Жұма, 27 Қыркүйек 2024
46 - сөз 4110 2 пікір 25 Қаңтар, 2022 сағат 16:05

Мәминнің қателігі қайталанбауы керек (еді)

Бүгін Үкімет Батыстағы 4 облысты дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жоспарын қабылдап жіберді. 15 триллион теңге! Бірақ әкімдердің сөзі мүлдем көкейге қонбады. Сол баяғы уәде: жөндейміз, саламыз, бақылаймыз. Қатыратын болса бұған дейін қайда қалды?! 2025 жылға дейін кім бар, кім жоқ. Атырау облысы әкімінің 3 орынбасары жемқорлық фактісімен тергеліп жатыр. Ноғаев мырза өткен оқиғалардан кейін Маңғыстау халқына билік жүргіземін деп отыр ма? Оның да бір орынбасары кеше ұсталды. Ғали Есқалиев деген адамды енді көріп тұрмын. Ондай да әкім бар ма? Мүлдем жабық, жұмбақ адам.

Билік өкілдерінің арасында ауыл халқын мәдениетсіз, білімсіз, қысқасы топас көретіндер бар. Бірақ кешегі қаңтар көтерілісінде әлеуметтің әкімдермен қалай сөйлескенін көрдіңіздер. Сөз саптауы бөлек небір мықты азаматтар бар екен. Ел ішіндегі проблемаларды елдің өзінен артық ешкім білмейді. Қайта сол әкімдер халықпен тіл табыса алмай тұр. Себебі бұған дейін елмен тең дәрежеде тұрып сөйлеспеген. Жергілікті жұртты танымайды. Ауыл араласа, тығылып кіреді, тығылып шығып кетеді. Тіпті халыққа есеп беру жиындарында тәкаппар әкімдер төрге шығып отырып алады.

Үкіметтегілер де, әкімдер де бүгін бар, ертең жоқ. Өңірлердің даму жоспарын ең бірінші кезекте тұрғындар мақұлдауы керек. Ол үшін елдің ішінен жұмыс тобы құрылады. Екі жақты мәмілеге келгесін барып құжат Үкіметке жолданбай ма? Осындай бір жүйе керек сияқты. Әйтпесе 4 облыстың даму жоспарын бір сағатта қабылдап жіберу деген... Қайда асығамыз? Мынау Мәминнің жұмыс стильіне ұқсап кетті. Халыққа слайд емес, нақты нәтиже керек. Президент те соны тапсырды емес пе?!

Азамат Битанның жазбасы

Abai.kz

2 пікір