ҚАЗАҚСТАНДА МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ ҚАЙСЫ? ҚАЗАҚСТАНДА МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ ҚАЙСЫ?
Елдi iштен iркiттей iрiтуге құштарлардың құлағына алтыннан сырға, Қазақстандағы мемлекеттiк тiл туралы, оның мәртебесi мен келешегi жайлы айтудан бiз шаршамақ емеспiз. Мұндайда қазақ тiлiнсiз Қазақстанның келешегi бұлыңғыр болатынын бiлмейтiн, бiлгiсi келмейтiндердiң iшiнара табылып қалатыны өкiнiштi.
Елдi iштен iркiттей iрiтуге құштарлардың құлағына алтыннан сырға, Қазақстандағы мемлекеттiк тiл туралы, оның мәртебесi мен келешегi жайлы айтудан бiз шаршамақ емеспiз. Мұндайда қазақ тiлiнсiз Қазақстанның келешегi бұлыңғыр болатынын бiлмейтiн, бiлгiсi келмейтiндердiң iшiнара табылып қалатыны өкiнiштi.
Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң келешегi. Оны бiлу - кез келген азаматтың мiндетi әрi парызы. Өкiнiшке қарай, бұл қағида Қазақстанға келгенде қауқарсыз. Өйткенi «бүйректен сирақ шығарып», бұра тартатындар бар. Солардың бiрi - Петр Своик. Соңғы кездерi отандық БАҚ пен Интернеттi шулатқан Своиктiң сөзiн сол қалпында берсек, «Если лукаво-феодальную языковую политику поменять на современную, придется исходить из той реалии, что государственным языком в Казахстане является русский. В том числе, благодаря необратимо состоявшемуся русскоязычию казахских элит. Казахский же язык, исходя из тех же реалий, рано или поздно придется превращать во второй. Через действительное обучение в школах, стимулы и требования двуязычия для кандидатов в депутаты, министров и руководителей госорганов. Только так удастся поднять казахский до второго государственного языка» (Петр Своик, член президиума Общенациональной социал-демократической партии).
Своик мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көтеруде аса құлшынбайтын Қазақ билiгiн, оның осал саясатын қыжырту арқылы көкейiнде жүрген арманын да бүкпейдi: «шын мәнiсiнде қазiр Қазақстандағы мемлекеттiк тiл - орыс тiлi» дейдi. «Өз қағынан өзi жерiген» қандастардың тiлге қарсы ұстанатын саясатына да дән риза: «бәрi де орыстiлдi қазақ зиялыларының арқасында». Бүгiнде өз жерiнде, өз елiнде жабықтан сығалаған жетiм баланың күйiн кешiп жүрген қазақ тiлiн екiншi кезекке ысырып тастауға да кетары емес. Өкiнiштiсi сол, Своиктiң жақтастары мен партияластары арасынан «Мұның қалай?» деген жан болмады. ЖСДП серкелерi де оның қазақ тiлiн қорлаған сөзiне қатысты халықтан ресми түрде кешiрiм сұраған жоқ. Мұндайда ұлтқа қатысты қорлауды ести тұра, қаннен-қаперсiз, жайбарақат отыра беретiн Қазақ қоғамының можантопайлығына ренжисiң. Әйтпесе әлеуметтiк желiлерде бiр бұрқ етiп барып басылғандардың белсендi түрде әрекет еткендерi кемде кем.
