Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 7468 0 пікір 8 Тамыз, 2012 сағат 13:43

Қуаңшылық зардабын тізгіндеу тетіктері

Бұл түйткілдің түйінін шешу турасында «ҚазАгро» холдингі» АҚ басқармасының төрағасы Берік Бейсенғалиев ой толғайды

Жұртқа мәлім, биыл кейбір астықты өңірлерді қуаңшылық жайлап алды. Осыған байланысты орын алған ахуалдың егжей-тегжейін білу мақсатында бұл өңірлерде Премьер-Министр, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің және «ҚазАгро» холдингінің басшылығы болды. Өңірлерде қазір жағдай қалай қалыптасып отыр, қандай шаралар қолданылып жатыр? Біздің осы және басқа қойған сұрақтарымызға «ҚазАгро» холдингі» АҚ басқармасының төрағасы Берік БЕЙСЕНҒАЛИЕВ былай деп жауап қайтарады.

Бұл түйткілдің түйінін шешу турасында «ҚазАгро» холдингі» АҚ басқармасының төрағасы Берік Бейсенғалиев ой толғайды

Жұртқа мәлім, биыл кейбір астықты өңірлерді қуаңшылық жайлап алды. Осыған байланысты орын алған ахуалдың егжей-тегжейін білу мақсатында бұл өңірлерде Премьер-Министр, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің және «ҚазАгро» холдингінің басшылығы болды. Өңірлерде қазір жағдай қалай қалыптасып отыр, қандай шаралар қолданылып жатыр? Біздің осы және басқа қойған сұрақтарымызға «ҚазАгро» холдингі» АҚ басқармасының төрағасы Берік БЕЙСЕНҒАЛИЕВ былай деп жауап қайтарады.

- Иә, өзіңіз білетіндей, Қазақ­станның жекелеген өңірлеріндегі қуаңшылықты ауа райына байланысты ауыл шаруашылығы саласында алаңдатарлық жағдай қа­лыптасып отыр. Бұл ауылшаруа­шы­лық дақылдарының өсуіне және дамуына кері әсерін тигізуде. Ол өз кезегінде агроөнеркәсіптік кешеннің басқа салаларында да көрініс табуда.
Егер еске алатын болсақ, 2010 жылғы қуаңшылық кезінде де елімізде дәл осындай жағдай қа­лыптасқан болатын.
Қуаңшылықтың аяусыз соққы­сына сонымен бірге астық өнді­ру­ші және экспорттаушы негізгі елдер де тап келді (АҚШ, Еуроодақ, Австралия, Аргентина, Ресей, Украина, Қазақстан), және де сәй­кесінше өндіріс көлемінің елеулі түрде төмендеуі де болжануда. Бұ­ның бәрі астыққа және басқа ау­ылшаруашылық дақылдарына деген алыпсатарлық бағаның өсуіне түрткі болуын туындатады. Соңғы онкүндікте әлемдік нарықта ас­тықтың бір тоннасы 35-89 АҚШ долларына өсті. Сондай-ақ Қазақ­стандағы ішкі баға жыл басынан бері бір тонна үшін шамамен 15 000 теңгеге көтерілді (20 000 тең­геден 35 000 теңгеге дейін). Әлем­дік және ішкі нарықта бидайға, жүгеріге, сояға және басқа да дәнді дақылдарға бағаның одан әрі өсуі үрдісі сақталады.
Тұтастай алғанда республикада  Ауыл шаруашылығы министр­лігінің алдын-ала мәліметтері бойынша 353 мың га дәнді дақылдар егістігі есептен шығарылуға жатады. Облыстардың болжамдық тең­герімі бойынша жаңа астықтан 12,8 миллион тонна дән жиналмақ. Бұл әр гектардың берекесі 8,1 центнерден айналады деген сөз.
Елімізде азық-түлік қауіпсіз­ді­гін қамтамасыз ету, тұтастай ал­ғанда ауылдық аумақтарды және агроөнеркәсіптік кешенді әлеумет­тік-экономикалық дамытудың дең­гейі, ауылшаруашылық бизнесінің негізгі қатысушыларының қаржы­лық ахуалы тәрізді мәселелер Мем­лекет басшысының және Қа­зақстан Республикасы Үкіметінің үнемі ерекше бақылауында тұр.
