Сенбі, 23 Қараша 2024
Дабыл 5861 12 пікір 23 Қараша, 2021 сағат 15:48

Ресей вакцинасына кенеше жабысқан Қазақстан

Қазақстан Ресейден «Спутник Лайт» вакцинасын сатып алуға ниетті. Бұл туралы бүгін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Дегенмен «Спутник Лайт» вакцинасы ДДСҰ тарапынан мойындалмаған, сәйкесінше тиісті сертификаты жоқ вакцина түріне жатады. 

Ресей вакцинасын Қазақстан бірінші болып сатып алғандардың қатарында. Еліміз жаппай вакцинациялауды дәл осы Ресейлік «Спутник V» вакцинасынан бастады. 10 млн доза вакцина сатып алынды, бұл 5 млн адамды толық вакцинациялауға жететін көрсеткіш. Тіпті отандық «КазВак» вакцинасының өндірісіне қарамастан, Қазақстан вакцинациялауда Ресейлік өнімге сенім артты.

Ресей вакцинасын сатып алуды саяси шешім деп санайтындар да бар. Себебі «КазВакты» денсаулық сақтау министрі Алексей Цой салса, Ресейлік «Спутникті» ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салды. Осылайша Ресейлік өнімге деген қоғамда сенімділік арта түсті.

Алайда Ресейлік «Спутник V» вакцинасын ДДСҰ әлі ресми мойындаған жоқ. 2021 жылдың қыркүйегінен бастап, бұл вакцинаға деген сенім де азайды. ДДСҰ арнайы өкілдері вакцинаны жасау орталықтарынан бірнеше талапқа қайшылықты байқап, вакцинаны мойындауды белгісіз уақытқа дейін шегеріп тастады.

Батыс ғалымдары «Спутниктің» жалпы эффективтілігі мен жасалу жылдамдығына күмәнмен қарайды. «Спутник V» 2020 жылдың 11 тамызында жылдам арада Ресейде тіркеуден өтті, оған дейін ол екі фазалы клиникалық сынақтан өткен болатын. Алайда талапқа сай вакциналар үш фазалы сынақтан өтуі тиіс еді. Әлемдегі алғашқы коронавирусқа қарсы вакцинаға бар-жоғы 76 ерікті қатысқан болатын. Бұл өте аз көрсеткіш саналады, себебі вакцина сынағына ДДСҰ негізгі хаттамасы бойынша 3 мың ерікті қатысып, олар кемі 4 ай бақылауда болуы тиіс. Ресей бұл әрекетін уақыт тапшылығымен түсіндірді.

Батыс сарапшылары «Спутникті» екінші фазада Ресейде тіркеп жіберуі үлкен қателік дейді. Мысалы «BioNTech» (Pfizer) вакцинасын сынақтан өткізу үшін екінші кезеңге 456 еріктіні, «Moderna» 600 еріктіні қатыстырған, алайда олар сынақтан сәтті өтсе де, екінші кезеңде болғандықтан вакцинаны тіркеуді кейінге қалдырған.

Ресей денсаулық сақтау саласы кейін «Спутниктің» үшінші кезеңін сынақтан өткізгенін жариялады. Олар Covid-19-ға қарсы вакцинаны сынауға 18 794 ерікті қатысқанын, олардан тек 39 адам ғана вирус жұқтырғанын айтты. Ал «Pfizer» 43 мың еріктінің тек қана 170-і вирус жұқтырғанын айтқан болатын. Алайда тағы бір сәйкессіздік анықталды, ол Ресей вакцинасының сынағына қатысқан еріктілердің санының кестелерде сәйкес болмауы.

Әлем бойынша медицина саласындағы жетістіктерді жариялайтын «Lancet» журналы «Спутник» жайында жазды. Дегенмен ғалымдар «Спутник» бойынша хабарламаға көңілдері толмайтынын, ақпараттың нақты еместігін атап өтті. Журналдағы мақалада бастапқы сынаққа 120 ерікті тартылғаны, алайда олардан тек қана 100 ерікті таңдалып алынғаны айтылады. Дегенмен «екінші сынақтан тек 76 ерікті өткен, сонда қалған 24 ерікті қайда кетті», - дейді ғалымдар.

Ресейлік вакцинаның қуатына қатысты сұрақтар жетерлік. Мысалы соның бірі қазіргі таңдағы Ресейдегі эпидемиологиялық жағдайдың ушығуы болып отыр. Ресей пандемия басталғалы бері тәуліктік көрсеткіш бойынша өлім санынан көш бастады. Қазір күніне орта есеппен 1200-1250 адам вирустан көз жұмуда.

Ресей вакцинасын сатып алу арқылы Қазақстан ДДСҰ мойындамаған екпені алмақ. Бұл дегеніміз шетелдік саяхат барысында қосымша ПТР тапсыру дегенді білдіреді.

Ка Мырза

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408