Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 11188 0 пікір 17 Шілде, 2012 сағат 07:30

Кәкен Қамзин. Азаттық аңсаған арлы азамат

Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжановтың 80 жылдығына арналған баяндама

Армысыздар, қадірлі ағайындар, әдебиет және әлеумет жанашырлары!

Шығармашылық жолына ұлы көреген Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің өзінен ақ бата алған қаламгерлердің бірсыпырасы, Құдайға шүкір, біздің өткен шағымызда өздерінің дара қолтаңбаларын қалдырып кетті. Ол  халқымыздың несібесіне, игілігіне айналды. Ал кемеңгер М.О. Әуезовтің халықаралық аренада атқарылар жөн-жобаларын, идеяларын іс жүзінде ілгерілеткен, данышпан ұстазының өсиетіне өмір бойы адалдық танытқан, қимыл-әрекетімен де, текті сөзімен де әрі дамытып әкеткен тек Әнекең десек, оған дау айтар қазақ баласы табыла қояр ма екен?

Әнуар Әлімжановтың өмір жолы - арман соқпағы, күрес жолы. Жазушы, қаламгер Үндістан перзенті Махатма Гандидің: «Өмір дегеніміз - күрес пен қасырет», - дегенін жиі қайталап отыратын, өзі сол тәмсілден күш-қайрат жинайтындай көрінетін маған. Ол ешкімге бас ұрмай өтті, тек әділдікке, ақихатқа табынып өтті. Оның жазушылық, азаматтық позициясы да осы принциптерден өріліп шықты. Ол тек қаламгер ғана емес, ол -  сонымен қатар саяси қайраткер. Сондықтан ол туралы сөз сөйлегенде саяси-әлеуметтік ахаул мен өткір мәселелерден сырт айналып өте алмаймыз.

Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжановтың 80 жылдығына арналған баяндама

Армысыздар, қадірлі ағайындар, әдебиет және әлеумет жанашырлары!

Шығармашылық жолына ұлы көреген Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің өзінен ақ бата алған қаламгерлердің бірсыпырасы, Құдайға шүкір, біздің өткен шағымызда өздерінің дара қолтаңбаларын қалдырып кетті. Ол  халқымыздың несібесіне, игілігіне айналды. Ал кемеңгер М.О. Әуезовтің халықаралық аренада атқарылар жөн-жобаларын, идеяларын іс жүзінде ілгерілеткен, данышпан ұстазының өсиетіне өмір бойы адалдық танытқан, қимыл-әрекетімен де, текті сөзімен де әрі дамытып әкеткен тек Әнекең десек, оған дау айтар қазақ баласы табыла қояр ма екен?

Әнуар Әлімжановтың өмір жолы - арман соқпағы, күрес жолы. Жазушы, қаламгер Үндістан перзенті Махатма Гандидің: «Өмір дегеніміз - күрес пен қасырет», - дегенін жиі қайталап отыратын, өзі сол тәмсілден күш-қайрат жинайтындай көрінетін маған. Ол ешкімге бас ұрмай өтті, тек әділдікке, ақихатқа табынып өтті. Оның жазушылық, азаматтық позициясы да осы принциптерден өріліп шықты. Ол тек қаламгер ғана емес, ол -  сонымен қатар саяси қайраткер. Сондықтан ол туралы сөз сөйлегенде саяси-әлеуметтік ахаул мен өткір мәселелерден сырт айналып өте алмаймыз.

Ә.Т. Әлімжанов сынды қайраткер осында отырған әрқайсымыздан қымбат та ардақты қазақ халқы, қазақ жері бар екенін әмсе есте ұстады. Оның зертханасы да, обсерваториясы да өзінің кішкентай ауылы Қарлығаш еді, ол соның отты көзімен бүкіл планетаны, континенттерді шолды. Өтіп жатқан үдерістерге сараптама жасады.

