Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
VI
Осы қырма жиынның кешіне бізді Өмірбек қонаққа шақырып еді. Кешке жақын Мақпал екеуімізді екі жағына алып шәй ішкен шешем, әр нені ақыл етіп сөйлеп отырып кешіктірді. Күнбатыс жақ көкжиекті ымырт көмкере бастағанда шығыппыз. Жұлдыздары бадырайған көк аспан жердегі қара көлеңкеден бір сұмдық сезгендей, қадалып алыпты. Көше ішінен тынғандай тымырық-тыныссыз сезілді. Науқандар көбейгеннен бері бұл қалашықта күн батысымен көше қимылы өздігінен тоқтап қалатын болғанын естігенбіз.
Өзімізден басқа ешкім жоқтай сезілген соң тоқтай қалып, айқара құшып, аймалай сүйісіп келе жатыр едік. Сол мақсатпен жаудыраса қарасып тағы бір рет тұра қалғанымызда көше теректерінің далдасынан біреулердің күбірі естілгендей болды. Елең қаққан Мақпалдың шанақты көзі жалт-жұлт ете түсті де, қолымнан тарта жөнелді. Жеделдете бастық аяғымызды. Дауал жағалап соңымызға түскен аяқ сыбдыры естілді. Дедектетіп жүгіртуге айналған Мақпалды мен тежедім.
- Асықпа, кім екенін байқалық. Бұл көшеде қастық қыла алмайды!
Үш адам көше ортасына шығып, күбірлесе ілесті соңымыздан.
«Биғабіл екен» -деді алдымен шыққаны. - «Осыған да айтып кесетіп қоялық!... жігіт еді не дер екен. Тым болмаса жоғары үкіметіне пікір жеткізер!»...
Біреуі оза шығып жақындай берді бізге. Қуып жетіп, қол созым алыстықпен қатарласа жүрді. Ұзын бойлы сопақ бет қара сияқты. Үңіле қарап едім.
VI
Осы қырма жиынның кешіне бізді Өмірбек қонаққа шақырып еді. Кешке жақын Мақпал екеуімізді екі жағына алып шәй ішкен шешем, әр нені ақыл етіп сөйлеп отырып кешіктірді. Күнбатыс жақ көкжиекті ымырт көмкере бастағанда шығыппыз. Жұлдыздары бадырайған көк аспан жердегі қара көлеңкеден бір сұмдық сезгендей, қадалып алыпты. Көше ішінен тынғандай тымырық-тыныссыз сезілді. Науқандар көбейгеннен бері бұл қалашықта күн батысымен көше қимылы өздігінен тоқтап қалатын болғанын естігенбіз.
Өзімізден басқа ешкім жоқтай сезілген соң тоқтай қалып, айқара құшып, аймалай сүйісіп келе жатыр едік. Сол мақсатпен жаудыраса қарасып тағы бір рет тұра қалғанымызда көше теректерінің далдасынан біреулердің күбірі естілгендей болды. Елең қаққан Мақпалдың шанақты көзі жалт-жұлт ете түсті де, қолымнан тарта жөнелді. Жеделдете бастық аяғымызды. Дауал жағалап соңымызға түскен аяқ сыбдыры естілді. Дедектетіп жүгіртуге айналған Мақпалды мен тежедім.
- Асықпа, кім екенін байқалық. Бұл көшеде қастық қыла алмайды!
Үш адам көше ортасына шығып, күбірлесе ілесті соңымыздан.
«Биғабіл екен» -деді алдымен шыққаны. - «Осыған да айтып кесетіп қоялық!... жігіт еді не дер екен. Тым болмаса жоғары үкіметіне пікір жеткізер!»...
Біреуі оза шығып жақындай берді бізге. Қуып жетіп, қол созым алыстықпен қатарласа жүрді. Ұзын бойлы сопақ бет қара сияқты. Үңіле қарап едім.
- Мені тани алмайсыз! -деп күлді. Дауысы да бейтаныс екен. - Бізді толық азаттыққа, бақытты тұрмысқа жеткізетін коммунист. Үкімет келеді деп ең көп сөйлеген сіз едіңіз, жазаңызды беру үшін ілесіп келеміз.
- Бірақ бере алмай қалар ма екенсіздер, жазығым жоқ қой! -деп күліп едім. Қолтығымдағы білегі дір қаққан Мақпал да күлген болды. Тағы да үңіле қарап алып сұрадым. - Ал, сөйлеңізші, не қылмысым үшін жазаламақсыз?
- Бәз баяғы гоминдаңды компартия деп таныстырып алдағандығыңыз үшін!
- Шынымен алдаппын ба?
- Шынымен болмаса, мына үкіметіңіз не істеп жатыр!.. Тіпті гоминдаңнан да асып, осы төңкерістік үш аймақтың өзінен әр ретте мыңдап қолға алып қырғындап, гоминдаңның бізде кеткен өшін алып жатпай ма!
- Е...е... сіздің «мені тани алмайсыз» дегеніңізді енді түсіндім. Кері төңкерісшілердің қолшоқпары екенсіз ғой. Олай болғанда рас тани алмайды екенмін! -деп енді қарқылдай күліп едім, қолтығымдағы Мақпал қалтырай күлді.
- Осы қырылып жатқандардың бәрін кері төңкерісші деп танисыз ба? Сіз жалғыздан жалғыз кезіп, төңкерістік үгіт айтып жүргеніңізде, осыншалық көп кері төңкерісші болса қалай тірі қалғансыз? Қолыңызда кейде қамшы да болмайтын. Көп кері төңкерісші неңізден қорықты сонда!... Өлтіру түгіл, төңкеріс үшін сұрағаныңызды түгел беріп, айтқаныңызды толығымен орындап келіп еді ғой!... Менің байлармен ешқандай шатысым жоқ қара табанның қара баласымын. Солай да істің әділі керек қой, осы айдалып атылып жатқандардың сондай бізден күткен жақсылығы осы болғаны ма!... Көпшілігі тіпті обалды кетіп жатыр!
- Өзіңіз, оқыған, білерлігі мол адам сияқтысыз, -деп үңіле қарадым тағы да - енді мен де шынымды айтайын, осыны істеп отырған, нағыз компартия мен марксизм емес, сондықтан менің үгітімнің де жазығы жоқ!... Жандайшап, шаш алудың орнына бас алуды ғана білетін зор ұлтшыл жендеттердің ісі!... Халыққа заттық армия арасына баяғыда кіріп алған Әлімбай мен Сәрсен сияқтылар аз дейсіз бе!... Мұның артын күтіңіздер, осы ахуалды жоғары жаққа әр жерден мәлімдеп жатыр. Орталық комитет бірдеме айтпай қоймайды. Мен өзім де сол үміттемін. Әйтпесе көрмей-білмей жүргенім жоқ!
