Өмірзақ Ақжігіт. Дала мен қала: бүгінгі бейне (жолсапар)
5. «Атаңның моласын көрсетші!..»
Қызылорда облысының аумағында күй атасы Қорқытқа қойылған ескерткіш бар. Авторы Бек Ибраев болып табылатын, тікесінен қойылған үш қобыз бейнесінде жасалған, жел күшейген сайын қобыздың да дауысы күшейе түсетін - бұған қол жеткізетін ілініп қойылған жіңішке металл түтікшелер - бұл керемет туынды күре жолдың бойында, биік төбенің үстінде орналасқан (суретте). Кіреберісте мұражай, дүкен бар. Қысқасы, бәрі жақсы, үлгі боларлықтай-ақ. Тек «әттеген-ай» дегізетін жалғыз нәрсе - 1950 жылдары Сыр дарияның шығыс жақ бетіне қойылған Қорқыттың бейітін тасыған су шайып кетіпті... Шайып кету қаупі барын күнде көріп жүрсе де, сол кездегі аудан, облыс басшылары мән бермеген ғой.
5. «Атаңның моласын көрсетші!..»
Қызылорда облысының аумағында күй атасы Қорқытқа қойылған ескерткіш бар. Авторы Бек Ибраев болып табылатын, тікесінен қойылған үш қобыз бейнесінде жасалған, жел күшейген сайын қобыздың да дауысы күшейе түсетін - бұған қол жеткізетін ілініп қойылған жіңішке металл түтікшелер - бұл керемет туынды күре жолдың бойында, биік төбенің үстінде орналасқан (суретте). Кіреберісте мұражай, дүкен бар. Қысқасы, бәрі жақсы, үлгі боларлықтай-ақ. Тек «әттеген-ай» дегізетін жалғыз нәрсе - 1950 жылдары Сыр дарияның шығыс жақ бетіне қойылған Қорқыттың бейітін тасыған су шайып кетіпті... Шайып кету қаупі барын күнде көріп жүрсе де, сол кездегі аудан, облыс басшылары мән бермеген ғой.
Қай заманда да қандай тұлғаның болсын сол өңірде өмір сүргенінің дәлелі - оның өлгеннен соң денесі қойылған қабірі болып табылады. Қорқыттың қабірін суға алдырғанымыз - біздің бетмізге басылған мәңгілік қара таңба болды, біз енді содан қорытынды шығаруға тиіспіз. Қандай қорытынды? Ол - осындай ұлы тұлғалардың қазақтың ата-бабасы екендігі. Біз болсақ ертеректе өткен ерлердің қайсысы жайлы сөз бола қалса да «ол біздің бабамыз» деген сөзді ауызға алудан өлердей қорқамыз. Біреу бізге әкеліп, зорлап таңып қоятындай «ол күллі түркі әлеміне ортақ тұлға» деп сарнай жөнелеміз. Дұрыс, жақсы қашан да ортақ. Бірақ, ол алдымен бір ұлтқа тән болуы тиіс қой. Қорқытың моласы бізде, Қорқыт ойлап тапқан аспаппен - қобызбен Қорқыттың өзінің шығарған күйлерін тартатын, жалпы қобызды күй ойнайтын аспап ретінде пайдаланатын жалғыз түркі ұлты - біз. Сөйте тұра Қорқытты өз атамыз дегіміз келмейді. Әзірбайжандар қалай құрметтейді десеңізші! «Қорқыт ата» кітабының - жалғыз түпнұсқасы Дрездендегі кітапханада сақтаулы - жазылғанына 1000 жыл толғандығын әзірбайжандар өз елінде, ЮНЕСКО деңгейінде тойлатып, ұлан-асыр мереке етіп өткізді. Біздің ғалымдар мен басқалар қонақ болып барды, ішіп-жеп қайтты.
