Байқоңыр: Ресейдің бергісі, Қазақстанның алғысы жоқ!
Кеше Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр мен Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары Юрий Борисов «Байқоңыр» кешені бойынша жетінші Үкіметаралық комиссияның жұмысын қорытындылады.
Кездесу барысында «Байқоңырды» бірлесіп пайдалану мен одан әрі дамытуға, қаланың тыныс-тіршілігін жақсартуға қатысты мәселелер сөзталқы болған. Сондай-ақ, жиын қатысушылары өңірдің экологиялық жағдайына қауіп төндіретін «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы пайдаланылмай жатқан құрылыс нысандарын жалға беруден босату, есептеп шығару немесе басқа пайдаға жарату жөнінде сөйлескен.
Abai.kz ақпараттық порталында осыған дейін Қазақстан мен Ресей арасындағы «Байқоңыр» келісімдері туралы, Ресей жалға алып отырған аумақтың Қазақстан экологиясына орасан зор апат әкеліп жатқаны, Байқоңырдағы қазақ ауылдарының өзгеге тәуелді тағдыры туралы лег-легімен материалдар жарияланды.
Депутат Арман Қожахметов Мәжілістің мінберінен мынадай батыл мәлімдеме жасады:
«Байқоңырдан ұшырылған алғашқы ғарыш кемесінен бастап (1959 жылдан бері) Қазақстан жеріне және Алтай өлкесіне 600-ден астам зымыранның қалдықтары құлаған. Уыты аса жоғары «қоқыстың» салмағы – 3 мың тоннадан асады! Байқоңырдан ұзақ уақыт бойы «Протон», «Циклон», «Днепр», «Циклон-М» зымырандары ұшырылып келді. Олардың қозғалтқышына сұйықтық ретінде демитилгидразин мен гептил қолданылды.
Гептилдің қауіптілігі сол, бір литр суға микрограмы араласса, адам өліміне әкеледі. Мәжіліске Жезқазған өңірі тұрғындарынан Байқоңырға қатысты хаттар келуде. Халық әсіресе космодромның қоршаған ортаға жағымсыз әсері салдарынан аймақта жүйке жүйесі мен ісік ауруларының көбейіп кеткеніне қатты алаңдауда».
Байқоңыр бізге сор болды! Сорымыз емей немене, Ресейдің құлаған бір зымыраны топырақты 20-30 жылға зақымдап, күйдіріп жібереді екен. Бұл – нағыз экономикалық диверсия!
Алайда, Үкіметаралық комиссияның бұл мәселені қалай шешкені тағы белгісіз. «Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сарапшылар өзара тиімді шешімге келді, бұл комиссия отырысының хаттамасында көрсетілген», – деген ресми ақпараттан өзге тұшымды сөз, көз сүзер мәлімет айтылған жоқ.
Қазақстан мен Ресей арасында 2004 жылы 9 қаңтарда қабылданған «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы мемлекетаралық келісім қолданылады. Ресейдің ғарыш айлағын жалға алуы құжатқа сәйкес 2050 жылға дейін ұзартылған.
Байқоңыр қаласын Ресейге жалға беруден босату мәселесі екі жылдың көлемінде талқыға түсіп келе жатыр. Қазақстанның цифрландыру, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Марат Нұрғожиннің:
«Байқоңыр қаласын жалға беруден кезең-кезеңмен шығару мәселесі Қазақстанның күн тәртібінде тұрғанын атап өткім келеді. Біз оны қазір мемлекеттік органдар ішінде мұқият талқылап жатырмыз. Роскосмостың басшылығымен біз бұл мәселелерді ауызша талқыладық. Бұл оңай мәселе емес, оның кемшілігі де, артықшылығы да бар. Біз осы мәселе бойынша сіздерге бірқатар талқылаулар өткізілгеннен кейін хабарлаймыз», - деген сөзін бірер уақыттан соң Қазақстанның цифрлық даму, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жоққа шығарды.
«Қазақстан тарапы «Байқоңыр» кешені бойынша, оның ішінде кешенді жалға беру мерзімдері бойынша Ресей Федерациясымен жасалған халықаралық шарттарға бейілділігін сақтайды», - деді министрліктің баспасөз қызметі.
Жиында сөз болған мәселелер туралы Ресей Вице-премьері Юрий Борисов журналистерге: «Ресей мен Қазақстан «Байқоңыр» ғарыш айлағы бойынша ынтымақтастық шеңберінде жаңа жобаларды іске асыруы қажет», - деп жауап берген.
«Байқоңыр» ғарыш айлағының мүмкіндіктерін ұзақ және тиімді пайдалану туралы нық сеніммен айтуға мүмкіндік беретін ынтымақтастығымызды жаңа жобалармен толықтырудың маңызы зор, мәселен ғарыш айлағында «Бәйтерек» ҒЗК құру жобасын іске асыру басталып келеді», - деді Борисов, сөзбе-сөз.
Ол Ресей мен Қазақстан «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алу шартын 2050 жылға дейін ұзарту арқылы екі ел өз мүдделерін заңды түрде нығайтқанын айтты.
«Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде тасымалдағыш зымыран бөлшектерінің құлау аймағы ретінде Қазақстан Республикасының аумағында жер учаскесін беру және пайдалану шарттары туралы Үкіметаралық келісімді ратификациялау кезекте тұр. Бұл «Союз – 5» типті тасымалдағыш зымырандарды пайдалану мүмкіндігін кеңейтеді», - деп қосты ол.
РФ Вице-премьерінің аппараты Байқоңыр әлемдегі ең көп «ұшыру қызметін атқарып отырған» ғарыш айлақтарының бірі мәртебесін сақтап отырғанын атап өтті.
«Байқоңырдан ұшырылғандардың барлығы үш жылдан астам уақыт бойы жемісті болды әрі апатқа ұшыраған жоқ. 2021 жылы ғарыш айлағынан 12 рет зымыран ұшырылды, жыл соңына дейін тағы екі зымыран ұшыру жоспарланған», - делінген хабарламада.
Ресей тарапы өз мүддесіне қайшы келмейтін «Бәйтерек» ҒЗК құруға да, басқа да жаңа жобаларға ашық екенін қуана жеткізуде. Ал, Қазақстан үшін бұл шешім қаншалықты тиімді?! Гәп осында...
Айжан Темірхан
Abai.kz