- Бәсе... бірақ артын күте-күте артымыз ойылып-үңірейіп қалды. Енді екі-үш күнде тағы да жиын ашып, қасаптығын тағы әкетеді. Кәкімбай, Кибірахұн, Омарбек сияқтылар ғана болса ғой сауапты іс дер едік. Көп болса екі жыл ғана қамалуға тиістілерді қырып жатыр. Енді шыдай алатын емеспіз!
- Сонда қайтпексіздер?
- Тым болмаса шыл құрлы болмаймыз ба, тыпырламақпыз!... ал кеттім. Сіздерді ойлансын деп кезіккеніміз. Мұндайда артын күтіп отыру, азаматтық емес, алдын тосу қажет! -деді де қараңғыға сүңги жөнелді.
- Мынау бір пәле екен, кері төңкеріске үгіттеп жүргені! - деп Мақпал күрсінді де, мен соза дем алдым. Өмірбектің қақпасына үнсіз жеттік.
Ауыз үйде отырған шешесіне мен қол беріп амандасып болғанша біраз кідіріп, сыртта қалған Мақпал, бір тізелеп иіліп сәлем ете кірді. Жайшылықта «төрт аяқтап» әрең тұратын ауыр кемпір бір қолына ғана демеліп, ыршып түрегеле ұмтылды келініне.
- Рахымет, балам, рахымет! Өмірің ұзақ болсын, көретінің қызық болсын!... Бақытты бол дегенім ғой, нұр жаусын басыңа! -дей жетті де иегінен көтеріп, маңдайынан сүйді. - Маңдайың жазық, жүзің жарық екен!... Мейіржан, үйге кіргіз, отау ғой, төрге отырсын!. Бәсе, Биғаным осында сайланып жүрген қыздарға неге кекірейе береді десем, келінім дейтіндей келін болатын сияқтысың ғой, өркенің өссін, балам!
Сықылықтай кірді Мақпал отауға. Қақпаға жеткенде салынған жұқа қызыл жібек желегін мойнына қайта түсіре барып отырды. Бізден бұрын Мәулен, Қиялзат келіншектерімен, Бақай ғана келген екен. Сырттан іле-шала Ерболдың кіргенін, ауыз үйдегі шешемізбен сәлемдескенінен сездік.
- Есенсіз бе шеше? -деп ол өзінің астамсудай сезілетін, саңырауға сәлем бергендей кесек дауысымен амандасып еді.
- Шүкіршілік! -дей салған кемпір танымай қалғандай үңіле түсіп, аз кідіріп барып сөйледі. - Е...е... компартиялардың біреуі екен десем, өзіміздің Жайсаңбайдың Ерболы екенсің ғой, амансың ба, қалқам? Осы бір тыртиған көк киімдеріңнен де қателесе беремін. Үйге кіре ғой балам, достарың күтіп отыр!
Бәріміз күлдік, шай құйылды. Дастарқан әңгімесі осы «компартиялардың біреуі екен десем» деген мағыналы наразылық сөзден басталды.
- Япырай, -деп сыпайы әнші Мәулен бір бөгеліп барып сөйледі. - Осы кісі компартияны өзіндей, өзінің Өмірбегінің қамқор қормалындай көруші еді-ау, енді мына сөзінің қыршаңқысын қарашы, жат көріп қалыпты ғой!
- Жат көрмей қайтеді, -деген Бақайдың көзі ұшқындап кетті. - Жалғыз ұлын ел құрбандығына атап, әрең құтылған жауы жылмиып қайта келгендей көрініп отырмай ма!...
- Ей пролетар, -деп қалды Ербол. - Өз үкіметіңді гоминдаңға теңеуіңе жол болсын!
- Әлей болсын, кадрым, -деп Бақай жымиды. - Пролетарияттың, төңкерісші таптың пікірін мылтықтарыңа патрон етіп, халыққа фащизмнің улы қорғасынын атуларыңа жол болсын! Гоминдаңның жүз мың армиясын жіпсіз байлап, құс атар шитілерін де тырс еткізбей қарсы алған ұлттық армияның «запхоздары» мен «склаттарына» мына тастаған бомбаларың кімдікі? Пролетарият бұл жойымпаздықтарыңа жол қоя алмайды. Бас қылмыстарыңды іздейміз. Іздеп те жатқан шығар, көресің әлі.
- Сонда таптық жауларыңды Кәкімбай, Кибір, Күпірлеріңді жазалап бергендігіміз үшін жойымпаз аталғанымыз ба, жоқтап отырғаның кім өзі?
- Пролетар бұларды атпа десе, өздерін Құдай атсын. Ал, басқа атылғандарды, өмірлік кесілгендерді, жиырма жылдықтарды бір-бірден атап, қылмыстарын сарапқа салып көрші, қане, осы атаудан қалай құтылар екенсің!... Иттікке індіні көнбейтін қасқырды ғана жою керек шығар! Ал, мына қораларыңа симай, шөлге айдатып жатқандарың, қайсы жиянгердің қайсы шапқыншылығынан түсірген тұтқындарың!
Жеңілген Ерболдың өзінен бастап, бәріміз күліп едік, Мақпал жалтақтай түсті жан-жағына. Бұрыннан сырлас дос екендіктерімізді білмей, осы сөздерді аса оқыс сезіп отыр екен.
- Мына лүкшек пролетарыңа не дейсің Биға? -деп Ербол маған қарағанда.
- Екі ақын арасындағы айтысқа басқа ақын килікпеуі жөн шығар! -деп күлді Мақпал.
- Басқа мықтырақ ақынның қалыс төрелік айтып келістіретіні де болатын, келін! -деген Мәуленнің сөзінен жеңілгендей қызғыш тарта жымиып тұқырды өзі.
- Екеуінің бұл айтысы заңды, дұрыс айтыс! -дедім мен. - Ерболдың жеңілер жеріне жетпей төрелік сұрауы жеңілгендігінен емес, көк айылдық істетсе көсіп қалатын жерлері бар. Бірақ, өзінің ішкі пікірі Бақайдың пікірімен ымдас-жымдас болғандықтан қоя салғысы келген сияқты. - дегенімде Ербол қарқылдай күлді.
- Олай болмаса, тым болмағанда «нақтылы кері төңкерісші, міне!» деп ұстатып, атқыза салу қолымнан келмей ме, шарты алдыңғы сөзімен-ақ тола қалды ғой!
