Марат МАДАЛИМОВ. ҚАЗАҚ ТІЛІ, ШПИОНДАР және СВОИК ТУРАЛЫ
Ерінбегеннің езуінде шайналып, өркениетті «Орбиттің» күйіне түскен қазақ тілінің қазіргі жағдайы мәз емес. «Іші пысқан» депутат та, мәңгіріп жүрген министр де, тіпті «ауылдан шыққан» атағы дардай әкім де, көбінесе «ұлтаралық тепе-теңдікті» сақтау үшін (?) мемлекеттік тілмен теңестірілген ресми тілде сөйлейді. Үйде де, түзде де. Қазақ еліндегі мемлекеттік тіл (яғни, қазақ тілі) туралы даңқ пен дақпырт көп, пәтуәлі пікір де көп, айтылып жатқан. Бәріміз білеміз. Көп... көп... нәтиже бірақ жоқ. НЕГЕ?
Ерінбегеннің езуінде шайналып, өркениетті «Орбиттің» күйіне түскен қазақ тілінің қазіргі жағдайы мәз емес. «Іші пысқан» депутат та, мәңгіріп жүрген министр де, тіпті «ауылдан шыққан» атағы дардай әкім де, көбінесе «ұлтаралық тепе-теңдікті» сақтау үшін (?) мемлекеттік тілмен теңестірілген ресми тілде сөйлейді. Үйде де, түзде де. Қазақ еліндегі мемлекеттік тіл (яғни, қазақ тілі) туралы даңқ пен дақпырт көп, пәтуәлі пікір де көп, айтылып жатқан. Бәріміз білеміз. Көп... көп... нәтиже бірақ жоқ. НЕГЕ?
«Саясат сахнасындағы ойнап жүрген рөлдері ақжем» болып, тоза бастаған кезде кейбіреулер (мәселен, Своик, Қуанышалин сияқтылар) өздерінің «тірі» екендіктерін білдіру үшін көкпарға айналған қазақтың тілін анда-санда додаға салып қояды. Қазақтың өзі сияқты, қазақтың тілі де көнбіс - мұны қазақтан басқаның бәрі біліп алған. Жиырма жылда қазақ тілінің жыртығын жамай алмаған халықаралық «Қазақ тілі» деген қоғамдық қордың иығына шапан жауып, өзін «мәңгілік мұрағатқа» шығарып салу керек. Своик сияқтылардың «сағызына» айналған қайран да қайран қазақ тіліне қорған бола алмаған осынау қоғамның «зейнет жасына» осы жеткені - жеткен. Өйткені мұндағылардың көпшілігі пайғамбар жасынан асып, «тегін теңгеге» тістей қатып қалған. Жалпақ тілмен айтқанда, атақтары дардай академиктеріміз бен профессорларымыздың «аккумуляторлары» отырған. Ол кісілерді қоғамдық жұмыстарға «жеккеннен» тесік теңге пайда жоқ қазақтың тіліне. Мұндай қоғамдардан гөрі ШАХАНОВ пен САРЫМ сияқтылардың еңбектері салмақтырақ, әділін айту керек.
Орыстарда «Русский шансон» деген бір музыкалық ағым бар. Осы ағымның қазіргі әндерінің ішінде атақты Асмолов айтатын: «...не сыпь мне соль на рану, не говори на взрыв... не сыпь мне соль на рану, она еще болить...», - деген жолдармен қайталанып айтылатын бір әні бар. Қазақтың тіліне байланысты Своик деген саясаткердің сөздерін естіген кезде Асмоловтың осы бір жолдары есіме түсті. Өзімізше айтқанда, саясаткер «ескі жарамыздың аузын тырнап» кетті. Жай тырнап қана кеткен жоқ, ескі жарамызға екілене-екілене тұз сеуіп кетті. Сонда Своик былай дейді: «... придется исходить из той реалии, что государственным языком в Казахстане является русский язык. В том числе благодаря необратимо состоявшемуся русскоязычию казахских элит... ведь и сами патриоты негодуют, что казахский не является государственным, и что казахские же власти говорят на русском...»
