Ыдырыс Тұрлығұлов. Экология: заңдағы теңсіздік
Парламент депутаттары назарын мына бір өзекті мәселеге аударғым келіп отыр. Сайып келгенде бұл да әлеуметтік салаға қатысты.
Парламент депутаттары назарын мына бір өзекті мәселеге аударғым келіп отыр. Сайып келгенде бұл да әлеуметтік салаға қатысты.
Кеңестік кезеңде экономикасы аграрлық саламен шектеліп қалған өңірде мұнай өндірісі дами берсін деп Қарағанды облысының жерін Сыр аймағына жалға беру мерзімін тағы да ұзартып берді. Елбасымыз осылайша бір жағында тартылған Арал теңізінің тұзды табаны, бер жағында Байқоңыр ғарыш айлағы, оған қоса уран өндірілуімен радиация әсері бар аймақ халқына ерекше көзқарас танытып келеді. Экологиялық апат аймағы саналған облыс тұрғындарына экологиялық жеңілдіктер қарастыратын - «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңының жұмыс істеп тұруы да соңың бір дәлелі. Шынында да жаздың 50 градусқа жақындайтын ми қайнатар аптап ыстығы, 40 градусқа жуықтайтын қысқы аязы, жылдың алты айында шаң боратып соғатын аңызақ желі бар суперконтинентальды климатты өңір тұрғындарына бұл жеңілдіктер өте қажетті нәрсе және әжептеуір демеу. Бірақ осы заң тұрғындарға қатысты теңсіздік жағдай орнатып келеді. Қалай дейсіз ғой? Заң бойынша облыста еңбек етіп жатқан адамдардың барлығының жалақысына экологиялық коэфициент қосылады. Ол Арал және Қазалы аудандарында 50 пайыз болса, қалған бөлігінде 30 пайыз. Аталған екі аудан экологиялық апат аймағының орталығы саналғандықтан, бұл жағынан айтар дау жоқ. Мәселе басқа да. Аталған коэфициенттер әркімнің жалақысының көлеміне қарай қосылады. Ал осы дұрыс па? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Ойлап қараңызшы, мәселен мемлекеттік бір мекеме басшысының жалақы ставкасы 200 мың тенге делік. Заңға сәйкес оның айлығына (30 пайыздық үстемемен есептегенде) 60 мың теңге қосылуы тиіс. Ал 60 мың теңге деген төмен қызметте жүргендердің айлығы. Тіптен одан да төмен, 25-30 мың теңге шамасында алып жүргендер жетерлік. Ал соларға экологиялық коэфициент әрі кетсе 9-10 мың теңге көлемінде ғана қосылады. Сонда жоғары қызметте жүргендер экологиялық аймақта жұмыс істеп, оның зардабын сезінгені үшін айлығына қосымша 60 мың теңгеден аса ақша алса, төменгі қызметкерлер алатыны 10 мыңға жетпейді. Бұл қалай болғаны сонда. Мұны әділетсіздік, теңсіздік демегенде не дейміз. Бәрі бір өңірде, атап айтқанда экологиялық ахуалы басқа аймақтармен салыстырғанда төмен саналатын облыста тұрып, сол жердің ауасын жұтып, суын ішеді. Жоғары қызметте жүргендердің қоршаған ортаның зиянды әсерлерін азайтуға онсызда айлық жалақысы жетіп артылады. Олардың құнарлы азық-түлік, көкөніс пен жемістерді, қажетті дәрумендерді сатып алып тұруға шамасы молынан жетеді. Денсаулығын түзеймін десе ауруханалар мен шипажайларға қолжетімділігі қарапайым халық өкілдерімен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Бұл неғылған батпан құйрық деген сұрақ еріксіз туындайды. Облыстағы мемлекеттік органдар басшылары мен олардың орынбасарлары арасында басқа өңірден ауысып келіп, қызмет етіп жатқандары аз кездеспейді. Олар бұрын экологиялық апат не дағдарыс аймағында өмір сүрмеген. Ал енді оларда заңға сәйкес экологиялық үстеме ала бастайды. Онысы өмір бойы осы жерде тұрып, жұмыс істеп келе жатқан қарапайым адамдар айлығымен шамалас немесе олардың жалақысына қосылатын экологиялық үстемеден бірнеше есе артық.