- Шарты қазір толғанымен кейін толмай қалса, не бетіңді айтасың, - деп күлімсірей тойтардым бұл құқайын. - Бақайды сен «кері төңкерісші» демек түгіл «лүкшек пролетар» деуің де әділетсіз баға. Лүкшектік әрекетке қарсы лүкшекше үзілді-кесілді пікір айтпайтын пролетар жоқ. Егер болса, пысқан пролетар емес, ұсақ буржуазиялық либралшылдар қатарынан ғана орын алар еді.
- Жарайсың! -деп Бақай баспармағын көтере түрегелді орнынан. - Қырық алтыншы жылдың күзінде пимакат дүкеніннің түкпіріндегі тауық ұясында арақ ішіп отырғанымыздағы өзіңе берген бағамды толық ақтадың осы жолы, құтқардың мына пәленің қоқанлоқысынан! Әкел бетіңнен енді бір сүйейін!
- Құдай жарылқасын, сүйе көрме! -деп екі қолымды бірдей көтердім. - Мақыш, сен де сақтан мынадан, сүйемін деп қасқырша талайтыны бар мұның!
Қарқылдай күлгенімізде ауыз үйден тыңдап отырған қарт ана тіпті қарқылдады. Столға ішімдіктер келіп, ауыздары ашыла бастағандықтан онымен отаспайтын саяси айтыстың аузын бекіте салу үшін қалжыңдап едім, Ербол қолдай кетті.
- Бәйбішең болса да, Мәрия бейшараны бұлай қорғаштамаушы едің, -деп жымиып, тұмсығымен бірге бүгіле түсіп еді. Мақпалмен қарасып алып күліскен Мәрияның әртістігі қозып, қалжыңның қолтығын қытықтай жөнелді.
Қараңғы көшеде кездескен бейтаныс қараның сөзі мен мына жарық үйде көзді жайнатып қойып сөйлеген Бақайдың сөзі бауырлас бір тұлғадан туғандай сезіліп, менің ойымды ауырлата берді. Қаншалық қызықты күлкіге бөленіп отырсам да, қапастағы кісенді тұтқындардың күлкісіндей, өзімізді өзіміз алдаған шекті күлкідей, сыздан арыла алмай қайттым.
Сол ләзәтті аптада шақырған басқа үйдегі сауықтарда да дәл осындай уытты ызаға қайралған пікірлер алдымызды кесіп өте шығып жүрді. Тау тасқынындай лап қоятын апатты бір толқу бар сияқты алдымызда. Мақпал да соны сезіпті. Рұқсатты уақыты біткен күні түн бойы кірпік ілмей аймалап, осындай пікірге мүлде қатыспауымды өтінді.
- Қалай дегенмен де, партия басшылығындағы іс қой бұл. Қаншалық солшылдық болса да, біз үшін бақыт әкелгендігі осы қосылуымыздан дәлелденді ғой, жаным. Қарсы пікірден аулақ болайықшы!... Сен мені асқан сұлу да, ақылды да көресің ғой, ал мен үшін сенен артық ешкім жоқ. Анау алғаш көргенімнен бері біреу саған теңдесерлік адамзат бар десе күнәға бататындай сеніммен келемін. Осы партия болмаса екеуіміздің басымыз екі далада қалатын еді ғой! Осы партия не істесе де кір келтірмейікші!
- Бұл партияға кір келтіруге болмайтындығын мен сенен артығырақ түсінемін ғой, Нұрым, бірақ, мына асыра сілтеушілік, партияның ісі емес дедім ғой. Мен қателеседі деген хауіптен аулақ болшы!
- Қауіптенбейін жаным, осы пікірді де айтпай қоя тұршы!... Бәлкім, осы істің өзі дұрыс шығар, күнім! -деп Мақпал осы іс дегеннің өзін де дәлелдей ақтап, ләзатқа бөккен жалынышын құя берді көкірегіме.
Кірпік ілмей таң атырдық та, шешемізді ортаға алып, шай іштік. Аудандық үкіметтің жеңіл арбасында кірпік қақпай қараса отырып, Шәуешекке жеттік. Зыдауян «мамасынан», бұрынғы дұспандарының қастандығынан сақтануын өтініп қайттым.
Бір апта кешіккендігімнен асығып, ертеңіне түстен кейін Үрімжіге жүретін бір жүк автомобилінің үстіне отыра салып едім. Жолдың нашарлығынан Толыға жеткенімізше күн көкжиекке жетіп, Жаматы сайына кіргенімізде ымырт жабылды. Менімен бірге Дөрбілжіннен шыққан екі әскер елеңдеп, бір-біріне қараса берді. Неден хауіптенетіндіктерін білмеппін, көздерінен күдік оты жылтылдай қарасады. Қысаң жартасқа жақындадық. Біреуі жан мылтығын менен жасыра суырып, шатының арасына оқтағанда, біреуі бесатарының шақпағын қайырды. Арт жағымызда отырған қазақ шал күбірледі маған:
- Япырай, мыналардың шырайы бұзылды-ау деймін, шырағым!
- Жоқ, ата, бұлардың шырайы бұзылмайды. Қараңғыда осы қысаңның ауарайы бұзылар деген сақтықтары шығар!
Жолдың екі жағындағы такаппар екі құзар кеуде соғыстырып тұрғандай көрінетін тар иіннен автомобиліміз баяулай ышқынып өтті. Жылай безілдеп екінші қысаңға жете бере кілт тоқтады. Қазандай-қазандай төрт тас жолды кесе тізіліп бекітіп тастапты. Шофер кабинкадан секіріп түсіп, тасқа қарай жүгіргенде үлкен жартастан сабырлы бір жуан дауыс естілді.
- Ей, шопыр, жаныңды сақта, мұсылман екенсің, онда барсаң-ақ оқ тиеді. Қолыңды көтере ғой онан да! -деді қазақша баптап сөйлеп.
- Тез қайт, бұр машинаңды! -деп жан мылтықты офицерім ханзу тілінде сақылдады. Жартасқа қаратып мылтық кезене қойып еді.
- Ата алмайсың! -деп екінші жағымыздағы жартастың үстінен біреу ақырып жіберді. - Арт жақтарың да бекітіліп болды, қайта алмайсың! Таста құралдарыңды, қырыласыңдар!
Маған жалт қарады офицер, әлгі сөзді аударып ұқтыра қойдым. Құрал ұстаған қолы сылқ түсті. Дәл қасымыздағы далдадан әлгі сабырлы дауыс тағы бұйырды.
- Ей, шопыр, автомобиліңдегі адамдардың бәрін түсір де, шырақтың алдына тіз!... Оқ шығармай берілсеңдер, құралдан басқа ешнәрселеріңді алмаймыз! Ал, қайсының қарсылық көрсетсеңдер, иә, жасырынсаңдар, соның ғана атыласыңдар!