Сондықтан да Елбасы қуаңшы­лық салдарының алдын-алу үшін бірқатар міндеттер мен нақты тапсырмаларды қойды, оны жүзеге асырудың негізгі тетіктері Жаң­ғыр­ту жөніндегі мемлекеттік комис­сия­да, Үкімет отырысында және Қос­т­анайда болған арнайы дөң­гелек үстелде қаралып бекітілді.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз етудің мұндай құралдары­ның арасында мыналар бар: ұнға және нанға бағаның өсуін болдырмау үшін өңірлерге арзандатылған баға бойынша астық жеткізу, дизель отынымен жабдықтау мәселе­лерін шешу, мал азығын дайындау, құс шаруашылығының және шош­қа шаруашылығының қажеттілік­терін мал жемімен қамтамасыз ету, мал шаруашылығының түйткілде­рін шешуге ауылшаруашылық тауар өндірушілерін несиелік қаржы­мен қамтамасыз ету, көктемгі-дала жұмыстарына бұрын берілген қол­даныстағы займдардың мерзімін ұзарту және басқалар.
- Фермерлерге, олардың өнім­дерін тұтынушыларға төніп тұрған қауіп бар ма және бұл орайда холдинг қандай шаралар қабылдамақ?
- Астық бағасының күрт көте­рілуі ұн мен нан бағасының қым­баттауына келіп ұласуына байланысты, нанға және бірінші сұ­рып­ты ұнға бағаның қымбаттау тәуе­келін туындататыны ерекше алаң­датады, бұл кезек күттірмейтін мәселе және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі түйткілін қозғайды.
Осыған байланысты Ауыл ша­руашылығы министрлігі, «Қаз­Агро» холдингі» АҚ, Ұн тарту­шы­лардың одағы және облыстар мен Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің арасында 1-сұрып­ты қалыпты нанға, 1-сұрыпты ұнға бағаны тұрақтандыру бойынша шаралар, сондай-ақ облыстарда мал басының санын кемітуге жол бермеу бойынша шаралар туралы меморандумға қол қойылды.
Астыққа байланысты және нан өндірісіне қажетті бірінші сұрып­ты ұнға алыпсатарлық операцияларды жібермеу үшін белгіленген баға бойынша өңірлерді астықпен қамтамасыз ету жөнінде шешім қабылданды. «ҚазАгро» холдингі» АҚ еншілес компаниясы «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ бірінші сұрыпты ұн өндірісі және белгіленген баға бойынша наубайхана кәсіпорындарына одан әрі бағыттау үшін, тиісті өңірдің үй­лестіру кеңесі анықтауымен тікелей ұн тарту кәсіпорындарына астықты бір тоннасы үшін 28 мың теңге баға бойынша жеткізеді. Өз кезегінде өндірушілер бөлшек сауда жүйесі арқылы өндірілген нанды белгіленген бағамен жібереді. Ұн тарту өндірісі үдерісінде пайда болған кебектер мал шаруашы­лы­ғының қажеттілігін қанағаттан­дыруға жөнелтіледі.
Жоғарыда аталған меморандумды жүзеге асыру шеңберінде қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының әкім­діктерінен арзандатылған ас­тық алуға өтінімдер түсті. Осыған орай, холдинг өзінің еншілес компаниясы - «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ арқылы Оңтүстік Қазақстан облысының ұн тартушыларына 8 000 тонна көлемінде арзандатылған астықтың алғашқы тобын тиеп жіберді.
Облыстар мен Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері, сондай-ақ жұртшылықтың, рес­пуб­ликалық партиялардың және құқық қорғау органдарының қаты­суымен өңірлерде құрылатын үй­лестіру кеңестері белгіленген баға бойынша халыққа өнімдерді жет­кізу жөніндегі шартты сақтауды қамтамасыз ететін болады.
