Мырзан Кенжебай. "Жаман үйді қонағы билейді"
«Асықпасаң арбамен қоян алмақ» түгіл...арбаң қайда, өзің қайда қалғаныңды аңғармай қалуың да мүмкін-ау, мына түріңмен... қазекем! Ол мақал қазақтың өз жері - өз иелігінде, діні де, ділі де аман-сау, тілінің өзі-ақ қаһарланса ханның басына қара бұлт төндіріп, жібісе жыланды інінен шығарарлық құдіреті бар, төрт жағы төрт құбыла қарһәлләзи заманда әлдебір әзілкештің шығарған мақалы шығар, сірә! Әйтеуір, ол кім-көрінген қазаққа ақыл айтып сыншы болған, шіріген жұмыртқалар соларға тыңшы болған мына заманда айтар мақал емес. Бір қызығы қазақ тілінің басындағы небір тауқіметті айта бастасаң, осы бір антұрған мақалды орысша сөйлейтін шонжарлар, ата-баба дәстүрінен махұрым мәңгүрттер, сосын тіл басқармасы, тіл комитеті, тілдерді дамыту деп аталатын мекемелердегі және ішкі саясат басқармасындағы «госслужащийлар» ең көп айтатындар екеніне көзіміз жетті. Қысқасы, бұл мақал мына заманда кез-келген орыстілді шонжардың мемлекеттіктігі қағаз жүзінде қалып келе жатқан қазақ тілінің басына ноқта, аяғына шідер салуына таптырмайтын құрал болып тұр. Ал, ақиқатқа жүгінсек, қазақ тілін қазір әрі жан азабын, әрі тән азабын тартып жатқан данышпан ақсақалмен салыстыруға болады. Оның жан азабы не дейсіз ғой?! Егер әке мен ана өзінің бауырынан өрбіген туған баласы өздерін силамайтынын, құрметтемейтінін көзімен көріп отырса, ол қос мұңлықтың қандай жан азабына түсетінін ойлап көріңізші!
«Асықпасаң арбамен қоян алмақ» түгіл...арбаң қайда, өзің қайда қалғаныңды аңғармай қалуың да мүмкін-ау, мына түріңмен... қазекем! Ол мақал қазақтың өз жері - өз иелігінде, діні де, ділі де аман-сау, тілінің өзі-ақ қаһарланса ханның басына қара бұлт төндіріп, жібісе жыланды інінен шығарарлық құдіреті бар, төрт жағы төрт құбыла қарһәлләзи заманда әлдебір әзілкештің шығарған мақалы шығар, сірә! Әйтеуір, ол кім-көрінген қазаққа ақыл айтып сыншы болған, шіріген жұмыртқалар соларға тыңшы болған мына заманда айтар мақал емес. Бір қызығы қазақ тілінің басындағы небір тауқіметті айта бастасаң, осы бір антұрған мақалды орысша сөйлейтін шонжарлар, ата-баба дәстүрінен махұрым мәңгүрттер, сосын тіл басқармасы, тіл комитеті, тілдерді дамыту деп аталатын мекемелердегі және ішкі саясат басқармасындағы «госслужащийлар» ең көп айтатындар екеніне көзіміз жетті. Қысқасы, бұл мақал мына заманда кез-келген орыстілді шонжардың мемлекеттіктігі қағаз жүзінде қалып келе жатқан қазақ тілінің басына ноқта, аяғына шідер салуына таптырмайтын құрал болып тұр. Ал, ақиқатқа жүгінсек, қазақ тілін қазір әрі жан азабын, әрі тән азабын тартып жатқан данышпан ақсақалмен салыстыруға болады. Оның жан азабы не дейсіз ғой?! Егер әке мен ана өзінің бауырынан өрбіген туған баласы өздерін силамайтынын, құрметтемейтінін көзімен көріп отырса, ол қос мұңлықтың қандай жан азабына түсетінін ойлап көріңізші! Міне, бүгінгі Қазақ даласындағы, қазақ мемлекетіндегі қазақ тілі де сол өз ұрпағынан осылайша тірілей айрылып жаны күйзеліп отырған әкенің немесе ананың күйін кешуде. Қазір қазақ жастары арасында ана тілін менсінбейтін, ана тілінде сөйлеуге қасында тұрған орыстан ұялатын, тіпті, қазақша білмеймін, сөйлемеймін, сөйлегім де келмейді дейтін мәңгүрттер өте көбейіп кетті. Бір қорқыныштысы, ондайлар Қазақстан Ресейден азаттық алдық деп жүрген 1991 жылдан бермен қарай дүнияға келгендер. Ал дүниежүзінің көптеген елдерінде ана тілін білмейтіндерді, ана тілінде сөйлемейтіндерді ең азғын, ең мәңгүрт адам деп есептейді. Шынында да небір көргенсіз, небір сатқын, екіжүзді адамдар осындай өз тілінде сөйлемейтін, өз ұлтын құрметтемейтіндерден шығады. Оны өмір өзі күніге дәлелдеп отыр. Сол байғұстар қай ұлттың тілінде сөйлеп, қанша жерден сол ұлттың өкіліне айналамын десе де айнала алмайды, сол ұлтқа сіңіісіп кете алмайды. Ол ұлт оны сіңдірмейді де, тек көзі тірісінде өзінің жарнамашысына, айтаққа шабатын асырандысына айналдырып, жанды қуыршақ қып қояды. Кей мемлекеттерде сондай президенттер де кездеседі. Ол да өз алдына бір гәп.