- Тез түсіңдер! -деп арт жағымыздан бірнеше дауыс дүрсе қоя берді.
Секіріп-секіріп түстік те, автомобиль парының алдына барып тізіле қалдық. Екі әскер қалтырай келіп, менімен қатарласа тұрды да, құралдарын алдыларына тастай салды. Бір қыз бен ауыру кемпір түсті кабинадан. Артымыздан ақырғандар автомобильдің үсті мен кабинкасын тексеріп шықты. Тізілген жетеуімізді сақараша киінген екі жігіт түгел тінтіп болды да, оқ тізілген екі шүберек белдік пен үлкенді-кішілі екі мылтықты ғана алып, жөнеле берді.
- Ұлықтарыңа сәлем айтыңдар! -деп ескерте кетті біреуі. - Жалпылай қолға алу мен заңсыз кісі өлтіру дереу тоқтамаса, халық азаттық армия деген аттарыңды да тартып аламыз!...
Автомобилімізге қайта отырып, аман-есен зырлата жөнелдік.
Құралдарынан айрылған екі жауынгер Күйтіңге түсті. Куә болуымызды өтініп, рота штабына бізді ертіп апарды да, тік тұра қалып, капитанына жолдағы оқиғаны түгел баяндады. «Қасымыздағы мына бес адамның аман қалуы үшін, құралымызды қарсылықсыз тастамасымызға мүмкіндік болмай қалды.» деп қосты соңына. Капитан акт жаздырып, біздің де қолымызды қойдырып алды да, телефонмен сақшы мекемесінен біреуді шақырды. Онысы үлкенірек офицер көрінеді. Дереу келіп екі жауынгерді қайта сөйлетіп, қайта тыңдады да, қалған бесеуімізді тергей жөнелді. Құрал тонаушылардың бар сөзін, үкіметке айтқан сәлеміне дейін толық сөйлеп берген мен байқұсты тіпті көп тергеді. Ата тегімнен бастап сұрап, жаңа үйленген келіншегімнен басқамды түгел айтқызды. Сұрайтын мәселелерінің арзанқолдығынан байқап, келіншек жайын «онымен қалай байланыстың» дегізбеу үшін ғана жасырып едім. Партиялы, партиясыздығымды ең соңында сұрады. «Кінешкесіз кандидат» екендігімді естіді де «құпиялықты мықты сақтау» жөнінде молынан түсіндіріп тоқтады.
Кететін бес қылмыстыға жеке-жеке тілхат жаздырды сонан соң. «Жайыр тауында көргендерімізді жан баласына айтсам, жанымды суырып алыңыз!» деген тілхатты кәрі қазаққа жазып, бармағын бастырдым да, «саяси орындарға зәрулігі болмаса, басқа ешкімге айтсам...» дегенді өз атымнан жазып қол қойдым. Адресімізді де тәптіштеп жаздырып шығарды.
Саяси жел алдымен соғатын Үрімжіге тағы бір қатты боран көтеріле бастағанда келіппін. Аудандардағы мылтық тарсылдары мен таулардағы ат тұяғының тасырларын басып түсіп, естіртпей тастау үшін соққан борандай, үлкен қаланы бүріп, ұшырған тастарымен төпеп ықтырып-бұқтыра бастаған екен. «Үшке қарсы науқан» деп үкімет қызметкерлеріне, «беске қарсы науқан» деп қала кәсіпшілеріне үскіріпті. «Үшке қарсы» дегені қиянатшылыққа, сырапқорлыққа, бирократизмге қарсы деген науқан екен де, «беске қарсы» дегені - қолөнер, сауда өнеркәсібіндегілерге жүргізілетін қиянатшылыққа, сырапқорлыққа, бирократизмге, үкімет мүлкін қымқыруға, арзан алып қымбатқа сатуға қарсы науқан екен.
«Былтырдан бергі жеке-жеке жүргізілген бірлерге ғана қарсы науқандар адам басын мыңдап мылжалағанда, қабаттап жүргізілген бақандай-бақандай сегізге қарсы науқан кімді аман қоймақ!» дегендей бүрісіпті қала халқы. Ал, мен, осы науқан қанға шөлдемей, қастық сайламай, «сақалға лайық іскек, сабаға лайық піспек» қана қолданып, әділ жүргізілсе, аса сауапты науқан болатындығы үшін құлшына қатынастым. «Бұл , тек саяси науқан ғана емес, адам тәрбиелейтін, адамгершілік мөралға да, коммунистік идеялогияғада баулитын науқан ғой!»
Мекеме кадрлары ұйғырша, ханзуша екі атретке ғана бөлініп жүргізіпті. Алғашқы қолданба материалдар үйрену сатысын бітіріп, «либрализмге қарсы тұрайық»[1] ты оқып, үш жауды жасырмай-бүкпей әшкерелеуге ант берісіп, позиция білдірісіп болған екен. Мен келіп қатынасқан күні өзін-өзі әшкерелеу сатысына өтті. Әркім өзінің есі білгеннен берге қиянатын, ысрапшылдығын айтып жатты. Әкімшілік саласында істеп көргендері өз шақтарында өткізген бирократтықтарын - төрешілдік қылмыстарын да әшкереледі.
«Тарих тапсыру» науқанындағы мен сияқты өздерінен ондай еш қылмыс таба алмай қысылып отырғандары да бар екен. Ондай бейуаздардың бұл науқанда тіпті қатты қиналып отырғандықтары байқалады. Қиналатыны, өлкелік парткомнан осы науқанға басшылық етуге келген Абыла дейтін жас кадыр өзінен ондай қылмыс таба алмай, өзін ақтаушыларға өте қатал қарайтын.
- Өмірінде ешқандай қиянат істемейтін періште жоқ! -дейтін ол, жымиса да Зымыстан зығар шашып тұрып «күлімсірейтін». - Адамды адам жейтін көне қоғамда қиянатсыз адам бола ма! ... ешкім төлетіп аламыз демегеннен кейін.. айттық қой, сөйлей берсеңіздер болады! Компартияның өтілген қиянаттарды бұлай іздеп-сұрап отырғандағы мақсаты, тек, буржуазия идеяларынан тазартып, коммунизмге лайық жаңа адамға айналдыру үшін ғана. Ауыруды жойып, адамды құтқару үшін ғана сұрайды. Қане, коммунизмді қалаймыз ба, қаламаймыз ба?...
- Қалаймыз, қалаймыз!... Әрине, қалаймыз!