Бір жағынан ол дәуір ауанына тартылса, екінші жағынан  рухани эмиграцияда жүрді. Сондықтан оның жанын жегідей жеген ізденістері, шар тарапқа шарқ ұруы  өзінің ішкі әлемі мен сыртқы дүние ажарын теңдестіру әрекеті болатын. Сөз жоқ, бостандықтың материалдық та, материалдық емес те ұғымы оның көкейінде жүргені кәміл, өзгеріс идеялары, күн тәртібіне қойылар ұлттық мәселелермен қатар, мен осыған бек сенімдімін, оның жүрек түкпірінде үрей мен күдік те орын алғаны анық. Бірақ оның журналистік, жазушылық томографиясы оны еш уақытта жаза бастырмады. Ол ешқашан шындықтан қашқан емес, керісінше, ол оны өзіне тартып отырды.  Сондықтан қысылтаяң тарихи сәттерде оның ғажап харизмасы, идеялық-мәдени концепциясы, мен айтар едім, инновациялық креативі жарқ ете түсетін.

Құрметті халайық!     Ұлтымыздың «Орнында бар - оңалар» философиясы бұқараны әманда алға жетелейді. ХХ жүзжылдықтың 60-ыншы жылдары қазақ ұлты жиырмасыншы-отызыншы, қырқыншы-елуінші жылдары ойсырап-ортайып қалған мәдени-рухани әлеуетіміздің сан жағынан да, сапа жағынан да орнын толтыра алды, Алаш зиялыларының өнегесін ілгерілетті деп айтуға толық хақылымыз. Иә, сөйтіп, өткен ғасырдың 70-інші жылдары қазақ рухани өндірісі бар күш-қуатын іске қосты. Камал Смаилов, Шериаздан Елеукенов, Төрекелді Шарманов, Еркеғали Рахмадиев, Шота Уәлиханов, Әнуар Әлімжанов, Өзбекәлі Жәнібеков, Кәкімжан Қазыбаев, Өмірбек Жолдасбеков, Мұхтар Арын, Кәкен Аханов, Жекен Қалиев сынды әрі өнерді, әрі әлеумет сөзін қоса ұстаған жаңа формациядағы қайраткерлер сахнаға шықты. Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге де болар еді. Бірақ осымен тұйықтайық. Қарап отырсақ, аты аталған әр Тұлға нардың жүгін көтерді, қазақ мәдени құрылысының жетекші-жетекші салаларын басқарды. Әнуар аға: «Біз тарихтағы сиюминутностьпіз, яғни қас-қағым сәтпіз», - дегенді оқта-текте айтып қалатын. Сол тарихи қас-қағым сәтте олар текті рухани бәске алаңын жасақтады, сол бәсекенің арқасында қазақ қоғамының біліктілік, азаматтық сапасы артты.  Сол сана модернизациясын іске асырушылар қатарындағы дара да бірегей ҚҰБЫЛЫС - ол Әнуар   Тұрлыбекұлы Әлімжанов!

«Ұстаздың оралуы» романанда керемет бір идея бар. Ол - әл Фарабидің араб жұртына тек үйрену үшін емес, түркі әлемін, қыпшақ өркениетін таныту үшін жол тартқаны. Расында, таза-тақыр жерге өнім шықпайды. Құнарлы топырақтың  шығымы да бөлек. Бұл өлкеде әрі жырау, әрі күйші-композитор, әрі қолбасшы Кет Бұғаның, Ақтамберді жыраудың, Абылай ханның, Қаракерей Қабанбайдың, Дулат Бабатайұлының, Шоқан Уәлихановтың, орыстың атақты суретшісі Василий  Верещагиннің, поляк саяси қуғынгері Адольф Янушкевичтің, Құнанбай қажының, Әріп Тәңірбергеновтің, Әсет Найманбаевтың, Қоқан автономиясының алғашқы премьер-министрі Мұхамеджан Тынышбаевтың, Алаш қайраткері Отыншы Әлжановтың, көрнекті ағартушы, публицист Біләл Сүлеевтің ізі қалған, ісі қалған. Лепсі уезін Пьер де Лазари атты француз да басқарған. Осы орайда қазақ поэзиясының құлагері Ілияс Жансүгіровтің, қазақ композиторлары арасында тұңғыш рет КСРО халық артисі атағын иеленген, тұңғыш рет КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алған Мұқан Төлебаевтің,  Қазақ КСР-нің алғашқы еңбек сіңірген артистерінің бірі - Кәмәси (Қамадияр) Өмірзақовтың, белгілі ақын Тұрсынбек Жабаевтың рухани ізашарлық жөні бөлек.