Бұл жерде осындай теңсіздік орын алып отыр деп ешкімді кінәлаудың реті жоқ, ешкімді жазғыруға болмайды да. Өйткені заң солай қабылданған, оны тек орындау керек. Әкімдерге онсызда зор жауапкершілік жүктелген. Мың-сан проблемалардың шешімін тауып отыруы қажет. Мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау саласы өкілдерінің әрқайсысының өз міндеттемелері бар. Соны орындап-ақ алсын. Мына заңның мына бір жері дұрыс емес секілді деп айтуға ешкімнің де жүрегі дауалай қоймас. Тіпті ол туралы ешкім ешқашан ойланбауы да мүмкін. Бұл заңның жобасын жасағандар мен оны қабылдағандар қайда қараған деп те айта алмаймыз. Өйткені заң алғаш қабылданған уақытта көптеген баптардан тұратын. Бірқатар баптар табысы төмен отбасыларына арнайы көмек көрсетуді міндеттейтін. Заңға сәйкес тұрғындарға жеңілдікпен 2 тоннадан көмір беріліп тұрғаны есімізде. Онан бөлек жеңілдік түрлері де болды. Әйтеуір аталмыш заң талаптары алғашқы кезде табысы төмен отбасыларына біраз көмек көрсетіп, теңгермешілікті ұстап тұрды. Алайда кейіннен заңның көптеген бөліктері алып тасталынып, жоғарыдағы негізгі баб түрлері қана қалды. Ал өздеріңіз байқағандай бұлар негізінен жалақысы жоғары адамға ғана жағымды екен.
Кезінде облыс әкімі болған Серікбай Нұрғисаев осы экологиялық жеңілдіктерді алып тастауға белсене кіріскен болатын. Бірақ Сыр өңірі тұрғындары тарапынан қатты қарсылыққа тап болды. Әрине халыққа қарсы шығу қиын. Мұндай әрекетке ол өздігінен барды деп ойлағандар қателеседі. Сол науқаннан шамасы жарты жылдай бұрын уақытта С.Нұрғисаев журналистермен кезекті кездесуінде облыста жоспарланған кейбір жобаларға республикалық бюджеттен қаржы неліктен бөлінбей қалғаны туралы айтып берген еді. Сол уақыттағы Үкімет басшысы Д.Ахметовтың «Сендерге онсызда экологиялық жеңілдікке көп қаржы бөлінеді. Соны алып тастаңдар, содан кейін жобаларға қаржы молынан беріле бастайды» деп айтқанын жеткізді. Шамасы Премьер министр әкімге осы ойын қайталап айтып қысым көрсете берген соң ол амалсыздан абыройсыздық әкелетін іске қадам басқан секілді. Иә айтпақшы, Серікбай Өрікбайұлы сол уақытта өзінің Қазақстандағы ең көп жалақы алатын облыс әкімі екенін ағынан жарылып айтқан болатын. Айлығына қосылып отырған 30 пайыздық экологиялық үстемесі баласының оқуына төлеуге жетіп тұрғанында жасырмағанды. Экологиялық төлемге қатысты айтыс-тартыс ұзаққа созылып кеткенде бұл әңгімеге ең соңғы нүктені қойған үлкен жиын өтті. Оған бірнеше министрліктер өкілдерін ертіп келген вице-премьер Григорий Марченко қатысты. Жалпы сол кездесуге Үкімет делегациясы екі жоспармен, екі оймен келген секілді көрінді өз басыма. Оның біріншісі мүмкіндігі болса жұртшылыққа дәлелдеп, жеңілдіктерді алып тастау туралы тоқтамға келу. Оның реті келмесе амал жоқ, экологиялық жеңілдіктерге тиіспеу туралы шешімге келу. Мүмкін мен қателесермін, дегенмен жиналыс барысындағы министрліктер өкілдері ауыздарынан алғашқыда шыққан сөздері солай ойлауға мәжбүр еткені рас. Қалай болғанда да Үкімет мүшелері Сыр халқының атынан сөйлеген азаматтардың жалынды сөздерінен кейін экологиялық коэфициенттер алынбайтынын, керісінше орында қалатынын мәлімдеді. Осылайша экологиялық үстемені алып тастағысы келгендер әрекеті сәтсіздікке ұшырады. Осы оқиғадан кейін мұндай қадамға ешкімнің де бара қоймайтыны белгілі. Ол уақытта қайта осы өңірде жұмыс атқаратын көптеген бизнес құрылымдары, шетелдік компаниялар экологиялық үстемені қоса бермейтін. Сөйтіп экологиялық жеңілдіктер туралы заңды орындамайтын. Мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау органдары осы бағытта жұмыс жүргізіп отыруы себепті қазір аймақта заңның осы бабы толық жұмыс істеп тұр деуге келеді. Істеп тұр, бірақ теңсіздік жағдайда. Заңды түрде. Жоғарыда келтірілгендей Сыр елі тұрғындарына осы заң бойынша экологиялық төлем жасауда әділетсіздік орын алып келеді. Экологиялық коэфициент бұл мерекеге байланысты жалақы көлеміне сәйкес қосылатын сыйақы емес (негізінде бұл мәселеге де басқаша көзқарас танытса артық болмас еді), экологиялық үстеме болғаннан кейін ол барлығына бірдей төленуі тиіс. Ол 50 пайыз қосылатын аудандарда белгілі бір көлемде, 30 пайыздық аймақта сәйкесінше одан төмендеу болуы қажет. Оған қалай қол жеткізуге болады? Заң қатып қалған догма емес, оған уақыт, заман талабына қарай өзгерістер мен толықтырулар енгізуге болады. Ендеше бұл заңға да өзгеріс енгізетін уақыт жетті. Оны үстіміздегі жылы қалыпқа келтіріп жатса нұр үстіне нұр үстіне болар еді.