- Олай болса ине, түйме, тіпті бір сабақ жіптей қиянаттарымызды да қалдырмай, түгел әшкерелеп, ашып тастап, адалануымыз қажет!... Ал, қиянат болған жерде сырапқорлық та болады, оны да ұмытпайық! Бұл екеуі бирократтықпен туыстас болады. Десек, бұл үшеуі бір-біріне тығыз байланысты жаулар. Буржуазиялық идеялогияның осы тамырларын түгел қырқып тастап, жаңа дәуірдің жаңарған сап-сәлемет азаматы болып шығалық! -деп тынды Абыла.
Шындығында, қиянаттың сырапқорлық пен бирократизмге байланыссыз өтілетіні көп қой. Осы жайытты ептеп қана ескертіп-сіңіріп, көтеретін жүгімізді жеңілдетіңкіреп қойғым келді. Бір түрлі қылмыстан үш түрлі қылмыс өндіретін Абыланның бұл сыңар жақты «теориясынан» өзін әшкерелеушілер тіпті қорқып, тұйықтала түсіп еді. Бір мәселесін сөйлеймін деп шылғи өтіріігінен мойынына артық екі қылмыс артып алған бір сорлыдан соң өзімнің құрастырып жасап алған «қылмыстарымды» әшкерелеуді талап еттім.
- Мен сөйлейін! -деп қол көтере бергенімде-ақ Абыла шұлғып-шұлғып жіберді. - Көпшілікті алдымен өзімнің өмірбаяныммен қысқаша таныстырып шықтым да, 33-ші жылғы ашаршылықта отбасымыз бойынша ұрлап жеген көк жүгеріні айтып едім, бірнешеу күліп жіберді. Абыла оларға түйіле қол шайқап қалды да, кесек алтын тапқандай жарқылдай қарады маған:
- Жақсы, жақсы! ... Ал, осы қиянатыңыздың мөлшері қазіргі ақшаға шаққанда қаншалық болатындығын айтып өтіңіз!
- Онда от басымыз бойынша жеті жан едік. Бір жарым ай сонымен ғана күнелттік. Күніне 10 кило жесек, мөлшерімен, 450 кило болады ғой.
- Қазір килосы жиырма тиыннан, 20 юан болады екен! -деді хатшы есептеп жіберіп.
Абыла тағы қузады. Сол жылдың күзіндегі дүнген жаугершілігінде Сақабай атты тізесі батқан зорекер помещиктің бір сиырын ұрлап жегенімізді айтқанымда, Абыла сомасы қанша екендігін, тіпті қуана сұрады.
- Әйтеуір үлкен сиыр, 40 килодай май шыққан.
- Олай болса 1-ші дәрежелі сиыр. Қазір Үрімжіде 250 юан! -деп хатшы тағы да көмектесе қойды.
- Бұған қосымша айта кететін бір жайт бар, -дедім сонсоң күліп жіберіп. - Осы қиянаттарымда иттей де сырапшылдық болған жоқ. Кеуіп жүрген аузымыздан жерге бір тал жүгері түспеді. Ал, сиырдың кемікті сүйегін де қалдырмай мұжығанбыз. Ұрлық қылғанымыздан қорқып жүріп, бирократтық дегенді түсімде де істемеппін!
- Биғабіл жолдас өзін адалдықпен жақсы әшкерелеп келеді, -деді Абыла, көпшіліктен әлде нені іздей қарап. - Бұл жолдас бүгін ғана келді. Материал үйреніп те үлгермеді. Бұл әрекет жөнінде берген түсінігімізді де естімей, ортаға түсіп, өз қиянаттарын әшкерелеуге кірісті. Партияға адал кадр екендігін осыдан көруге болады. Осы позициясынан бәріміз де үйренуге тиіспіз. Ал, сөйлей бер, Биғабіл жолдас!
- Осы екеуінен басқа сөйлерлік қиянатым жоқ. Енді жазып тапсырарлық бір ғана қиянатым қалды.
- Не жайындағы қиянат? -деп Абыла тінте қарады маған. Арт жақта отырған әйел қызметтестерге естіртпей күбірлеп сөйледім.
- Бір әйелге ғана... оны жазып тапсырайын. Ол қиянатты ақшаға шаққанда қанша юан болатынын да білмеймін.
Естігендер ду күлді.
- Дұрыс, дұрыс! -деді бастық. - Жазсаң жазып бер! Бірақ, ондай қиянатыңыз біреу ғана болмайды, толық жазыңыз! Ал, сізде басқа түрдегі мәселе әлі көп, есіңізге салып қояйын, мәселен, оқытушы болдым, инспектр болдым дедіңіз ғой. Бұл қызметте пара да, тарту-таралғы да болады. Бирократтық, срапқорлық дегендер әрине болмай қоймайды. Материалдарды үйреніп болған соң есіңізге бәрі де түседі!... Ал, енді кім сөйлейді? -деп дауыстады Абыла.
- Мен! -деп үнсіз отырғандардың біреуі түрегелді. - Аз болсын-көп, болсын өзімізде болған мәселені әшкерелей берсек болады екен ғой. Биғабіл жолдастың сөйлегенінен есіме түсті. Мен жас кезімде Шәкілдеуік шағуға құмар едім. Ақшам жоқ күндерде сатушылардан бағысын сұрап, дәмін татқан болып, әрқайсысынан бір шымшымнан әкете беретінмін. Ойлап көрсем, міне, сонымнан да недәуір қиянат істеген екенмін!
- Қаншалық қиянат екендігін есептен көрсетіңіз! -деп Абыла мұны да ақша мен тиянақтатуды талап етті. Өзінен қиянат таба алмай зарығып отырған бишара әрең тапқан жалғызынан аянсын ба.
- Бір шымшым бес грамнан десек, күніне 10 шымшымнан 50 грам делік. Шакілдеуікті кемінде 10 жыл шаққан шығармын, 3650 күн. Сонда қанша болады? -деп қалып еді, қамқор хатшымыз есебін тағы да таба қойды.
- 182 жарым кило болады екен. Көшеде сататын шакілдеуіктің килосы қазір екі юан, бұл кәсіптен 365 юан қиянат етіпсіз!
- Ап, бәрекелде, міне менің қазірше есіме түскен қиянатым осы ғана. Биғабіл жолдас айтқандай, сұғанақ қолым оның бір түйіріне де сырапқорлық қылған емес.
Мәселе тапсырудың алғашқы өздігінен әшкерелеу сатысын бастығымыз осылай қайталап қузай сұрап отырып бітірді. Сөйлемей, мәселе тапсырмай қалған ешкім болмады да, қиянат арқаламаған ешкім қалмады.
