Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 7429 40 пікір 9 Ақпан, 2022 сағат 11:22

Тоқаев Ресейге не үшін бармақ?

Жақсы көрші - саяң,
Жаман көрші - шаян.

Президент Тоқаевтың Ресейге ертеңгі сапарына бейресми анонс

Ертең, 10 ақпан күні президент Тоқаев екі күндік сапармен Ресей астанасы Мәскеуге барады. Бір жағынан, бұндай сапарлар таңсық емес: Ресей – құдайы көршіміз, ортақ шекарамыздың өзі 7 жарым мың шақырым, екі елдің де өз диаспоралары бар, ежелден қалыптасқан экономикалық байланыстар да баршылық.

Бірақ, соңғы кезде дәл осы Ресеймен қарым-қатынас жайы қоғамның қызу талқысына түсіп жатыр. Қаңтар қырғыны кезіндегі үндеуінде: «Ақпанның ортасында Мәскеуге барамын, сонда бірқатар маңызды келісімдер жасалады», - деп президенттің өзі де осы сапарына деген кызығушылықты қыздырып жіберді.

Өкініштісі сол: әшейінде президенттің кез келген қадамына алдын-ала анонс беретін оның көмекшілері бұл жолы қол қойылатын ортақ құжаттар мен шешімдер туралы әлі де хабар бере қойған жоқ.

Содан болар, ел ішінде: «Ресейдің ығына көніп, қолтығына кіріп кетпейміз бе? Осы жолы өзімізге нұқсан келтіретін шешімдер қабылданбай ма?» деген «дипломатиялық емес» дүрбелең басталып кетті. Тіпті «Тәуелсіздігімізден айырылып қалмаймыз ба?» деген қауіп те қылаң беруді.

Болжау деген қиын әрі рақымсыз жанр ғой. Сонда да, Қазақстан мен Ресейдегі ішкі жағдай мен жалпы халықаралық жағдайды ескере отырып, өзімше долбар жасап көрейін.

Біріншіден, 5 қаңтардан кейін Қазақстанда билікке басыбайлы ие болған, елбасына жалтақтамай шешім қабылдай алатын президент пайда болды. Бұл басқа мемлекеттер басшылары үшін жаңаша болмыс, жаңаша жағдай. Меніңше, Ресей президенті Путин осы жайтты ескеріп, Тоқаевпен жеке кездесіп, бұған дейін Назарбаев араласып келген біраз нәрсенің басын ашып, өзара жеке қарым-қатынастың болашағын анықтап алғысы келетін сияқты. Сондықтан да жеке кездесу боп, көп нәрсе куәларсыз әрі протоколсыз талқыланып, шешілетін сияқты.

Екіншіден, президенттің өзі бір сұхбатында мойындағандай, мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенген күштер ОДКБ әскери контингенті келетінін естігеннен соң, райынын қайтқан көрінеді. «Судың да сұрауы бар» дейді атам қазақ. Дәл осы көмегі үшін президент ОДКБ ұйымына, соның ішінде, оның басты мүшесі – Ресейге титтей болса да – материалдық та, қаржылық та, моральдық та – қарыздар боп жатса, оның арты не болатынын іштей сеземіз. Сол әңгімеге нүкте қою керек сияқты. Және де «Қазақстан жағы бізге бір тиын да қарыз емес» деген сөз Путин мырзаның аузынан шығып жатса, нұр үстіне нұр болып, біраз алып-қашпа сөздің басына су құйылар еді.
Қайдам, теңге не рубльмен өлшенбейтін, бірақ салмағы одан да анағұрлым ауыр болатын саяси астары бар моральдық қарыз туралы да ұмытпайық...
Әскери ынтымақтастық мәселесі – өз алдына бөлек әңгіме.

Кеше ғана Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин: «Қазақстан түгел дерлік РФ-ның қару-жарағы мен әскери техникасын сатып алуға көшті. Екіжақты және ОДКБ аясындағы бірлескен қимыл-әрекет жасау кезінде қару-жарақ пен әскери техниканың бір-біріне толық сәйкестігі қажет» деген сыңайда мәлімдеме жасады (қызығы сол - шетел елшісі біздің үкіметтің жұмысына бағыт-бағдар беріп отырған сияқты!).