Қазір облыста экологиялық төлемге бір жылға қаралған қаржы көлемі 11 млрд. тенге шамасында. Бірақ бұл ақша тек бюджеттен қаржыландырылатын қызметкерлерге ғана төленеді. Осы қаржыны оларға бірдей етіп төлегені абзал. Әрине солтүстіктегі екі ауданда сәйкесінше көбірек болады. Осыдан кейін басқа салаларды да осыған теңестіріп төлеуге міндеттеген дұрыс. Мүмкін есептеудің мынандай жолын қарастырар. Облыстағы орташа жалақы көлемі 70 мың теңге деп алсақ, соның 50 пайызы 35 мың теңге, 30 пайызы 21 мың теңге болып шығады. Міне осындай көлемде аймақтарына қатысты төленіп отырғаны дұрыс болар еді. Немесе экологиялық коэфициентті ең төменгі айлық не АЕК көлемімен есепттеудің жолдарын ойластыру керек болар. Есептеудің мұндай жолдарынан жоғары айлық алып жүргендердің ұтылатыны рас. Бірақ олар бұл жағдайға ренжімес деп ойлаймын. Өйткені қаншама жерлестерінің жалақысына 5-10 мың теңге қаржы қосылады. Мұның өзі оларға біраз көмек. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей. Біреулер 5-10 мың теңге деген не тәйірі деп ойлауы мүмкін. Ондайларға бұл 2-3 қап ұнның құны екенін жеткізуге болады. Және бір ескеретін жәйт, кейбір ЖШС-дің табысы аз болуы себепті экологиялық төлем жасауға шамалары жетпеуі ықтимал. Әсіресе солтүстік аудандарда. Ондай жағдайда қосымша субсидия беру жағын ойластыру керек болар.
Әрине, мен қаржы саласының маманы емеспін. Бұл келтірген мысалдарым дұрыс болмауы да мүмкін. Бірақ мамандар кіріссе барлығына бірдей төлеудің механизмін жасап алатынына сенімдімін. Мүмкін қаржы көлемінің немесе жұмыс істейтін адамдар санының өзгеруіне байланысты төлем мөлшерін де өзгертіп тұру керек болар. Оны жылына бір немесе екі рет алдын ала облыстық мәслихат шешімімен бекітіп алып тұру қиынға соқпас. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болады. Қысқасын айтқанда, заңға өзгеріс енгізу қажет. Сыр елінде еңбек етіп жатқан барлық қатардағы қызметкерлер мен жұмысшылар пайдасына. Өмірде абсолюттік әділдік жасау мүмкін емес, әрине. Әйтсе де осындай көзге ұрып тұрған әділетсіздік пен теңсіздікті қалыпқа келтіретін мезгіл жеткен сияқты. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Еркін Әуелбеков кезінде "Сыр елі халқының осы жерде еңбек етіп жатқанын айтпағанда, осында тұрып өмір сүріп жатқанының өзі бір ерлік, сол үшін де рахмет айтуға тиіспіз" деген сөзді бекерден бекер айтпаса керек. Сондықтан да айтылған жайларға немқұрайлылық танытуға болмайды.
Аталған мәселеге байланысты заңгерлер, қаржыгерлер, экономистер, Парламент депутаттары, оның ішінде Сыр өңірінен сайланған азаматтар, сондай-ақ жергілікті мәслихат депутаттары пікірлерін білдіріп, мәселенің оң шешімін табуына атсалысады деп сенемін.
Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Қызылорда қаласы.
«Абай-ақпарат»