Бірақ бүгінгі Қазақстанда қазақ тілі ат-көлігі арып-ашып, арбасының доңғалағы қисалаңдап өмір көшіне ілесе алмай айдалада қалып бара жатқан бір ғаріп жанның күйін кешуде. Ал қазақтар әлі сол асықпай арбамен қоян аламыз деген «әгугәйі» мен «әләуләйін» айтып көштің шаңына көміліп қалып бара жатқанын білмей, өзін-өзі жұбатумен жүрген жұрт қана.. Одан да ащылау айтсақ, біз қазір
Оу, мен зарламай қайтейін,
Жан-жағыма қарасам,
Шөбі бар да, малы жоқ,
Әрі бар да, нәрі жоқ
Зәмзәмынан зәрі көп
Топырағынан шаңы көп
ЖЕР СОРЛЫСЫН МЕН КӨРДІМ!
Әуезі бар, әні жоқ
Киімі бар сәні жоқ
Қатыны көп, байы жоқ,
Сусыны көп, шайы жоқ
Ақсақалында сақал жоқ
Мағынасыз мақал көп
Тәні бар да, жаны жоқ
Тәнін бойлап ағатын
Суы бар да қаны жоқ
Тілі бар да сөзі жоқ
Маңдайы бар көзі жоқ,- әлдебір ұлтқа айналып барамыз ба, әлде айналып болдық па деп қорқамыз. Міне, әлгі айтылған екінші азабы, яғни, тән азабы міне осы тілі бар да сөзі жоқтықтан басталады. Қазір Қазақстандағы қазақ тілі өзінің бүкіл бет-бейнесінен, бүкіл ажар-көркінен, кескін-келбетіен, түр-түсінен айрылған, орысшаның аудармасына, ксерокөшірмесіне айналған тіл. Осы сөйлемде біз бір ғана бет сөзінің қаншама баламасы бар екенін, тіліміздің соншалықты бай екенін ишаралап бейне, көрік, кескін, келбет, түр, түс деген баламаларды қосып әдейі лекіте сөйлеп отырмыз. Ол да аз да болса түйсігі бар қазақ түсінер деген пейіліміз. Сол бір ғана «бет» сөзінің әлі де сықпыт, сиық, ұсқын, репет, бәшара сияқты баламалары бар, оның бәрін терсеңіз, бір «бетіңіздің» өзі 30-ға жуық «бет» болып шығалы және солардың әрқайсысы жағымды, жағымсыз, ащы, тұщы райда өз орнымен, өз әуенімен айтылады. Мысалы сұлу адамды қазақ ешқашан ұсқынды, сықпытты, репетті демейді керісінше, «ұсқыны жаман», «сықпыты жаман», «репеті келіспеген адам» дейді. Мұны айтып отырған себебіміз, бүгінгі Қазақстанның бүгінгі қазақтары туған тілінің әлгіндей толғауы тоқсан иірімдерінен, айтылуы бір болса да әлгіндей жағдайларда алуан-алуан бояуға малынып, алуан сыр мен сипаттан белгі беріп отыратын ғажайып әсерлілігінен мақұрым қалды. Себебі, бүгінгі қазақ тілі тек туған күн, жуған күндерде пәленшекең, түгеншекеңдердің 80, 90, 100 жылдық мерейтойларында, онда да жиналған халықтың арасында орыстар жоқ болса қолданылатын дастархани, ең әрі кеткенде ауыл-үйдің айналасындағы күйбең, күйкі тірліктің тілі деңгейінде ғана қалып барады. Соның өзінде ара-арасында «вообщем», «короче», «нормально» сияқты орысша «гарнир» сөзбен әлеміштеніп қолданылады. Ал үкімет, ел басындағы қазақтар өткізетін жиындар мен мәжілістер бір-екі минуттық қана қазақшамен басталып, қалғаны орысша сайраумен өтеді. Баж еткіштер баж етсін, осындайда әлгібір орыстілді шіріген жұмыртқалардың «казахский язык-язык застолья» дегені рас болды ғой» деп салың суға кеткендей бір күйге түсесің.