Әнуар Әлімжанов 1949 жылы  Ойжайлаудағы Лепсі педагогтік училищесін тәмәмдады. Оқу бағдарламасын толық игеруі өз алдына, бір ғажабы, училище қабырғасында жүргенде ол көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысып, саксафон аспабында классикалық шығармаларды құйқылжыта орындауды үйренді. Осы ретте шалғай өңірдегі елді мекенге өң кіргізген оқу орнының директоры Б. Т. Торыбековтің еңбегін ерекше мадақтай кеткен жөн.

Жас Әнуардың училище қабырғасында игерген өнері  Венада, Прагада өткен дүниежүзілік  демократияшыл жастар фестивальдерінде оған көп септігін тигізді. Осы орайда оның музыкалық мәдениеті мен сауаты «Ұстаздың оралуы» романын жазуға, әл-Фарабидің «Музыканың ұлы кітабын» көркем желіге айналдыруға көп септігін тигізді. Әрине, оның шығармашылық саласында теориялық білімін шыңдауға С.М. Киров  атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) журналистика факультетінің ұстаздары, атап айтқанда, М.О.Әуезов, Б.К. Кенжебаев, Х.Н. Бекхожин, Т.С. Амандосов көп көңіл бөлді. Студент Ә. Әлімжановтың сол дәуірдегі ұлы ерлігі - данышпан тәлімгері М.О. Әуезовті Қазақстан НКВД-сының қанды шеңгелінен құтқарып, Москва қаласына жасырын аттандырып салуы. Бұл тарихи оқиға туралы Халық жазушысы Ә. Әбішев, белгілі қаламгер Ғ. Қабышев, филология ғылымдарының докторы, профессор Т. Жұртбай  Мұхтар Әуезовтің өз сөзіне, дәлелді фактілерге сүйене отырып, арнайы мақалалар жазғаны белгілі. Одан соңырақ, кейінгі кезде мәлім болғандай, бір топ студент, оның ішінде Әнуар Әлімжанов, Сәкен Жүнісовтер бар, профессор М.О. Әуезовті университетке, оқытушылық жұмысқа қайтадан шақыру туралы СОКП Орталық Комитетіне хат жолдапты. Қаламы жүрдек шәкірттің түрлі-түрлі тақырыптағы, әртүрлі жанрдағы материалдары университеттің көп тиражды газетінде студенттік жылдары жиі-жиі жарияланады.   Идеологиялық тенденциясы басым кеңестік жоғары мектеп аудиториясында осындай-осындай мәнді істерге араласқан  ол 1954 жылы журналистика мамандығы бойынша диплом алып шығады.

Негізінен орыс тілінде жазататын қаламгер алпысыншы жылдары «Лениншіл жас» газетінің очерктер бәйгесіне қатысып, жүлделі орынға ие болады. Түрлі басылымдардан алған қаламгерлік тәжірибесі кейіннен кеңестік журналистикада үлкен құбылыс ретінде қабылданған «Диқан туралы аңыз»  атты көркем-публицистикалық шығарманың желісін ширатуға едәуір әсерін тигізеді. Атақты күрішші Ыбырай Жақаев туралы очерктегі қақтығысты Әнуар Әлімжанов индивидтер арасындағы текетірес деңгейінде қалдырмайды, оны дүниетанымдар арасындағы күреске дейін көтереді.

Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің органы «Ленинская смена» газеті редакторының алғашқы қазақ орынбасары болған да Әнуар Әлімжанов еді. Сол жылдары ол ел аралады, шетелдік сапараларға шықты, жастар фестивальдарына қатысты. «Ақ дос, сары дос, қара дос» (1958), «Достар кездескен кезде» (1959), «Мәңгілік тамырлар» (1960), «Су жолымен және құрлықпен елу миль» (1962), «Күнге бет алған керуен» (1963) атты кітаптар сол бір романтикалық дүниепайымның жемісі дегіміз келеді.

