Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 9907 0 пікір 31 Шілде, 2012 сағат 09:39

Бекет Қарашин. «Асығыңыз алшы түссін!»

(тарихи-этнографиялық эссе)

Адамдардың тарихи есі қандай қысқа! Дегенмен олар өткенін ұмытпайды. Әрине, топырақпен топырақ болып кеткенді емес, сөз, зат, аңыз-әпсана, салт-дәстүр күйінде жеткен жәдігерлерін шашылған моншақты тергендей, не болмаса, жерге жайылып түскен асықты талап алғандай... Адамдар көнеден жеткен мұраны уақыттың салған ізінен, сырт көзге ақиқатын жасырып көмкерген шаң-тозаңнан да аршып алуға дәрменді!..

(тарихи-этнографиялық эссе)

Адамдардың тарихи есі қандай қысқа! Дегенмен олар өткенін ұмытпайды. Әрине, топырақпен топырақ болып кеткенді емес, сөз, зат, аңыз-әпсана, салт-дәстүр күйінде жеткен жәдігерлерін шашылған моншақты тергендей, не болмаса, жерге жайылып түскен асықты талап алғандай... Адамдар көнеден жеткен мұраны уақыттың салған ізінен, сырт көзге ақиқатын жасырып көмкерген шаң-тозаңнан да аршып алуға дәрменді!..

Адамзаттың бір жұмбағы деп асықты, кәдімгі қара сирақ балалар күні ұзақ ойнайтын сүйекті айтуға, әбден болады. Асық ойынының (орыстарда -«бабки») түрі, ережесі, шарты әралуан. Кезінде халық шығармашылығынан туған бұл ойынның астарлы мағынасы, ұрпаққа жеткізер ақпараттық күші, коды болған. Асық ойынын халық салт-дәстүрлерін жалғастырушы құрал деп те қарауға болады.  Қазір асық ойнау қалып барады. Бүгінгі балалар оның осындай құдыретін түйсіне алмайды. Оны баланың бойына сіңіретін ересектер де азайып барады, тіптен, «балама сақасы мықты қой керек» деп іздейтін қазақ та қалған жоқ. Ендігі жерде келер ұрпақтың бойына ұлттық болмысты сіңдіру үшін, олардың бекімеген жүйкесін қорғау үшін бізге «ұлттық ойындардың» компьютерлік нұсқасын жасау қажет. Балаларымыз шетелдік «ағалар» тықпалайтын «гонкгонг баскесерлерінің», немесе, «солдат-янкилердің» қанішер ойындарын ойнап, жүйкесін жауыздықпен тоздырғанша, виртуалды кеңістікте болса да, өз ұлтының  ойындарын ойнап, оның мазмұнын бойына сіңіре бергені дұрыс. Оны айтасыздар, балалар тұрмақ үлкендердің өзі өздерінің бала кезіндегі ойындарын ұмытты. Қазір «Алшы» деген сөзге таңғалып, оны жатырқайтындарды көзіміз көрді. Мен ондай жағдаймен «Алшы» Қорын құру барысында көп кездестім. Елге бас болып жүрміз деген азаматтардың арасынан да «Алшы дегенің не, архаизм емес пе?» дегендер болды. Кеше ғана өзіміз ойнап өскен ойын еді ғой, қалай ғана тез ұмытып қалғанымыз. Енді, оны еске түсіру үшін, қайтадан ежіктеп отыру қажет екенін өкінішпен мойындаймыз.

«Асық» - малдың жіліктерін жалғастырып тұратын шағын сүйек. Ол көптеген ұлттық ойындардың атрибуты. Асық ойындарында оның жатысына  («бүк», «шік», тәйкі», «алшы») көп мағына беріледі. Асықтың төрт түрлі жатысына қарай оның  мәртебесі арта түседі (картаның төрт түсі сияқты). Ал егер асық төбесімен, не екі «аяғымен» тік тұрса - оны «омпы» деп атайды. «Омпы» - асықтың қалыпты жағдайы емес. Ол жағымен асық өте сирек түседі. Сондықтан «омпы» ойын ережесіне көбіне қосылмайды, қосылуы өте аз кездеседі.

