Сауытбек Абдрахманов: Қазақстан әлемдегі бейбітшілік шерудің көшін бастады
Парламент депутаты, Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі Сауытбек Абдрахманов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы туралы пікір білдірді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев дер шағында, ұлыстың ұлы тойының дәл қарсаңында жариялаған «Тәуелсіздік тағылымы» атты еңбегінде: «Біз атом қаруынан өз еркімізбен бас тартып, бүкіләлемдік ядролық қарусыздану көшін бастадық. Бұл – Қазақстанның жаһандық бейбітшілікті сақтауға қосқан теңдессіз үлесі» деп атап айтқан, қадап көрсеткен. Иә, Қазақстанның әлемдегі бейбітшілік жолындағы шерудің көшін бастағанының өзіне отыз жыл толып отыр. Оны отыз жылдан бері бүкіл әлем біліп, лайықты бағалап отыр.
Бұл сөзге дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Осыдан екі күн бұрын АҚШ президенті Джозеф Байденнің Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына мемлекетіміз тәуелсіздігінің мерейтойына орай жолдаған құттықтауы жарияланды. Онда: «Қазақстанның Орталық Азияда және бүкіл әлемде бейбітшілік, тұрақтылық пен гүлденуді сақтау жолында көш бастап келе жатқанының 30 жылдық мерейтойы қарсаңындағы қуанышыңызға ортақпын» деп жазылған. Кім айтса да оңай сөз емес. Әлемдегі ең қуатты елдің лидері айтса, тіпті салмақты сөз.
Ал содан, яғни Нұрсұлтан Назарбаев қазақ жеріндегі ажал аранына өз қолымен құм құйып, тажалды тұншықтырғаннан небәрі бес-ақ жыл бұрын біз қандай ел едік? Мәскеу ойындағысын жасайтын, кадрлық эксперимент өткізіп, топырағымызға табаны тиіп көрмеген көлденең көк аттыны бізді басқаруға жібере салатын ел емес пе едік? Сол елдің етектегі басын төрге шығарып берген ерен ердің кеше жария етілген толымды толғауы тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуін әңгімелеумен ғана шектелмейді, егемендікке ұмтылумен өткен халықтың ең қасиетті құндылықты қандайлық қастерлеуге тиісті екендігін де тебірене сөз етеді. Өз жерінде небәрі қырық пайызды құрап тұрған қазақтың сол сын сағатта сыр бермеуі, тек рухы күшті, бірлігі бекем жұрт қана ала алатын асулардан асуы қасиетті киеміз – тәуелсіздікке сабыр мен төзімділік, ақыл мен парасат арқылы қол жеткізуінің арқасы екендігін тарихтың тар кезеңін тамаша талдай отырып, түсіндіреді.
«Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын» дейді Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгінгінің бәрі оп-оңай бола қалғандай, қазіргі береке өздігінен келе қалғандай, шекарамыз шиеленіссіз бекітіле қалғандай, елордамыз аяқ астынан орнай қалғандай, сан түрлі ұлттың басы әп-сәтте бір мақсатқа біріге қалғандай көретіндер көбеймесе, азаймай тұрған осындай шақта осылай айтатын кез де келген еді.
Әр адамға берілетін бағаның біреуі өзінің ұл-қызының тәрбиесі десек, ұстазға берілетін бағаның біреуі шәкіртінің деңгейі десек, ел ұстазы болып табылатын Елбасына берілетін бағаның біреуі – өзінің саяси ізбасарын тәрбиелеуі. Бұл тұрғыдан біз Елбасымызға Қасым-Жомарт Тоқаев сынды азаматты жас күнінен тамыршыдай танып, осынша жылдар бойы баулып, қанаттандырып, сан қияға салып, биіктерге ұшырып, сынақтарға түсіріп, түрлі лауазымды қызметтер беріп байқап, осындай деңгейге келтіргені үшін разылығымызды білдіреміз.
«Отыз жылға жуық ел басқарған кезімде мен жаныма қаншама азаматты серік етіп, көптеген шәкірт тәрбиеледім. Солардың ішінде Үкімет басқарған, Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары ретінде жаһандық саясатқа жетіктігін танытқан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қасымнан табылған нағыз патриот, жоғары білікті кәсіпқой тұлға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Президенттік қызметке ұсындым. Сайлауда халықтың басым көпшілігі оны қолдады. Осылайша, біз халқымыздың ауызбірлігін, саясаттағы сабақтастығымызды күллі әлем қоғамдастығына тағы бір қырынан таныта білдік», - дейді Елбасы.
Тәуелсіздік тойы қарсаңында айтылған бұл сөздер біздің баршамыздың келер күндерге, кемел келешекке сенімімізді арттыра түседі.
Abai.kz