Нұрлан Сәдір. Мал-жаның аман болсын!
Кеңестің кесірі тиген мен күні кешеге дейін қазақтың «мал-жан аман ба?» деп сәлемдескеніне, апыр-ау, малды адамнан бұрын қойғаны несі екен?!,-деп тыжырына қарайтын едім. Ақылға салып қарасаң мал болмаса жан болмайды екен, мен ас болмаса,- деп тұрғаным жоқ. Тап сол мал болмаса... Кеңес үкіметі не үшін қазақты малынан айыруға әрекеттенгенін енді түсіне бастағандаймын. Себебі малы бар адам бүйір бұлтыйтуды алақан жаймай-ақ та жүзеге асыра алады. Көлденеңнен аман болып, көтеріліп алған малды жан үшін зейнетақы, жәрдемақы дегендер бірте-бірте шешуші роль атқарудан қалады. Яғни, бұндай адам-экономикалық жағынан ешкімге тәуелсіз. Үкімет те қазақтың осы тәуелсіздігінен қорыққан. «Ет зиян» деген жалған тұжырым кезінде «арақ-зияннан» көбірек болмаса кем айтылған жоқ. Қазір дені дұрыс дәрігердің кез келгені етті жоғары сапалы, аса құнды өнімге санайды. Лондон олимпиадасында қазақтың мәртебесін аспандатқан Илья Ильиннің жеткен жеңісін оның жылқы етіне жексіктігімен байланыстырып жатқаны тегін емес. (Жалпы, қай-қай халық үшін де ет күш-қуат деген ұғыммен қатар жүреді. Джек Лондонның «Бір кесек ет» деген драматизмге толы әңгімесінде қарт боксер Том Кинг өз жеңілісін жарыс алында ең болмаса бір кесек ет жей алмағандығынан көреді.
Кеңестің кесірі тиген мен күні кешеге дейін қазақтың «мал-жан аман ба?» деп сәлемдескеніне, апыр-ау, малды адамнан бұрын қойғаны несі екен?!,-деп тыжырына қарайтын едім. Ақылға салып қарасаң мал болмаса жан болмайды екен, мен ас болмаса,- деп тұрғаным жоқ. Тап сол мал болмаса... Кеңес үкіметі не үшін қазақты малынан айыруға әрекеттенгенін енді түсіне бастағандаймын. Себебі малы бар адам бүйір бұлтыйтуды алақан жаймай-ақ та жүзеге асыра алады. Көлденеңнен аман болып, көтеріліп алған малды жан үшін зейнетақы, жәрдемақы дегендер бірте-бірте шешуші роль атқарудан қалады. Яғни, бұндай адам-экономикалық жағынан ешкімге тәуелсіз. Үкімет те қазақтың осы тәуелсіздігінен қорыққан. «Ет зиян» деген жалған тұжырым кезінде «арақ-зияннан» көбірек болмаса кем айтылған жоқ. Қазір дені дұрыс дәрігердің кез келгені етті жоғары сапалы, аса құнды өнімге санайды. Лондон олимпиадасында қазақтың мәртебесін аспандатқан Илья Ильиннің жеткен жеңісін оның жылқы етіне жексіктігімен байланыстырып жатқаны тегін емес. (Жалпы, қай-қай халық үшін де ет күш-қуат деген ұғыммен қатар жүреді. Джек Лондонның «Бір кесек ет» деген драматизмге толы әңгімесінде қарт боксер Том Кинг өз жеңілісін жарыс алында ең болмаса бір кесек ет жей алмағандығынан көреді. Махатма Гандидің «Менің өмірім» деген автобиографиялық кітабында қызық диалог бар, онда Гандидің досы оған үнділіктер ағылшындардан ет жемегендіктен қалып қойғанын айтып шыр-пыр болады.)
Біреулер мал бақпай-ақ та ақшаң болса, еттің кез келгенін шекесінен шертіп жүріп таңдап жеуге болмай ма?-деуі мүмкін. Біріншіден, мал бағу деген-ет жеу ғана емес. Мал ұстау - деген өз алдына бөлек бір әлем, тұтас бір мәдениет. Қалай біз ет жеуден айрылдық, солай қазақы мінезіміз-қайсарлығымызды солай жоғалта бастадық: қанымызда жоқ жасықтық пайда болды. Еттен басқаға беттемейтін бөрі сипатымыз сұйылып, жуындыны да жалмай беретін, арам-адалды араламайтын иттік мінез бойымызға сіңе бастады. Ет жеу мен қайсарлық қатар жүретінін қазақ пен қасқыр бірі жаһанды, бірі жапанды билеу арқылы әлдеқашан дәлелдеген жоқ па?! Қазанымызда қазы-қарта бүлкілдеп қайнап жатпай келімсектерді кердеңдетпейтін «ақылды тентектік» күтпей-ақ қойыңыз. Ет пен сүттен жасалатын жылы-жұмсақты тізіп сілекей ағызбай-ақ қояйын, бірақ ол мәзірлерді тұтыну ауру-сырқаудың жеті атасының алтауын жойып, фарминдустрияның да соншасын банкротқа жібере алатынына бәс тіге аламын. Тек ет дегенде қандай ет? Маркеттегі ненікі екені беймәлім «бетсіз» кесектерді, не өзінен мұзы көп, әкемізбен құрдас, қатып-семген қасқаларды мен өз басым ет деп айтуға қарсымын. Тіпті оларды «өлі ет» деуге де болмайды. Себебі, қазекем «өлі ет» деп жас еттен басқаны айтады. Мысалы, Хакім Абайдың «Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай ...» деп басталатын өлеңіне қонаққа барғанда аға-жеңгесінің арнап мал соймай, үйде бар етті-«өлі етті» асуы себепші болған.
