Алтынбек Сәрсенбайұлы. Үштаған немесе Қазақстанда әділ сайлау неге арман?
Ұлт мүддесі (мемлекет мүддесі) жолындағы ұлы күрес қай заманда да бір сәтке тоқтаған емес. Бұл күрестің мазмұны өзгермейді. Тек формасы ғана заманына қарай ауысып отырады. Ал, күрескерді ұлт тудырады. Қазақ елінің бүгінгі территориялық, мемлекеттік, мәдени-тарихи және тілдік, халықтың һәм ұлттық біртұтастығы алтын басын Алаштың бақыты жолына бәйгеге тіккен батыр ұлдардың күрескерлігі мен ерлігінің еңбегі. Сондай сардар тұлғаның бірі және бірегейі, екі ғасыр тоғысындағы өліара шақта қазақтың көшін алға сүйреген, сол жолда мерт болған - мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы.
12-нші қыркүйек - Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні. Тірі болса, ердің жасы елу келер еді. Елімен бірге тойлар еді.
Ұлт күресі жолында өлген ерде арман жоқ. Өйткені, қара орман қазақтың жадында сөзі жаттаулы, бейнесі сақтаулы.
Алтекеңнің 50 жылдығына орай, көз тірісінде жазылған мақалаларын, түрлі мәжілістерде сөйлеген сөздері мен баяндамаларын беруді бастап отырмыз.
«Абай-ақпарат»
Алтынбек Сәрсенбайұлы. Үштаған немесе Қазақстанда әділ сайлау неге арман?
Ұлт мүддесі (мемлекет мүддесі) жолындағы ұлы күрес қай заманда да бір сәтке тоқтаған емес. Бұл күрестің мазмұны өзгермейді. Тек формасы ғана заманына қарай ауысып отырады. Ал, күрескерді ұлт тудырады. Қазақ елінің бүгінгі территориялық, мемлекеттік, мәдени-тарихи және тілдік, халықтың һәм ұлттық біртұтастығы алтын басын Алаштың бақыты жолына бәйгеге тіккен батыр ұлдардың күрескерлігі мен ерлігінің еңбегі. Сондай сардар тұлғаның бірі және бірегейі, екі ғасыр тоғысындағы өліара шақта қазақтың көшін алға сүйреген, сол жолда мерт болған - мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы.
12-нші қыркүйек - Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні. Тірі болса, ердің жасы елу келер еді. Елімен бірге тойлар еді.
Ұлт күресі жолында өлген ерде арман жоқ. Өйткені, қара орман қазақтың жадында сөзі жаттаулы, бейнесі сақтаулы.
Алтекеңнің 50 жылдығына орай, көз тірісінде жазылған мақалаларын, түрлі мәжілістерде сөйлеген сөздері мен баяндамаларын беруді бастап отырмыз.
«Абай-ақпарат»
Алтынбек Сәрсенбайұлы. Үштаған немесе Қазақстанда әділ сайлау неге арман?
Алты ай бұрын Н.Назарбаев жарты әлемге жар салған едi. Сайлауды әдiлеттi, таза өткiзем деп уәде берген. Бәрiмiз де бiздiң елiмiзде ақыры бiр рет болса да әдiлеттi сайлау өтетiн болды-ау деп үмiттенiп едiк. Тағы да билiк бетiмен жер басқандай болып отыр. Бiрiншi рет емес. Бiрнеше рет қатарынан. Назарбаев үйдей уәдесiн үйе салған. Бiздi және қоғамдық қауымдастықты жарылқағысы келген болар.
Сырттай қарағанда мiн жоқ сияқты. 60 миллион тоннадан астам мұнай өндiрiп жатырмыз! Оның әр баррелiнiң бағасы 60 доллардан асып түскен. Ақша ағыл-тегiл. Елдiң жағдайын күрт түзеп, қоқан-лоққысыз, ұрлық-қарлықсыз қайта сайлануға болатындай жағдайы бар едi. Назарбаевтың өзi де 60 жастан асып, ыстық-суығы басылған кез. Бiр сөзбен айтқанда, Пайғамбардың даналығына жетпесе де жасына жетiп, саяси реформа жасауға, таза сайлау өткiзуге тәжiрибесi де толыққан, ақылы да кемелденген шағы бұл.
Оның кеңесшiсi Ертiсбаев өз бастығын қазақстандықтардың 60 пайызынан астамы қолдайтынын айтады. Ол оппозицияның халi мүшкiл, күш-қуаты шамалы деп сәуегейленедi.
"Алпыстарды" арқаланғандар онда нелiктен айтқанынан айныды? Әдiл сайлаудың ауылы қайда қалды? Не болып жатқанына көз салайықшы.
Белгiсiз бiреулер Жармахан Тұяқбайдың өмiрiне қауiп төндiрiп, Өскеменде қастандық ұйымдастырды. Белгiсiз бiреулер Жабайы Арманды алға салып, Ж.Тұяқбайға Шымкентте тағы да қастандық жасады. Оның серiктерiнiң өмiрiне қауiп төндiрдi. Белгiсiз бiреулер жүздеген мың дана үгiт материалдарын ұрлап кеттi. Белгiсiз бiреулер республиканың барлық жерiнде оппозиция белсендiлерiне қоқан-лоқы жасап, соққыға жықты. Белгiсiз бiреулер оппозицияның Қостанайдағы кеңсесiн өртедi. Белгiсiз бiреулер оппозиция белсендiсi Елена Никитинаның қызын ұрлап кеттi. Белгiсiз бiреулер өз үйiнде Заманбек Нұрқадiловтi көпе-көрнеу атып өлтiрдi. Тұяқбайдың үгiт материалдарын тасыған көлiк түсiнiксiз жағдайда жанып кеттi.
Ал ендi осының бәрiне билiк қалай қарап отыр? Мәселен, прокуратура? Ол қазiр цензураға айналған. Сайлауалды науқаны кезiнде жаңа мансапқа ие болды.
Қандай басылымды шығаруға болады, ненi шығаруға болмайды, шешетiн солар. Сайлаушылардың қандай фильм көретiнiн де өздерi шешедi. Рұқсат беру, тыйым салу - өз қолдарындағы шаруа. Күллi құқық қорғаушылардың табанынан таусылып, тентiреп жүрiп қуатыны - "Бай елдегi кедейшiлiктi жеңемiз" деректi фильмi. Құдды елiмiздегi кедейшiлiктiң басты себебi осында жатқандай! Егер бұл фильмдi тартып алу жұмыссыздықтың және жоқшылықтың проблемаларын өзiнен-өзi шешiп бере алса, онда барлық фильм таспаларын оппозиция ерiктi түрде билiктiң қолдарына табыстар едi. Ал полиция не бiтiрiп жүр? Мәлiмдемелер жасауға машықтанды, аяусыз күрес үстiнде. Қылмыскерлермен, жемқорлармен емес. Оппозициямен. Жармахан Тұяқбайдың үгiт материалдарымен, оның сенiмдi өкiлдерiмен, үгiтшiлерiмен күресуде. Полицияның қосымша қызметi - оппозицияның үгiт материалдарының кеңiнен таралуына жол бермеу. Салиқалы полковниктер мен шикiлiгi кетпеген сержанттардың аңдығаны - оппозиция. Ұстайды. Қамауға апарады. Тергейдi, тексередi. Сес көрсетедi. Алдайды, арбайды. Өздерiмен "ынтымақтасуға" шақырады. Әсiресе, жастарға әуес. Шамасы, тез бұзылып кететiн "өнiм" санаса керек оларды. Тез бұзылып кететiн "өнiмдердiң" басқа жақта отырғанын бұлар қайдан бiлсiн. Бiлсе полицай бола ма...
Құқық қорғау органдары бiлек түрiнiп кiрiскен. Саяси белсендi азаматтарды тұтқындау басталды. Пәтерлер мен кеңселердi тiнткiлеу үйреншiктi әдетке айналған. Ақылға сыйымсыз қылмыстық iстердi қозғауға арланбайтын болды. Оппозицияны жалған ақша жасаушылар санатына қосуға қатты әрекеттендi. Ақтөбелiк полицейлерге сенсек, оппозиция жалған ақшалар басуға көшiптi-мыс. Бұл кәдiмгi өз газеттерiн бастыратын қарапайым баспаханаға қолы жетпей жүрген оппозиция туралы айтылған әңгiме. Ал, олар ақша басуға қажеттi сапалы баспахананы қайдан таба қойсын. Өтiрiктерi өрге баспай, көп ұзамай масқара болды. Елге жалған ақпарат таратты. Басты мақсаттары сол болса керек.
Арнайы қызметтер олардан асып түспесе, кем соқпайды. Оппозицияға ит бiткендi итерiп тастайды. Ертеректе Петрушованың үйiнiң iргесiне өлген иттi лақтырып кетiп едi. Бүгiнде сондай өлексенi қоғамға лақтырып жатыр. Оппозиция қарулы көтерiлiске дайындалып жатыр-мыс дейтiн қауесеттi қаңқылдатып жүр. Ол үшiн шетелден қару-жарақ жеткiзiптi-мiс. Оппозиция 74 мыңдық әскермен шайқасатындай қол жинап үлгерiп пе? Әлде, өз елiнде қантөгiс жасайтындай жауапсыз ба екен? Олардың барлығы дерлiк ел басқарған халықшыл азаматтар емес пе? Билiк өкiлдерiнiң қорқынышы болмайтынды болардай, өтiрiктi шындай етiп дабыра жасаумен басыла қоймас. Қорқақтар мен суайттардың айырмашылығы шамалы.