Асық жатысының мағынасын: 1. адам денесі мүшелерімен салыстыра отырып; 2. адамның белгілі бір жағдайдағы қалпымен; 3. оның қоғамдағы әлеуметтік жағдайымен байланыстыра бейнелеуге болады. Осы уақытқа дейін асықтың осы мағынасына этнографтар арнайы назар аударған емес. Сол себепті, бұл түсініктемелеріміз де көбіне жорамал мен болжам ретінде қарастырылуы тиіс. Бірақ болжамсыз теория тумайды. Сондықтан, асықтың ең төменгі сатысы - «шік» пен «бүктен» бастап жоғары өрмелеп көрелік...

«Шік» (шөк) - жат, шалқаңнан түс, құла дегенді білдіреді. Түйені «шөк» деп шөгеру осы мағынаға жақын. Бұл да асықтың әлсіз жатысының бірі - шалқасынан жатқан адамның кейпін береді. Ондай адам қауқарсыз келеді, ішін жоғары қаратып жатқанынан іш, іші, шік - шалқасынан жату мағынасы туындаған. Асықтың ортасындағы шұқыр кіндік шұқырымен сәйкес. Сондықтан, «шік» дегеніміз ойда құлдырау, берілу, шарасыздық, амалсыздық сияқты ұғымдармен ассоцацияланады.

«Бүк» - иілу, бұғу, көну мағынасын береді. Асықтың бұл жатысында тағдырдың тәлкегіне түскен, жазмышқа көнген, оны толық мойындаған, әрекеті жоқ, бүкірейіп төрттағандап құлаған, басын түсірген қауқарсыз адамның бейнесі бар. Дәлел ретінде қазақтың «бұқ», «бүгіл», «бүктіру» сияқты мағынадағы сөздерін атауға болады. Адамның мұндай жағдайы толық бағынышты құлға тән. Мүмкін, түркілермен көп араласқан орыстардың «бог» деген сөзі «бүк» (бүгіл, тағзым ет) созінен туындағаны рас шығар?..

«Тәйкі» сөзі «тай» (құлын) сөзінен емес, «тай»(тайып тұр) деген мағынадан шығады. Мысалы, тайғақ, таю, тайғанақ т.с.с. Осыдан «тәйкі» дегеніміз тайғы (тайғақ) сөзінің өзгерген түрі ме дейміз.  Шынында да, асықты осы беті мұз сияқты тегіс, жылтыр келеді. Бұл - жағдайдың сенімді емес, тайғанақ, яғни, мығым емес, қолайсыз, қауіпті екендігін білдіреді. Сондықтан «тәйкі» адамның қолайсыз жағдайын, ортасы орнықсыз екендігінің бейнесі. Адамдар өз тағдырымен бетпе-бет қалған қазіргі заманда көбінің асықтары «тәйкі» тұр десек болар. Бұл түсініктеме көбіне асық тұрысының мағынасына сай болғанмен, қазақ тілінде «тәй-тәй» (жүр) деген етістік барын ұмытпау керек. Аяғына жаңа тұрған балаға қарата қазақ «аяғыңда нық тұрмасаң да, қадамың құтты болсын, тәй, тәй» деп тілейді. «Тәй-тәй» деген «Жүр! Жүр!» деген бұйрық райына жатады. Ендеше, бұрындары «тай» дегеніміз құлынның жалпы атауы емес, жаңадан туылған құлынға қаратыла айтылатын сөз болса керек. Себебі, оның орнынан тез тұрып, тез аяқтанып, қасқырға жем болмай тұрғанда тайып тұруын тілеген адамдар құлынға «тай» деп ырымдап айтуы - шындықтан алыс емес....

«Алшы» - «ал» деген бұйрық райы етістігінен және «шы» деген  әрекетті жасаушыны білдіретін қосым жалғаудан тұрады. Мұнда асық ойыны мен адамның біртұтастығы берілген. «Алшы» дегеніміз асықтың түсуі ғана емес, ол санада «алушы», «жеңуші», «жаулаушы» т.с.с. мағына туғызады.  Мысалы, кіші жүзде алшын атты ру бар. Бұл ру шегаралық аймақта орналасқандықтан, олар үнемі жаугершілік жағдайда өмір сүріп, жиі-жиі қақтығыстарға барып отырған. Сол себепті, мен алшын руының түбі мүмкін «алшыдан» шығатын болар деп есептеймін. Олар жерін қорғау барысында көбіне жеңіске жетіп отырған дейді көнекөз қариялар... Содан болар, қазақ «кіші жүзге найза беріп жауға қой» деп бекер айтпағаны! Одан әрі тереңдей келе, Алаша хан мен ұлтымыздың көне аты Алаш сөзінің түбірі асықтың «алшысымен» байланыста деп санаймыз. Сонда бүгінгі қазақтар бұрынғы мағынасында жаулаушы, алушы, аулаушы, яғни, жауынгер деген атты иемденген халықтың тікелей мұрагері болып шығады. (құс атаулыға қырғидай тиетін «лашын» да осы түбірде).