Міне, бәріміз біліп жүрсек те, ешкім ашып айтпайтын, ешкімнің ашып айтқысы келмейтін шындықты Своиктің көзімізге шұқып тұрып көрсеткені. Шындықты шыжғырып тұрып бетімізге басқан саясаткердің соңынан тас лақтырып, әр түрлі әңгімемен әурелегенше, тіл мәселесінде өзіміз (яғни қазақтар) нәтиже беретін нақты іске көшуге тиіспіз. Бірақ қалай?
Своик былай деп «ақыл» айтады: «...для начала его (қазақ тілін айтады. М.М.) надо довести до уровня межнационального общения...»
Дұрыс па айтып отырғаны? Дұп-дұрыс. Алайда еліміздің кез келген қаласында қазақстандықтар (қазақтар да) өзара орыс тілінде сөйлеседі. Шындық па? Шындық бұл да. Еліміздің кез келген мемлекеттік мекемесінде (жекеменшікті айтпай-ақ қояйық, өйткені оларды «ұрып өлтіретін» өкімет жоқ) қажетті құжатыңды орыс тілінде ғана «теп-тез» ала аласың. Шындық па бұл? Әрине шындық. Ғайыптан тайып, қажет құжатың қолыңа қазақ тілінде тие қалатын болса, ондағы өріп жүрген қателерден көзіңіз қарауытып, тіліңіз сақауланып қалады. Қазақша «гәпіргенде» балабақшаны есіңе түсіретін премьер Мәсімовті айтпағанның өзінде, оның үкіметіндегілердің тоқсан пайызы мемлекеттік тілді мүмкін болатындай дәрежеде меңгере алмаған. Бұл да шындық. Своик әдейі айтып отырған сияқты: «қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру керек», - деп, өйткені бұл мүмкін емес қой. Дәл қазіргі таңда. Өйткені көшедегі көк аттыны тоқтатып алып, «айналайын, қазақша сөйлеші» деп талап қоя алмайсың. Бұл мәселені нақты жүзеге асыру үшін талайдан бері талайымыздың қауашағымызды «қаңғырлатып» келе жатқан «қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде күнделікті қажеттілікке айналуға тиіс» деген ұғымды заңды түрде айналысқа енгізу қажет. Қажеттілік туындамай қазақтың тілі, Своик айтып отырғандай, ұлтаралық қатынас тіліне де айнала алмайды. Осындайда Әуезхан Қодар деген бір «қайраткердің» жақында ғана «тарихта қазақ қалсын ба, жоқ әлде қазақтың тілі қалсын ба?» деп Америка ашқандай болғаны еріксіз есімізге түседі. Негізі, Қодар сияқтыларды «қоғамдық кемеге» әлсін-әлсін отырғыза беру үрдісінен дереу бас тарту қажет, өйткені мұндайлар Своик сияқтылардан екі есе қауіпті. Ұлтымыз үшін. «Қазақ десең, өзіңе тиеді» дегендей, осы жерде Жасарал Қуанышалин деген «санасына сәуле түспей» жүрген саясаткерді де сөзіміздің сірәғысына келтіре кеткеніміз дұрыс шығар. Неге дейсіз бе?