Бұл жүйенің бәрі былайша құ­рылып, астық шығымдылығының төмен болуы жағдайында бағаның шарықтап кетуіне түрткі болатын алыпсатарлық операцияларды және сәйкесінше алыпсатарлардың араласуын болдырмауға бағытталған.
Мынаған ерекше тоқталғым ке­леді, өткен жылы, астыққа нарық­тық теңбе-тең бағаларды ұстап тұру мақсатында, холдинг ауыл­ша­руашылық тауар өндірушілермен оның өндірісіне жұмсалатын нор­мативтік шығындарды есепке ала отырып баға бойынша артық қа­л­ған астығын сатып алуды жүзеге асыруға мәжбүр болды. Өйткені, нарықтық тренд астықтың бағасын оның өндіріс рентабельділігінен төмен деңгейде айтарлықтай тө­мендетуге ұмтылды. Бұл АӨК-тің 7,5 мың субъектісінің қаржылық жағдайын нашарлатуға мүмкіндік бермеді (ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің саны, олардан сатып алу жүзеге асырылған болатын).
Ағымдағы жағдайда холдинг өңірлерде астықты оның өзіндік құнынан нақты төмен баға бойынша өңірлерге сатуды жүргізеді, қалыптасқан шығындар нарық­та­ғы астықтың бос қалдықтарын сату есебінен жабылатын болады.
Қалыптасқан жағдай соңғы кезде басымдықтардың қатарында тұрған агроөнеркәсіптік кешеннің тұтас бірқатар салаларына жағым­сыз әсерін тигізуі мүмкін.
Астық шығымдылығының тө­мен болуы мен жем-шөп және мал жемін дайындаудың жеткіліксіз деңгейі мал шаруашылығы мен құс шаруашылығындағы жеткен жетістіктерді жоюға әкеліп соғары ғажап емес. Міне, қалыптасып отыр­ған жағдай республикада мал­дың және құстың санын сақтауды қамтамасыз ету бойынша түбе­гей­лі пәрменді шаралар қабылдаудың қажеттілігін талап етеді. Бұл өз кезегінде, әсіресе, тұтастай алған­да, Қазақстандағы мал шаруа­шы­лығын стратегиялық дамытуға не­гіз болатын аналық мал басын сақ­тап, оны ұдайы өсіруді ұмытпауы­мыз керек.
Мал жеміне жеткіліксіздік құс шаруашылығы мен шошқа шаруа­шылығына да кері әсерін тигізері хақ (шошқалар мен құстардың 70-80% рационын мал жемі құрайды).
- Бұл бағытта қандай шаралар қабылдануда?
- Біріншіден, аналық мал басын қорада ұстап тұру кезеңі бойынша шығындарды Үкімет резер­вінен субсидиялау туралы шешім қабылданды;
Екіншіден, холдинг «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде ауылш­а­руашылық тауар өндірушілерін қар­жыландырудың көлемін ұлғай­ту­ға қосымша ресурстар әзірледі, ол фермерлік шаруашылықтар мал сатып алуға және оны одан әрі ұдайы өсіруге қалдыру, жем-шөп сатып алу, сондай-ақ жайылымдарды суландыру үшін бағытталған. Біз облыс әкімдіктеріне аталған мә­селені шешуге көмектесуге өті­ніш білдірдік.
Үшіншіден, холдинг жем-шөп сатып алуға, мал жемін жеткізуге несиелік ресурстарды беру жолымен мал шаруашылығы және құс шаруашылығы саласында қызме­тін жүзеге асырушы ауылша­руа­шы­лық тауар өндірушілерін қол­дауға дайын.
Сондай-ақ, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-тың қорындағы мал жемін құс шаруашылығы мен шошқа шаруашылығының қажет­тіліктерін қамтамасыз ету мақса­тына жұмсамақ.
Жоғарыда аталған меморандум шеңберінде, ауылшарушылық тауар өндірушілері өндірген кебектер (бағаланған көлемі 250 мың тон­наға дейін) мал шаруашылығы кә­сіпорындарын қолдауға белгілен­ген баға бойынша жеткізіледі. Сонымен бірге, тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін мемлекеттік ресурстарға мал жемін сатып алу мәселесі қарастырылуда.