Менiңше, 20 жылдан астам (!) уақыт өтсе де, мемлекеттiк тiлдi тұғырына қондыруға бiрнеше кедергi бар. Олар: Своик сияқты қазақтың асын iшiп, аяғын тепкендердiң заңды түрде жазасын беруге асықпайтын енжарлығымыз, кез келген нәрсенi «кешiре салуға» бейiм тұратын жалпақшешейлiгiмiз, «ит үредi, керуен көшедi» дейтiн немқұрайдылығымыз, тiл, дiл, тарих пен рухқа қатысты мәселелерде табандылық таныта алмайтынымыз, ұлтқа қарсы, ұлттық құндылықтарға қатысты кереғар пiкiр айтқандар туралы қоғамдық пiкiрдi тудыруға күш салмайтынымыз, жалған намыс пен ұлттық намыстың аражiгiн ажырата алмауымыз, қанша жыл өтсе де бойымыздағы құлдық психологиядан құтылмауымыз. Сорақысы сол, аға буыннан қалған жасықтық, жасқаншақтық, қорқақтық, бодандық пен сол құлдық психологияны орта буын қабылдап алды. Ендi ол кейiнгi буынға «мұра» болмақ... Әлбетте, қазiр қазақша сөйлеуге арланбайтын, орысша бiлмейтiнiне намыстанбайтын ұрпақтың қалыптасып жатқаны жасырын емес. Бiрақ ол теңiзге тамған тамшы сияқты. «Жығылғанға - жұдырық», ұлты мен ұлысы бөлек отандастар арасында бала-шағасын қазақша тәрбиелеуге, мемлекеттiк тiлдi өзi де меңгеруге құлшынатындар да саусақпен санарлықтай. Атазаңда көрсетiлген баптарды орындатуға билiк те аса мүдделi емес. Бiрақ әр қазақ кез келген нәрсенi өзiнен бастауы тиiс. Өйткенi қазақша сөйлеуге қоғамда тыйым салынбаған, Ана тiлiңдi насихаттау, өзгелерге сыйлатуға, үйретуге күш салу, оны келешекке аманат ету - бүгiнгi ұрпақ парызы.
Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
- Своиктiң тiлге қатысты айтқан сөзiнiң астарында арандатушылық жатыр. Өйткенi көп жылдар бойы қазақ тiлiнiң мемлекеттiк мәртебесi, орыс тiлiнiң қоғамда алатын орны туралы қоғамда белгiлi бiр консенсус орын алған болатын. Қазiр Қазақстанның болашағына, мемлекеттiк тiлге байланысты қыңыр пiкiр айтатындар жоқтың қасы. Тiптi, әсiреұлтшыл, орысшыл саясаткерлердiң өзi ондай арандатушылыққа бара алмасы анық. Менiңше, мәселенiң себеп-салдарын Своиктiң өмiрбаяны мен оның ұстанатын қағидасынан iздеген жөн. Ескеретiн маңызды жайт, Своик жеке азамат ретiнде кез келген мәселеге қатысты өз пiкiрiн, ұстанымын ашық бiлдiруге құқылы. Бiрақ ЖСДП-ның жетекшi көсемдерiнiң бiрi ретiнде Қазақстанның мемлекеттiк тiлiне қатысты мұндай ой айтуы оның саяси болашағына көлеңке түсiредi әрi қатар жүрген жақтастарына сын. Менiң таңғалатыным, ЖСДП серкелерi Своиктiң осы мәлiмдемесiнен кейiн ешқандай түсiнiк берген жоқ. Егер халықтың, қазақтың мүддесiн қорғап жүрген партиямыз деп есептесе, Жармахан Тұяқбай және оның серiктестерi ресми түрде мәлiмдеме жасап, Своиктiң мәлiмдемесiн жоққа шығарар едi. Тiптi оны партия қатарынан шығарып жiберсе де, көптiк етпесi анық. Егер заңдық талаптарға салсақ, Своиктiң арандатушылық әрекеттерiн прокуратура қызметкерлерi зерттегенi де дұрыс сияқты. Бүгiнде Жармахан Тұяқбай елiмiздегi демократиялық күштердiң басын қосып, құрылтай өткiзiп, қазiргi билiкке балама бағдарлама әзiрлеудi жоспарлап отыр. Бiрақ ұлттық құндылықтарды жоғары қоятын тұлғалар Тұяқбайға «Егер қазақтың мүддесiне қарсы келетiн әрекеттер орын алса, бiз құрылтайға қатыспаймыз» деген талап қойған. Осы себептi соңғы кездерi әлеуметтiк желiлерде «Своиктiң көздегенi - оппозициялық күштердi бiрiктiрмеу» деген пiкiрдi айтуда. Екiншi вариант, бұл қазақ ұлтшылдары мен демократиялық күштердiң арасына iрiткi салуды көздеген билiктiң саяси ойыны болуы да мүмкiн.
Менiңше, Жармахан Тұяқбай болсын, елiмiздегi кез келген саяси ұйымдардың басшылары болсын, ескеретiн маңызды мәселе бар. Ол: Қазақстанның саясатына белсене араласамын деген ниеттегi кез келген азамат, саяси партия т.б. қазақ социалистерi, қазақ демократтары, қазақ либералдары болуы керек. Яғни бүгiнде тұтынып, ұсынып, насихаттап жүрген саяси тұжырымдары мен идеялары қазақы көңiл-күймен, қазақтың рухымен, қазақы шежiре, тарихпен астасуы шарт. Онсыз бiрде бiр саяси тұлға не саяси ұйымның электоралдық келешегi бұлыңғыр.