Сот жүйесi де қол қусырып қарап отырған жоқ. Олар оппозицияның көшбасшыларына қарсы қылмыстық iстердi ине-жiп алып тiгiп, тiзумен әуре. Оппозиционер болса болғаны, қылмыстық бап табыла жатар дейдi. Тiптi Ораз Жандосовты - "Құрмет" орденiнiң иегерiн де соттады! Ату жазасына кеспегенiне шүкiршiлiк етейiк! Атасына - үлкен Ораз Жандосовқа жаза кескендей.
Назарбаевтық БАҚ басқаларынан қалыспайды. Олар Хартияға қол қояды. Президенттiкке кандидаттарды сөгу-жамандау жақсы iс емес қой дейдi. Әсiресе, үкiлеп отырған жалғызымызға шаң жуытпайық дейдi. Сөйтедi де оппозициядан ұсынылған кандидатқа күл-қоқыс шашады. Жақпайтын күйесi қалмайды. Бiр газет оның қызынан үлкен көлемдегi соманың ұрланғанын жазады. Бұл газет ондай ұрлықтың кезiнде мүлде басқа адамға қатысты болғанын көрсетудi ұмытып кетiптi. Ол адамның Ж.Тұяқбай емес, Алматы қаласындағы қазiргi әкiм екенiн бiлмегенi ме? Бiледi-ау. Тисе терекке, тимесе бұтаққа деген далбаса тiрлiктерi бұл.
Егер осының бәрi әдiл сайлау аталса, онда әдiл емесiнiң қандай
болғаны?
Нелiктен Назарбаев сайлауды әдiл өткiзе алмайды?
Бiрлесе отырып ақыл таразысына салып көрейiкшi. Ондай қараулығы мен қарақшылығы басым сайлау елiмiзге не бередi? Қоғамға, оның әрбiр азаматына? Ақырында азамат Назарбаевқа? Сонымен, Назарбаев нелiктен әдiл сайлау өткiзе алмайды? Тым болмаса бiр рет. Барлық тәуелсiздiк жылдары iшiнде, өзi басқарған 15 жылда неге ондай қадамға бара алмады? Нелiктен ол бұл жолы да лас, тайғақ соқпаққа түстi? Үйреншiктi болғанымен, қауiптi емес пе?
Шынтуайтына келгенде, оның бiрнеше себебi болуы да ықтимал. Бiреулер әдiлетсiз сайлау өткiзу қанына сiңген әдетi дейтiн шығар. Иә, ондай пiкiрдiң де жаны бар. Әдет - ол уақыт өте келе мiнез бен ерiк-жiгердi алмастыратын нәрсе.
Бiрақ Назарбаев балдырған емес. Көзi ұшқындаған жасөспiрiм емес. Өзiнiң жаман әдеттерiнен арылуға әрекеттенген жеткiншек емес. Жылына 15 миллион тұрғынға 60 миллион тонна мұнай өндiретiн бiздiң елiмiз бұл залалды әдеттен нелiктен арыла алмайды? Әрбiр қазақстандыққа шаққанда 4 тонна мұнай өндiретiн елде? Миллиондаған тонна кен мен қазба байлық өндiретiн, оны елiмiздiң әрбiр тұрғынына шаққанда тағы да бiрнеше тоннадан келетiн мемлекетте! Қазiргi әлемдiк өскелең баға жағдайында! Осы байлықтан халық өз үлесiн алса, билiкке қарсы келiп несi бар? Әдiл қоғам орнатқан басшыны қолдап отыра бермей ме?
Демек, әдет емес қой?
Солай дейiк.
Бәлкiм, бұл сенiм шығар? Бәлкiм, ол өзiнiң мессиандық артықшылығына иланғандығы соншалықты, тiптi халықтың пiкiрiмен санасу қажет емес деп есептейтiн шығар? Мүмкiн, бұл сондай бiр ұстаным шығар? Ешқашан да әдiл сайлау өткiзген жоқпыз, өткiзу қажет те емес! деп түйген болар. Қазақ менсiз күн көре алмайды, ал мен оларсыз да күн көрем деген астам пиғылға бой алдырған жоқ па? Иә, ол да мүмкiн. Кейбiр сөздерiне қарасаң, солай да сияқты. Алайда бұған да сенгiң келмейдi. Нелiктен? Өйткенi ол да ет пен сүйектен жаралған адам. Ақылсыз да емес. Айтарлықтай сұңғыла. Тарихты жақсы бiледi. Тарихта қалғысы келедi. Ататүрiктен кем болғысы жоқ. Астанада Пирамида салып жатыр. Алматыда стратегиялық зерттеулер институты атын жамылдырып, жаңа мұражай жасатуда. Мұның бәрi Тарихта қалу үшiн емес пе! Тарихқа жетiк адам болғандықтан, ол басқа авторитарлық билеушiлердiң тағдырынан хабардар. Ол Саддам Хусейннiң сайлауларда осындай жолмен "жеңгенiн" бiледi. Ол Маркостың да осындай жолмен "жеңгенiн" бiледi. Милошевич те осылайша "жеңген". Ақаев та осылайша "жеңген". Осылай "жеңу" қажет пе? Өйткенi мұндай жалған "жеңiстер" - бұл - күйреудiң бастамасы!
Демек, сенiм де, ұстаным да емес.
Н.Назарбаевтың әдiл сайлау өткiзуiне не кедергi? Бәлкiм, өткендегi қателiктерi қолбайлау болып отырған шығар? Әлде елге белгiлi шетелдегi жемқорлық шатақтары мүмкiндiк бермей ме? Саяси тұтқындардың сұрауы алдыдан шығар деп жасқана ма? Ойнақтаған отбасы мүшелерiнiң қылықтарына жауап беруге тура келедi деп тайсала ма? Сұрақ көп, күдiктен арылтар жауап жоқ.
Оппозиция мемлекет басшысының бетiн берi бұруға өз тараптарынан қадам жасаған едi. Өткен жылдың өзiнде БАҚ арқылы мен бiздiң ұстанымызды айтқанмын. Болашағымызды ойласақ, өткендi қазбалауды қоялық, "Қазақгейттi" бiз дуылдатпайық, ал Назарбаев елде саяси реформа жасасын. Болашақта билiктегiлер ондай iске бара алмайтындай жүйеге көшейiк. Бiздер бiр-бiрiмiздi түрткiлеумен емес, елдiң тұрмысын iлгерiлетудi ойлайық деген едiк.
Бiздiң ұсынысымыз жауапсыз қалды. Өкiнiшке орай. Шамасы ол патшаның басынан өткен нәрсе күнәға жатпайды деп есептесе керек. Немесе Рим Папасы келгенде күнәмдi кешiрдi деп жаңсақ ойға қалды ма екен?
Ендi бiр себептi оның өз болмысынан iздеп көрейiк. Бұрын бiрiншi хатшы болса, ендi президент аталады. "Восток" сағатының орнына қолға "Ролекс" тағуға болар. Шаруашылық басқармасы ательесiнiң пенжегiн шешiп тастап, "Армани" костюмiн киiнер. "Волгадан" брондалған "Мерседеске" ауысып мiнер. Бiрақ сол адам сол күйiнде қалмай ма? Басқа бiреу болып айырбасталып кетпейдi. Ойы қалады. Танымы сақталады. Таным - бұл ақиқат нәрсе. Ал президенттiң танымы - үш есе ақиқат нәрсе. Оның өкiлеттiгiн, оның өзi құрған саяси жүйесiн есепке алғанда.
Қалай десек те, оның үлкен саясаттағы "субъективтiлiгiне" қарағанда, мәселе бәрiбiр күрделiрек. Үлкен экономикадағы оның жеке шешiмдерi туралы айтпағанның өзiнде. Әсiресе, металлургия саласындағы.
Демек, мәселе басқада!
Сонда мәселе неде? Мәселе таза сайлауда ол жеңе алмайды. "Әдiл саяси додада Назарбаев нелiктен жеңе алмайды?" дейтiн сұраққа жауап iздегенiмiз абзал.
Келiңiз, деректерге жүгiнейiк. Бұлтартпас әрi бейтарап деректерге.
Он бес жылда елiмiзде 6 миллиардер пайда болды. 6 миллиард теңге емес, 6 миллиард доллары бар алпауыттар шықты. Кейбiреулер оның санын 8-ге жеткiзедi. Осы кезде халқымыздың жартысынан астамының кедейшiлiктiң қамытын кигенiн еске алыңыз. Азаматтарымыздың төрттен бiрiнiң тақыр кедейлiкке ұрынғанын, әр адамның күнiне бiр жарым долларға күнелтетiнiн ойлаңыз! Бұған 15 жылда елiмiзден 100 миллиард доллардың тек шикiзатын ғана шетке тасып әкеткенiн қосыңыз! Осы санды оқығанда әлеуметтiк күйзелiстен бүк түсiп, сансырап жатқан ауылдар мен қалаларда босып жүрген жұмыссыз бауырларымызды тағы да көз алдыңызға елестетiңiз.
Әлгi миллиардердiң көбiсi Қазақстанға келгенге дейiн үлкен бизнес-ортада таныла қоймағандар. Аты-жөнi белгiсiз жалаңаяқтар десе де болар едi. Онда олар байлыққа кiмнiң арқасында кенелдi? Франция, ұлы Франция 200 жылда 6 миллиардердi шығара қойған жоқ! Ал бiздiң елден шықты. Өз азаматтарымызды емес, басқаларды "жарылқадық". Бұған мақтанатын-шаттанатын жөнiмiз қайсы? Бұдан қарапайым адамдарға жылулық пен тоқшылық келер деймiсiз? Олар мұндай әдiлетсiздiктi қолдай қояр ма екен? Кейбiр елдерде "бiздiң" миллиардерлерiмiздi iздестiрiп жатыр. Жемқорлық iстерi үшiн, лас ақшаларын айналымға салғаны үшiн. Қаза берсе, олардан бұдан да зорғылары шығар.