Міне, ұлттық тілің туралы осындай қайғы-мұңды айта бастасаң-ақ бүгінде өзін-өзі «толерантный», «цивилизованный», «европизированный», «светский» деп атауға көшкен кейбір байғұс қазекем «асықпау керек», «бәрі бірден бола қоймайды», «асықпаған арбамен қоянға жетеді» деп көсемси жөнелгенде мұндайларға бірнәрсені дәлелдеудің өзі діңкеңді құртатынын біліп тағы да үнсіз қоя саласың. Сөйтесің де апыр-ау ең қымбаттым да, киелі-қасиеттім де туған тілім деп ойламайтын, елім тәуелсіздік алдым деп шуылдағанына 21 жыл болса да сол тілім өз елінде мынадай мүсәпір күйге түсті ғой, оның ендігі күні не болар екен деп ет жүрегі езіле бермейтін ұлттың келешегі де күмәнді, тұманды емес пе деп күйінесің. Сондықтан әлгі «асықпайтындарға» қарсы «Айналайын, қазағым-ау, сенің асықпайық дегеніңе жиырма жылдан асып кетті ғой! Осы сен ең болмаса осы Қазақстанда тұратын орыстың бір мұжығы қазақ тілін үйренейік, ең болмаса «нан», «тұз», «су», «сүт», «ет» деген екі-үш-ақ әріптен тұратын сөзін айтып үйренейік дегенін естідің бе? Олар өйтпек түгіл қазақша бірнәрсе десең, «говори человеческим языком» деп өзіңді қорлағанын талай оқыдың ғой» деп бақырып жылағың келеді. Өйтпек түгіл, қазақтың асын ішіп, осы елдің бүкіл игілігін қазақтан артық болмаса кем пайдаланып отырмаған орыс-славяндардың «Лад» деген қозғалысының Максим Крамаренко деген төрағасы қазір қазақтың жоғарғы билік басындағылары арасында Ресей мен Қазақстан арасындағы интеграциялық үдерістерге кедергі келтіретін және орысқа қарсылық, Ресейғе қарсылық күшейді» дей келіп, бұл үшін қазақтың ұлтшыл оқшауланушылары (национал-изоляционисты.-М.К) орыс тұрғындарын ассимиляцияға ұшыратуға ресейлік-қазақстандық тарихи және мәдени байланыстарды бұзуға бағышталған «тіл мәселесін» қару қып отыр»-деп қазақ даласын ашулы айғаймен жаңғыртты. Қазақ тіліне қарсы мұндай айқай-ұйқайдың аржағында бір жағынан қазақтың «тыныштықсүйгіштігін», жуастығын, қазақ басшыларының отарлықтан арыла алмаған құлмінезін басыну мен баяғы «ұлы орыстық», орысқа тән шовинистік аурудың ащы ызғары тұрғаны беп-белгілі. Ойлап көріңізші, қазақтар өз еліндегі ана тілін ауру-сырқауынан айықтыруға, өз елінің қақ төріне отырғызуға асықпай арбамен қоян қуалап қана ілби берейік десе, орыстар неге осыншама алдын-ала айқайға ойбай қосады? Өйткені, олар ең алдымен қай елде кімнің тілі үстем болса, сол ұлт қай жағынан да үстем, күшті болып тұратынын өте жақсы түсінеді. Әттең, екі сөзінің бірінде «алуан түрлі инициативалар көтеріп», «ядролық соғысты болдырмауда бүкіл әлемге үлгі болып» отырған қазақ басшылары Крамаренко сияқты орыс қарапайым ғана білетін осы нәрсені білмейтіні қызық-ақ! Сол қазақ атқамінерлері ауылдағы қитабан қазақтан бастап, шаһарда шорты киіп шошаңдап жүрген шәлтік қазаққа дейін құлағына құйып тастаған «Елімізде тыныштық» деген сөз бар. Бірақ сол тыныштық қазақ жерінің біраз бөлігі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуінің, жер байлығы жат жерліктердің қолына өтіп кеткенінің, үйсіз-күйсіз қаңғырып жүргендер, келін-баласымен, немересімен жатақханада тұрып жатқандар тек қазақтар екендігінің, тілі жетім балаша мекемелердің есігінен сығалап немесе сығалайда алмай сормаңдай күйге түсуінің арқасында ғана сақталып отырғанын жоғарыдағылар айтпайды, ал жәй қазақтың оны түсінуге жетесі жетпейді. Жәй қазаққа қарны тоқ болса, басында баспанасы болса «шүкіршілік». Бірақ, кім көрінген әлгіндей біресе тіліңе тиісіп, біресе мешітте азан шақыру ұйқымызды бұзды, оны Қазақстанда тоқтату керек деп өз үйіңде діңкілдеп отырғанда оны тыныштық дей қоюдың өзі қалай болар екен? Сол орыс-славян орталығы, сол Крамаренко, сол Бунаков сияқтылар егер Қазақстаннан басқа не Түркіменстанда, не Әзірбайжанда, не Өзбекстан мен Тәжікстанда, не Армения мен Грузияда әлгіндей солардың не тіліне, не дініне қарсы бір сөз айтып көрсінші... Құдай сақтасын, ертеңіне туған-туыстары солардың орнын таппай қалуы да мүмкін-ау! Ал бізде ше? Олар тек Қазақстанда ғана осылайша аузына келгенін сөйлейді.
Біздің жағдай бір кезде тілеу Сарышолақ шайыр
Әулие Мөңке айтқаны
Айнымай келді алдыма
Бағымның неден қайтқаны
Құдайдың көңілі қалды ма?
Елімді билеп алады-ау
Кешегі келген қаңғыма,-дегенге дәл келіп-ақ тұр.
Иә, отаршылдық ауруынан, шовинизм шошымасынан айыға алмаған орыстар, әсіресе Қазақстандағы орыс газеттері қазақ тілінің өз елінде адымын аштырмаудың небір саяси сайқализмдерін қолданып бағуда. Олар бұл үшін тілі орысша шығып, орысша ауызданған, орысша сөйлейтін қазақтарды өз ұлтына қарсы сөйлету үшін небір әнжілік сұрақтар, сұхбаттар ұйымдастырады. Ал тілі орысша шыққан, орысша сөйлейтін адам ешқашан таза өз ұлтының перзенті бола алмайды. Яғни, дана шайыр Әбубәкір Кердері айтқандай, қашанда «тілі екеудің - діні екеу». Қазақ тілін Қазақстанда қарға адым аттатпау немесе екінші, үшінші сұрыптағы тіл етіп қойғысы келетін орыс «братандар» қазақ азаматтары арасындағы ұлтшыл-патриоттарды да жұртқа жеккөрінішті, тіпті, ел бірлігін бұзушылар ретінде көрсетуге күш салуда. Олар елде тіл мәселесін сылтау қып төңкеріс жасауға дайындалуда дегендей ұятсыз өсектерді де таратады. Ал Ресейде, «Россия только для русских!», «Очистим Россию от чужеземцев!» деп айқайлап жүргендердің көпшілігі орыстардың ұлтшыл-патриоттары. Кешегі соңғы сайлау кезінде Путиннің өзі орыстың ұлтшыл-патриоттарына арқа сүйегенін де көрдік. Ал қазақ басшылары ше?.. Қазір кейбір қазақ басшыларына әлгі орыстарға ұқсап айқайламақ түгіл, қазақтың өзге ұлт өкілінен қорлық, зорлық көргенін, әнебір кездегі БҰҰ-ның тұрақты комиссиясы Қазақстанда қазақ ұлты кедей тұратынын мәлімдегенін айтсаң «террорист», «исламист», «экстренист», «ұлт араздығын қоздырушы» атанып айдалып кетем бе деп те қорқасың.