- Позиция білдіру сатысынан бәріңіз де жақсы өттіңіздер! -деп бастады Абыла ендігі сөзін. «Бисмилласын» ғана бітірдік дегені еді бұл. Тікесіне қараған көпшілікке томпақ көзі шынын сөйлеуге енді келгендей бадырайып, қара қошқыл түкті жүзін томсарта сөйледі. - Бұл науқанға бәріңіз де ынталы екендіктеріңізді көрсеттіңіздер. Мәселе тапсыруды енді бастаймыз. Тағы да бір айтып қоялық, бұл үш түрлі қылмыстың титтейі де жасырынып қала алмайды. Әркім өздігінен тапсырмаса, басқалар әшкерелейді. Сөзсіз әшкереленеді. Бүкіл халық қозғалады. Сондықтан өздеріңізді-өздеріңіз толық адалап, бір тиындығын да қалдырмай ада-күде, тап-таза, топ-толық тапсырып шығуларыңыз шарт. Бұдан басқа құтылар жол жоқ! Әсіресе, азаттықтан бергі қылмыстар аз сөйленіп жатыр. Содан толық тазарып, үзілді-кесілді, бүп-бүтін, түп-түгел әшкерелеп, буржуазия жолына баспайтын, қып-қызыл жаңа адам болып шығуларыңыз шарт!... Ал, кім бастап сөйлейді?
Үн-түнсіз бүрісіп отырып қалыппыз. Абыланың көзі бадырайып барады. Қылмысты көздер жұмылып, ойланып қалғандай. Сасқандықтарынан бір-біріне «сөйлесеңші!», «сөйлесеңші!», «енді немді айтайын!» дескендей жалтақтаушылар да көбейді.
- «Ескі қоғамдағы қылмысты сөйлегеннен қазіргі жаңа қоғамдағы қылмысты сөйлеген жақсы! -деп еселей қузады Абыла. - Жаңа қылмысты сөйлеудің жақсы болатын себебі, идеяңның жаңарғандығын, партияға сенетіндігіңді ашық көрсетеді. Басқалардың әшкерелеуінен өздерің әшкерелеу жақсы. Шала әшкерелеуден толық әшкерелеу жақсы. Кейін әшкерелегеннен бұрын әшкерелеген жақсы! Көне қоғамнан жұққан індетті осылай аластап, тезірек адаланып шықпасақ, зор дертке ұшырайтын боламыз!... Қиянатшылдық, срапқорлық, бюрократтық дегендер көне қоғамның ең жұқпалы аурулары. Бұлардың идеядағы микробтарын қалдырмай жиып өртеп, орнын дизенфекциялап тастау, партияның бұл науқанды жүргізудегі мақсаты осы ғана!... Партияға кім толық сенсе, сол толық әшкерелйді. Кім сенбесе, сол жасырады...
- Мен сөйлейін! -деп түрегелді қырма бурыл сақалды мекеме күзетшісі. - Былтыр жазда қай күні екенін ұмытып қалдым. Аула сыпырып жүргенімде дарбаза алдынан жүз юан ақша тауып алғанмын. Мұның кімдікі екендігін сұрастырып, иесіне тапсырып бермей, ескі қоғамнан қалған идеяның жетекшілігі бойынша жеп кеттім. Жаңа қоғамда туылған болсам, мұндай қиянат қылмайтын едім. Партия басшылығында ондай шірік идеядан енді құтыламын!
- Әббәле, міне осылай сөйлеп тапсыра берсеңдер кешірім етіле береді! -деп Абыла әркімге бір қарап қойып, тағы сұрады күзетші шалдан. - Қандай жақсы өзгердіңіз, танымыңыз қандай жақсы!.. Тағы не бар?
- Енді... енді, былтыр күзде таудағы бір байдан халыққа көрсетпей екі қойды арзанға сатып алған едім. Базарға қасап қып сатып, екеуінен екі жүз юан пайда таптым. Бұл, қолындағы малын азайту үшін мал иесінің ұрлап сатып жатқан малы еді. Міне ескі қоғамның басымда қалған шірік идеясы!... Содан дәндеп алып, биыл осы өткен 6-шы айда тағы да он қойын базарға әкеліп тірі сатып, 70 юаннан 700 юан пайда таптым. Бір байдың өзі сойып жеген 30 қойының терісін арзанға сатып әкеліп, тағы да 200 юан таптым. Қазірше ойыма түскені қиянатым осы 1200 юан. Мен партияға сөзсіз сенемін! Және ойланып есіме түскенін тапсыра беремін!:..
- Жарайсың Рузы ахұн, және ойлан! -деді Абыла бас бармағын көрсетіп, -қой мен тері сатып берген адамдардың атын маған адресімен жазып бер, мақұл ма? Бұл, өзі кері төңкерісшілдікке байланысты зор қиянаттар болса да осылай өз ықтпярымен тапсырғандықтан кешірім етілетіні сөзсіз. Партия саясаты ашық, ауруды емдеп, адамды құтқару!...
Ал, жолдастар, Розы ахұнның идеялық өзгерісінің қаншалық нәтиже тапқандығын көрдіңіздер. Бұл өзі қарапайым жұмысшы. Қиянат істеу мүмкіншілігінен алыс жүрген бір жұмысшы осыншалық қиянат істепті. Ал, ондайдан мүмкіндігі толық зиялылар, жоғары таптан шыққандар не істемейді. Ойланыңыздаршы!... Қазан басында отырып, жемейді дегенге сенуге болама!... Ха-ха-ха-һа... енді кім сөйлейді, қане!...
Басшылық етіп отырған «парткомымыздың» қабағын ашу үшін көңілшектікпен жоқтан құраған жомарт «қиянатшылар да» сөйледі. Шылғи қайыс сияқты созылып, шын қиянатшылар да сөйледі. Жел қаққан мақташа қопсып мақтаншақ қиянатшылар да, алып ұшып аңғал қиянатшылар да, жылп беріп өте шығу үшін жылым қиянатшылар да сөйледі. Бұл - екінші реткі адалануды төрт күнде әрең бітірдік.
Бұл жолы қиянатым жоқ деуден қымсынбаған мен ғана қалған екенмін. Маған арсызға қарағандай адырайып, бетсізге қарағандай бедірейіп Абыла жүр еді. Бір күні кеште бөліміне шақырып алып, жеке тергеуге кірісті.
- Жолдас Биғабіл, сіз партияға кіруге дайындалып жүр екенсіз. Осы науқанға қалайша пассив позицияда болып қалдыңыз? ... Идеяңызда қандай мәселе бар, соны айтыңызшы!
- Пассив болғыш ниетім жоқ. Өзімнен тек қиянат таба алмай қысылып жүрмін. Әркім өзінікін өзіне жеткізе алмай жүргенде, қарызға да таба алатын емеспін! -деп мүсәпірсігенімде, еріксіз күліп жіберген Абыла қайта түйілді.
- Рас, жоқ дей аласыз ба, сырапқорлық пен бирократизмнен де тап-тазамын дей алмассыз!