Мемлекет меншiгiн жекешелендiрудiң қалай жүргенiн бiздiң халқымыз бiлмейдi деп ойлайтындар, сiрә, ақылынан шатасқан болар. Алып металлургия комбинаттарының, iрi көлемдегi кен орындарының, мұнайдың, газдың, металдың, мұнай-химия кешендерiнiң кiмге, қаншаға берiлгенiн жұрт бiледi. Халайық осыларды таратқанда ақтық шешiмдi кiмнiң қабылдағанын да жақсы бiледi.
Миллиардтаған сомалар шетелдiк есепшоттарда неге жатыр деген сауал адамдарды мазаламайды деп ойлау - аңғалдың алаңғасарлығы. Жеке есепшотта жатқаны қалай? "Қамауға" алынған ол есепшоттың тағдыры не болады? Мұндай сұрақты екiнiң бiрi қояды. Ұлттық қордың ақшалары өзiмiзде кәдеге аспай, нелiктен шетелдiң "қызығына" айналды? Елiмiзде қаражаттың тапшылығынан шешiлмей жатқан проблемалар аз ба едi. Мәселен, жөнделмеген мектептердi алыңыз. Жабдықталмаған ауруханаларға қараңыз. Газ жетпеген елдi мекендердi, ауыз судан зарыққан ауылдарды қайтесiз. Ойдым-ойдым жолдарды айтпағанда.
Көршi Ресейде не болып жатқанын адамдар көрмей-бiлмей отыр деп топшылау да ағаттық. Онда мұнайдан түскен ақшаларға ұлттық деңгейдегi бағдарламалардың жасалғанын, әлеуметтiк саланы сауықтыру бағдарламасының қолға алынғанын қазақстандықтар теледидардан көрiп, естiп жүр. Әлеуметтiк инфрақұрылымға қолдау көрсетiлетiнiн де бiледi. Адамдар оның бәрiн өзiмiздегi жағдаймен салыстырып байқайды. Сөйтедi де сұрақты қарша боратады. "Неге бiзде солай iстемейдi?". Бiздiң елiмiз одан кем бе?" Ресми Астананың сөзi бойынша көптеген көрсеткiштер жөнiнен Ресейдi артқа тастадық деген өз елiмiзде тұрмысымызды неге түземеске? Қазба байлықтан түскен ақшаны елдiң кәдесiне неге жаратпасқа?
Айта кетелiк, Ресейде Ельциннiң тұсында Отбасы деген ұғым болды. Саяси-экономикалық күш едi. Оның қыздарының бiрi бiздiң саяси әншiдей белсенiп шықты. Отбасының мемлекеттiң iсiне араласуы, министрлердi тағайындауы, халыққа өктемсiп ақыл айтуы сол кезде шыққан дерт. Алайда бүгiнде оларда мұндай проблема жоқ. Путиндi бұл жағынан алғанда "жетiм" дерсiң. Жақсы мағынасында айтқанда. Бұл бәлкiм, Ресей үшiн жақсы болар. Ал бiзде сол дерт асқынып барады. Сайлау қарсаңында үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтi елге қайтарды. Сыртқы iстер министрiнiң бiрiншi орынбасары етiп қойды. Құдды ұлттық қазынамыз секiлдi арнайы жарлығымен оралтты. Бизнесмендер сағынып қалды дедi ме екен? Әлде оның талай тепкiсiнен өткен оппозиционерлер мен журналистер ұзақ күтiп қалды деп ойлады ма екен? Осы тағайындау арқылы Отбасының режимнiң саяси қаңқасының маңызды құрамдас бөлiгi екендiгiн бадырайта көрсеттi. Бұған қанаттанған Дариға Назарбаева өз әкесiнiң елдi 35 жыл бойы басқаруы қажет екендiгiн дүйiм жұртқа жария еттi. Сiз қалай ойлайсыз: Отбасының билiгi бiздiң халқымызға қажет пе? Осындай отбасына бiздiң халық өз еркiмен дауыс бере ме?
Ельциннiң тұсында Ресейде бәрiн Олигархтар билеп-төстедi. Березовский. Гусинский. Тағы сол сияқтылар. Олар министрлердi тағайындады, орнынан алды. Газеттер мен телеарналарды бауырына басып қалды. Банкiлерiн ашты. Кәсiпорындарды сатып алды. Өздерiнiң саяси партияларын құрды.
