«Мен үшін ең басты құндылық – ұжымның ауызбірлігі»
Ару Алматының тұрғыны Мұрат Құсманұлы Рақымжанов басқаратын «DOC CO LTD» ЖШС «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің «АЛТЫН САПА» 2021 жылы сыйлығын жеңіп алған еді. Бұл кәсіпорын еліміз экономикасының дамуына сүбелі үлесін қосып еледі. 2017 жылдың 21 желтоқсанында Алматы индустриялық аймағының аумағындағы жалпы көлемі 3400 шаршы метрді. құрайтын картридж өндіретін зауыт пайдалануға берілді. Айта кету керек, аталған зауыт рекордтық көрсеткішті құрайтын – 12 айдың ішінде салынып, пайдалануға берілді.
Өз қызметінде М.К.Рақымжанов қазақ өндірісінің тек ішкі нарықта ғана емес, сонымен қатар, жақын және алыс шет елдерде де абыройын көтеруді мақсат тұтады. Жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етеді, әсіресе, жергілікті жастар арасынан білікті мамандарды тарта біледі . Қазіргі таңда, « ALATAU» брендімен өндірілетін картриджер Ресей және Беларусь елдеріне пайдалануға беріледі .Істің көзін таба білген, адамдарды тұрақты жұмыспен қамтыған Мұраттың қол жеткізген жетістіктерінің сыры - еңбекқорлықта! Бізге іскер жанмен сұхбаттасудың реті түсіп еді.
- Әр перзенттің өсіп-өнуіне үлкен кісілердің ықпал ететіні анық. Сізге ата-анаңыздан қандай қасиеттер дарыды?
- Мен Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы Айнабұлақ елді мекенінде дүниеге келдім. Бала кезімнен география пәніне құмарым артып, ден қойып оқыдым. Шахматтан аудан чемпионы болдым. Мектеп пен ауыл кітапханасына күн сайын барып, бар кітапты түк қалдырмай оқып шықтым десе де болады.
Әкем Құсман, бар саналы ғұмырын жүргізуші боп өткізді. Кішкентайымнан әкемнің қасынан қалмайтынмын. Тіпті, көлікті жөндеуге де ат салысатынмын. Жаз айларында кеңшардың машина-трактор жөндеу шеберханасында жұмыс жасап, үлкен ағаларымызға ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеуге жәрдемдесетін едік.
Әлі күнге дейін станоктардың дыбысын, тракторлардың және техникалық жабдықтардың гүрілін естісем, тұла бойымды ерекше сезім билейді. Үй шаруасындағы анама қолғабыс жасау біздің қасиетті парызымыз екені айтпаса да түсінікті.
Ауыл баласына тән жұмыстың бәрін жасайтынбыз. Мал бағып, қора тазалап, жем-шөп жинап, үйге су таси жүріп, көгілдір қырда доп қууды да ұмытпайтынбыз. Шығысты қысы ызғарлы келеді. Қар қалың жауады. Кей тұсы кісі бойындай биіктікте сіресіп қатқан қарды күрейтінбіз. Біз үшін сол қарды тазалаудың да өзіндік машақаты мен қызық-шыжығы қатар жүретін.
Әкем Құсман мені техникаға баулыса, ал, кәсіпкерлік қасиет анам – Бибатыштан дарыса керек.
- Бизнес әлеміне кездейсоқ келдіңіз бе, әлде...
- 1986 жылдың желтоқсанында Кеңес армиясындағы азаматтық борышымды өтеп, Алматыға ат арытып келгенімде, аты-шулы Желтоқсан оқиғалары басталып кеткен-ді. Әділдіктің туын арқалап, алаңға шыққан көптеген замандастарымның легіне қосылдым. Артынша 1987 жылы Қазақ Ұлттық Техникалық институтының электронды-есептеу техникасы факультетіне оқуға түсіп, оны 1993 жылы инженер – системотехник мамандығы бойынша бітіріп шықтым.
1989 жылы екінші курс студенті кезімде техника ғылымдарының кандидаты, ЭВТ факультетінің деканы болған марқұм Сарыпбеков Жаксыбек Сарыпбекұлының докторлық диссертациясына компьютерлік бағдарламалар жасап, онымен бірге Москва, Вильнюс, Каунас қалаларындағы ғылыми семинарларға қатыстым. Сонымен қатар техника ғылымдарының кандидаты Бауыржан Карабековтың жетекшілігімен Пролог тілі мен Петри желісінде жасанды интеллектке логикалық бағдарламалар құрастырдым. Содан соң, 1989 жылы КазГУ-дің, медицина институтының және политехникалық институтының студенттерімен бірге «Ақиқат» деп аталатын жастар қозғалысын ұйымдастырдық. Түрлі жиналыстарға, митинглерге қатысатынбыз. Мұхтар Шаханов пен Олжас Сүлейменовтың Невада-Семей қозғалысына қолғабыс жасайтынбыз.
