Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 4076 6 пікір 5 Қараша, 2021 сағат 12:23

Мектептегі ұлтшылдық пен ұлтсыздық

Өткен аптада еліміздегі мектеп ауласында орын алған екі оқыс оқиға (Алматыдағы химия-биология бағытында білім беретін Назарбаев зияткерлік мектебі оқушысының қайғылы өлімі және Қытаймен шекара маңындағы Пенжім ауылдық мектебі ұйғыр-қазақ оқушыларының арасындағы ұлт аралық қақтығысқа ұласа жаздаған төбелес) қоғам назарын аударды.

Қазақтар мен өзге ұлттар арасында қақтығыс бұрында болған. Оған мысал ретінде Моловодный (қазақ-шешен), Малыбай (қазақ-ұйғыр), Қордай (қазақ-дүнген) оқиғасын тізбелеуге болады. Жыл аралап жүз беріп тұратын ұлт араздық мәселесінің бұл жолы толерантты ұрпақ тәрбиелейтін мектеп ауласында көрініс беруі мәселенің салмағын, жұқпалы індеттей ел болашағы жасөспірімдердің санасын улап отырғанын көрсетсе керек.

Егемен ел атанған қазақ билігіне ұлт аралық түйткілдің бодандық кезден, орыс отаршыларынан (патшалық Ресей, Кеңес одағы) мұраға қалғанын баса айтуымыз керек. Ұйғыр мен дүнгеннің қазақ жеріне сіңісуі, шекаралық аймақтарға орналасуы патшалық Ресей кезінде орын алса, қасиетті қазақ жеріне 130 ұлттың өкілдері топталып, ұлтымыздың өз жерінде азшылыққа айналуы Кеңес кезінде пайда болды. Абылай хан өлгеннен кейін, қазақ жерін бөліске салған Цин империясы мен патшалық Ресей халқымызға екі ел шекарасында еркін көшіп-қонуға рұқсат бергенімен, келімсек ұлттарға ерекше әскери, саяси мәртебе беріп, жергілікті халықты тұқыртуға айдап салды. Ұлттар теңдігін желеу еткен Кеңес билігі бұл жымысқы саясатты шегіне жеткізді. Сталин Іле қазақтарының қолбасшысы Акбар-Сейтке, Алтай қазақтарының қолбасшысы Оспан батырға әскери көмек беріп, қолдау білдіргенсігенімен мақсатына жеткен соң, жеме-жемге келгенде оларды сатып кетіп отырды. Қытай билігінен азат болған үш аймақ (қазақтардың ата жұрты: Іле, Алтай, Тарбағатай) уақытша үкіметіне өзі дайындаған өзбек Әлихан төре мен ұйғыр Ахметжан Қасымиды басшы етіп қойды. Аталмыш «Шығыс Түркістан ұлттық республикасының» ақиқи шындығы осындай. Бұған Қазақ Кеңес социалистік республикасын ұйғұр азаматына басқартуын, шекаралық ауданға аталмыш ұлт атын беруін, Алматы көшелеріне дүнген генаралдарының есімін беруін қосыңыз. Империялық пиғылдағы патшалық Ресей өзінен тарихы ұзақ ұлтымызды «бұратана», «көшпенді» деп кемсітсе, коммунистер «надан», «қараңғы» санады. Орыс тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің қазақты менсінбейтін менмендігі мен өз қандастарымыздың туған ұлтын қор санайтын құлдық санасының түп төркіні сонда жатыр. Тәуелсіз кезеңде бүгінгі Ресеймен ара қатынасымызға саятын отаршылдық тарихымызға дұрыс саяси баға беріліп, тарихи әділдік салтанат құрмағандықтан, өз қателігіміз өзімізге таяқ болып тиіп отыр. Қазіргі ақпарат тасқыны басты айналдыратын интернет дәуірінде отаршыл кездің саяси тендецияларын шындық ретінде қабылдайтын, өз мақсатына пайдаланатын жағдай күннен-күнге көбеюде.

Кеңес одағының ыдырап, бауырлас өзбек, қырғыз, қазақ халықтарының тәуелсіздік алуы ұйғыр ұлтының өз тізгіні өз қолында егемен мемлекет болуға деген үмітін, құштарлығын арттыра түскені белгілі. Мойындауымыз керек, соңғы онжылдықтарда қазаққа қарағанда ұйғыр зиялылары тарихи мүмкіндікті қолдан бермей, ұлтын ұйыстыруға өлермендене еңбек етті. Біздің идеологтар «жылқыны алғаш қолға үйреткен, зөңгіні ойлап тапқан біздің бабаларымыз» деп «рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялаудан ширек ғасыр бұрын, ұйғыр оқымыстылары «Ұйғырлардың ат мәдениеті» деген еңбектер жазды. Біз «Ғұн, Үйсін тайпалары қазақ емес» деп дауласып, Түрк пен Түркіні айыра алмай жүргенде ұйғыр тарихшысы Тұрған Алмас «Ұйғырлар» деген кітабында өздерін ғұн, үйсін, түркі империяларының тікелей мұрагері ретінде көрсетті. Мұндай мәдени, рухани ағартушылық қимылдардың әсерінің сұрапыл болғанын, Қытай жоғары кеңесіне бірнеше рет уәкіл болған ұйғырдың әйгілі әйел кәсіпкері Рәбиям Қадырдың ұлт азаттық күрес жолына түскенінен, Қазақстандық ұйғыр жастарының «мемлекет сендердікі, жер біздікі» деп ұрандатқанынан-ақ көруге болады.

Ал Назарбаев зияткерлік мектебіндегі жағдай басқаша болып көрінгенімен, бәрібір ұрпақ тәрбиесіне, алдыңғы буын (мұғалім, ата-ана) мен жаңа буынның қарым-қатынасына саяды. Хэллоуин мерекесі (батыстық құндылық) қарсаңында түлектерге «Гарри поттер» кейіпкерлеріндей киініп келуге тапсырма берген сынып жетекшісі өз талабына өзі қарсы келіп, Шотландия ерлерінің ұлттық киімі белдемше киіп келген оқушыға идеялық тәрбие алып барған. Соңы қайғылы жағдаймен аяқталған. Білім саласының – ең көп министр ауысқан, реформаның астында қалған сала екені белгілі. Кей министрлердің қазақ тарихы мен әдебиетін міндетті пән тізімінен алып тастағанына да куә болдық. Кейінгі жылдары енгізілген «Дін тану», «Өзін-өзі тану» пәндерінің де пайдасы шамалы сияқты. Мектептерде орын алып жатқан соңғы оқиғалар соны көрсеткендей.

Қорыта айтқанда еліміздің екі өңіріндегі оқу ордаларында жүз берген өкінішті оқиғалар мемлекеттің идеялық тұғырнамасының әлсіздігін, әр алуандығын, ортақ рухани құндылықтар қалыптастыра алмағанымызды пәш етті.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408