Өзіміздің мүйізі қарағайдай ғалымдарымыздың айтуына қарағанда, базардан килолап ет алған мен үйіңде ақ адал малды бауыздап жегеннің айырмашылығы үлкен. Үйде сойғанның арзан, таза, адалдылығын былай қойғанда бұның денсаулыққа тұп-тура қатысы бар. Себебі мал үйден сойылған кезде оның барлық мүшесі қазанға түседі, сөйтіп біздер таза ет-майда жоқ не аз, алайда құйқада, ішек-қарында, бауырда .... бар биологиялық құнды заттарға қарқ боламыз. Даланың көк майсасында еркін жайылып қоректенген малдың етін жеген атам қазақ шөп-шалқамдарға алаңдамағаны да сондықтан. Әйтпесе, бабаларымыз бәйбішелерінің балағынан шеттерінен шымыр бала саулатпақ түгілі авитаминоздан сілесі құрып, ауыздарынан тістері сатырлап түсіп жер бауырлап жатуы керек еді. Қазір кейбір кещелер мазаққа айналдырып жүрген әдемі де дана дәстүр - «Асатуды» ашықтап көрелік. Жан-жағынан қоршап алып қаужаңдаған немере-шөберелердің әр қимылын (қандай әдемі көрініс!) қыран құстай жіті шолып отырған ата не әже осы қарақ-шырақтардың қайсысы қандай мүшеден қашқақтап отырғанын бірден байқап, тап сол мысалы құйқадан, тап сол мысалы өкпе-бауырдан (қазіргідей қолына ілінгенді емес) асатады. Сөйтіп күнде қайталанатын осы асату арқылы ұрпағының ағзасына барлық витамин, минералдардың жеті атасының үйір-үйірмен жөңкілуін қамтамасыз етеді. Ет іріталшықты тағамға («грубоволокнистая пищаны» өзімше қазақшалағаным) жатпайды, сондықтан ағзаның жеген астың қалдығынан арылу үшін бәрібір шөп-шаламсыз іс бітпейді, - дейсіз ғой. Қазір соны айтайын деп жатырмын: қазекемде талшықты тамақтың ролін құйқа құтырта отырып орындаған. Бұл жөнінен сайысқа түсе қалса, құйқа қазіргі талшықтылардың талайына шаң қаптырады. Ағзаларының тазару механизмі әлі жетіліп, қалыптаспаған балаларға құлақ, ал, «болдырып» қалған, қарттарға бас тартылуы да сондықтан. Қазіргі балалардың мал өнімдеріне махаббатының аздығы негізінен екі себепке байланысты: тәттіні тым көп тұтыну және қимыл-қозғалыстың аздығы. Бұл - өз алдына бір қора әңгіме.
«...Жемесең түсіңе кіретіннің» шын мәнінде ас болуы үшін ол осы елдің топырағында жайылуы (яғни, қорада тұрып картоннан қоң жинамауы), ауру-сырқаудан аман болуы шарт. Малжанды қазақ бұл тізімнің қатарын қиналмай көбейте алады. Малды жөнсіз соқпау, теппеу, басынан ұрмау,... сияқты тыйым, ырымдардың астарында көп сыр жатыр. Малды кез келген адамға сойғызбаған, жануардың қиналмай бауыздалуын, қасапшының ғұсыл-дәреті болуы мен биссмилла айтуын қатаң қадағалаған аталарымыз ішкен-жегеніміздің руханиятымызға тигізетін әсерін жете білген. Ресейде оқыған ағаларымыз орыс зиялыларының қазақ ауылдарынан қолқалап қой алдырғанын талай рет айтты. Ет арқалауға алыссынған жігіттердің ұсынған ақшасына мүйізі қарағайдай професорлар не үшін бас шайқады дейсің?...