Бұл аз болғандай, елші мырза «Тоқаевтың президенттігі тұсында АҚШ пен НАТО елдері әскерилерінің қатысуымен өтетін «Дала қыраны» атты жыл сайынғы бітімгершілік жаттығулары өткізілмейтін болды» деп, өз ризашылығын танытып отыр. АнтиНАТО-шыл ресейлік дипломатия мұны өзінің жеңісі сияқты көрсетіп жатқаны да қызық екен!

Совет дәуіріндегі технологияларға негізделген ресейлік әскери өнеркәсіп өнімдері Батыстың дамыған елдері мен түбіміз бір Түркияның қару-жарағынан артық деп кім айтты? Неге біз әскерімізді қаруландыру ісін диверсификацияламаймыз?! Сапар барысында оған да жауап естірміз.
Біз болсақ, көпвекторлы сыртқы саясатымызды сағынатын болдық қой!
Ресей жағына біржолата шығып кетіп, Батыс елдерінің ілтипатынан, қала берді, достық көзқарасы мен инвестицияларынан айрылып қалмайық!
Айтпақшы, елші өз сұхбатында «тіл патрульдеріне» қатысты көзқарасын білдіріп, Қазақстандағы тіл ахуалына да өз бағасын беруге тырысыпты. Ресей империясы тұсында қалыптасқан «орыс әлемін» қызғыштай қорғап, сақтап қалғысы келетін қазіргі Кремльдің сұрқия саясаты біздің ішкі және сыртқы саясатымызға да өз салқынын тигізіп жатқан рас. Бұл мәселе де сапар барысында талқыланатыны сөзсіз.

Үшіншіден, президент міндетіне кіріскен кезде Тоқаев ЕАЭО-ның кейбір құжаттарының бір қайнауы ішінде екенін айтып, ұйымға біршама сыни көзқарас танытқандай болатын. Оның ол ұстанымын Қазақстан қоғамы қолдады да. Өткен оқиғалардан кейін президентіміз осы ойынан айнып қалмай ма? Оны да осы сапар барысы көрсетуі тиіс.

Төртіншіден, Батыс санкцияларынан көз аша алмай қалған Ресей экономикасының мүшкіл жағдайы баршаға мәлім. Батыс қаржы институттары мен банкілерінің ресурстарынан айырылып қалған экономика қосымша капиталға зәру (әрине, мұнай мен газға әлемдік сұраныс бар, табыс көзі бар, біраз ол жеткіліксіз). Сонымен бірге, ресей кәсіпорындары өз тауаралары мен қызметтерін экспорттайтын жақын нарық керек. Ол үшін Қазақстан таптырмайтын көрші! Соңғы кезде елімізде Ресеймен бірлескен компаниялар көбейіп кетті. Оларға әртүрлі жеңілдіктер мен преференциялар беріліп жатыр. Бәлкім, сапар барысында осы компаниялардың жұмысын одан сайын ұлғайту іс-шаралары қарастырылар.

Бесіншіден, соңғы кезде Қазақстанда ірі ресейлік экономикалық жобаларды жүзеге асыру бастамалары бой көрсетіп, билік жағынан қолдау табуда. Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды – әйтпесе, ол жобаларға жылы қабақ танытқан жарияланымдар ресми БАҚ-та қаптап кетіп еді. АЭС құрылысы, СБЕР ақпараттық бағдарламасы дегендей. Осы бастамаларды Кремль Ақордаға тықпалап жатқан сыңайлы. Міне, күні кеше ғана АЭС жобасына қарсы шыққандарға президент «экономикадан бейхабар популистер» деген ен тағып қойды.

Десек те, «Жер қойнауы мұнай мен газға толы елге АЭС керек пе? Керек болған жағдайда, неге тек қана ресейлік АЭС салынуы тиіс? Басқа да, соның ішінде ғылыми-технологиялық жағынан озық елдердің әлемдік деңгейде мойындалған жобаларын неге пайдаланбаймыз?» деген ашық сұрақтарға әлі де толыққанды әлі толықмәнді жауап жоқ.

«Болашақ» бағдарламасына қатысты «жастарды ресей жоғары оқу орындарына жібереміз» деген президент сөзінің де тым біржақты боп кеткенін мойындауымыз керек. Ол мәселе де сапар барысында назардан тыс қалмайтын сияқты.

Сапар аясында президентіміз туысқан татар еліне барып, Қазанда кездесулер өткізеді екен. Ол жағына тек қуанамыз: татар бауырлармен жан-жақты байланысты жандандырып жатсақ, құба-құп болар еді!

Әміржан Қосан

Abai.kz

40 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394