Бүгiнде бiзде де дәл соның өзi қайталануда. Мен оны "олигархтардың мiнез көрсетуi" деп атар едiм. Машкевич бастаған олигархтар мен компаниялардың өз партиясы бар. Латифундистер де ай қарап жүрген жоқ, партиясын жасақтады. "Қазақмыс" деп аталатын топ бас сенаторды паналап, соның арқасында саяси жүрiстерiн бастады. Қара да тұрыңыз, таяуда әлем азаматы Миттал да саясатқа келедi! Қазба байлығымыз ғана емес, халықтық санамыз да талапайға түсер кез алда.
Путин тiзгiндi қолға ұстағаннан кейiн олигархтарды қатты қысты және саясаттан ығыстырды. Ал бiзде әзiрше ондай қимыл байқалмайды. Осы алпауыттарды тайраңдатып қойған бүгiнгi режимге халық өз еркiмен дауыс бере ме?
Ельциннiң тұсында Ресейдi "Айналасы" деп аталатын топ өкiлдерi жаулап алды. Онымен үлкен теннис ойнайтындар үлкен бизнеске ие болды. Немесе оның бас күзетшiсi маңызды саяси мәселелердi шешуге араласты. Онда тiптi iс басқарушы, яғни шаруашылық меңгерушiсi үлкен саяси көлемдегi көсем тектес көрiндi. Дәл қазiр соның бәрi бiзде қайталануда. Елбасын кiм айналсоқтаса соның сөзi жүрiп тұр. Олардың сыбырынан саясат жасалуда.
Бiрақ Ельцин қатесiн түсiнiп, өз еркiмен кете бiлдi ғой. Жай кеткен жоқ, өз халқынан кешiрiм сұрап, кеттi.
Өз еркiмен кету демекшi. Халықтың бiр адамнан шаршайтынын ескермеуге болмайды. Бiртектiлiктiң бiрыңғайлыққа ауысқанынан жерисiң. Бiр адамның билей бергенi халықты қажытады. Жемқорлық пен жалғандыққа белшесiнен батқан оның Айналасы жирендiредi. Халық үлкендi-кiшiлi шенеунiктердiң күнделiктi озбырлығын қолдай ма? Әсiресе, ел арасындағы кiшкене бастықтардың озбырлығы өтiп барады. Ал жоғары билiк тәбетiмен тамсандыруда. Сондықтан да әкiмдердi халыққа сайлатпай отыр. Өзiңiз есептеп көрiңiз: егер 4 желтоқсанда облыстар мен аудандардың әкiмдерiнiң сайлауы өтетiн болса, олардың қаншасы қайтадан әкiмдiкке қол жеткiзер едi. Менiң ойымша, бiрдi-екiлiсi ғана. Ендеше әкiмдерiн халқына сайлатпай отырған, жемқорлыққа дендеген топты ауыздықтамай отырған бүгiнгi билiкке халық дауыс бере ме?
Ендi келесi бiр iлiкпе сөздi оқиық та, ойланайық, халық оның авторы үшiн дауыс берер ме екен?
"Бәрi керiсiнше, бәрi жаман, бiзде ұрлық етек жайған, бiзде анау, бiзде мынау дейтiндердiң, қазақстандықтарды алдайтындардың бәрiн де, желкеден түйiп, қуу керек. Қырғызстанға жөнелту керек, көрсiн шын мәнiнде қай жерде жаман екенiн. Түсiнiктi ме?" Бұны айтқан Шалбай Құлмаханов емес! Немесе Тайыр Мансұров екен демеңiз! Бұл Назарбаевтың Алматы қаласындағы элиталық "Самал" ықшамауданында болғанында айтқан, өз ұстанымын бiлдiрген сөзi.
Алдымен басын ашайық. Назарбаев кiмдi "желкеден түйiп қуғысы" келдi? Жемқорлықтың қандай көлемде жайылғанын өз көздерiмен көрiп жүргендердi ме? Кез-келген шаруа үшiн бәрiне де пара беруге мәжбүрленген адамдарды ма? Анықтама алу үшiн шенеунiктерге төле. Балаларды оқытқаны үшiн төле. Ауруханаларда емдеткенi үшiн төле. Жұмысқа орналасу үшiн төле. Ұрып-соқпасын десең полицейлерге төле. Бизнесiңдi жүргiзгенiңе шенеунiктер кедергi жасамасы үшiн төле. Жамандықтың күнделiктi бел ортасында жүргендердi "бәрi жақсы" демегенi үшiн қуатын болса, елде кiм қалады? Қырғызды неге кемiтедi? Кедей ел шығар, бiрақ ол бауырларымызда бiздегiдей мұнай, газ, түстi метал жоқ қой. Олар табиғи кедей болса, бiз қолдан жасалған жасанды кедей емеспiз бе?
