Ақпаратқа қарағанда, Ақаевтың соңғы жарты жылда Бішкекке екінші рет келуі "Құмтөр ісімен" байланысты. Азаттықтың Қырғыз қызметінің дереккөзінің айтуынша, бұрынғы президент елде бірнеше күн болып, Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің (ҰҚМК) сұрақтарына жауап береді.
Ақаев алғаш рет Қырғызстанға биыл тамызда келген. Оған дейін ҰҚМК "Құмтөр" кенішіндегі жемқорлық ісі бойынша іздеу жарияланғанын хабарлаған.
Бір апта бойы ҰҚМК сұрақтарына жауап берген экс-президент Мәскеуге қайта кеткен. 16 жылдан бері ол сол жақта тұрып келеді.
2005 жылы 24 наурызда Қырғызстанда халық толқуы болып, соның нәтижесінде елді 15 жыл басқарған Асқар Ақаев елден кетуге мәжбүр болған. Отбасымен бірге Ресейге қашқан Ақаев сол жақтан саяси баспана алды.
Қырғызстанда "Құмтөр ісі" аясында бірнеше жоғары лауазымды шенеунік жемқорлық күдігіне ілінген. Құмтөр – Қырғызстандағы ең ірі алтын кеніші. Одан түскен кіріс ел экономикасының шамамен 9 пайызын құрайды. Қырғызстанның қазіргі басшылығы бұрынғы билік тұсында кеніш айналасында жемқорлықпен келісім-шарт жасалған деп санайды. Бұрынғы шенеуніктер мен кенішті игерумен айналысқан канадалық Centerra Gold компаниясы мұны жоққа шығарады.
Abai.kz