«Алшы» - асықтың ең жоғарғы тұрысы, жеңімпаздың, салтанат құрушының оңтайы. Қазақтың көптеген асық ойындары ойынды бастау құқын анықтаудан басталады. Ол үшін әр ойыншы асықты шиіреді. Асығы алшысынан түскен ойыншы ойынды бастайды. Ойын барысында кімнің асығы алшысынан түссе, сол жеңген болап саналады. Сондықтан қазақтар біреуге үлкен табыс тілегенде «асығың алшысынан түссін!» деп айтады. Өйткені, «алшы» дегеніміз жолы болғанды, табысты, жеңісті, үстемдікті білдіреді.   Сөзіміз дәлелді болу үшін қазақтың «хан талапай» ойынын мысалға келтіруге болады. Оның мағынасы қандай? Көп асықтың ішінен бір асық қызыл түске боялады. Ол - әмірі күшті ханның бейнесін бейнелейді. (Бұл жерде «қан» (қызыл түс) сөзінің де қатысы бар екенін ескеру қажет). Ойыншы қос уыс асықты жерге шашады. Бұлай ету хан-асық алшысынан түспейінше жалғаса береді. Хан-асық алшысынан тұра қалғанда, оны аңдып отырған ойыншылар «талапайлап» бас салады. Мақсаттары - асықты көбірек  алып қалу. Кімнің асығы көп болса сол жеңіске жетті деп саналады. Асығы көп ойыншы ұтылғандарға өз қалауын орындатады, яғни, әмірін жүргізеді. Былай алып қарағанда өте қарапайым ереже. Бірақ осы қарапайымдылықтың ар жағында терең мағына жатыр. Мені осы ойынға әжем үйреткен болатын Бірақ әжем де сол мағынаны білмеген-ді. Ол мағыныны ойынның шығу тарихына көз жүгірткенде ғана ұғуға болады. Иә, менің әжем тарихшы емес еді...

Барлық халықтардың тарихында соғыста жеңіспен келген олжаны бөлу кездеседі. Олжа дегеніміз алтын-күміс, қару-жарақ, ыдыс-аяқ, киім-кешек, мал ғана емес, олардың қатарында бойларында күш қуаты мол адамдар да болады.  Бұл жағдайды ханның жеңісі, яғни, алшысыан тұрғаны деп бағалау керек те, қалған асықтарды барлығын жеңілген жаудан түскен олжа деп санау керек.  Енді, осы қолға түскен олжа соғыста ерлік көрсеткен хан әскері (ойында - ойыншылар) тарапынан талапайға түсуі тиіс. «Талапай» дегеніміз жеңілген бейшараларды құл ету мақсатында бөліске салу, егер олардың арасында ақсүйек тұқымы болса, онда оны мол байлыққа айырбастау. Сондықтан «талапай» сөзінің түбірі «тала» дегеннен шығады. «Тала» - бас салу, жұлқу, қолға іліккенді қымқыру сияқты мағыналарды береді. Тарихта бұған мысалдар жеткілікті, біз соның бірін ғана айтайық.

Римді құрған кезде оны құрушылар арасында әйелдер болмаған-ды. Оларға халық санын көбейту қажет болып, айлакер Ромул өте құйтырқы амалға барды. Ол жергілікті сабиндіктерді мерекелік қонаққа шақырып, мереке кезінде олардың әйелдерін ұрлауға сыбайластарымен келіседі. Шартты белгі ретінде Ромул «талассио» немесе «талассий» деп айқайлауы тиіс. Ромул қызыл жамылғысын ашып тастап осылай айқайлағанда, римдіктер сабиндердің әйелдерін тарпа бас салады. Ежелгі Рим және Грек тарихшылары Плутарх, Тит Ливий осы сөздің мағынасының төркінін табуға қанша тырысқанымен таба алмады. Себебі, бұл сөздің мағынасы түркі тілінде жатқан еді - талас, таласу, талапай. Олар да түркілер сияқты әйелдерді талап алды. Қандай ұқсастық! Олай болатын да жөні бар. Себебі, ежелгі Рим империясының қалаушылардың негізін осының алдында гректерден қирай жеңілген Азиядағы Троя қаласының  қашқын-қорғанысшылары қатарынан болатын. Жеңілістен кейін босқынға ұшыраған бұл жауынгерлердің әйелсіз қалулары да сол себепті. Ал Ромулдың жамылғысының қызыл түсті болуы - оның түркілік танымдағы ханды даралайтын түсті (қызыл) қабылдағаннан еді. Ендеше, қазіргі ойындағы асықты қызылға бояу - сол дәуірлердің жаңғырығы деп жорамалдауға болады.  Тарихшылардың Ромулдің әйгілі «талассио» сөзін түсіндіре алмағандығы да содан: олар (тарихшылар) ежелгі Римді құрған трояндықтар мен албандықтарда (Ромул-албандық) түркі сөздері кездесетінін қаперіне алмаған. Ал көне латын және грек тілінде бұл сөз кездеспейді. Олар Ромулдың бөтен тілде тағы қандай сөздер білетінін де ескермеген. Бұны ғылыми шектеулік десе болады, бірақ, ол, енді, өз алдына бөлек тақырып...