Назарбаевтың қисынына салсаңыз, онда "Самалда" тұрмайтындардың бәрiн "желкеден түйiп" қуу керек пе? Шенеунiк немесе Олигарх болу бақытына бөленбегендердiң бәрiн бе? Жаңатаста, Қаратауда, Абайда, Саранда, Сәтбаевта, басқа да шағын қалаларда тұруға, өмiр сүруге мәжбүр адамдардың бәрiн қай қиырға асырамыз? Мыңдаған кенттер мен ауылдардағы тұрмыс тауқыметiн тартқандар жөнiнде не айтар едi? Кедейдiң бәрiн қуып шықсақ, кедейшiлiк жойылар деген сәуегейлiк пе? Әлде әңгiме ауанын "желкеден түйiп" қуатындардың проблемалары туралы айтып жүргендерге, яғни оппозицияға қарай бұрғаны ма? Билiктiң бар бiтiрер шаруасы онсыз да осыған байланған. 2001 жылдан бастап. Оппозициямен күресуден басқа не бiтiрдi?
Н.Назарбаев Қазақстанда кедейлер жоқ дейдi. Әрине, оның отбасы мүшелерi арасында кедейлер жоқ. Оның айналасындағы шенеунiктер де кедей емес. Кедей олигархтар атымен болмайды. Бiрақ олардың жағдайы жақсы екен деп тұтастай халық туралы қорытынды жасау дұрыс емес. Бәлкiм, оған "Самалға" емес, одан батысқа қарай бiр шақырымдай жүрiп, Сейфуллин көшесiне барғаны жөн бе едi. Үйсiздер мен жұмыссыздар тәулiк бойы үзiлмейтiн сол көшенi көрсе. Жоқшылықтан жезөкше болып жүрген қарындастарымызға көзi түссе, сағы сынған бауырларымызбен көзi түйiссе. Ол "Самалдағы" сөздерiн сол көшенiң бойында тұрып сөйлесе, "қызу қолдау" табар ма едi?
Ендiгi әңгiме Үштаған жөнiнде
Қытайдың мафиясын дүниежүзi "Үштаған" деп атайды. Бiздiң айтпағымыз басқа Үштаған болмақ.
Бiздiң өзiмiздiң Үштағанымыз бар. Үштаған - ошақтың үш бұты сияқты, қазiргi режимнiң тiректерi. Бүгiнгi президент сайлауы осы Үштағанның - Отбасының, Айналасының, Олигархтардың - мүддесiне қарай өткiзiлуде. Өткiзiп жатқандар да солар. Әрқайсысы өз қамдары үшiн. Бiрақ әрқайсысы өз ойына келгенiн iстеуде. Өздерiнiң дүниетанымдарына қарай. Өздерiнiң мәдени өресiне, халыққа деген көзқарастарына орай. Қоғамға, елге қарым-қатынасына қарай. Қазақстанның қандай болатынын көргiсi келетiндiгiне қарай. Мәселен 10, 20 жылдан кейiн.
Отбасының билеп-төстей бергiсi келедi. Қазiрше 20 жылға үмiт артады. Бұл турасында президенттiң "Асар" партиясының съезiнде мәлiмдегенi бар. Мұны өз қызы Дариғаның партиясының съезiнде айтуы тегiн емес. Аты-жөнi аталмаған саясаттанушылар елдi дәл бүгiнгiдей "осындай қалыпта" басқару қажеттiгiн өзiме айтты-мыс деген едi. "Осындай қалып" дегенiмiз не? Онысы: жоғарыдан тағайындалатын, өзi тағайындайтын дәл осындай әкiмдермен және министрлермен дегенi. Дәл осындай бiржақты, қазба байлықты сатумен шектелетiн шикiзаттық экономикамен. Дәл осындай билiк бөлiнiсiнiң мәймөңке жүйесiмен. Айтқаннан шықпайтын соттармен және қалтадағы Парламентпен дегенi. Ол үшiн бәрi де бүгiн қандай болса, дәл сол қалпында қалдырылуы тиiс.
Бүгiнде Назарбаев балалары мен әулетiнiң бизнеспен айналыспайтынын дабырайта айтып қояды. Солай-ақ болсын. Бұған өзiмiздi күштеп сендiруге тырысайық. Дариға депутаттық айлығымен күн көредi делiк. Рахат - министрдiң орынбасарының айлығын қанағат тұтуда дейiк. Айталық, әрбiр қазақстандық шайына немесе кофесiне қымбаттай беретiн қантты салар шақта "Қант орталығы" туралы ойламауға тырыссын. Айталық, әрбiр азамат ұлттық телеарнаны қарағанда Дариғаны ойламасын. Ал автокөлiк иелерi қымбат бағалы бензиндi құйғызып жатқанда олардың иесiнiң тағы бiр күйеу бала екендiгiн есiне түсiрмесiн. Қош делiк.
