Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 1387 0 пікір 10 Қазан, 2021 сағат 18:07

Дін қызметкерлерін ақтау: тарихи әділеттілік

Мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесі Түркістан облысы әкімдігімен бірлесе отырып, «Саяси қуғын-сүргін құрбандары – дәстүрлі дін өкілдерінің материалдарын жинақтау бойынша тәжірибе алмасу туралы» атты кезекті республикалық тақырыптық семинарын өткізді. Дін КСРО билігі орнаған кезеңнен бастап, тыйым салынған саланың бірі болды. Ұзақ жылдар бойы КСРО билігі діни қызметкерлерді қудалап, дін ошақтарының қызметіне тыйым салды. Талай діни мекемелер қоймаларға айналды. Бүгінде тарихтың қателігінен сабақ алып, дін мен қоғам арасындағы гармонияны сақтау маңызды болып отыр.

Түркістанда өткен комиссия семинары аталмыш тақырыпты да кеңінен қамтыды. Семинар жұмысына Республиканың барлық облыстарынан Өңірлік комиссиялардың жұмыс топтарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ семинарға мемлекеттік қызметкерлер, дін қызметкерлері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, мамандар, еріктілер қатысты. Олар тақырып аясында өз ойлары мен баяндамаларын жасады.

Республикалық тақырыптық семинарда сөйлеген сөзінде Мемлекеттік комиссияның мүшесі, Мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесінің жетекшісі Сабыр Қасымов Кеңес мемлекеті мемлекеттік атеизм саясатын жүргізгендіктен барлық дін өкілдері репрессияға ұшырағанын атап өтті. Дінді қоғамдық ортадан, сондай-ақ адамдардың санасынан, құндылықтар жүйесінен ығыстыру толыққанды іске асқанын да тілге тиек етті.
Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін науқаны халыққа қарсы «Кіші октябрь» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған кезден бастап шын мәнінде ауқымды, жүйелі сипат алды. Бұл жағдайда қудалаудың негізгі тетіктері мен әдістері жасақталып, келесідей болды: мешіттердің, храмдардың, синагогалардың ғимараттарын тәркілеу, діни қызметкерлерді қудалау және физикалық тұрғыдан жою, түрмеге жабу, діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеуден айыру, діни мекемелер мен діни басылымдарды жабу, мешіттерден, шіркеулерден, синагогалардан және басқа да діни ғимараттардан тыс жерлерде белсенді діни қызметке іс жүзінде тыйым салу.
Кейбір мәліметтерге қарағанда, 1928-1933 жылдар аралығында Қазақстанда 198 мешіт пен шіркеу жабылған. 1929 жылға дейін 2469 ишан тұтқындалып, ауыр жұмысқа жіберілді. Ал 1931-1932 жылдары республикамызда 19800 дін өкілдері тұтқындалып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 1940 жылы Карлагта 355 ишан түрмеге қамалды. Олармен бірге олардың отбасы мүшелері, қарапайым мешіт қызметкерлері де қуғын-сүргінге ұшырады.
Дәл осындай жағдай Қазақстанның православие шіркеуі өкілдеріне де қатысты. Алматы теологиялық семинариясының оқытушысы Яков Воронцовтың айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Орталық Азия аумағында осы сенімдегі 5379 адам репрессияға ұшыраған. Олардың 4000-нан астамы Қазақстанда. Арнайы сайтта олардың 2000-ының аты жарияланған. Бірақ іздеу жалғасуда, тізім үнемі жаңартылып, кеңейтіліп отырады. Дін қызметшілерін тірідей өртеп жіберген, қылышпен шауып өлтірген, штыкпен шаншып кеткен, т.б. фактілер де бар.

С.Қасымов саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы көптеген мәліметтер – дәстүрлі дін өкілдерінің әдейі жойылғанын немесе жоғалғанын, кейбірі әлі күнге дейін құпия болып, әлі зерттелмегенін, дін жетекшілері тек діни құндылықтарды қорғағаны үшін ғана емес, сонымен қатар, діни қызметкерлердің жасырғаны үшін де сотталғанын атап өтті. Осы және басқа себептерге байланысты бізде әлі күнге дейін қазақстандық дін өкілдеріне жасалған қуғын-сүргін ауқымын объективті сипаттайтын толық деректер жоқ. Мемлекеттік комиссияның, ғылыми мекемелердің, жалпы жұртшылықтың міндеті – Кеңес дәуіріндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының осы санатын толық зерттеп, жазықсыз жапа шеккендерді саяси-құқықтық тұрғыдан толық ақтау жөнінде ұсыныстар енгізу болып табылады.

Дін қызметкерлеріне жасалған қысым мен қудалау жайлы көп айтыла бермейді. Себебі мемлекет дін ісіне араласпайды, тек оның радикалды сипат алмауын бақылап отырады. Алайда, дін қызметкерлері сауаттандырумен айналысқанын да естен шығармаған абзал. Құқықтық мемлекетте барлық жазықсыз жапа шегушілер ақталуы тиіс. Қазақстан сол жолды таңдады.

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394