Құдай берген дарын ешқашан  тар қалыпқа сыймайды. Сөз зергерінің киесі одан бетер. Ең алдымен, оның орны көзі тірісінде де бөлек, оқшау еді. Қазір тіпті ойсырап тұр. Мына сылдыры көп заманда Әнуардың көсемсөзін елі-жұрты іздеуде, бітімі бөлек үнін сағына еске алуда. Кезінде одан озып одақтық мінбелерде, әлемдік әдеби-публицистикалық кеңістікте ұлттық намысты жыртқан қанша қазақтың атын атай аламыз? Ұлы ұстазы М.О. Әуезов тәлімін іс жүзіне асырған, ұлттық идеяны әлемдік парасаттылықпен есендестірген осы жазушы, публицист, халықаралық журналист, қоғам және мемлекет қайраткері емес пе еді? Рас, Мұстафа Шоқай. Жұмабек Тәшенов, Нұртас Оңдасынов, Фазыл Кәрібжанов, Кешірім Бозтаев сияқты марқасқалар да бәйгеге басын тігіп, тұрлаулы туын жықпай кеткен ұлағатты да арлы тұлғалар, саяси қайраткерлер еді.

Ә. Әлімжановтың арманы - шет елдермен байланысты Мәскеу арқылы емес, тікелей орнату еді. Сондықтан Жазушылар одағының бірінші хатшысы шет елге жиі шығатын, Жазушылар одағының шет елдермен байланыс жөніндегі  хатшылық қызметі Әнуар Әлімжановтың ұсынысымен енгізілген еді.

Сол заманның реализмі мен образы жазушы Б. Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы» атты беллетристикалық туындысында жан-жақты баяндалған. Осы мәністе Әнекеңнің тұстасы, үзеңгі жолдасы Камал Смайыловтың естелігінен үзінді келтіре кетейін: «Димекең кезінде Әнуарды да жақсы көрген. Оған әуелі «Қазақ әдебиетіне» редактор болып бара тұр, кейінгісін көреміз деген. Содан кейін Одақтың бастығы болды. Әл Фарабидің 1100 жылдығын өткізудегі оның жұмысын қатты қолдаған. Көп жыл жақсы болған. Содан кейін белгісіз себептермен ол кісі Әнуарға суып сала берді. Ол жөнінде өзі де ештеңе тіс жарып айтпайтын.

«Өтті дәурен осылай» деген кітабында сол кездегі әдеби өмірді айта келіп, Әнуардың атын, еңбегін атамай кетуі әділетсіздіктің көрінісі деп санаймын». Одан әрі Камал ағамыз Әнуар мен Олжастың арақатынасына тоқталады: «Киностудияның мәжілістері тамаша өтетін. Бір мәжілісте отырып, мен кішкене қағазға былай деп жаздым: «Олжастың Әнуардан қандай айырмашылығы бар? Әнуар барша адамзат алдында өзін кінәлі санайды, ал Олжас бүкіл адамзат баласы өзінің алдында кінәлі деп біледі».

Екеуінің кейде мінездері келіспей қалатыны болса да (оны ушықтырып отыратындар да аз болмаған), ой-пікірлері ел тарихының, халық тағдырының аса күрделі мәселелеріне келгенде, бір жерден шығатын. Өйткені олардың халқына деген көзқарасы асыл да асқақ еді. Ол жөнінде әңгіме қозғалғанда ұсақ-күйкі жайлар жайына қалатын, ұмыт болатын». Осы мысалдан-ақ Әнуар Әлімжанов деген қазақтың топтың ұлы емес, көптің ұлы екені мен мұндалап тұрған жоқ па?

Жас Әнуардың дарыны мен ұлттық танымын қазақтың және бір данагөйі Ілияс Омаров та жоғары бағалаған: «Жұртқа белгiлi, әрбiр талантты адамның өз биiгi, өз көкжиегi болады: бiреу камералық кiшкене ойлардың төңiрегiнде болғандықтан адымдары қысқа, екiншi бiреу өзiн дәуiрдiң жанды бiр бөлiгiмiн деп сезедi және ол биiктей ғана емес, тереңдей де бiледi, оның ұшу орбитасының параметрi тек қана алға, iс тындыруға құмартуында емес, тындырған iсiнiң фундаментальдығы мен бiлу-сезу дүниесiнiң тереңдiгiнде».

Ол қолына тиген билікті қара басының қамы үшін емес, жазушылардың игілгіне, халық санасын кемелдендіруге сарқа жұмсады. Өздеріңізге жақсы мәлім, Европада Ағартушылық дәуірі екі ғасырға созылды. Соның арқасында олар сана потенциалын мығымдап, орнықтырып алды. Кезінде Ә. Әлімжанов: «Қазақ қоғамы үшін ағарту дәуірі әлі аяқталған жоқ, - деген тезисті ауызша да, жазбаша да жиі қайталайтын.- «Ағарту» сөзінің мағынасы орысшадағы «просвещениеден» анағұрлым кең, анағұрлым мағыналы, - деп ақсия күлетін.  - Әттең, орыс тілінде жазғанда «ағартуды» пайдалана алмаймын, әйтпесе сананы да, жүректі де тазартатын кез келді емес пе?» Осы пікірлерінің болашаққа, футурологияға да қатысы барлығын жазушы сезген де болар-ау.