Егер олардың ешқайсысы бизнеспен айналыспайтын болса, онда бiр отбасында төрт саяси партияның болуын сiз немен түсiндiрер едiңiз?
Саралап қараңыз.
"Отан" партиясын Нұрсұлтан Назарбаевтың өзi басқарады.
"Асар" партиясын Назарбаевтың қызы - Дариға басқарады.
Жақыннан берi мұсылманшыл, "Қазақстан темiр жолы" Ұлттық компаниясының бiрiншi вице-президентi, Назарбаевтың немере iнiсi Қайрат Сатыбалды экологиялық партия құрып жүр. Бiлетiндер кәсiпкерлердiң құрған "Атамекен" партиясының артында Назарбаевтың тағы бiр күйеу баласы тұрғанын айтады.
Марксизм классиктерiне сенсек, "саясат - бұл экономиканың шоғырланған әлпетi". Бiр Отбасының төрт партиясы осы тезистiң айқын айғағы. Бұл - факт!
Сiз бiр отбасы мүшелерiнiң бiр мемлекетте төрт партия құрғанын немесе құрып жатқанын әлемнiң бiзден басқа бiр елiнен табасыз ба? Тiптi Африка құрлығында жоқ-ау.
Қазақстандағы Отбасы - бұл туысқандық қана емес. Бұл саясаттың ауқымды факторы. Дәлiрек түсiндiрсек, қоғамдық регресс факторы.
Ендi Үштағанның екiншi тiреуiн қарастырайық. "Айналасы" деген атауынан ат үрiккендей. Олар - министрлер, әкiмдер, Әкiмшiлiк пен Үкiметтiң жоғары шендi шенеунiктерi.
Олар да белгiлi жарнамадағыдай "өсе түсуде". Олардың да қарпып жегiсi келедi! Арандары қандай! Бiр асағанда Байқоңырдың қарызынан 35 миллион долларды бiр-ақ қылғытады. Сiңбей қалады-ау деп бас қатырмайды. Ар-ұяттың талмасы жоқ, мазаламайды да. Жұмыс кезiнде гольф ойнағандарына қарағанда денсаулықтарын күту - басты мақсат. Кейбiреуi тiптi жұмырланып, майланып, жылтырап жүр.
Солардың кейбiрiн Салтыков-Щедрин кездестiре қалса, өз романын қайта жазып шығар ма едi? Тым құрығанда жақсылап тұрып түзетер-ау. Гогольдiң "Өлi жандары" жалғасы жоқ бiр томдық болмай, көп томдық шығармаға айналғандай екен. Абай атамыз да қарасөздерiн қайта толықтырып, әуре болар ма едi?
Сыбайлас билiктегi бюрократия өздерiн алмастыратын ешкiм жоқтай сезiнедi. Әйтсе де, олардың тар құрсауда қалатын күндерi де аз емес. Тозаққа татырлық. Бiр жағынан Отбасы, екiншi жағынан Олигархтар қысқанда құлдай құрақ ұшады. Кiмге жағарын бiлмей, кiмнiң саясатын ұстанарын түсiнбей қысылады. Бұдан бөлек жайсыздыққа ұрынбаса, өз өмiрлерiне өкпе артпайды. Керiсiнше, үрiп iшiп, шалқақтап жатар тiрлiгiне мәз. Бұлар да Қазақстанның бәз баяғы қалпында қалғанын қалайды. Халықтың өздерiне қолы жетпесе болғаны. Сөйтiп, үстемдiктi жалтақтамай жүргiзе берсе. Қоғамға, халық мүддесiне қалай қызмет көрсетiп жүргенiн ешкiм сұрамаса, есеп берудi талап етпесе болғаны. Бюджеттi бақылауына әлдекiм кедергi келтiрмесе, ақша ағымын бөлуде, қайта бөлуде қолдарын қақпаса. Бұларға керегi сол. Халық аштан өлмейдi деп өмiр сүретiн осылар. Билiк пен халықтың арасы апандай боп ашылып кетуiне кiм кiнәлi дерсiз?
Оған кiнәлi кiм деп сұрарсыз!
Әрине, елбасы. Ол! Оның жүйесi. Оларды тағайындайтын өзi. Назарбаевтың тағайындаған адамдары өздiгiнен "кiшiгiрiм назарбаевқа" айналады. Бұл тағайындалғандар ендi өзiне "тартып туғандарды" тағайындайды! Осылай бөлшектенiп, көбейе түседi. Әрине, көлемдерi көкелерiнiң ауқымына қайдан жетсiн. Құлаш сiлтестерi оған теңеспейдi. Бiрақ бiрiне-бiрi "крыша". Облыс, аудан, ауылдағы мансап иелерi тәуелдiлiктiң тұзағына түскен. Қызмет орнына келуi де, жемтiктес болуы да, егiздiң сыңарындай ұқсас.
Материал Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың сайтынан алынды