Жаңаөзен оқиғасын жақсы пайдаланып, саясат сахнасында «мемлекеттік тұлға» деңгейіне дейін көтерілген (дәлірек айтқанда, кейбіреулер көтеріп жатқан) Козлов деген қоғам қайраткері бар. «Алға» деген тіркелмеген (тіркелмесе, қалай партия атанып жүргеніне таңым бар) партияның мойындалмаған көсемі. «Қазақ елінің болашағы үшін от пен суға түсуге бар» саясаткер дейді ол туралы кейбіреулер. Бірақ бұған менің күмәнім бар, өйткені өмір бойы қазақ елінде тұрып келе жатып, сол қазақтың тілінде «нан сұрап жей алмайтын» Козлов, бір ауыз сөзбен айтқанда, «тарысы піскен партияның тауығы» болып жүрген біреу ғана. Өзімнің «жекеменшік» осынау тізіміме мен Марченко, Школьник, Браун, Дьяченко сияқтыларды да «қолым қалтырамай» қоса саламын. «Мен не деймін, домбырам не дейді» демекші, жақында «саясат сахнасындағы басты рөлдердің» бірінен өмір бойы дәметіп келе жатқан саясаткер Жасарал Қуанышалин «өзімен өзі әлек» боп жүрген қайдағы бір Козловты өзіміздің данышпан Абайымызбен бір қатарға қойып, теңестірді де қойды. «Козлов - Абаймен тең тұрған тұлға», - деді. Жағымпаздық пен намыссыздықтың бұдан өткен түрі бола қоймас, өзін өзі сыйлай білетін адам баласында. Күпірлік болмасын, сөзбе-сөз келтіре кетейік: «...я думаю, что Владимира Козлова можно сравнить с Абаем Кунанбаевым...» Ал керек болса! «Өлдің, Мамай, қор болдың!» деп осындайда айтылған-ау шамасы! Өзі айтып жүрген «нағыз қазақтың нағыз қазақша» бір ауыз сөз білмейтінінде Қуанышалиннің шаруасы жоқ. Мұнымен де тоқтамай, Жасекең: «...Владимир должен знать, что его поддерживают все честные (?) люди Казахстана», - деп күйіс қайырады. Демек, Қуанышалиннің ойынша, Козловтың пікірлерімен келіспейтіндердің, Козловқа қолдау көрсеткісі келмейтіндердің «не честные люди» болып шыққаны ма сонда, қалай-қалай болып кетті бұл өзі?
Осындай да осындай пікірлерінен кейін өзім аздап кәдімгідей құрмет тұтып жүрген Қуанышалиннің «құдығының суының» тазалығына қатты күмәнданып қалдым. Мұндай да қазақ болады екен-ау!
Ал осы кезде:
Коммунистер халықтық партиясының басшысы, мәжілісмен Владислав Косарев мырзаның аяқ астынан жасаған мәлімдемесі қазақ елінің келешегін ойлайтындардың бірсыпырасын кәдімгідей ойландырып тастады. Оның айтуынша, еліміздегі коммерциялық емес ұйымдардың барлығы (НКО - некоммерческие организации, НПО - неправительственные организации) шет елдердің барлау қызметтеріне жұмыс жасайтын «шпиондар» көрінеді. Не билікте емес, не оппозицияда емес - әйтеуір бейтарап позицияны «ерттеп мініп алған» коммунистердің көсемінің мәлімдемесі шынында да ой жүгіртіп, шұқылап тексеріп көруге болатындай-ақ бір нәрсе сияқты. Айтқандарының жаны бар, өйткені солтүстік көршіміздің жаңа қабылданған бір заңында коммерциялық емес ұйымдардың барлығын «шет елдердің агенттері» деп тасқа басқандай таңбалап тастаған.
