. Армангүл, махаббат туралы әнді қалай орындамаймыз? «Махаббатсыз дүние бос» деген..

 

Қазір сіздерді не толғантады, не ойландырады? Ен басты бас қатырар мәселе не деп ойлайсыздар?

Ең бастысы елдің тыныштығы! Тыныштымығыз, бейбіт күніміз бұзылмаса екен!

 

Сіздердің барлықтарыңыз бір үйде тұрады дейді, сол рас па? Тағы бір сұрағым: шетелге гастрольге шығу ойларыңызда жоқ па? Бұлай деуімнің себебі: сіздерді тамаша квартет деп санаймын, қазақ өнерін шетелге паш ету сіздердің қолдарыңыздан келеді. Әндеріңіз де, сәндеріңіз де тамаша. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін, өнерлеріңіз өрге жүзсін.

Шынар

Бойдақ кезімізде бәріміз бір үйде тұрдық. Ал, отау көтерген соң, әрқайсымыздың бөлек кеткеніміз рас. Бірақ, әлі күнге шейін бір үйдің балаларындаймыз. Арамыздағы жалғыз бойдақ Мырзахан. Мырзахан кімнің үйіне қонам десе өз еркі. Оған бәрі де жарасады (бәрі жамырай күлді),

 

Қателеспесем, Мырзаханнан басқаларыңыз үйленгенсіздер. Үйленген соң өзгердіңіздер ме? Қай бағытқа өзгердіңіздер? Оны қалай байқайсыздар?

Жамалхан

Үйленгеннен кейін өзгеріп кеткен ештеңеміз жоқ. Тек, жауапкершілік жүгі ауырлағандай. Әйтпесе, сол ән, сол сахна, сол өмір ғой.

 

Айдар, сіздің отбасыңыз туралы әңгіме көп. Қаншалықты шындық бар ел айтып жүрген әңгімелерде?

Айдардың отбасында кейбір қиындықтардың бары рас. Бірақ, оны ағынан жарылып, уақыты келгенде өзі айта жатар. Қазір бұл туралы ештеңе айта алмаймыз.

 

Қазір неге хит әндеріңіз жоқ?

Хит ән дейсіз бе? Дәл қазір «Кешір мені, жаным» әні халық жүрегіне жеткен сияқты.

 

Балаларыңызды қалай еркелетесіздер? Әлде олар ата-әжелерінің балалары бар ма?

Бұл сұраққа Бағылан жауап берді:

Балаларымызға аузымызға қандай әдемі аттар түседі, солай деп еркелетіміз. Жеке өзім қызымды кейде «күшігім»деп еркелетіп аламын.

 

Кімдермен бірге ән шырқағыларыңыз келеді?

Расында, «осы әншімен дуэт айтсақ» деп армандамаппыз

 

Ақан серінің сөзін бұзып айтасыңдар. Сол жерін түзету керек. Ақын Кәкімбек Салықовтың Ақан сері шығармашылығы бойынша құрастырған жинағын қараңдар. Сонда дұрыс жазылған. Әнді, әннің мәтінін зерттей де біліңдер.

Құрметпен, Асқар деген ағаларың.

Асқардың ойы дұрыс. Біздің орындауымыздағы «Балқадиша» әнін тыңдарман жылы қабылдады. Халық арасынан қаншама жылы лебіздер жетті. Балаларымыз жаттап алды, үнемі айтып жүретін болдым деп хабарласқан тыңдарманда есеп жоқ. Алайда, «Балқадишаның» мәтінін сынға алғандардың қатары да қалың. Біздің білуімізше, Ақан сері Балқадишаға ғашық болған және бір ғана шумағын жазған деседі. Қалған шумақтары уақыт өте келе халық аузынан қосыла берсе керек. Әміре Қашаубаев, Қайрат Байбосынов айтқан кеңес дәуіріндегі нұсқаларын да тыңдап көрдік. Қалай естідік, солай айттық. Шын мәнінде, «Балқадиша» әнінің тарихы бұрын ешкімді қызықтырмаған сияқты. Біз орындап шыққан соң, түрлі пікірлер бой көтере бастады. Яғни, бір жағынан қате кетсе, екінші жағынан түзетіліп жатыр.

 

Қазақ әншілерінен қоғам туралы сұрай қалсақ, бастарын ала қашады. Тіпті бұл тақырып оларды қызықтырмайтын сияқты. Тарихи даталарға, бүгінгі күнгі оқиғаларға байланысты білімдеріңіз қаншалықты? Тарих, әдебиет, мәдениетке қатысты сауалдарға сауаттарыңыз жете ме? Әлде мұндай "ұсақ-түйек" нәрселерге бас ауыртпайсыздар ма?

Мақпал.

Мақпал қай өңірдің қызы екен? Егер сол жаққа біз барып жатсақ, бізге жолығуына болады.

 

«Мой Мирда» барсыңдар ма?

Шпионгүл

Әлеуметтік желілерде бармыз. Бірақ, сағаттап отыра алмаймыз.  Тек, хат хабар алысу үшін поштаны пайдаланамыз

 

Р.S. «Жігіттер» квартеті жұртшылықпен тікелей байланысқа шығарған www.abai,kz ақпараттық порталының ұжымы мен сауал жолдап, пікір білдірген оқырман қауымға рахмет айтады!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385