Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4130 0 пікір 31 Тамыз, 2012 сағат 10:00

Нұрлан Сәдір. Дүниеқұмарда дос болмас

Тоқсаныншы жылдардың басы болатын. Осынау құрсақ шала, көңіл жүдеу кезде Елемес елді дүрліктіріп, су жаңа машина мініп алды. Дүрлігетін де жөні бар: балалардың тілімен айтқанда «мектепті дәлізден бітірген», атадан қалған дәулеті, арқа сүйер ағайыны жоқ жігіт еді. Сөйте тұра өзге жұрт «ертең не жеймін» деп бас қайғы болып жатқанда, бұл ауылдың ішін жаңа «жигулимен» шаңдатып жүрді. Елден ерек еті тірі болмағанымен, нарық заманының амалын тым тәуір тапқан Елемес майда-шүйде кәмпит-печенье, сусын, сағыз саудасымен-ақ шаруасын дөңгелетіп жүргенінен ауыл іші хабардар болғанымен тап осындай табысқа жететінін ойламапты.

Қойшы, сонымен қылжақбас құрдастарын былай қойғанда, көлденең жұрттың өзі көрген сайын «Елеке, жумайсың ба?» деп қағытып қалуға тырысты. Обалы не керек, бұрынғы Елемес, қазіргі Елекең де көп жалындырған жоқ - «ертең кешке жуам» деген жуан хабарды дүңк еткізді. «Тойдың болғанынан боладысы қызық», күнделікті макорон, маргариннен мезі болғандар мен біреу кездессе «бірдеңең бар ма?» демей қалмайтындардың құдайы беріп қалды. Елекеңнің машинасын жуу үшін бір жылқыны жайратып тастағаны, пәлен жәшік «заводской» алғаны туралы гу-гу әңгіме біраз жұрттың ермегіне айналды.

Тоқсаныншы жылдардың басы болатын. Осынау құрсақ шала, көңіл жүдеу кезде Елемес елді дүрліктіріп, су жаңа машина мініп алды. Дүрлігетін де жөні бар: балалардың тілімен айтқанда «мектепті дәлізден бітірген», атадан қалған дәулеті, арқа сүйер ағайыны жоқ жігіт еді. Сөйте тұра өзге жұрт «ертең не жеймін» деп бас қайғы болып жатқанда, бұл ауылдың ішін жаңа «жигулимен» шаңдатып жүрді. Елден ерек еті тірі болмағанымен, нарық заманының амалын тым тәуір тапқан Елемес майда-шүйде кәмпит-печенье, сусын, сағыз саудасымен-ақ шаруасын дөңгелетіп жүргенінен ауыл іші хабардар болғанымен тап осындай табысқа жететінін ойламапты.

Қойшы, сонымен қылжақбас құрдастарын былай қойғанда, көлденең жұрттың өзі көрген сайын «Елеке, жумайсың ба?» деп қағытып қалуға тырысты. Обалы не керек, бұрынғы Елемес, қазіргі Елекең де көп жалындырған жоқ - «ертең кешке жуам» деген жуан хабарды дүңк еткізді. «Тойдың болғанынан боладысы қызық», күнделікті макорон, маргариннен мезі болғандар мен біреу кездессе «бірдеңең бар ма?» демей қалмайтындардың құдайы беріп қалды. Елекеңнің машинасын жуу үшін бір жылқыны жайратып тастағаны, пәлен жәшік «заводской» алғаны туралы гу-гу әңгіме біраз жұрттың ермегіне айналды.

