Қазақша жарнама: Сенат заңды кері қайтарды
Сенат депутаттары көрнекі ақпарат және діни қызметке байланысты заң жобасына түзетулер енгізіп, Мәжіліске жіберді.
Заңдағы өзгерістер әкімшілік-аумақтық бірліктерді, елді мекендердің құрамдас бөліктерін, басқа да физикалық-географиялық нысандарды тарихи қалыптасқан қазақша атаулармен белгілеуді қажет деп санайды. Сонымен қатар жарнама маңдайшаларындағы сөздер де қазақ тілінде жазылуы керек деген ұстанымды көздейді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов
«Заң жобасы деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру мәселелері бойынша Қазақстанның заңнамасын жетілдіру мақсатында, мәтіндердің орфографиясы мен теңтүпнұсқалы аудармасы нормаларын және Қазақстанның дін саласындағы заңнамасын сақтау бойынша талаптарды белгілеу арқылы әзірленді», - деді сенаттың жалпы отырысында.
Заң жобасын дайындағандар «бұл көрнекі ақпараттардың дұрыс жазылуы үшін, түпнұсқадан қате аударылып, әлеуметтік түсініспеушілікті тудырмау үшін қажет, сондай-ақ конфессия-аралық өзара іс-қимыл, дін мәселелерінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін керек» деп есептейді.
Заң жобасын талқылау кезінде сенаторлар діни қызмет бағыты бойынша өзгертулар енгізді. Атап айтқанда, мағыналық және құқықтық жүктеменің болмауына байланысты «діни мазмұндағы ақпараттық материал» ұғымынан «мәтіндік сілтемелерді қоса алғанда» деген сөздер алынып тасталды. Азаматтық құқықтар тек жеке тұлғаларға қатысты қолданылатындықтан, дінге деген көзқарасқа байланысты заңды тұлғалардың азаматтық құқықтарын қорғауға қатысты норма алынып тасталады.
Мәжіліс Сенаттың заң жобасына енгізген түзетулерін қабылдаса, заң Президенке қол қоюға жіберіледі.
Abai.kz