Сонымен қазекең өз елінде қазақтың тілі мәселесіне келгенде де, ұлттық салт-дәстүрін, ата-баба дәстүрін жаңғырту, жалпы ұлттық намыс пен ұлттық ой-сананы ояту мәселесіне келгенде әлі де арбамен қоян аулаумен келеді. Ол аз болса, «көш жүре түзеледі» деген өзін-өзі алдарқату мақалы тағы бар. Ал ол көштің басталғанына міне, 21 жыл болды. 21 жылда түзелмеген тіл көші енді түзелуі «әй, қайдам...» Өйткені, қазақтар Ресейден азаттық алдық деуге батылы бармай «егемен болдық», «тәуелсіздік алдық» деп бас-аяғы жоқ жұмбақ сөзді қайталай бастағалы туған сәби қазір 21-ге келді. Сол «егемен болғанда» туған балалардың қазір көпшілігі орысша сөйлейді. Одан қалғандары ағылшынша, қытайша, жапонша үйренуде. Сонда сол 21-дегі жастар енді Құдай миына сәл ғана сәуле түсіріп, қазақша үйренуге кірісе қойғанның өзінде тағы да 20-30 жыл керек. Дәл мына күйінде, мынадай тіл саясатымен енді 20-30 жылда Алла бетін әрмен қылсын қазақ тілі жойылып кетпесе неғылсын. Ал тілі жойылған ұлт жер бетінен оп-оңай жойылып кетеді. Орыстар соны білгендіктен қайда жүрсе де тілін алдына салып жүреді.
Дэвид Кристал деген ғалымның «тіл ажалы» деген еңбегін оқығаным бар. Сонда ол кез-келген ұлтты жойып жіберу үшін сол елге қостілділік саясатын енгізсе жетіп жатыр дейді. Ал Қазақстан мектептерінде биылғы 1-ші қыркүйектен бастап үштілділік енгізілді, яғни, ағылшын тілі 1-ші сыныптан бастап мәжбүрлеп оқытылуда. Бұл қазақтың миын өзге ұлттардан өзгеше артық ми ету үшін жасалып жатыр деп ешкім де айта алмайды. Бұл - есі дұрыс қазақ еңіреп жылайтын жағдай. Керісінше, сәбилеріміздің миына жүк түсірудің және ұлтсыз ұрпақты ұлтсыз, дүбәра ұрпаққа айналдыру ма деп қорқамыз. Ұтыры келгенде айта кетейік: қазір қазақтардың құлағына «көп тіл білген пайдалы», «көп тіл білу керек» деген сияқты әнжілік, яғни сайқализм сөздер сіңірілуде. Аңқау қазақ соған еріп, орысша сөйлеуі аз болғандай балаларын ананың да, мынаның да тілінде оқытатын мектептерге, колледждерге беруде. Ал орыс, ағылшын, француз, неміс, испан ешқашан басқа тілді үйренейік, көп тіл білейік демейді. Олар өйткені, бірнеше тілде сөйлеген бала өсе келе нағыз өз ұлтының қамын ойлайтын, жүрегі ұлтым деп соғатын адам болмайтынын біледі. Ондай бала өсе келе ұлты, нәсілі, діні, тілі дүбәра шөре-шөре біреу болып шығатыныын күнделікті өмір көрсетіп отыр. Қазір өз тіліне, өз ұлттық болмысына қарсы шығып, өз ұлты туралы орыс газеттеріне аузына келгенін сөйлеп сұхбат беріп жүргендер түп-түгел орысша оқығандар. Орысша жақсы сөйлейді. Ондайларды Мәскеудің, шетелдің жоғары оқу орнын бітірген деп үлкен-үлкен қызметтерге қою да біздің басшылардың не біліксіздігі, не өздері орысша оқығандығының кесірінен болып отыр. Ақша ұрлап, ел байлығын тонап шетелге қашып кеткендер түп-түгел орысша оқыған қазақтар. Олардың қазақ ұлтына, еліне деген, «сүйіспеншілігі» қандай болатынын содан-ақ біле беріңіз.
Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: Біз әлі де болса Ресейдің отаршылдық, империяшылдық, шовинистік саясатынан түпкілікті арылып кете алмай отырмыз. Ресей патшалық Ресей кезінде қазаққа қарсы қандай саясат жүргізсе, кеңестік Ресей сол саясаттың сыртынан «интернационализм» деп аталатын қызыл көйлек киген саясат жүргізді. Ал қазіргі Ресей енді алуан түрлі «одақ», «ұйым», «кеңістік» деп аталатын желбір жалауларды ойлап табуда. Соған байланысты қазір орыс тілі Қазақстанда тіл саясатының қақ төрінде отыр. Ал төрде қонақ қана отырады. Қонақ ерте ме, кеш пе үйіне қайтады. Демек, үй иесі өз төрінде өзі отыру керек. Тіл де солай!
«Абай-ақпарат»