Мен Әнекеңмен көп сырластым, көп әңгімелестім деп айта алмаймын. Ол ағалық арақашықтық сақтады, мен інілік ізеттен аттамадым. Бірақ кейде ашылатын, ашынатын сәттері де болатын. Бірде Қазақ университетін іркес-тіркес бітірген Анатолий Иванов, Николай Кузьминдердің аттары аталды. Оларға өкпесі қара қазандай екенін жасырмады. Екеуі де Қазақстанда туып, қазақ жерінінің нанын жеп жетілсе де, біздің халық, біздің ел туралы жұмған ауыздарын ашпайды, ашса да - сол баяғы  шовинистік пиғыл, империялық өркөкіректік. Түркі мәдениеті, қазақ өркениеті туралы бір мысқал  түсінігі болмаса да,  астамси, адамси, мардымси материал жазады деп ашына сөйледі. Байқасаңыз, А. Иванов басқарып отырған «Молодая гвардия» журналының 1989 жылы 7- 8-інші сандарында шыққан Н. Кузьминнің «От войны до войны» жазбаларын шолып шыққаныңызда, Әнекең сөзінің растығына көзіңіз әбден жетеді. Мұжықтық топастық пен шабаталық надандықтың шегі жоқ екен ғой деп жағаңды ұстайсыз. Сондай  солақай сындарға қайыспай төтеп берген, «Комсомольская правда» басылымында жедел жауап қайтарып, әлгілердің бетін қайтарып,  оңдырмай тойтарып тастаған Ә. Әлімжановтарды қазақтың бағына берген-ау, осындай ағалардың шапағатын көрген біз де бақытты екенбіз-ау деген ой түйесің.

«Литературная газета», «Правда» газеттерінің тілшісі болып жүрген кезде қазақ жұмысшы табының ролі, ауыр өнеркәсіп саласында қазақ жұмысшылары мен инженерлерінің үлес салмағын көбейту мәселесіне арнап Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшымы Д.А. Қонаевтан Ә. Әлімжанов бірнеше рет сұқбат алды. Ол кезде Димекең Саяси бюроға кандидат та, мүше де емес еді. Шетелдік журналистикадан хабары мол қаламгер республика экономикасы, әлеуметтік жағдайы, әдебиеті мен мен мәдениетін одақтық басылымдарда осылайша жүйелі PR жасады, республикамыздың жағымды имиджін қалыптастырды.

Жазушы Қазақстан әлеуеті, қазақ мәдениеті үшін Индия бағытының аса маңызды екенін ерте ұқты, осы ретте ол, әріден алсақ, ЗаҺир әд-дин Мұхаммед Бабырдың, Мұхаммед Хайдар Дулатидің, беріден қайырсақ, М.О. Әуезов дәстүрін бірден-бір  ілгерілете дамытқан, ой-парасат желісін жалғастырған дарынды шәкірт бола білді.