Негiзi Своиктiң соңғы кездерi шын бет-бейнесi айқындалып қалды. Мысалы Кедендiк одақты қолдап жүр. 1990 жылдардың басында айтқан қазақтың намысына, арына тиетiн сөздерiн қазiр ашық айтпаса да, әсiреорысшыл, әсiрересейшiл саясаты сөзi мен iсiнен көрiнiп тұрады. Қазақстанның Кедендiк одақ, Еуразиялық одақ сияқты ұйымдарға бiрiгудi көздейтiн шаралары елiмiздегi әсiрересейшiл саясаткерлерге дем бергендей көрiнедi. Демек қазақ журналистерi своиктерге тойтарыс берiп, олардың ұлтқа, мемлекетке қарсы iстеген әр iстерiн әшкерелеп, ондайларды қоғамдық пiкiр тудыру арқылы сазайын беру қажет. Сонда ғана қазақтың тiлi, дiлi, тарихы туралы пiкiр айтуда адамдар абайлап сөйлеуге мәжбүр болады.
Талғат ЕШЕНҰЛЫ, журналист:
- Петр Своиктiң бұл сөзiне мән бермеуге де болар едi. Расында, Своик деген кiм? Олар - өткен күннiң сарқыншақтары. Ойы мен бойы 90-жылдардың басындағы «саяси, әлеуметтiк-психологиялық қалыптан» аса алмай қалған, не билiктен, не оппозициядан опа таппаған, мемлекеттiң болашағына мүлде сенбейтiн және сенгiсi келмейтiн, тәуелсiз елде өз орнын таба алмаған және таба алмайтын бейбақтардың жиынтық образы. Олар әрдайым ескi стереотиптермен, мифтермен, орындалмай қалған армандарының елесiмен өмiр сүредi. Олар ешқашан қазақты, қазақтың дiлiн, тiлiн мойындаған емес, мойындамайды да. Себебi квартиранттың аты - квартирант. Деп қоя салуға да болар едi.
Бiрақ кез келген квартиранттың бет терiсiн тiлiп жiберсеңiз, артынан дарақы, кеудемсоқ шовинист шыға келетiн болды. Ең қауiптiсi - осы. Осыдан кейiн қайтiп мән бермейсiң? Қазақтың «итi күшiктеп, ителгiсi құс iлсе де» үкiм айтуға қақылымын деп есептейтiн, тамағыңды iшiп, табағыңды тебудi сүйексiңдi ғадетiне айналдырған тобыр қайтадан бас көтерiп жатыр.
Бұл ненiң шалығы? Бұл - «Путиндiк Ресейдiң» жаңа ұлыдержавалық, империялық саясатының шалығы. Қазақстанның Кедендiк Одақтың, Еуразиялық экономикалық кеңiстiктiң қамытын өз еркiмен киюi бiздiң елдегi шовинистердiң кеудесiне қайтадан нан пiсiрiп отыр. Своик сияқтылардың тiрлiгi сол «лас, үлкен ойынның» бiр пұшпағы екенiне бәс тiгуге бармын. Ресей саясаткерлерiнiң, сарапшылардың түрлi провокациялық мәлiмдемелерi Своиктер үшiн шұғыл берiлген команданың есебiнде. Бiр сөзбен айтқанда, бiз аса қатерлi, агрессиялық саясатпен, ақпаратты-идеологиялық күреспен бетпе-бет келiп отырмыз.
Өз басым билiктен ешқандай үмiт күтпеймiн. Себебi оларды әу бастан төрiмiзге шығарып, төбемiзде ойнақтатқан өзiмiздiң билiктiң сатқындығы, ынжық мiнезi болатын. Билiк баяғыда-ақ «орыс аюымен» пактiге қол қойған. Ұлттың мүддесiн, ұлттың болашағын аяқасты ететiн пактiге.
Не iстеуiмiз керек? Қонақжай, қоймiнез, кеңқолтық қазақтың дәуренi өткен. Бiз бәрiне дайын болуымыз керек. Таспен атқанды таспен атуға тиiспiз. Қолтығына шоқпар тыққанның басына әңгiртаяқ ойнату керек. Әзiрбайжан, өзбек, грузин, украин бауырларымыздай, мейханшылап: «Ты кто такой? Давай, до свидания!» деп айтуды үйренетiн уақытымыз баяғыда жеткен.