Тағы бір елеулі тәуекел, оны былайша ерекше бөлуге болады. Біз 2013 жылғы көктемгі-егіс жұ­мыстарына дайындық, оның ішін­де сапалы тұқымдық материалмен қамтамасыз ету мәселесі бойынша барлық қажетті жұмыстарды жүр­гі­зуіміз қажет.
Ауылшаруашылық құрылым­дарын 2013 жылғы егістікке тұ­қым­мен қамтамасыз ету үшін ауылшаруашылық тауар өнді­руші­лерінде және астық қабылдау қо­сындарында бар тұқымдарды тү­гендеуге әкімдіктердің шешімі қа­былданды. Бұл тұқымның жетіс­пейтін көлемін анықтауға және тапшылықты жабу көздерін іздес­тіруге, сондай-ақ барлық сұрыпты егістіктерді есепке алуға бағытта­лып отыр. Сапалы тұқым алу мүмкіндігімен кейіннен оларды тұқымдық мақсаттарға пайдалану үшін істеліп жатқан жұмыстардың нақты көрінісінің бірі.
Қазіргі уақытта мемлекеттік ресурстарда бидайдың 22,4 мың тонна сұрыбы бар. Бұдан басқа, мемлекеттік тұқым ресурстарын пайдаланудан түскен ақша қара­жа­ты 1134,6 млн. теңге құрайды, бұл 25 мың тонна көлеміндегі дәнді дақылдар тұқымын сатып алуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
- Берік Тұрсынбекұлы, біраз ауылшаруашылық тауар өндіру­шілерінің ағымдағы қаржылық жағдайы жеткілікті түрде тұ­рақты болмай тұрғандығы жасырын емес, олардың қазіргі ахуалы ағымдағы жағдайда нашарлап кетпей ме?
- Шындығында, агроөнеркәсіп­тік кешеннің жүйе құрушы сег­мент­терінің бірі болып табылатын астық нарығы дамуының оңды динамикасына қарамастан, соңғы жылдар ішінде бірқатар жағымсыз факторлар АӨК субъектілерінің жағдайын елеулі түрде нашарлатып жіберді. Мәселен, олар қо­лайлы бағалар кезеңінде астық экспортына тыйым салу, теңгенің девальвациясы, астық экспорты­ның дәстүрлі нарықтары жекелей алғанда күшін жоғалтуы, астық ұсынысының өсуі және 2009-2010 жылдары астыққа бағаның еселеп төмендеуі, 2010 жылғы құрғақ­шы­лық пен астық шығымдылығының төмендеуі, 2011 жылғы мол астық және оны өткізу мен артығын сақтау тәрізді түйткілдердің болуы әсерін тигізбей қоймады.
Сәйкесінше АӨК субъектілері астық көлемінің төмендеуі жағда­йында қаржы институттары ал­дын­дағы борыштық міндетте­ме­леріне қызмет көрсетуге елеулі қиындықты бастарынан өткеретін болады.
Сондықтан саланы реттеу мен қолдау және нарыққа қатысу­шы­лар­дың қаржылық жағдайын жақ­сарту, республикалық бюджеттен холдинг тартқан несие қаражаты есебінен берілген ауылшаруа­шы­лық тауар өндірушілерінің несие­лерін ұзартуды қарастыру мақса­тында шешім қабылданды.
Сонымен несиені ұзарту дербес негізде заем алушыларға бері­летін болады. Егер олардың қол­дарында қуаңшылықтан зардап шегуі, өтімділікті қамтамасыз ету және заем алуға уақытылы берген өтініштерін растайтын құжаттар­дың болуы жағдайында ғана рұқ­сат етіледі.
Холдинг ағымдағы жылы көк­темгі-дала және астық жинау жұмыстары бағдарламасы бойынша іс-шараларға 70,5 млрд. теңге сома жұмсады. АӨК субъектілерін қаржыландыру одан әрі жалғасуда.
Біз әкімдіктерге қуаңшылық салдарынан ең көп зардап шеккен өңірлердегі заем алушылардың тізбесін жасауды құрылымдауға өтініш білдірдік.
- Сіздер оқиғаның өрбіп ке­те­тін түрлі нұсқаларына дайынсыздар ма?
