Жұма, 22 Қараша 2024
Анық 4479 7 пікір 10 Ақпан, 2022 сағат 11:34

Демократия лебі жеткенде...

«Демократия керемет дей алмаймын, бірақ
адамзат онан асқан дәнеңе ойлап тапқан жоқ»
Уинстон Черчилль, ағылшынның ұлы перзенті.

Отанымыз Қазақстан жаңару қарсаңында тұр... Ол жаңаруды әкелетін күш қайсы? Оның аты – қоғамды демократияландыру! Өйткені, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің қай қайсысы да шынайы демократия арқасында ойқастап озып отыр. Демократия шарты – теңдік пен әділдік. Азаматтар тікелей қатысып шешетін мәселелер көбейген сайын демократия ауылы жақындай түспекші. Әсіресе, әділ  сайлаудың алар орны ерекше. Қай елде азаматтарға сайлау құқығы қамтамасыз етілсе, сол ел дамудың даңғылына түсуге мүмкіндік алады.

Сонымен, демократия лебі, ауасы біздің елімізге де келіп жетті. Оны көріп-біліп отырмыз. Бұны сөз етуден бұрын демократия анықтамасына тоқталайық. Қоғамдық өмірге, мемлекет түріне қатысты қолданылатын бұл термин «халық билігі» деген мағынаны білдіреді. Халық билігіне керегі не? Жаңа айттық, ол – теңдік пен әділдік. Бұл екеуі өз-өзінен бола қалмайды. Бір ұшы – еркіндік, екінші ұшы – қатаң тәртіп керек. Философия тұрғысынан келер болсақ, табиғатта барлық құбылыстар екі жақты (күн мен түн, жақсы мен жаман, ыстық пен суық дегендей). Тіпті өркениет те осы заңға бағынады: бірі – рухани болмыс, екіншісі – материалдық болмыс. Сондықтан демократия екіжақты (еркіндік және тәртіп) болуы заңды құбылыс. Олардың үйлесімі бұзылған жағдайда  анархия (тәртіпсіз еркіндік) не болмаса тоталитаризм (қатал, яки еріксіз тәртіп) салтанат құрады. Соңғысы – сталиндік зобалаң заманнан жақсы таныс (онан алар сабақ – қатаң тәртіп әділетті қорғаса ғана жетілеміз, егер керісінше болса, онда құлдырау құралы).  Сөйтіп, демократиялық ел болудың шарты – еркіндік пен қатал тәртіптің үйлесімділігі деген байламға тоқтаймыз.

Реті келген соң айтайық, көшпелі дәуірде қазақ елі түрме, полиция дегенді білмеді. Әйтсе де халқымыз ынтымақты, береке-бірлігі мықты ел болды. Неге десеңіз, оның екі тірегі: теңдік пен әділдік көздің қарашығындай сақталды. Атап айтқанда, билер – демократия тірегі, ал жыраулар – халық тілегінің жоқшысы, әділеттілік жыршысы болды.  Соның бір мысалы – Асан қайғының, Бұқар жыраудың, Тәттіқара ақынның «дат» деп, ханға шындықты қаймықпай бетіне айтқандары. Дәлелге Асан Қайғының Жәнібек ханға:

Ай, хан, мен айтпасам, білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Шабылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
Қымыз ішіп қызарып,
Мастанып, қызып терлейсің.
Өзіңнен басқа хан жоқтай
Елеуреп неге сөйлейсің?! –

дегенін алсақ та жеткілікті. Осы айтылғандар Дала демократиясы болғанының бұлтартпас айғағы болса керек. Сөйтіп, қазаққа демократия таңсық «импорт» емес, қайта жанына жақын дүние. Халқымыз еркіндік пен тәртіптің үйлесімін ежелден білген, жақтаған.

Енді бүгінгі ахуалға ойысайық. Ата заңымызда «Қазақстан зайырлы, демократиялық, құқықтық мемлекет» деп тасқа басылған. Халықтың билігі (демократия) тек сайлау арқылы жүзеге аспақшы. Әділ сайлау –  халықтың бүгіні мен болашағын  анықтаушы құдірет. Бірақта әділ сайлауға жете алдық па? Жете алмасақ, оның басты себебі неде? Әттең-айы, жете алмадық, оның себебі мынау: отыз жыл бойы еш өзгеріссіз, сірескен жүйе, жасанды модель жағдайында өмір сүрдік! Әлеуметтік өмір бұрқ-сарқ қайнамаса, қоғамда ауыс-түйіс болмаса, болды, бітті. Тіршілік өлді, табиғат заңы бұзылды дей  беріңіз. Сенсеңіз, «ең керегі –  тыныштық, өзгерісті қаламаймыз» деген ұстаным, ақыр соңында міндетті түрде тоқырау мен тығырыққа әкеп тірейді. Соның көрінісі –  лауазымды тұлғалар арасындағы сыбайлас жемқорлық, жегідей жеген коррупция айықпас дертіміз. Оған кедейшілік, заңның солқылдақтығы, сот жүйесіндегі әділетсіздік, олигарх топтың тойымсыздығы қосылып отыр. Тәрбиенің, ғылым-білімнің төмен құлдырағаны тағы бар. Міне, осының бәрі жиылып келіп, халықты ашындырмағанда қайтеді. Дәлел өтінбейтін өмір шындығы осы емес пе.