Сонымен, той да басталды. Елеместің барын салғаны көрініп-ақ тұр. Дастарханда той-домалақтың үйреншікті үлкен-кіші мәзірінен басқа атын естігенімен ауызға түспеген неше түрлі дәм мен мұндалайды. Осының бәрін көріп, жеп-ішіп отырған қонақ аянсын ба? Тост тиіп түрегелгеннің бәрі Елеместі бәшпәйынан бастап басына дейін мақтауға көміп тастады. Мақтаудың да майлысы, теңеудің де тәттісі болады екен ғой: қазіргі заманның байы да, бағланы да, батыры да, бәрі-бәрі өзі болып шықты. Қойыңдар енді, - деп басу айтатын Елекең де жоқ, айтқан сайын айызы қанғандай болып масайрап жүр. Тост алып, төбе көрсеткеннің әрқайсысы «құрметтіге» қандай жақындығы бар екенін айтып, онымен рөмке қағыстыруды, одан соң оны алған-алмағанына бақылау жасауды өзіне парыз санады. Той осы ырғақпен үш сағатқа барып қалды. Содан сақалдыларын сорпа, сақаларын сыра, кішкентайларын компот-Юпи отырғызсын ба, көңілдері қора жаққа ауа бастағасын, сұңғыла асаба той иесінің құлағына бір сыбырлап алып «орысша айтқанда - антракт, қазақша айтқанда - «ал тұрайық», - деп саңқ еткізді. Онсыз да әрең шыдап отырған жұрт қопарыла көтеріліп есіке қарай беттеді. Сырттағы сарт-сұрт музыка да жұрттың делебесін қоздырып барады. Елемес те солармен бірге ирелеңдегісі келіп ұмтыла түсті де, жигулиін қоршап тұрған топ кісіні көріп, жан-тәнімен тағы бір мақтау естігісі келіп кетті. Жетпей-ақ та байқады - мыналардың тұрысы бөлек: жан тапсырғалы жатқан жануарды қоршап тұрған құзғындарды көріп пе едіңіз? Көрсеңіз, жигули жанындағылар Елемеске осы көріністі еске салды. Жүрегі бір түрлі су ете қалған жігітіңе жұрт жарылып жол берді. Шыққыр көзі бірден көрді: әлдекім бір өткір нәрсемен машинаның бүйіріне  айқұш-айқұш терең сызат салыпты. Жаны шығып кете жаздаса да Елемес бұл қастандық қолынан келуі мүмкін деген кісілердің тізімін бір секунд ішінде көз алдына келтіріп үлгерді. Қолына түссе, қаскүнемді қылғындырып өлтірердей болып қалшылдаған оған ту сыртынан біреудің кеңк-кеңк еткен күлкісі түрпідей тиді. Іргелес көршісі екен. «Атаңның басына күлесің бе?» деп арс ете қалған дауыс Елемеске  өз ауызынан емес, басқа біреу айтқандай бөтен естілді. Әдетте жасы да үлкен, орыны да бар сыйлас көршісіне ол былай сөйлемес-ті, бірақ осы жолы өз ісіне жауап бере алатындай жағдайда емес еді. Қайта көршісі сабырлы екен, жайымен ғана: «Әй, сенің атамда не шаруаң бар, одан да  балаңа ие болсаңшы» - деді. Жалт қарағанда көзіне моншаға сүйеп қойған қаңылтырды циркуль сияқты пәлемен терлеп-тепшіп сызғылап жатқан үшке толар-толмас баласы түсті. Елемес осы жерден бастап бір түсініксіз күйге түсті. Өзі сол тұрған жерінде қалып, бойынан басқа бір дене жұлқына бөлініп шыққандай болды. Сөйтіп, болған сойқанның бәрін - алты аттап баласының жанына жетіп барғаны, циркульды қолынан жұлып алып, сәбиінің қолына бірнеше қайта сұққылағаны, арашалаған ағайынға бой берместен әлі де жазаламақшы болып қайта-қайта ұмтылғаны, барлығын өзі емес, әлгі дене істегендей, ал өзі оқиғаны бір сұмдық шытырман кинодан көріп отырғандай әсерде жүрді... Осы сұмдыққа бір алқа жанды бұралқы күйге салып қойған биден бос санаулы адам ғана куә болды, осы санаулының ішінен екі қарт қана: «баланы шырқыратқан мұндай тойың құрсын», - деп, бір түкіріп кетіп қалды, басым көпшілігі: «өй, өзіне сол керек, несі бар еді мынандай дүниені бүлдіріп», - деген мағынадағы әңгімені айтып, түк болмағандай ішке қарай беттеді. Елеместі де үй ішінен тапты. Тек бұл Елемес өзгеше еді. Той басындағы бал-бұл жайнаған күйі жоқ, тіпті үзілістегі ұсқыны әлем-тапырық болған ашулы қалпы да емес, жынынан айрылған бақсыдай солпиып, жүні жығылып қалған Елемес. Жүгенін жанындағыларға беріп, алдына келген рөмкені құйылса қағып тастап, құйылмаса көзін бір нүктеден алмастан үнсіз, сұлық отыр. Той тарқағанша осы қалпынан айнымады. Той басындағы балдай тәтті сөздердің де құны  кетіп қалғандай. Кезекті қызыл сөздің көсеміне көз қиығын самарқау салып, зорға жымиып әрең отыр, бара-бара одан да қалды...