Екі-үш жыл бұрын «Қозы-Көрпеш - Баян-сұлу» лирикалық эпосының жазылғанына 1500 жыл толды. Тойладық. Республика шеңберінде. Әлемдік аренаға шығара алмадық. «Қазақтың ұлттық махаббат эпосы» деп мәселе қоюға, ЮНЕСКО деңгейінде тойлатуға жүрегіміз дауаламады. Келген қонақтардың алдында да «ойбай, бұл эпос барлық түркі жұртына ортақ» деп жалпақтаумен болдық...
«Түркіге ортақ» деп жүріп батырлық эпос-дастан дегеннің не екенін білмейтін, ауыз әдебиеті дамымаған, дамымауға да тиіс өзбек жұртына «Алпамысты» сыйлай салдық. Олар 1999 жылы «Алпамыстың» жазылғанын тағы да бүкіләлемдік дәрежеде атап өтті. «Өзбек халқының ұлттық эпосы» деп атап өтті.
Жаса, қолдағы барынан айрылып, тиесілі сыбағасынан құр қалып жүретін, қазағым. Енді бір күні хакас немесе чуваштың біреуі «Қозы-Көрпешті» де өзінің ұлттық эпосы етіп жариялаған тойына да барып қалармыз.
Аман болсақ...
6. Адай елін оқшаулаудың таптырмас амалы
Маңғыстау облысы - апанда. Апан болатыны оған апаратын жалғыз ғана жол бар, ол - Бейнеу-Шетпе жолы. Сол Бейнеуден Арал стансасының төменгі жағындағы Сексеуіл стансасына дейін темір жол салынады деген осыдан біраз жыл бұрын әңгіме көтеріліп еді, әлі сол әңгіме әңгіме күйінде қалып келеді. Сол араға асфальт жол салу темір жолдан да арзанға түсер еді. Бірақ, оған мүмкіндік бар да, ниет жоқ. Жалпы, біздің елде кәзір не істейміз, не жасаймыз десек те мүмкіндік бар, бірақ, ешқандай ыстық ықылас көрмейсіз.
Ал, енді сіз Бейнеуден Шетпеге қарай аты асфальт, заты «азап жолымен» (орысшасы «дорога смерти») жүріп көріңізші... Біз жүріп көрдік. Жәй ғана жүргеніміз жоқ, барарда да, қайтарда да жиырма жылдан бері 300 шақырым жерге жөндеп жол сала алмаған, дәлірегі - тағы да - салуға деген титтей ниет танытпаған сол елдің әкім-қараларының «ішін кептірумен» болдық. Және барарда да, қайтарда да жүк тасыған, (көбісі шетелдік, олардың да біздің елдің басшыларын қандай сөзбен еске алып отырғаны түсінікті ғой...) үлкен «фуролардан», онда да көп емес, басқа автомобиль -бес-алты көлікті есепке алмаса да болатын шығар - атаулыны көрмедік.
Бұл не деген сөз? Экономист Мұхтар Тайжан «бұл - адай елін оқшаулаудың амалы» дейді. Шынында да, Сексеуілден Бейнеуге, одан Шетпеге дейін тақтайдай тегіс жол көсіліп жатса, түбектегі елдің республиканың басқа өлкелерімен қарым-қатынасы әлденеше есе өсер еді, оңайлар еді ғой.
Мақат - Қандыағаш жолы да оңып тұрған жоқ, Бейнеу-Шетпенің егізінің сыңары. Тіпті, «бетке тұтар» деген Ақтау-Жаңаөзен жолының өзі қырық жамау.
Әзірге мұндағы елдің байының тұлпары - «Тойота-Ландгрузер», кедейінің көлігі - «Мазда» екен. Және «Мазда» былайша таратылатын көрінеді: «Мангистауский завод для адайцев». Өйткені, жаны сірі «Маздадан» басқа жеңіл көлік мына жолсыз өңірге шыдас бере алмайды дейді. Оның сондай екенін көріп қайттық...
Таспадай тартылған жол - экономиканы өз-өзінен көтеретін фактор. «Американы Америка еткен оның жолдары» деген мәтел бекерден-бекер туған жоқ қой. Біздің өңкей «ғылым докторы, академик» басшыларымыз осыны да түсінбесе, түсінгісі келмесе не істейміз?..
«Абай-ақпарат»