- Дей аламын. Анау алғашқы сөйлеген үшеуімнен басқа өз басымнан мұндай мәселелердің ешқайсысы өтілмеді!
- Шығып қалса қайтесіз? -деп бадырая қарады Абыла.
- Шығып қалса партияға кіруге арыз жазып қойған адамға грамның да тонналап өлшенетіндігін - зор қиянат болатындығын түсінемін!
- Бұл уағда осымен тұрсын. Бар мәселе шықпай қалмайды. Ойланарсыз! Ал, сіз пассив болғыңыз келмейтіндігін айттыңыз ғой. Ертеңнен бастап үшке қарсы тексеру сатысына өтеміз. Басқалардың қылмысын әшкерелеу, күмәнді жақтарын да ортаға қойып, батыл күрес ашу сатысына өтеміз. Коммунистер үшін төңкерістің ең алдыңғы шебінде болу шарт екендігін білесіз ғой. Демек бұл саты әсіресе сіз үшін ауыр сын кезеңі болатындығын жолдастықпен ескерткенім, коммунизмшілдік сапаңызды сақтаңыз! Ұқтыңыз ба?
- Ұқтым, ақиқат пен әділет жолында болатын күрестің ең алдыңғы шебінде тұру, коммунизмші болудың бірінші шарты екендігін тіпті жетік түсінемін! Коммунизмшілдік сапа осыған ғана бағынышты!
Абыла арбай қарап қалды да, мен атыла бір қарап қойып шыға бердім. Ертеңіне бүкіл мәдени-ағарту саласындағы үйрену активтерінің жиыны шақырылды. Зәуде болса мені сындар-ау деп барып едім, олай емес сияқты. Осы науқанда тағы да біздің салаға туанжаң болып тағайындалып келген Нюханбеңнің қиық көзі маған түсе қоймады. Қарақоңыр, сопақша жүздегі маңдайдан иекке дейін созылған ұзын тұмсық ирелең қағып, әр мекеме, әр орынның атрет бастықтарынан доклат тыңдады. Қиянат пен төрешілдік көбірек шыққан басқа мекемелердің доклатын мұрны жеңіл жыбырлап күлімсіреп қана тыңдады да, біздің мекеме тәрізді қара жұмысшыларынан басқа «жолбарыстық қиянат»[2] шыға қоймаған орындардың доклатына сол мұрын кеңсірігіне дейін толғанып, түйіле иіскелеп тыңдады.
- Мұнымен қайтып төңкерісші кадр қатарына қосылмақсыңдар! -деп бір зекіріп қалды. Біз жаққа қарап, іле-шала салқын сабырлы кейіпке келе қалып, зілдене жалғастырды сөзін. - Төңкеріс деген жанды қыру деген сөз. Қоғамды, адамды жаңарту оңайлықпен орындалмайды. Әркім өз жанын қырып-жонып, өзіндегі дертті жойып, жаңарып, онан соң өзіне батылы жетпегендердің жанын қырып тазартып қатарға қосу шарт. Дертті жою үшін дәрігерлер қырып-жону түгіл, жарып-кесіп те емдейді ғой, ха-ха-ха...!.. Жанашумен ауыру жазыла ма! Белсенділіктерің жетпей жатыр!... Атрет бастықтары, тағы да естіп қойыңдар, бұл қарқынмен, бұл либрализммен «жолбарыс соғу» жоспарларың орындалмайды. Партия мен халық алдындағы борыштарыңды толығымен орындауларың шарт. Кем орындауға жол жоқ! Жубайчың жолдастың іледегі «жолбарыс соғу» тәжірибелері туралы жазған доклатын осы жиынның соңында оқып қайтсаңдар болады! Ал, атрет бастығынан басқа жолдастар оны кейін тыңдарсыңдар. Сендерге қазірше мәселені ашу, қылмыс әшкерелеу жөнінде бірнеше мисал айтайын. Ұзын етек, асыл көйлек киген, ұзын бұрым өсіріп, күніне жуып майлап тұратын әйелдер соларына ғана өзді-өз өмірлерінде қаншалық ақша сырап еткендіктерін, она қайдан қапқандықтарын білесіңдер ме?!.. Әсіресе ұзын етекке кеткен бұлды есептеп көріңдерші! Арзан қолды бұлды менсінбей, ыңғай қымбат шұға, жалтырауық құрым киетін, үйіне ыңғай қымбатты бұйым, жиһаз жиған қызметкерлер қаншалық срапқорлық істеген, қоғам қазнасын қаншалық бұлағандығын білесіңдер ме!... Қиянатым жоқ дейтін мырзалардың көзіне сонысымен ұрмайсыңдарма! Ал, қымқырғаны мың юанға жетпеген қиянаткерлер жолбаырстық дәрежеге жетпей қалады. Естеріңде болсын! Коммунистер партия нұсқауын шартсыз орындауға міндетті. Партком жағынан тағайындалған атрет бастықтарының ұсынысын бұлжытпай орындауға борыштысыңдар!
Нюханбеңнің екпінді-отты лекциясынан жадымда қалғаны осы ғана. Балшараптай нелер «сіңімді, тәтті» сөздері бар еді. Әлгі «жолбарыс соғу жоспарлары» дегеннің нендей жоспар екендігін қиялдап отырып, ол сөздерін есіме сақтай алмай қалыппын. Жиыннан тарағанда да сол жоспары басыма симай төгіле берді. «Жолбарыс соғу жоспары? -сонда бұл науқан басталмай тұрып, белгілі адамдарды жолбарыс етіп шығарып, соғу жоспарланған екен ғой!...
- Жолбарыс болудың өлшемі мың юан болса, рузы ахұнның не болғаны! -деп қалды алдымда келе жатқан екі қызметтестің бірі. Екіншісі күңкілдеп қана қайырды жауабын.
- Көресің әлі, Рузы ахұн жолбарыс болмай қала береді. Басқаларға мұрындық ету үшін әдейі сөйлетіп отыр оны!:.
Атрет бастықтарының жеке жиыннан Абыла күн бата қайтты. Көзінің жарқылынан Нюханбеңнің не оқытқаны байқалғандай. Асқанадан бір термос қайнақсу мен екі момы алып, бөлмесіне кіре сала белсенділерін бір-бірден шақыра берді. Жеке-жеке қайрап қылшылдатып жатқанын сездім. Құрал жағынан бұлай дайындалмай жолбарыс соға алар ма!