Ол мықты стратег еді. Қашанда алдыңғы саптың алдында жүретін, елге керек жағалауларға қарай жүзетін. Өркениет беталысы, қоғам қадамы туралы болжамдық сарындағы талдамалық, зерттеушілік мақалалары мен сөйлеген сөздерінен ұлт болашағына деген жанашырлықты,  аса бір алаңдаушылықты аңғаруға болар еді. Ол әл-Фараби үшін жанын шүберекке түйіп арпалысты, көрші ағайындармен тайталас өршіп тұрған кезде  одақтық «Литературная газетада» Отырардан шыққан данышпан туралы Мәскеудің ресми шешімінің алдын алар мақала жариялады. Ол өз ойын Өзбекстанда шығатын «Правда Востока» газетіне шейін бастырды. Бұл шаруаға тәжік достарын - атақты ғалым Б. Ғафуровты,  Лениндік сыйлықтың лауреаты Мирзо Тұрсынзадені, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мумин Каноатты да араластырды. Қазақстан басшылығына жаңа ғимаратқа көшкен орталық кітапханаға әл-Фарабидің атын берейік деп ұсыныс айтқан да Ә.Т. Әлімжанов болатын. Жүрегі қазағым, шығыс мәдениеті деп соққан қаламгердің ұлы бабамыз Әбунасыр әл-Фарабиді қазақ топырағына алып келуге осылайша нақты үлес қосқандардың алдыңғы легінде жүргенін қазіргі жұрт, неге екенін білмеймін, ауызға алудан тартына бастады. Ол Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжан секілді дарынды жастарға әл-Фараби дүниетанымы туралы соны пікірлі еңбек жаздыруға мұрындық та болды. Амал не, әне-міне оқырмандар қолына тиейін деп тұрған бұл туынды коммунистік цензураның пышағына ілініп кетті. Мұрат Мұхтарұлы өзінің бір сұқбатында былай деп ағынан жарылады: «Көп жағдайда біздің талғамымызды екі тұлға - Олжас Сүлейменов пен Әнуар Әлімжанов - қалыптастырды. Олжас Сүлейменов бізге эмоционалдық жағынан ықпал етсе, Әнуар - ақыл-парасат және білім жағынан. Біз түркі-үнді байланыстарын, Бабыр мен Акбардың есімдерін, Ұлы Моғолдар әулеті туралы тек соның арқасында біліп-таныдық».

Осы күні былтыр ғана сексен жылдығы дүркірете аталып өткен дарынды ақын Мұқағали Мақатаев пен Әнуар ағамыздың арақатынасы туралы әртүрлы алыпқашпа, сыпсың әңгімелер қаптап кетті. Оның бәрі -  от басы, ошақ қасының өсек-аяңы. Сол кезде Мұқағалиды Әнекеңнен артық әспеттеген де, мәпелеген де ешкім жоқ.  Мұқағали Мақатаевты Алматыдағы дырдулы ортадан аулақ жүрсін деп, Мәсеудегі Әдебиет институтына оқуға жіберген де Әнуар Тұрлыбекұлы еді.   Ә.Т. Әлімжанов Қазақстан Жазушылар одағы басшылығынан кеткеннен кейін де Мұқағалиды көзінен таса қылған емес. Ол Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған кезде «Казахстанская правда» газетіне «Ақын арманы» деген көлемді мақала жазды, Мұқағалидың қайталанбас дарын екенін орыс жұртшылығына, орыс тілді қазақтарға жария етті, Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық тұлға деп білді. Амал не, сол жолы Мұқағали Мақатаев шығармашылығы лайықты бағаланбай қалды.

Ол 1969 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторлығына тағайындалды. 1970  жылдан 1979-ға дейін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқарды. Осы тұста қазақ жазушыларының шет елдермен байланысы жолға қойылды. Сол жылдардың тәттісі мен тауқыметі туралы Әнекеңнің қайратты да талмас жоқшысы, белгілі қаламгер Ғ. Қабышев,  көрнекті ақындар Қ. Баянбай, С. Иманасов, жазушы-эссеист Қ. Тұрсынқұлов,  көрнекті жазушы, драматург Д. Исабеков, дарынды қаламгер А. Жақсыбаев ағаларымыз  өз естеліктерінде тартымды баяндап берген-ді. Оның арғы жағында Тәжікстаннан анда-санда келіп кететін Мумин Каноаттың. «Сендер Әнуарды ұмыттыңдар ғой. Қалай ғана ұмыттыңдар!» - деген сөзі жүрегімізді тілгілейді, ұлы Пушкиннің: «Өзгелер озды өмірден, басқалар кетті тым ұзап», - деген  өлең жолдары еске түседі.