«Батыр бізге бетін бұрмады», - деп қатты қапа болған қауым да көрінбейді, тіпті таң атқалы заржақ болып мақтап жатқан жайсаңы зым-зия жоқ болып кетсе де байқар емес, әркімнің өз қызығы өзінде...

...Таңертемен бір-екі рет қасына келіп, «әкесі, тұрсаңшы, мына бала ауырып тұр», - деген әйелін ақырып қуып жіберді. Содан әжетханаға барып келгені болмаса, бас көтерместен түске дейін жатты. Артынан «бас жазуға» құрдастары келді, олармен біраз отырып, ақырын есін жиған соң ғана, онда да  ыстық сорпа ішкісі келген соң, «әй, осы қайда?» - деп әйелін іздей бастады. «Баланы алып ауруханаға кеткен», - деген жауап оған алаң кіргізе алмады, керісінше құрдастарының «қап, жап-жаңа машинаны құртқанын қарашы» деген сөздері ашу-ызасын қайта қоздырып, ендігі әңгіме жақсылықты бағаламайтын балалар, қадір білмейтін қатын жайына ойысқанын біледі, аяғы тағы есінде жоқ.

Аңқасы кеуіп, қатты шөлдеген күйі түн ортасы ауа бір ояныпты. Дауыстап еді, ешкім келе қоймады. Әрең дегенде сыртқа шығып, ауызын аққа тигізгеннен соң ғана әйел-баласының ауруханадан әлі келмегенін білді. Өйтіп-бүйтіп киініп, жуынып-шайынудың ырымын жасап, басы қазандай болып ауруханаға тек таң ата жетті. Алдынан ұшырасқан медбике амандық-саулық жоқ, «операция әлдеқашан бітті», - деп дүңк ете түсірді.

Елемес жан ұшырған күйі балалар палатасына жетті. Бөлмелердің бірінің есігін жұлқи ашып, түрі әлем-тапырық болып кіріп келгенде, дәкемен оралған қолының басы шолтаң еткен баласы көзі шарасынан шыға жаздап, «әке, енді машинаға тимеймін!» - деп шыңғырып жіберді...

...Осы оқиға маған қатты әсер етті. Әуелгіде «атаңа нәлет, арақ» - деп, кінәнің көбін «ащы суға» аударған едім. Әрине, бұл жерде арақтың ешқандай қатысы жоқ, - деу мүлде қате болар еді. Азды-көпті ішілген арақ ерте ме, кеш пе, сол азды-көпті пәлесіне ұрындырмай қоймайды. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Алайда аталмыш оқиға туралы сан ойланып отырып, шешуші рөлді арақ атқарғанына күмән келтірдім. Меніңше, дүние жинау жолындағы жанталас Елеместің жүрегін қатайтып жіберген сияқты. Ал жүректің қатаюы материалды игіліктердің (ақша, үй, машина...) рухани құндылықтардан (махаббат, ұят, мейірім...) жоғары бағалануына әкеліп соғады. Жүректің дүниеге байлануы, ішілген есепсіз арақ-шарап баяндалған сойқанның алғышартын жасады, яғни әкенің өз баласына жасаған осындай қатыгездігі дүниеқұмарлық пен арақтың қосарланған қиянатының нәтижесінде ғана мүмкін болды. Мен оқырмандарға өз пікірімді тықпалаудан аулақпын, әркім өз ойын ортаға салса тіпті құба-құп болар еді.

Қазіргі техника дамыған заманда машинаға түскен сызатты тігісін білдірмей жамап жіберу қиын емес. Ал соры қайнаған Елемесіміз ертелі-кеш шапқылап, күреп ақша тауып, баласына шетелдің шебер дәрігері арқылы керемет протез істетсе де, ол қолды жүз пайыз ауыстыра ала ма? Тіпті ауыстырған жағдайдың өзінде сәби жүрегіне түскен жараны қай шеберге жаматады? Баласының махаббатына қалай ие бола алады?! Осындай жайттің өз басымыздан өтпесіне бек сенімдіміз бе?!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320