Cерiк НҰРМҰРАТОВ, философия ғылымдарының докторы, профессор:
- Бiр қарағанда өзiнiң саяси, экономикалық, мәдени және рухани еркiндiгi бар Қазақстан сияқты елге және сонымен қатар оның тәуелсiздiгiн халықаралық қауымдастық толықтай мойындаған елге өзiнiң мемлекеттiк тiлiнiң бүгiнгiсi мен болашағы үшiн алаңдау керек емес сияқты көрiнедi. Дегенмен өзiнiң барлық этникалық болмысын тiлi мен дiлi, дәстүрi мен салты арқылы танытуға, әлемге паш етуге тырысқан кез келген халық ұлттық тiлiнiң болашағын, қамын ойлайды. Қазақтардың да өзiнiң болашағы үшiн қазiргi жаһандану заманында алаңдауы заңды құбылыс. Оның әрбiр саналы азаматы ұлттық өзiндiк сананың әртүрлi қырлары негiзiнен тiл арқылы өрбитiнiн жақсы түйсiнедi және ол тек адамаралық қарым-қатынас құралы ғана емес, ол негiзiнен адамның әлемдi рухани игерудiң өзiндiк көптүрлiлiгiн сақтаушы маңызды тетiгi. Көптүрлiлiктiң бiрлiгi ғана адамзат дүниесiнiң өркениеттiк дамуының түпкi мәнiн айғақтайды. Ал қоғамдағы құбылыстық бiрiздiлiк пен бiрыңғайланып кету үрдiсi мәдениет мен өркениеттiң күйреуiне алып келедi. Сондықтан адамзаттың ортақ тағдырын анықтайтын рухани iргетасы, бiртұтас дүниенi түсiнуi болғанмен олардың сыртқы көрiнiс беруi алуан түрлi болуы заңдылық. Осыған орай ұлттық мәдениеттер мен ұлттық тiлдерге деген сұраныс жалпы Ғаламның үйлесiмдiлiгiне сәйкес келедi.
Еуропадағы француздар өздерiнiң ұлттық тiлiне, мәдениетiне ағылшын, испан, немiс және итальян тiлдерiнен сөздер мен түсiнiктер көптеп ендеп кетпеуiн қадағалап отырады. Ассимиляцияға ұшырау қаупi көптеген этностарды алаңдатады. Басқа да мықтымын деген ұлттардың өздерi этникалық тiлдерiнiң сақталуына, дамуына мүдделi, соның сан қырлы нұсқаларын әлеуметтiк болмыста сынақтан өткiзуде. Бұл жерде әлеуметтiк шындықта терiс мағынадағы ұлтшылдық емес, нағыз оң мағынадағы ұлтжандылық құбылысының келбетiн байқаймыз. Сондықтан қоғамдағы тiл философиясы бұл этнос философиясының нағыз күретамыры, өзегi екендiгiне күмәндануға болмайды. Қазiргi заман философиясында этнос философиясы жаңа бағыт ретiнде белең алып келе жатқан салаға жатады. Ал ендi этностың тағдырын негiзiнен оның мәнiн құрайтын ұлттың рухы және ұлттың тiлi шешетiнiн байқаймыз. Ұлттық рухы сынған, күйреген дүниеде ұлт пен ұлыс бәрiнен айрылады. Оның iшiнде тiлi де жойылып кетуi мүмкiн. Сондықтан елiмiздегi мемлекеттiк тiлдi өркендетудiң бiрден-бiр маңызды тетiгi - халқымыздың ұлттық рухын жандандыру, өркендету, дамыту болып табылады. Осы айтқанға оңай тезистiң астарында көптеген тармақтарға бөлiнген үлкен iс-қимылдар мен әрекеттер жүйесi жатыр.