Мені түнге сағат үште шақырды. «Биғабіл жолдас, партия сіздің қабілетіңізден үлкен үміт кетеді екен» деп бастады сөзін. - Алдымызда төңкерістің жеңісі, иә, жеңіліс, өмір, иә, өлім сипатты зор сынақ майданы тұр. Себебі, бұл мекеме буржуазия зиялылары ең көп орын тепкен мекеме. Қиянатшылдық пен бирократизмнің ұясы болған орын. Сондықтан, партия сіздей еңбекші тап зиялыларын солармен аяусыз күресуге шақырады!... Осы мекеменің өзінен... басқа орындардікінен көбірек... ең кемінде бестен жетіге дейін жолбарыс шығару белгіленіп отыр. Бұдан азайту кертартпалық... бұл күреске кім қандай үлес қосады... артынан есептесеміз.
Атрет бастығымыз соңғы сөздерін ұйқыдан жеңіліп, үзіп-үзіп айтып келді де, қор ете түсті. «Бес!... жеті!... он болса силанармыз да...» деген есеңгіреудің былжырағына зарлана түрегелдім де, шығып жүре бердім. Артымнан «құпиялықты мықты сақтаңыз, ә!» дей салды да, қайта қорылдап қала берді.
Жубәйчың мен Нюханбеңнің әр мекемеге салған жолбарыс салығы мені сол түні ұйықтатпай дөңбекшітті. «Жолбарыс-жыртқыш атап соғуды әркімнің істеген қиянат-қылмысына қарап белгілемей, сан жағынан мекемеге күні бұрын салық етіп салғаны неткен сұмдық! Мәселесін анықтамай-ақ жанын алмақ болғаны қалай? Бирократизмге қарсы тұрғаны осы болғаны ма! Марксизмші болып «шындықты іс жүзінен іздегені» осы ма! Жубайчыңның іледегі жолбарыс соғу тәжірибесі дегені осы болғаны ғой! Ұлттық төңкерістің орталығын осындай салықпен алдын ала жаркемдеген екен ғой! Неткен сорақылық бұл!» деген қапалық гоминдаң түрмесінің темір қасқырынша азулады жүрегімді. Қайткенде де, үн шығармай күте тұруға бекіндім.
Таңертең жиын залына айбаттана кірген Абыла науқанымыздың жалпылық әшкерелеу сатысына өткендігін жариялады. Түндегі еңбегі жаныпты. «Кім әшкерелейді?» дегенде-ақ шуылдай көтерілді белсенділер, бұлттай түнеріп, борандай түтеп көтерілді. Мекемедегі қиянат аталып әшкереленген ақша факттерін кешке дейін толассыз ақ жауындай сатырлатты. Әсемпаздық пен әуейілік, бұйрықшылдық пен зейілдік, такаппарлық пен астамдық, қымқырымпаз қиянат ен астатөк сырапқорлыққа тұтасты да, жорамал-күмәндармен көл-көсір сел қаптатты. Кешке жақын қарасам, бөлімнен жоғары бастықтарымыз бен бұғалтыр-кассирларымыз судан шыққан тышқандай салмірейіпті. Әшкерелеудің нысанасы осылар болып еді. Дір-дір қағып бүрсеңдей жөнелді үйлеріне. Көріністерінен жолбарыс деудің өзі мазақ сияқты.
Осылай екі-үш күн селдетіп алып, өздерін сөйлету-мойындату басқышына көтеріліп едік. Жолбарыс түгіл көбі көздерін жұмып алатын мысық құрлы да бола алмай қалды. Кейі түп-түгел жоққа шығарудан ұялатындай да, кейі «жуастықтан аттап «тоңмойын» аталудан қорқатындай спетпен аз-аздап мойындай бастады. Мойындаған сайын қыстады белсенділер. Шапалақтап та, жұдырықтап та, өздері шын жолбарыс болып жұлмалап-талап та мойындатуға кірісті. Үйлеріне қайтудан, бала-шағасымен көрісуден тиды. Ұйықтатпай жұмысқа салып-есеңгіретіп тергеді. «Жолбарыстар» үш күннің ішінде-ақ тышқан деп те танығысыз түйенің құмалағынша домалап қалды.
Наразылық білдіріп, иә, өліп құтылу ниетімен тамақ ішпей қойғандарының аузын керіп умаш құйды. Қимайтын бала-шағасын шақыртып әкеліп, солардың көз жасымен де зорлап ішкізді. Сонда да «қиянатын» толық мойындату зұлымдығынан қайтпады белсенділер. «Өліп алу мен қорқытатын жауды аяса төңкерісші бола ма!» бір рет тамақ ішкізіп алған соң қимастарын үйлеріне қайтарып жіберіп, қайта қинай берді.
Мұндай «мықты төңкерісшілер», құйрықтарынан құтыртқы жел беріле берсе, жеңбей қоймайды екен. Түгел мойындатуға айналды. Мойындаған «қиянаттары» үшін «жолбарыстардың» үй мүліктерін канфескелеп төлетіп жатты. Толық мойындай алмаған «партияға сенбейтін бетпақтары» әртүрлі қабат үйлердің терезесінен домалап-құлап, иә, асылып өліп жатты. Көшелердің таңын «жолбарыстардың» өлекшіндері мен күшіктерінің шуылы атыратын болды. Ханбеңдердің уысындағы бұл шудан менің таңым да ертерек атып жүрді. Әлсіз өлекшіндер мен аштықтан бұралған күшіктер асыраушы паналарының өлігін көріп шулағанда, мен де шиқылдап жылай сенделдім.
Әділетті тергеушім, жолбарыс күшіктерімен бірге қыңсылап-шиқылдауымнан, бәрі-бір, менің де тегім жолбарыс екендігі көрініп болмады ма. Қиянат қылмадым деп жасырынып қалуым мүмкін емес екен. Зорлап қиянатшы етіп қамаған «жолбарыстарыңыздың» да қиянат қылғанын ешкім көрген емес қой. Олардан менің не парқым бар. Тіпті сол шулаған өңірдің тау-тасы түгел жолбарыс. Қиянат етіп, конфескеленбесе бекер шулай ма...
Құдай ниетін алған айдағарыңыз сол шулағандарды аумағымен жұтса, жершарындағы барлық қылмыс сіздің құрсаққа ғана жиналғаны ғой. Шіркін, шіркін, сол құрсаққа бір ғана қолбомбы сүңгітіп кеп жіберсе!... Планетамыз қылмыстан қалай тазарар еді!
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»
[1] Мау Зыдұң ықшамдап құрастырған түсінік.
[2] Жолбарыстық қиянат - (үшке қарсы әрекеттегі ең ауыр жаза жолбарыс аталып соғылу) Мың юан, істеген қиянаты мың юанға жеткен қиянатшы қолға түскен жолбарыс ретінде рақымсыз жазаланады. Үй мүлкі мүсәдіреленеді.