Біз асық ойындары мен ережелері түгелдей дерлік жойылып кетті десек, бәлкім, қателесерміз. Біз, тек, осы ойының негізінде жатқан символдар мен кодттар, яғни, сол замандардағы қоғамдық құрылым мен адамдардың қоғамдық функцияларын көрсететін шартты белгілер ұмытылған деп айтамыз. Сол шартты белгілерді тауып, жарыққа шығарсақ қана біз өзіміздің түп тегіміздің салт-дәстүрін, дүниетанымын, олар кезінде нені арман тұтқанын ұғар едік... Сол арқылы тек далалықтардың ғана емес, басқа да этностардың да. Мысалы, Тутанхамон мәйітханасынан табылған асық нені білдіреді? Ал орыс балалары айтатын «бабки» сөзі ше? Олардың «бабки» дегеніне қарап, асық ақшаның орнына жүрді ме деп ойға қаласың. Осы жағынан қарасақ, онда сүйек ойынын үлкендер әрқашан да ақшаға ойнағаны еске түседі... Осы сияқты жұмбақтарды шешсек, біз өзіміздің жоғалтып алған тарихи жадымызды қалпына келтірер едік. Ұлт, халық ретінде негізімізді тереңдете түсер едік.

Мысалы, қазіргі «көкпар» деп жүргеніміздің төркіні «көк бөріде» жатыр. Кезінде ат құлағында ойнаған жігіттер ешкіні емес, көк бөріні тартқан. Ал енді оны қандай ынжық ешкімен алмастырғанын ешкім білмейді де. Ғайыптан уақыт орнын ауыстырса «көк ешкіні» тартқылап жүрген бүгінгі жігіттерді көріп «көк бөріні» созған сол заманның жігіттері күлер ме еді, әлде намыстан жарылып қаһарланар ма еді? Кім біледі?.. Бұдан біз тарихи жады қандай қысқа екенін байқаймыз. Ес өзінің әуелгі кодын, символын, белгісін ұмытқан сайын, бүгін көкпардың «көкешкі» деп аталып кетуі еш ғажап емес...

Ойын жәй ғана ойын емес - адамдардың өткені мен бүгінгісінің көрінісі, біздің іс-әрекетіміздің оңайлатылған түрі. Сондықтан ойынды тәрбие, үйрету, оқыту құралы деп қарастыру қажет. Мен қазақта айтылатын «доп ойнаған тозар, асық ойнаған азар, қой бағып құйрық майын жеген озар» дегенімен еш келіспеймін. Бұл сөздің астарында малшының идеологиясы көрініс тапқан. Мұнда істі ұршықтай үйіретін іскер адамның, болмаса, небір тәсілді меңгерген жауынгердің, өз ісіне мығым шебердің орны анықталмаған. Қойды кім көрінген бағар, ал өз қарсыласының жауырынын жерге кімдер тигізе алады? Әрине, жан-жақты майталман адам ғана! Кез-келген істі қиналмай, ойнап жүріп жасауға болады. Ондай - тек ойыншының қолынан келмек. Ендеше ойыншы дегеніміз ойыннан басқаны білмейтін, өміріне жеңілтек қарайтын, көлденең көк атты біреу болмағаны да...

 

БЕКЕТ КАРАШИН

философ-этнограф, ақын,

түркітанушы, культуртрегер,

аудармашы,

әдеби-тарихи-мәдени «Алшы»

қорының төрағасы

Атырау

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1965