Өзiнiң халқының саны жағынан елдегi демографиялық құрылымда кворумдық шамаға, яғни заңды шешiм қабылдауға мүмкiндiк беретiн құқыққа ие болатын дәрежеге жетiп қалған қазақтар (кез келген ұйымдағы мүшелердiң үштен екiсi, яғни 66,6 пайызы кворумды құрайды, ол жиынды өткiзуге, белгiлi бiр өндiрiстiк, ұйымдастыру шешiмдерiн қабылдауға заңды түрде мүмкiндiктер бередi) көп мәселенi демократиялық жолмен шешетiн уақытқа жеттi. Яғни көпшiлiктiң пiкiрiмен, мүддесiмен санасатын қоғам қажет. Ал ендi қазақ «көп қорқытады, терең батырады» дейдi, бiрақ «бiз қазақтар елде көп едiк» деп қорқыту арқылы немесе зорлық жасау жолымен игi iстердi жасаудан аулақ болуға тиiстiмiз. Бiр кезде халқымызға жасалған әртүрлi қитұрқы зұлматтар үшiн оның қайтарымын дөрекi жолдармен iздемесiмiз анық (ХХ ғасырдағы фашизмнiң құрбандығы үшiн қазiргi замандағы немiс халқының жаңа ұрпағын кiнәлап жатқан ешкiм жоқ). Кезiнде әл-Фараби атамыз «қайырымды адамдар ғана қайырымды қаланы» құрай алады деген болатын. Демек, қазiргi замандағы тiл мәселесiн шешуде, тiлдiң мәртебесiн лайықты деңгейге көтеру жолында адамгершiлiкке сай келетiн iзгiлiктi қадамдардың басымдық танытқаны құба-құп демекшiмiз.
Қазақ тiлiн азаматтардың жете бiлуiне, үйренуiне және өмiрде оны орынды деңгейде қолдануға деген екi жақты қозғалыс қажет. Бiр жағынан Үкiмет тарапынан жүйелi қолдау мен бақылау қажет, кез келген азаматтарды ынталандырудың барлық тетiктерiн қосу қажет, бұл тарапта үлкен жетiстiкке жеткен ұжымдар марапатталу керек, үнемi мемлекет тарапынан қолдау тауып отыруы қажет. Сонда мемлекеттiк тiлдi қолдау құр сөз болып қалмайды, әрбiр ұжымның өмiр қажеттiлiгiне айналады, адамдарды қызықтыратын экономикалық тиiмдi тетiкке айналады. Материалдық қызықтырудың көптеген жолдары бар екенiн ескерсек, бұл саладағы жекеленген шығармашылық пен тапқырлық қолдау тауып отыруы керек. Сонымен қатар жалпы халықтық қозғалыстың қажеттiгi бұл мәселенiң екiншi қыры болып табылады. Ол дегенiңiз кешегi Кеңес дәуiрiнде тәрбиеленiп, өзiнiң ана тiлiнен шеттеп қалған қандастарымызды бiз қазақ тiлiн бiршама жетiк бiлушiлер iшке тартуымыз керек, оларды кiнәламай, «космополит» деп оларға айдар тақпай барынша қолдау жасауға тырысуымыз қажет. Бiртұтас халықты жiктемелеуден, бөлшектеп, сортқа бөлуден пайдасы аз нәтижелер аламыз. Онсыз да шетелден келетiн отандастарымызға квотаның үш жылға тоқтатылуы бiртұтас қазақ халқының бiрiге түсуiне, өзара ықпалдасуын дамытуға бiршама кедергi болуы мүмкiн.
Қазақтың тiлi қазiргi кезеңнiң өзiнде толыққанды өнердiң тiлi, дәстүр мен әртүрлi халықтық рәсiмдердiң тiлi, бiрақ ол сондай деңгейде ғылымда, бiлiм беруде, медицинада, өнеркәсiпте, тұтыну салаларында және халықаралық қатынастарда өз келбетiн толық таныта алмай келедi. Мiне, осы мағынада ағылшын мен орыс тiлiн негiзiнен өз жеке мүддесi үшiн үйренетiн жастардың санасына халқымыздың ұлттық рухын сақтайтын, ұлттық мәдениетiн өрбiтетiн қазақ тiлiнiң ендеуi өте-мөте өзектi дүние. Елiмiздiң әрбiр халқына адал ерiнiң тырысушылығынан, «тамшыдан теңiз құрайтындай» әрекетiнен жаңа лингвистикалық ахуал туындауы да мүмкiн. Ол үшiн елiмiзде қазiргi тұтыну психологиясының ауқымында жүрген, тек өз басының қамын ойлаған пенделердiң орнына халқының болашағы үшiн тер төгетiн азаматтардың көбеюi шарт.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ
«Түркістан» газеті