Бала-шағаны еңбекке тәрбиелеуде де мал зор роль атқарған. Мал бағудың тірлігіне араласу баланы еңбекқор, шаруа, ұқыпты қылып қана қоймай, оның бойында жанашырлық, мейірім сияқты қазір қат қасиеттерді қалыптастырады. Төлмен ойнап өскен бала мен робот-ниндзяға балалық бал шағы уланғандарды салыстырыңыз. Мейірімге жұрдай жүгірмектердің ауылға қарағанда қалада неге көп екеніне үңіліп көрдіңіз бе? Пәтерміздегі өзі де сөзі де әлем-жәлем тоты құс, азабы көп аквариум, тышқанға әлі келер-келмес декоративті ит бәрі жабылып бір қошақанның орынын толтыра ала ма? Жалпы, мал көрмеген қазақ-«неполноценный қазақ». Күні кеше дастархан басында құлақ үшін кіші-гірім «қырғын» болатын болса, қазір замандастарымыз баласының құлақтан қорқатынын мәз болып әңгіме қылатын күйге жеттік. Малдан безу арқылы қанша салт-дәстүрді жоғалтқанымызды бір Құдайдың өзі біледі. Қырағы қазақ күйеу баласының төс жегеніне қарап-ақ әл-ахуалынан біраз хабардар болып қалатын. Тобық табыстырғандардан қанша үрім-бұтақ өрбіді екен? Қалжа жемегендік қаншамыздың обалымызға қалды? Қымыздан айырылмағанымызда қаншамыз туберкулезден аман қалар едік? Турасын айтсақ, ауыл көтерілмей, яғни мал шаруашылығы дұрыс жолға қойылмай қазақ көгермейді. Мал ұстауды тиімді қылатын саясат жүргізілмесе, ұлттық сипатымыз солғындайтыны айдан анық. Шет елдердің біразында, мысалы Құрама Штаттарда фермерлік мемлекет тарапынан үлкен қамқорлыққа ие. Ол жақта мал шаруашылығының ел экономикасына қосатын үлесі тіптен мардымсыз, соған қарамастан аталған кәсіпке көрсетіліп отырылған қолдау қолға ұстап, таразыға тартылмайтын игіліктер жөнінен мұхиттың ар жағындағылардың да хабардар екенін білдіретін сияқты. Кезінде елге келген сапарында көкпар ойынын кездейсоқ көріп қалған Хрущев оны қазақ даласынан аластатуға қатты күш салған. Себебі көкпар адам бойында қажыр-қайрат, өрлік, намысқойлық сияқты қасиеттерді қалыптастыратынын бір қарағаннан-ақ түсінген. Және ондай халықты уысында ұстау мүмкін еместігін ұққан. Ел ауызында ашаршылық басталар аддында үйір-үйір жылқы, түйелерді пулеметпен қырғаны туралы сұмдық әңгімелер бар. «Қымызды кім ішпейді, қызға кім бармайды» деген мақалды қымыз қазақтың ажырамас бөлігі екеніне әбден сенген аталарым шығарған ғой. Ал қазір қымызды кім ішеді? Қызға баратындар бар ғой, тек қымыз ішіп, қазы асамағасын ол барғаннан барыстай азаматтар пайда бола ма?
Қазақы тұрмыстың айырылмас бөлшегі мал ұстаудан, түптеп кеткенде ет жеуден алыстату үшін жасанды түрде нанға шектен тыс табыну енгізілгенін айтпай кеткен болмас. Бұл культ біздің бодандалуымыздан бастау алып "Тың игеру" кезінде шыңына жетті. «Нан болса, ән болады» деген мақалсымақтар сол кезде дүниеге келді. Шындығында нан (тары-талқанды айтып тұрғаным жоқ) көшпенді қауымның тұрмыс-тіршілігінде ет-сүт өнімдерімен салыстырғанда ондай аса үлкен орыны болмаған тағам екеніне назар аударғым келеді. Жалпы өркениетті елдердің көбінде нан тұтыну кеміп келеді. Нан - жұпыны-жадау елдің асы.
Бір өкініштісі қазаққа ет жегізбеу саясаты Кеңеспен бірге келмеске кетпегенінде болып отыр. Бұл түрлі дәреже-деңгейлерде жүйелі түрде жүргізіліп келеді, және жүре беретін де түрі бар. Аталған саясаттың бірнеше көріністерінен мысал келтіре кетейін: ұлттық тағамдардың жеткілікті насихатталып-жарнамаланбауы, мал сою орындарына қойылатын талаптардың шектен тыс қатаюы, ірі қараны бруцеллезге шығарудың иіні қанбаған тұстарының көптігі, мал ұрлығының тыйылмауы, малдың қиына салынатын сорақы салықтың пайда болуы, мал өрісінің тарылуы, мал азығы құнының қалыптасуына тікелей әсер ететін жанар-жағармайдың қымбатшылығы, тағысын-тағы. Бір сөзбен айтқанда күнде бәріміздің қазанымызда АС буы бұрқырап бүлкілдеп жататын жағдайға жеткізетін жүйелі саясат жоқ.
Баяғыда құрбандыққа Қабыл бидай, Әбіл қой шалғанда Жаратқан хақ қойды қабыл қылыпты. Сонда егіншілікке қарағанда мал өсіру Жаратқанға жағымдырақ болғаны ғой? Бірақ мал шаруасын оқсатпасақ, Жаратушымызға қарап жарытатынымызға күмәнім бар.
«Абай-ақпарат»