"Елді көркейтеді" дегендер мінберде міңгірлеп тұр
Жекеме хат келіпті. Пост қылып шығарыңызшы деген өтінішпен. Оқып отырып ойланып қалдым. Шынымен де, демократиялы қоғам құруымызға билік, жемқорлық, ақыр аяғы Кремль кінәлі екен. Ал сол демократиялы елдер сияқты маңайымызды таза ұстасақ кім кедергі? Хош, хат сөйлесін.
Жастар, ұлдар, жасөспірімдер (ішінде мүмкін қыздар да бар болар, мүмкін бұны істеген жастар емес еркектер де болуы мүмкін) сендер елдеріңе жақсы өзгеріс, жаңа демократиялы қоғам құрып бере алмадыңдар-мына жүйені жеңе алмай айтқанына көндіңдер, жақсы өмірді әкелеріңе, аналарыңа, халқыңа жасай алмадыңдар, жәрәйді оған да бәріміз кінәліміз, бәріне көндігіп жүрміз. Ең құрғанда таза жүру, тұрып жатқан жеріңдегі аулаңды бүлдірмей шашпай, қиратпай, тұрып жатқан үйіңдегі лифт, баспалдақтарды бүлдірмей темекі тартып бөтелке қалдығы т.б.қоқым-қоқыстарды тастап ластамай жүруді үйреніп бойларыңа дарытсаңдар етті .Осы кішкентай істі істеу қолдарыңнан келетін шығар-ақыры елді жаңа демократиялы елге айналдыра алуға күшіміз келмей біреуден қорқып отырады екенсіңде.
Бұ нені айтып отыр өзі деп отырғандарға түсінікті қылып жазайын. Қазақтың басында не бар кредит бар және болғанда да 2-3тен екенін бәріміз білеміз.Сол кредитті төлеу үшін жақын ғой деп көп адамда үйлерінің маңайындағы кск т.б. жерлерге сыпырушы, еден жуушы боп жұмысқа тұратыны көп. Сол кредиттер үшін 12қабатты жаңадан салынған микроаудан ТК(жк деп атап кеткен) еден жуушы боп тұрдым.12қабатты үйдің 3-уін бір адамға бекітіп тазалауға береді екен. Бір әйел 72қабатты+баспалдақтар жағын + 2 лифтіні жуу оңай шаруа емес.
Cол бекітіліп берілген 3 үйдің біреуін бір күнде жуып шығуың керек. 2 подьезді ,12+12=24 қабатты жуып шаңдарын сүртіп шығуың керек. Жалақысы 80 мың теңге. Таңғы 8-ден кешкі беске дейін графигі. Бүгін 24қабатты жуған әйел ертеңіне қолын көтеріп тұра ала ма жоқ па-онымен ешкімнің ісі жоқ. Айқайлап отырған бастықтар, жуса да жумады дей беретін тұрғындар. 5 күн бұрын 24 этаждың тап-таза қылып жуып кеткен баспалдақ жақты(лестница жағы бөлек)көргенде өкіріп тұрып жылап отырып қалдым. 5 күн бұрын қиналып тұрып тазалап жуған баспалдақтар темекі, кола, ішімдік бөтелкелері, бөтелке сынықтары,тіпті бөтелкеге сиіп құйып қойған, одан қалса үлкен дәретке отырып бетін чипсыдың қағазымен жауып қойған.
Бұндай сұмдық настық, оңбағандық , тәртіпсіздік еш елде жоқ-ау. Осының бәрі 12-ші қабаттан1-ші қабатқа дейін істелген, былғаныш. Біреулер жуатын әйелдерге оңай болмасын деп әдейі істеп кеткен деп ойлағың кеп-ақ тұрады. Даланы жинап жүрген кілең қазақ кісілер, алпысқа таяп қалған қарттау адамдар олар да таңғы 5-тен түскі 4-ке шейін даланы жинап біте алмай жүргендері. Күндегісі осы қоқысты тонналап есіктің алдына үйіп кетеді, қолдарымен апарып қоқыс тастауға ерінетіндері үйінен шығып тастай салады. Көнбіс, момын қазақ шалдар үндемей сөз де айтпай жинап арбаға салып қоқысқа апарып төгіп жатқандары.
Даланы да шашады, үйдің баспалдақтарын да шашады. Даланы жинап жүрген әкесіндей қазақ қартты да аямайды, үйдің баспалдағын , лифтісін, этажын жуып жүрген анасындай қазақ әйелдерін де аямайды-тәуліктеп шашуды, қоқыс тастауды ғана білетін ұрпақ, жастар, ұлдар, балалар өсіп шыққан екен.
Әскерге жіберген баланы суицид деп өлтіре салып, өзі ауырды, мінезі өзгерді деп-өтірікті судай сапырып қазақ балаларын қырып жоқ қып жатқан әскері бар-не деген 'кемеңгер"едік...
Барлық жағынан алып қарасаң да әлімжеттік, шашу, бүлдіру, тонау.
Ал еліңді кім көркейтеді?
Көркейтеді деген "әлгілер" ме ,мінбеде ежелеп қазақша сөйлей алмай тұрған?
Орыс пен қытай бар байлығыңды талап ап жатқанда ,елдегілердің білетіні тек шашу, төбелесу, өлтіру ғана екен істеп жатқан тірліктері.
Айтқым келгені жан-жағымызды күтейік, ішкі мәдениетімізді түзейік, сыртқы мәдениетті түзейік, жүрген жеріңді шашып былғай бермей бір мезгіл жинап жүрген әйелдер мен көшені есігіңнің алдын сыпырып беріп жүрген қарттардың еңбегін бағалайық. Шашпайық. Әкеңдей, анаңдай адамдар жинап жүр ғой-бір мезгіл ойланып қойыңыздар тұратын жерлеріңді ластай бермей .
Жәй сөзбен айтқан шынайы болмай қалған сияқты, негізі шашылған жерлерді көзбен көргенде ғана мынаны істеген адам ба әлде..., дер едіңіздер...
Ақыры дұрыс демократиялы қоғам жасап, өзгеріс жасай алмадық, ең құрғанда тұрған жеріңді ластамауды үйреніңіздер, жастар, балалар,ұлдар, ерлер!
Оңғар мырза, аты-жөнімді жазбай-ақ қойыңызшы. Осы жұмыс істеп ақша тауып отырған жұмысымнан айырылып қалармын.
Оңғар Қабден
Abai.kz