Қырғыздан сәлем: «Билікке ұмтылғандар - билікке келеді»
Біртуған қырғыз жұртында Садық Шер-Нияз деген аға бар. Ұзақ жылдар бойы «Айтыс» қорын басқарып, қазақ пен қырғызға қос бәйге тігіп, еларалық айтыстар өткізіп жүрген, қырғызға, қырғыз түгілі қазаққа есімі белгілі киногер. Мемлекет және қоғам қайраткері.
Былтыр маусымда Abai.kz ақпараттық порталына арнайы сұхбатын жарияладық. Сол сұхбатында қазақ пен қырғыздағы елішілік һәм еларалық біраз мәселеге қатысты ашық пікірін айтып: «Рим империясы да, Советтер одағы да – жаңалану болмағандықтан құлады... Саясатшылар дуал құрады, мәденет адамдары көпір салады. Мәдени бірігу болмай - Түркі халықтары шынайы күшке айнала алмайды. Біз көрпенде саясаттың шеңберінен шыға алмай жүрміз. Қазақ пен қырғыздың арасы суыса – оған ел басшылары кінәлі. Басқа елдердің жолы бізге үлгі емес», - деп сөйлеген еді.
Садық Шер-Нияз Қырғызстанның Жоғарғы Кеңесінің депутаты (парламент) болған. Қырғызстанның Мәдениет және ақпарат министрі, Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы Конституциялық кеңестің мүшесі қызметтерін атқарған.
Садық Шер-Ниязды қазақ жұрты «Құрманжан Датқа» фильмі арқылы таниды. Аталған кинотуындыны қазақ көрермендері жоғары бағалап, киносыншылар: «фильм өте сәтті түсірілген, қырғыздың керемет жері мен өмірін көрсетіп қана қоймай, елді бірлікке үндейтін шығарма екен», - деп жатты. «Құрманжан Датқа» фильмін қазақ президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше мәрте сөз етті. Қазақ киногерлеріне үлгі етті. «Аз ғана қаражатқа тамаша тарихи кинотуынды түсіруге болатынының дәлелі», - деп сөйледі.
Қазір Садық Шер-Нияз мырза Қырғызстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарып жүр.
Қазақта болып жатқан «қаңтар оқиғасын» әлем жұрты әңгімелеп жатыр, әлі. Ауаны да әртүрлі. Бірі доскөңілдік білдірсе, бірі «құланның қасуына мылтықтың басуы», - деп елдегі алағай да бұлағай сәтті өз пайдасына шешіп қалудың қамымен алашапқын болуда. Ел ішіндегі һәм Халақаралық ақпараттарға қанықсыздар. Елдегі соңғы күндері болып жатқан ауыс-түйістер мен қабылданып жатқан қаулы-қарарларды да, жасалып жатқан жұмыстарды да көріп-біліп отырсыздар. Қайталап айтып, құлақты жауыр қылмайық.
Біз бүгін Садық Шер-Нияз мырзаның «қаңтар оқиғасына» қатысты аз ғана пікірін, тілегін қазақ оқырмандарына, Abai.kz оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдік.
Садық Шер-Нияз:
«Қазағым кейде тыныш, кейде толқын. Тыныш болсаң, тыныштығыңа ортақпын», - дер ме еді, Алықұл, кім біледі?..
Не болса да, сабыр тілеп тұрмыз. Ашудың арты ашу. Қазақ еліне сабыр, жұрт басшыларына көсемдік берсін.
Қырғыздың басынан да осы қып-қысқа 25-30 жыл ішінде нелер өткен жоқ?! Әлбетте, біз осындай қан-төгіссіз, өркендеп-өссек болатын да еді. Осы революцияларсыз-ақ, мемлекетімізді биіктетіп, дамыта алатын ба едік?! Әрине! Осы жолды сіздерге тілеймін, бауырластар! Өйткені, қанша революция болса да, билікке ұмтылғандар билікке келеді. Одан кімнің ұтып, кімнің ұтылары күмәнді.
Ал енді бұл оқиғалар бәрімізге сабақ. О, түгілі қырғызға да сабақ. Өйткені, біз осындай пендеміз. Басымызға әлемет келмей, алдымызды аңдап білмейді екенбіз.
Мен кейде қорқамын, біз өстіп қызылшеке болып жатқанда, сыртымыздан дұшпан басып кірсе не болмақпыз? Қазақ та, қырғыз да?.. Ашуымыздың аяғында мемлекетімізден айырылып қалсақ ше? Құдай сақтасын! Бірақ, сақтансаң сақтайды.
Бір көзіміз бір көзімізге жау заманда өмір сүріп жатырмыз. Ел мен билікті жақындастыратын жаңа формалар табу керек секілді. Жаңасын таба алмасақ, салтымызда барына жүгінген жөн. Іргерідегі ақсақалдар институты бар емес пе?.. Қазір міне, «ақшақал» деген сөз пайда болды. Оны да билік жақсылап пайдаланып жатыр. Орден-медальдарды кеудесіне тағып, сый-құрмет қылып жатса, ол пенде жарықтық, соған көне салады екен...