Нақты емес мәліметтерге қарағанда, біздің еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың саны жеті жүзге (!) жетіп жығылатын көрінеді. Бұлардың көпшілігін «ана тілінен ада болған» (қазақ тілінен) әйел адамдар басқарады. Әлекедей жалаңдамаса да, осылардың көпшілігінің анық қазақ елінің мүддесі үшін жұмыс жасамайтыны айдан анық. Ал енді мемлекеттік тіл мәселесіне келетін болсақ, үкіметтік емес ұйымдар үшін тіл проблемасы олардың таяу бесжылдықтағы жоспарларында жоқ. Мұны кез келген НПО-ның іс-қағаздарынан-ақ анық байқауға болады. Негізі, біздің еліміздегі «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай» бірден қаптап кеткен НПО-лардың нақты немен айналысатынын ешкім білмейді. Елімізде НПО туралы «қол-аяғы бүтін» бірыңғай заң тармақтары да жоқ. Сырттан қаржыландырылып, сырттағыларға қызмет ететін НПО-лардың дені демократияның терісін жамылып алып, коммунист Косарев айтқандай, шпиондықпен айналысып жүрмегеніне ешкім кепілдік бере алмайды. НПО демекші, АҚШ елшілігінің сайтында осы елдің мемлекеттік департаментінің мынадай түсініктемесі бар: «...источником финансирования американских НПО могут стать частные граждане (американцы или иностранцы), частные некоммерческие организации, благотворительные общества, а также гранты, выделяемые федеральным правительством или правительствами отдельных штатов или местными властями». Міне, осылай. Айтпақшы, бұлардағы НПО-ларды шет ел үкіметі қаржыландыра ма, жоқ әлде үкіметтік емес ұйымдар қаржыландыра ма, оларға бәрібір, Америка заңы бойынша мұндай мәселелерге тыйым салынбаған, тек оларды террористік топтар ғана қаржыландырмаса болғаны. Бұл - біріншіден десек, екіншіден - АҚШ-тың 1938 жылы шыққан «Шет елдік агенттер туралы» Заңында тайға таңба басқандай былай деп көрсетілген екен: «...шет ел азаматы Америка территориясында НПО ашып, лицензия алуға құқылы. Алайда НПО ашқан жеке тұлға немесе ұйым (америкалық болсын немесе шет елдік болсын - бәрібір) АҚШ-тың Әділет министрлігінде тіркеуден өтіп, тіркеу барысында өзінің шет елдік жұмыс берушісінің, өзінің шет елдік қаржыландырушысының аты-жөнін ашық көрсетуге тиісті. Мұндай ашық көрсетілуге тиісті мәселелердің тізімінде болуға тиісті тағы бір мәселе - жеке тұлға немесе ұйым өзінің шет елдік жетекшілерімен байланысы туралы, әрқилы есеп-қисап құжаттары туралы да көпшілікке хабардар етіп отыруға міндетті. Қарап отырсақ, америкалық заңның талабы «тап-тұйнақтай», әлгі жеке тұлға немесе ұйымға қалай болса солай, «оңға-солға» бұрыла беруге мүмкіндік бере қоймайды екен. Ресейлік мемдума депутаттары да НПО туралы заң жобасын әзірлеген кезде дәл осы америкалық заңды негізге алғанға ұқсайды. Ал бізде ше?
Бізде - БАРДАК, жалпақ тілмен айтатын болсақ. Біздегі НПО-лардың «шпионы» қайсы, «шпион» емесі қайсы - адам түсініп болмайды. Бұл жерде әрине, Косаревтің айтқандарына құлақ қою керек. Кейбіреулер тәрізді, Косаревке күлмеу керек. Дәл осы мәселеде.
Қысқасы, өмірі жырланып бітпейтін қазақтың тілі туралы да, егемен еліміздің «шпиондары» туралы да аз-маз әңгіме қылған болдық, тыңдар құлақ болса. Своикті да сілкілеген болдық. Саясаттанушы Айдос Сарым Своикті, Своик арқылы Тұяқбай, Әбілов, Қосанов сияқты социал-демократтарды да «қылқындыруға» көшті. Жалпы, қандай мәселеде болсын... әсіресе ұлт мәселесінде «туысқанын да танымай» тік кететін Сарым мырзаның БАҚ беттеріндегі Своикке қатысты сараптамалары «сезімі бардың сілкінісін» туғызары сөзсіз. Әліптің артын бағайық, тіл тартысының жекпе-жегі енді басталғанға ұқсайды.
«Халық сөзі» газеті