Бастапқы кезде, ғылыммен айналысып, компьютерлік бағдарламалар жасауды мақсат тұттым. Содан бизнеспен айналысу идеясы өздігінен туындай кетті. Ең алғаш менің бір танысым компьютерді сатып, совхоздың бухгалтерін оқытып, оны жан-жақты үйретіп шығаруға тапсырыс жасаған-ды. Содан бизнестің алғашқы баспалдағына аяқ бастым. 1991 жылы шағын кәсіпкерлікпен айналысып, компьютерлер сата бастадым. Жергілікті жерлерге ыңғайластырылған компьютерлік желілер қондырдық. Әлі есімде тек Қызылорда облысы бойынша біз 100-ге жуық компьютер орнатқан екенбіз. Осы өнірдің мамандарына сондай-ақ, жаңа технологияның қыр-сырын үйретіп,тәлім берумен де айналыстық. Шынын айту керек, бизнесіміз дөңгелеп жүре берді. Бірақ, бәрі біз ойлағандағыдай бола бермейді екен. Күндердің бір күнінде бізге қызмет көрсететін банк аяқасты жабылып, өзімізге тиесілі ақшаны ала алмай қалған кездерді өкінішпен еске алуға да тура келеді. Біз, тиісті қаражатты бір жылдан кейін ғана алдық. Бірақ, ол кезде дүниенің бәрі құнсызданып кеткенін тәптіштеп айтып жатудың өзі артық.
- Естуімізше, Сіз басқаратын компания Алматы қаласының ең ірі деген донорларының бірі болып табылады...
- Мен үнемі қайырымдылық іс-шаралармен айналысамын, сондай ақ, балалар алаңдарына спорттық жабдықтар сатып алу үшін қала әкімшілігіне үнемі қолдау көрсетемін. Бұған қоса, компаниямда жұмыс істейтін әрбір қызметкерлеріме пәтерлер сатып алып, тұрғын – үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскелерін алып беруді де дағдыға айналдырғанмын. Сонымен қатар, әріптестерім үшін отбасылық демалыс күндерін де ұйымдастыруды есімнен шығарған емеспін. Жыл сайын, «DOC Co, LTD» ЖШС қала деңгейінде, сонымен қатар, республикалық деңгейде де, жағдайы төмен отбасыларға материалдық көмек көрсетеді, қайырымдылық акцияларына қатысады. Сондай –ақ, түрлі әлеуметтік жобаларға демеушілік жасаймыз. Ал, бюджетке салық төлеу деңгейі бойынша қаланың ірі салық төлейтін компания екеніміз рас.
- Әлбетте кез-келген жетістікке ұжымның қосатын рөлі ерекше болса керек.
- Әрине! Біздің компания үшін ең басты құндылық – ұйымшыл ұжымның ауызбірлігі, тұтастығы, рухы!. Тіпті, экономикалық қиындықтарға қарамастан, кей ретте тығырықтан шығудың жолдарын таба алатын қасиетіміз бар. Әрбір қызметкердің өзіндік орны, икемі болады. Басшы ретінде қызметкерлерімнің проблемасын біліп, оны уақытылы шешуді әдетке айналдырғанмын. Үнемі өз білімімді шыңдай жүремін. Оның жолы көп қой! Әртүрлі конференцияларға, семинарларға, тренингтерге қатысудың да берер пайдасы мол.
- Жұмыстан тыс уақытта айналысатын сүйікті ісіңіз...
- Отбасыммен және достарыммен уақыт өткізгенді жақсы көремін. Жаңалықтар мен деректі фильмдерді өткізіп алмауға тырысамын. Кітап оқимын. Жаяу жүргенді жақсы көремін.
- Бизнес әлемінде үлгі тұтатын тұлғаңыз бар ма?
- Иә, әрине бар, Apple компаниясының негізін қалаушы Стив Джобс және Tesla-ның негізін қалаған Илон Маск.
- Кәсіпкерліктің қыр-сырын білу үшін, шет елге барып жұмыс жасады деп естідік?
- 2010-2011 жылдары Қытайдың ең үздік инновациялық заводында қарапайым қосалқы жұмысшыдан бастап, картридж өндірісінің технологына дейін көтерілдім.
- Сүйікті кітабыңыз.
- Этель Лилиан Войнич - «Овод», Борис Полевой - «Повесть о настоящем человеке» Илья Ильф пен Евгений Петровтың - «Двенадцать стульев» пен «Золотой теленок» кітаптары.
Қытайдың Шанхай қаласында өткен 11-ші SNEC – 2017 қалыпқа келтіруші энергия көрмесі мен конференциясында М.Қ.Рахымжанов 2017 жылдың 19 мен 21 сәуір аралығында қазақ студенттерінің волонтерлік қозғалысын ұйымдастырды. Студенттер ЭКСПО-2017 Астана жарнамалық брошюрасын таратып, Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 көрмесіне Қытай және басқа да қалалардан мыңдаған туристтердің келуіне ұйытқы болды. Аталған іс-шаралар - «DOC Co.LTD» ЖШС-нің ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Сұхбаттасқан Ғалымжан Мелдешов
Abai.kz