Ә. Әлімжановтың кезінде қазақ әдебиетінің тыныс ашыла түсті, халықаралық деңгейде таныла түсті. Ол жазушылар ұйымының  көпшілік мойындаған басшысы ғана емес, сонымен қабат саясаткер, философ, конфликтолог, шығыстанушы, тарихшы, қазіргі тілмен айтқанда, жоғары дәрежедегі менеджер еді. Ол өз ана тілін мүлтіксіз білсе де, неге тек орыс тілінде жаза бастады? Сол кездегі саяси сәнге ілесу үшін бе? Олай емес, мүлде олай емес!   Ол өркениеттердің, Шығыс пен Батыстың, көзге көрінер мен көрінбестің арасын жақындата түсуді мақсұт тұтқан.  Мен осыған нық сенімдімін. Халықаралық аудиторияға әдеби-мәдени мәселелерді ғана емес, сонымен қатар өз халқының көкейтесті әлеуметтік-тұрмыстық проблемаларын жедел жеткізуді көздеген. Сөйтіп, екі жақты байланыс орнатқан. Ал сол қырлар арқылы кез келген мемлекеттің саяси әуселесі айқын көрінеді.

Қазақстан Жазушылар одағы, КСРО Жазушылар одағындағы қат-қабат ұйымдастыру жұмыстарымен жүрген қаламгер шығармашылықтан да қол үзген емес. «Махамбеттің жебесі» (1969), «Жаушы» (1974), «Ұстаздың оралуы» (1979) тарихи романдары бірінен соң бірі дүниеге келіп жатты. Рухани, идеологиялық қыспақтың дәртесінде жүріп-ақ ол ұлы қазақтың бірі - Мұстафа Шоқайды ақтап алу үшін Мәскеудегі «Дружба народов» журналына көлемді мақала жариялады. Айтыс-тартысқа тағы да білек сыбана кірісіп кетті. 1989 жылы Әбіш Кекілбаевпен бірге Өзендегі толқуларға ара ағайындық жасап, басу айтып қайтты. Сол жылдың 17-19 шілдесінде Семейде өткен «Семей қаласы және Семей облысының экологиялық ахуалы және халқының денсаулығы» атты халықаралық конференцияға қатысып, қазақ халқының жыртысын жыртқан да Әнуар Әлімжанов еді. Кейінірек Ұлыбританияның Қауымдар палатасында ядролық сынақ  мәселесіне байланысты нақты дерек түсіріп, бірінші дауыс көтерген, халықаралық дүмпу туғызған да  қазақ азаматы Әнуар Әлімжанов еді.

Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжанов  өнегелі сөзімен де,  нақты ісімен де туған халқына жан аямай қызмет етті. Өзінің бар күш-жігерін, беделін жұмсап 1973 жылы Алматыға әкеліп өткізген Азия-Африка жазушыларының Ү конференциясы түйсігі бар қазақ ойшылдарына үлкен ғибрат қалдырды, отаршылдықтан құтылған елдер тынысы, азат пікірлі қаламгерлер шығармалары қазақ әдеби кеңістігіне кеңінен тарады. Ел ояна бастады. Шынайы азаттықты аңсаған, ұзағынан ойлап-толғанатын арлы азамат жазушының басты идеясы да сол еді. Мына жалған дүниедегі шығармашылығының соңғы нүктесін ол  «Таным» атты философиялық романымен қойып кетті. Осы туынды - оның дүниетанымдық позициясы, ұлтының келешегі үшін алаңдауы мен қамығуы.

Қаламгерлік еңбегі үшін Ә.Т. Әлімжанов Қазақстан комсомолы сыйлығына, Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына, Джавахарлал Неру атындағы халықаралық сыйлыққа, халықаралық «Лотос» сыйлығына, Агостиньо Нето атындағы халықаралық сыйлыққа ие болды. Кезінде СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А. Қонаев оған республика партия ұйымының идеология хатшылығы қызметін де ұсынғанын көпшілік біле бермейді.

Қазақ халқының тағдыр-талайы туралы ақтық демі таусылғанша  айтып та, жазып та кеткен белгілі дипломат Болатхан Тайжанның 1999 жылы жазған мына пікірі де Әнекең сынды алыптардың бейнесін сәулелендіре түсетіндей. КОКП ОК-нің сырттан келген тың игерушілерге ғана берілетін жеңілдіктерге арналған қаулысына наразы болып жүрген ол бiр күнi Мәскеуде жазушы Әнуар Әлiмжановты кездестiре қалады да: «Интернационализм дейсiз, орекеңдердi мақтап жүресiз, ал ендi көрiңiз, мiне. - дейді. Әрі қарай сөзін былай бітіреді: - Әнекең намыстан жаралған қазақ едi ғой, Бүкiлодақтық әдебиет институты өткiзген кездесуде ширығып сөйлеп, одан кейiн газетке мақала жариялап, жаңағы қаулының нағыз өктемдiктiң бiр фактiсi болғанын, одан қазақ халқы материалдық та, моральдiк те орасан зиян шеккенiн өткiр жазды. Джавахарлар Неру атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, көпке әйгiлi публицист-жазушы Әнуар сол жылғы Лениндiк сыйлыққа ұсынылғандардың тiзiмiнде болатын. СОКП Орталық Комитетiндегi сырлас жолдастарымның бiрiнен ондағы шовинистердiң Лениндiк сыйлықты алуға бiрден-бiр кандидат Әнуарға дереу қарсы шара қолданып, оның аты-жөнiн тiзiмнен сыздыртып тастағанын естiп: «Кесiрiм тиiп кеттi-ау! Кейiн айтпай, неге ғана асықтым екен?!» - деп қатты өкiндiм».

