Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
Көршінің көлеңкесі 7354 32 пікір 25 Желтоқсан, 2021 сағат 00:01

Полковник Путиннің пиғылы...

Қазақстанға қалай әсер етпек?

Көрші ел президенті Путиннің осындай бір әдеті бар: жылына бір рет Мәскеуге мыңнан астам БАҚ өкілін жинап, бенефис жасайды. 3-4 сағат бойына тікелей эфирге шығып, сұрақтарына жауап береді.

Әрине, қазіргі жылдам да жүрдек технологиялар заманында мұндай әдіс тым бюрократшыл әрі жасанды көрінуі мүмкін. Оның үстіне кімді шақыру не шақырмау, кімге сөз беру не бермеу - толықтай Кремльдің өз құзырында. Мәселен, осы жолы Нобельдік Бейбітшілік сыйлығының лауреаты атанған «Новая газетаның» редакторы Дмитрий Муратов көпе-көрінеу шақырылмады. Бірақ ол да осал журналист емес қой: «Эхо Москвы» радиостансасының өкілі арқылы өз сауалын жолдап үлгерді. Ол сұрақ және оған Путиннің жауабы эфирге шықты.

Жә, «көрші елдің басшысының кезекті баспасөз мәслихатын соншалықты талқылап не керегі бар? Одан да өз жарамызды қасиық» деушілер де табыла жатар.

Меніңше, жеті жарым мың ортақ шекарамыз боп, өз ішімізде солтүстік сепаратизм қаупі бар жағдайда және ЕАЭО, ОДКБ, ШОС секілді ұйымдар құрамында жіпсіз байланып қалған осы ел басшысының сөздеріне біздің де құлақ асуымыз қажет сияқты. Өйткені «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген аталы сөз бар әрі таяқтың бір ұшы бізге де тиіп кетуі мүмкін.

Меніңше, Путиннің кешегі сөздерінің Қазақстан үшін, кем дегенде, үш түрлі әсері болмақ.

Біріншіден, Кремльдің антибатыстық риторикасы күшейіп, тіпті милитаристік сипат алып барады. Полковник Путиннің пиғылы әлемдегі небір қолбасшылар – маршалдар мен генералдарды – шошытып отыр емес пе? Телевизор экранындағы бүкіл әлемді айыптап, өзінікін ғана жөн санаған Путин мырзаны көріп отырып, мен сонау 1960 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының жиынында бәтеңкесімен мінбені ұрғылап тұрып, Батысқа сес көрсеткен Совет одағының басшысы Хрущевті амалсыз көз алдыма елестеттім.

Бұл дегеніңіз ұжымдық Батыстың Ресейге қарсы санкциялары күшеймесе, азаймайды деген сөз. Ал мұның өзі біздің елге тікелей әсер етпек, өйткені Батыс нарығынан шеттетіліп, өзіне бос кеңістік іздеген Ресей қаржысы мен бизнесі қайда бармақ – бізге келмек. Ресейлік АЭС пен СБЕР платформасы – сол үрдістің алғашқы қарлығаштары ғана. Мұның өзі онсыз да ілдәлап, күн көріп жатқан біздің отандық бизнеске мықты соққы болмақ! «Ресей компанияларына қол үшін берді» деген желеумен біздің компаниялар мен қаржылық құрылымдар да санкциялар астында қалуы әбден ықтимал. Бұл болса, бүкіл Қазақстан экономикасына төнген қауіп-қатер!

Екіншіден, біраз уақыттан бері әлем жұртшылығын «Ресей Украинаға қарсы соғыс аша ма жоқ па?» деген сауал мазалап келеді. Ресей әскерінің Украинамен шекара маңына шоғырланып жатқанын Кремльдің өзі жоққа шығарып жатқан жоқ.

Меніңше, Кремль бұл жерде құйтырқы қадам жасап отыр. «Түйе сұрасаң, бие береді» дейді атам қазақ. Осылай, жағдайды жасанды түрде, әдейі ушықтырып, кейін бір қадам артқа жасап, яғни әскерлерін шекара маңынан қайтарып, Батыс алдында бір ұпай жинағысы келетін сияқты. Сол кезде Қырым мен Донбасс, Луганскіге қатысты қатты сын жұмсарып немесе тіпті тасада қалуы мүмкін. Басқыншылық пиғылынан айныған оған деген ұжымдық Батыстың көңілі жібіп жатса, таң қалмауымыз керек болар.

Кремльдің Украина жерін аннексиялауының себебі де «өзгерген» сықылды. Бұрын «біз ол жақтағы орыстілділердің құқын қорғауымыз керек болды» деп ақталса, ендігі жерде Батыстан Шығысқа, Ресей шекарасына дейінгі аумаққа қанатын жая түскен НАТО-ны сылтауратып отыр.

Бұл дегеніңіз Қазақстандағы тілдік ахуалға ғана емес, болашақта біздің батыс ұйымдарымен, соның ішінде НАТО-мен әріптестігімізге өз кесірін тигізеді деген сөз.

Үшінші мәселе – сол баяғы орыс тілінің жағдайы. Путин Қазақстанды мақтағансып, «орысша сөйлейтін ел» деп атады. Мақтауы ма, мазақтауы ма – түсініксіз. Өз тілінде сөйлеуі тиіс кез келген тәуелсіз мемлекеттің шамына тиетін сөз екен шынын айтқанда. Бір нәрсе анық боп қалды: онымен сөйлесіп жүрген біздің екі басшы оған дәл сондай ақпарат беретін сыңайлы.

Мүмкін, Путин бұл сөзді әдейі, біздің ішкі жағдайды одан сайын ушықтыру үшін айтып отыр ма?

Қақпанға түсіп қалмайық!

Әміржан Қосан

Abai.kz

32 пікір