Жұма, 27 Қыркүйек 2024
46 - сөз 3702 7 пікір 20 Қаңтар, 2022 сағат 14:16

«Огонь на поражения» бұйрығы тоқтатылсын!

Құрметті Президент мырза!
Елде әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыруға байланысты шешімдеріңізге қолдау білдіре отырып, өткенде теледидардан өзіңіз айтқан «огонь на поражение!» деген бұйрығыңыздың күшін тоқтатуыңызды сұраймын.

Лаңкестік әрекеттерді біздер, қаламгерлер қауымы да айыптаймыз. Алайда асыра сілтеушіліктің салдарынан қарапайым азаматтар зардап шекпеуі керек. Өкінішке қарай әлеуметтік желілерде полиция оғынан қаза тапқан бейбіт тұрғындар туралы ақпараттар көбейіп кетті.

Мысалы, Алматының бейбіт тұрғыны Ербол Шорманов жазықсыз оққа ұшқан (Мақсат Ержанұлының Фейсбук парақшасынан).

Аңшы, саятшы, петроглиф зерттеушісі Ерлан Степняк көлігінен аңшы пышағы шыққаны үшін өлім құшқан.
Желтоқсаншы қаһармандар 1958 жылы туған Құлсұлтанова Гүлзира Сабазқызы мен 1949 жылы туған Биткембаев Қуат Керімтаевич көліктеріне 60-қа жуық автомат оғы тиіп қаза тапқан әрі көліктері түгел өртеніп кеткен (Мирболат Мырзатайұлының парақшасынан).

Талдықорғанда Нұрболат Сейітқұловтың отбасы түгелдей, өзі, әйелі және 15 жастағы қызы полиция оғынан қаза тапқан.
«Огонь на поражение» бұйрығы осылай қарапайым халыққа теріс әсерін тигізіп жатыр. Дәл қазір күш құрылымдары кез келген лаңкестік топты ауыздықтауға шамасы келеді. Сондықтан бәріміз де сабырға көшейік. Қоғамдық тәртіп азаматтардың конституциялық өмір сүру құқығына нұқсан келтірілместен қалпына келтірілгені жөн!

Марат Бәйділдаұлы

Abai.kz

7 пікір