Ол Кеңестер Одағының тынысы тарыла басатаған мезетте КСРО Халық депутаттары Республикалар кеңесінің төрағалығына (Жұмабай Шаяхметовтен кейінгі екінші қазақ) сайланды. 1991 жылы 26 желтоқсанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Республикалар палатасының басшысы, кешегі «халық жауының» ұлы Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжанов КСРО-ның халықаралық субъект ретінде құқығы жойылғандығы туралы декларацияға қол қойды. Одан кейін өз еліне қайтып оралды, бірер уақыт үзілістен кейін Қазақстан Социалистік партиясының төрағасы қызметіне сайланды. Қаны мен жанына әбден сіңген қаламгерлік интуиция оны тағы алдаған жоқ. Ол ең алдымен газет шығару ісін қолға алды, партияның қазақ тіліндегі басылымына «Қазақ мемлекеті» деген ат қойғызды. 1993 жылы 9 қарашада дүниеден озған кемеңгер қазақтың ұлы арманы да, артына қалдырған өсиеті де осы - Қазақ мемлекеті емес пе  еді?

Осы үлкен шараны өткізуге облыс әкімі Аңсар Мұсаханұлы Мұсахановтың, аудан басшысы Әлібек Әскербекұлы Жақанбаев баурымыздың  қанша күш-қайрат жұмсағанынан да хабардармыз.

Қадірлі ел басшылары! Енді Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжановтың өз жерінде аты өшпесін десек, халықтың тарихи жадында қалсын десек, оның туған ауылы Қарлығашқа, оның атындағы мектеп тұрған Үшқайың ауылына аудан, облыс, тіпті республика тарапынан қамқорлық керек. Әсіресе лайықты тұрмыстық, мәдени инфроқұрылым қажет. Кеңес үкіметі тұсында жүйелі жұмыс істеп тұрған кітапхана, клуб үйлері қирап қалған. Тұрғындар саны да күрт азайған. Әр ауылда 150-ден түтін болса, қазір Үшқайың ауылында 50 шақты үй қалған. Оның да келешегі бұлыңғыр. Нақты ұсыныс айтайын: Қытайдан, Монғолиядан көшіп келіп жатқан қандастарымызды Қарлығаш, Үшқайың елді мекендеріне орналастыру жағын ойлансақ қайтеді. Қазір зерделі педагог Қызыржан Дулатұлы Құлшанов басқарып отырған  Үшқайың орта мектебін бітірген шәкірттердің ішінде 5 ғылым докторы, 1 университет ректоры бар екенін де айта кеткен жөн. Олар - Әнекеңнің рухани ізбасарлары, жоқшылары. Ұлы адам да -  пенде, жаза басады, мүлт кетеді, мүдіріп те қалады. Расы, тіршілік иесі, адам баласы қалай құбылса да  УАҚЫТ атты тажалға тәуелді. Сондықтан Әнуар ағамыз өз шығармасында сөгіле де егіле жазғандай: «Оу, Уақыт, Уақыт - сарабдал сарапшы! Жайып салшы қанеки, ертеңіміз біздің не болмақ?» - дейміз де...

Иншалла, Жартқан ием, халқымызды тойдан айырмасын. Аман болсақ, Әнуар Тұрлыбекұлының 90 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде өткізілер, оның туған өлкесіне шет елден келген қонақтарды ұялмай алып келерміз.

Баршаларыңызға мың да бір рахмет!

Кәкен Қамзин, филология ғылымдарының докторы, профессор.

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366