- Үстіміздегі жылғы жағдай, жоғарыда айтылғанындай, 2010 жылғы оқиғаны еске түсіріп отыр. Біз ағымдағы жылы жүзеге асырып отырған дағдарысқа қарсы барлық шаралар қазірдің өзінде ойдағыдай сынамадан өткізілді.
Барлық шаралар мен тетіктер мұқият екшеленді және есепте­лін­ді. Оны Мемлекет басшысы мен Үкімет мақұлдады. Ерекшелікті тәуекелдер Үкіметтің және холдинг тараптарынан қарсы шаралар бойынша төмендетіледі. Қосымша туындайтын тәуекелдер болжанып отырған жоқ.
Сондай-ақ тұрақты негізде шешілетін жүйелік мәселелер де бар, олардың қатарында ауыл ша­руашылығы өндірісін техникалық және технологиялық қайта жарақ­тандыру, жаңа астықты қабыл­дау­ға элеваторлардың қуаттылығын дайындау сияқты жұмыстар тұр.
«Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ астық сақтайтын қуат­ты­лықтарды босату мақсатында мен­шігіндегі 500 мың тонна көлемін­дегі астықты солтүстік облыс­тар­да­ғы астық қабылдау қосында­ры­нан республиканың басқа облыс­та­рын­дағы бос тұрған астық қабыл­дау қосындарына ауыстыруды жү­зеге асыруда. Қуаңшылыққа байланысты Солтүстік Қазақстан облысы мен Қостанай және Ақмола облыстарының солтүстік бөлігін­дегі элеваторлардан, жекелей ал­ған­да, қуаңшылық аз шарпыған өңірлерде орналасқан астық қа­был­дау қосындарынан ғана астық ауыстырылатын болады.
Алайда элеватор қуаттылық­тарын арттыру мәселесі жүйелік болып табылады, өйткені холдинг республикадағы қолданыстағы эле­ватор қуаттылықтарын кеңейту­де және олардың жаңа құры­лыс­тарын салу бойынша инвестиция­лық жобаларды, сондай-ақ астық кептіру мен сақтаудың түрлі баламалы тетіктерін қаржыландырады.
Қазіргі таңда холдинг жиын­тық­ты сақтау сыйымдылығы 339 мың тонна болатын астық қойма­сының құрылысы бойынша 18 жобаны қаржыландырды, жобалар­дың жалпы құны 5 886,4 млн. теңге құрады, олардың ішінен 2010-2011 жылдары жалпы сақтау сыйымдылығы 284 мың тонна болатын 14 жоба іске қосылды.
2012 жылы барлығы жиынтық­ты сақтау сыйымдылығы 138 мың тонна және жалпы құны 2 472 млн. теңге болатын 9 жобаны пайда­лануға беруді жоспарлауда.
2012-2014 жылдары кезеңінде барлығы 1 563 000 тонна болатын сақтау сыйымдылығын іске қосу жоспарлануда. Олардың жиынтық­т­ы құны 32 840 млн. теңге.
Холдинг 2012 жылғы астықты дер мезгілінде жинап алуды шешу үшін «Астық-2012» жаңа лизинг­тік бағдарламасы бойынша қаржы­ландырудың жеңілдік шартын ұсынады. Бұл бағдарламаның негі­зінде Ресей және Қазақстан өнді­рісінің астық жинайтын техникаларын сатып алуға («Нива», «Енисей», «Есіл», «Вектор») болады. Әрине, оны несиелеудің мерзімі 7 жыл, мөлшерлемесі 4% (отандық техника) және 8% (өзге өндіруші елдер үшін); астыққа кепілдік берудің аванстық төлемін төлеу бойынша бөліп төлеу ұсынылады (қараша айына дейін).
Сайып келгенде, бұл шаралар­дың бәрі қалыптасып отырған ағымдағы жағдайда ауылшаруа­шылық тауар өндірушілерін қол­дауға, нанға тұрақты бағаны қамта­масыз етуге, сөйтіп оңтайлы мерзімде астық жинау науқанын аяқтауға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
- Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Марат АҚҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364