Қалыпты өмірге керегі – өзгерістер мен ауыс-түйістер. Бұл заңдылық! Дәлелге Абайға жүгінейік. 1884 жылғы «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» өлеңінде ақын:

Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ қайтіп келіп ойнап күлмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек, -

дейді. 1902 жылғы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде хакім Абай осы пайымын тағы айтады:

Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
Жарлық берді Ол сіздерге, сөзді ұғарға.
...Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгермес,
Әһли кітап бұл сөзді бекер демес.

Көрдіңіз бе, Алладан басқаның бәрі ұдайы өзгерісте болуға тиіс. Абай бізге бұлжымас өмір заңы осы деп ұқтырып отыр. Демек, демократияның түпкілікті мақсаты –  өзгерістер көптігін қамтамасыз ету! Қоғамдық өмір барлық қырларымен  жаңғырып отыруы керек. Сонда ғана әділетсіздік тамыр жая алмай қалады. Оза шапқан елдердің демократия десе ішкен асын жерге қоятыны, ол үшін аянбай  күресетін сыры осы арада.  Мысалға президент, не болмаса әлдебір партия билікті ұзақ ұстамауын Ата заңда бекітеді және мұны бүкіл ақпарат құралдары нысанаға алып отырады.

Құр сөз болмауы үшін алпауыт ел – АҚШ-ты мысалға алайық. Ерекшелігі – Конституцияға сәйкес өмір сүреді һәм өзгерістер шоғын арнайы үрлеп отырады. Соның үшін әрбірінің өзіндік заңы бар бөлек-бөлек штаттары бар. Олар орталықтандырылмай отыр.  Неге? Бұл да – өзгермелі, ауыспалы хәлді қамтамасыз етудің қамы. АҚШ-тың Ата заңында ең негізгі мақсаттар: теңдік, құқық, әділдік, бірлік, татулық деп көрсетілген. Бұлардың орындалу шарты – еркіндік пен тәртіпті таразы басында тең ұстау. Қысқасы, АҚШ – табиғи модельді тапқан, оның заңын танып-білген ел. Қай қырынан қарасақ та, ала-құла елдің әлемдік локомотивке айналу сыры осы арада.

Сонымен, басқа елдермен терезең тең болуы шарты – демократиялық мемлекет болу. Онсыз серпіліс те, қарқынды даму да жоқ. Сол себепті мемлекетіміз «Жаңа Қазақстан» деген жаңа саяси бағдарды қабылдауға бейілді. Ендеше әкімдерді сайлау, саяси жүйені жетілдіру (саяси партиялар мен дербес БАҚ-ты қалыптастыру), билік пен бұқара, бай мен кедей арасын жақындату, адам құқығының заңмен қорғалу деңгейін көтеру сияқты іс-шаралар батыл қолға алынсын! Қара халық осыларды күтіп отыр. «Тезірек, ойлан! Шеш!» деп отыр. Обалы нешік, мәжіліс депутаттары ұйқыдан оянып, өз ұсыныстары мен талаптарын ашық айта бастады. Көңілге үміт ұялатар осы үрдіс қарқын алар болса, теңдік пен әділетке негізделген ел басқару жүйесі пайда болар, бәлкім.

Қорыта келгенде, «Сен асықты екен деп, Алла әмірін өзгертпес» (Абай) демекші, әр нәрсенің өз уақыты бар. Шынайы демократияның желі ескен, халық еркіндікті талап еткен уақыт қазақ еліне жетті, ағайын. Артқа шегінер жер жоқ! Саяси реформалар қарқынды жүрсе, оған ілесе, көктемде тасыған өзендей, жағымды рухани-мәдени және экономикалық өзгерістер өз-өзінен жөңкіле жөнелері сөзсіз. Тағдырлы сәтте қазақ елін бір Алла өзі қолдасын!

Асан Омаров,

зерттеуші

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3222
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5276