Бірақ, бірібір әрбір алты ай сайын, компютерге теріп, шақырып, 65-тен асқан ақсақалдарды жинап, солардың сөзін естіп тұрсақ қане? Мейлі, кімі келсе, сонысы келсін. Жоғарғы білімдісі келсін, сушы, малшылары келсін. Бірақ, бізге ащы болса да шындықты айтып беріп тұрсын.
Германияның әскери уставында бір пункт бар екен. Командиріңе арыз бергің келсе, ол оқиға болған уақыттан үш күн өткеннен кейін ғана арыз бере алады екенсің. Ашуың қайнап тұрған уақытта арыз бере алмайсың. Мүмкін осындай ереже-салттарымен Германия - Германия болып тұрған шығар?
Біз елшілер бір жаққа жиналып бара қалсақ, ең құрыған, миллиондаған елі ашаршылықта күн кешіп жүрген мемлекеттердің елшілері ең қымбат көліктер мініп жүреді. Мүмкін, осы үшін де Құдай оларға бермей жатқан шығар. Сән-салтанатты біз билікке қылған қошемет деп біліп қалдық. Сән-салтанат – еліңе қылған қызмет емес пе? «Қаншалық биікке шықсаң да, соншалық халықтан төмен бол» деген ел сөзін ұмытып бара жатырмыз. Арамызда талас көп болып кетті. Бұл да үлкен мәселе. Көр дүниенің үстінен көмеленгендерді көрдім. Бірақ, осылардың ішінен ең қауіптісі – ашу. Ашуға алдырмай, сабыр тілеймін. Бауырыма сабыр тілеймін. Қазағыма сабыр тілеймін. Туғаныма сабыр тілеймін. Тұғырдағыларға көсемдік тілеймін.
Тақырыпқа орай:
Қырғызстанның айтыс ақыны Азамат Болғанбаев та біздегі оқиғаларға алаңдаушылық айтып, екі ауыз пікірін жолдаған екен. Қараңыз, мархабат...
Азамат Болғанбаев:
Қырғыз бен қазақ елінің ұлы мұрасы – бұл айтыс өнері. Қазақ ақындары қырғызда, қырғыз ақындары қазақта жырдың да, сыйдың да төрінде болды. Бұл істерге «Айтыс» қоғамдық қоры шын ниетімен бейнет қылып, екі елдің ортасындағы ұлы ынтымақтыққа жол салды. Олардың сап басында қырғыздан – Садық Шер-Нияз ағамыз бастап, Элмирбек Иманалиев, Шайырбек Абдырахманов, Фархад Бекманбетов, Шекербек Адылов, Мирлан Самыйқожа, Азамат Болғанбаев, Асылбек Маратов т.б. ұйыстыруда жүрген жігіттер болды. Қазақтан – Дархан Қыдырәлі ағамыз бастап, Ақан Әбдуали, Серік Қалиев, Айбек Қалиев, Балғынбек Имашев, Мұхтар Ниязов, Бөрібай Оразымбет т.б. азаматтар сапта тұрды.
Бірнеше мәрте қос бәйге тігіліп, ең мықты айтыстар өтті. Қазақ елі де Дархан Қыдырәлі ағамыздың бастамасымен қос бәйге тігілген айтыстар ұйымдастыра бастады. Қазақ елінен келген әрбір ақынды елдің еркесі қатарлы мықты сыйменен ұзатқанға біз де әрекет етіп жаттық. Біз де қазақтан одан кем сый көрмедік.
Рас, айтыстың табиғаты солай екен, жекелеген мәселелерде талас-тартыстар болған кездер де болды. Бірақ, таласымыз болған жерде қалатын. Былтыр ТҮРКСОЙ-дың демеуімен Анкарада да айтыс болып, ол жердегі жергілікті жұрт та қазақ пен қырғыз ақындарына өзгеше құрметпен қарады. Ұйымдастыруды Дүйсен Қайсеиінов, Қожагелді Күлтегін, Бақытжан Омаров сынды ағалар жүргізді.
Жақында ғана Бауыржан Халиолла ағамыз екі елдің ынтымағын даңғазалаған іс-шара қылып, Мұхтар Әуезов Саяқбайдың үнін Алматыда жаңғыртса, Бауыржан аға манасшы Азиз Бимырзаұлының өнерін Оралда жаңғыртып, екеуімізге екі күлік ат мінгізіп, ұзатты.
Бұл күні қазақ елі ауыр күндерді бастан кешіруде. Біртуған елге сабыр және ынтымақ қалаймын. Мемлекеттің бүтіндігі, ұлттың бірлігі барлығынан маңызды. Қазақ жеріндегі айтыс ақындарына амандық қалап, сабыр тілеймін. Қаза болғандардың жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Билік басындағылар келеді, кетеді, бірақ, ел қалады.
Құрметті қазақ ақындары, Қазақстанның қалаларында қырғыз көрсеңдер қолдау көрсетіп, қамқорлық жасай жүріңдер. Біз бір-бірімізге жүрек және тірек болайық. Элмирбек ағамыз айтқандай, елімізде ынтымақ болса, бізден де талай жыр шығады. Садық ағамыз бен Дархан ағамыз демеу болып, биыл Парижде де айтыс өтпек. Жақсы күндер әлі алдымызда. Әр қазақ менің жалғызым...
Дайындаған Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz