Сағындырады һәм сезiндiредi
Бақанас - Д.А.Қонаевтың ата-бабаларының туып, өнiп-өскен мекенi. 21-22 қыркүйекте Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бақанас ауылында аса көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi, үш мәрте Социалистiк Еңбек Ерi, Қазақстан Ғылым академиясының академигi, техника ғылымдарының докторы, ұлы тұлға Дiнмұхамед Қонаевтың туғанына орай салтанатты шаралар өтпек.
Қарап отырсаңыз, халықтың Д.А.Қонаевқа деген ықыласы алабөтен. Жақында Талдықорған қаласында Д.А.Қонаевқа ескерткiш орнатылды. Д.А.Қонаев туралы бiр емес, екi емес, 10-ға жуық естелiктер жинағы жарық көрдi. Д.А.Қонаев атындағы мектеп, көше, парк, аллеялар күн өткен сайын көбейiп келедi. Және осының бәрi жоғарыдан берiлген бұйрық арқылы емес, халықтың өз қалауымен, өз ынта-жiгерiмен iске асып жатыр.
Қазақстанды ұзақ жыл басқарған Д.А.Қонаев мейлiнше таза, адал, әдiл бола бiлдi. Бiлiгi де мол, сол бiлiгiне сай өте бiлiмдi де едi. Саяси басшының осындай қасиеттерге ие болуы - халық үшiн, әрине, зор игiлiк, үлкен ырыс. Қазiр қоғам былығып, бүлiнiп кеттi. "Ақша" деген Құдай пайда болды. Ынсапсыздық, берекесiздiк, жүйесiздiк, әлiмжеттiк, дарақылық, жағымпаздық етек алды. Бiлiмсiз төрге шығып, бiлiмдi есiк көзiнде қалды. "Алтынның қолда барда қадiрi жоқ", Д.А.Қонаевтай басшының, Д.А.Қонаевтай кадрдың, Д.А.Қонаевтай тұлғаның қадiр-қасиетiн халық қазiргi күнi онан әрi сезiне түстi.
Бақанас - Д.А.Қонаевтың ата-бабаларының туып, өнiп-өскен мекенi. 21-22 қыркүйекте Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бақанас ауылында аса көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi, үш мәрте Социалистiк Еңбек Ерi, Қазақстан Ғылым академиясының академигi, техника ғылымдарының докторы, ұлы тұлға Дiнмұхамед Қонаевтың туғанына орай салтанатты шаралар өтпек.
Қарап отырсаңыз, халықтың Д.А.Қонаевқа деген ықыласы алабөтен. Жақында Талдықорған қаласында Д.А.Қонаевқа ескерткiш орнатылды. Д.А.Қонаев туралы бiр емес, екi емес, 10-ға жуық естелiктер жинағы жарық көрдi. Д.А.Қонаев атындағы мектеп, көше, парк, аллеялар күн өткен сайын көбейiп келедi. Және осының бәрi жоғарыдан берiлген бұйрық арқылы емес, халықтың өз қалауымен, өз ынта-жiгерiмен iске асып жатыр.
Қазақстанды ұзақ жыл басқарған Д.А.Қонаев мейлiнше таза, адал, әдiл бола бiлдi. Бiлiгi де мол, сол бiлiгiне сай өте бiлiмдi де едi. Саяси басшының осындай қасиеттерге ие болуы - халық үшiн, әрине, зор игiлiк, үлкен ырыс. Қазiр қоғам былығып, бүлiнiп кеттi. "Ақша" деген Құдай пайда болды. Ынсапсыздық, берекесiздiк, жүйесiздiк, әлiмжеттiк, дарақылық, жағымпаздық етек алды. Бiлiмсiз төрге шығып, бiлiмдi есiк көзiнде қалды. "Алтынның қолда барда қадiрi жоқ", Д.А.Қонаевтай басшының, Д.А.Қонаевтай кадрдың, Д.А.Қонаевтай тұлғаның қадiр-қасиетiн халық қазiргi күнi онан әрi сезiне түстi.
Иә, ұлы тұлғалар әманда солай: тек сағындырып қана қоймайды, осылай өз қадiр-қасиетiн сезiндiредi де.
Д.А.Қонаев - 100
Мұхтар Әуезов:
"Мен бiр жақсы адамдармен жекжат болған екенмiн. Олай дейтiнiм, Димаштың туысқандарының бәрi еңбек етедi, өз күнiн өздерi көредi. Шетiнен еңбекқор, Димашқа бiреуi де салмақ салмайды. Бiздiң қазақтың жаман әдетi - бiреу әкiм болса, "саған бақ қонды, ендi бiздi бағасың" деп мойнына отырып алады. Ал менiң құдаларымда ондай әдет жоқ. Жақсы адамдармен туысқан болдым деген себебiм осы. Сосын, Димаш бұйырса исi қазақтың ортақ ұлы болғалы тұр. Тiл-көзден сақтасын".
1956 жыл.
Джавахарлал Неру, үндi қайраткерi:
"Мейiрiм-шуағы мол, пейiлi кең халықтың перзентi болудан асқан бақыт жоқ. Сол халық - қазақ халқы. Елiнiң өткенiн ұмытпай, келешегi үшiн қалтқысыз еңбек еткен перзентi бар халық та бақытты. Сол перзент - Дiнмұхамед Қонаев.
Бiзде екi ұқсастық бар екен. Бiрi - қарапайымдылықтарымыз қалай аумаса, жасыл желекке оранған Алматы бiздiң Кашмирмен егiздiң сыңарындай ма деп қалдым.
Ғажап!
1955 жыл.
Серiк Әбдiрайымұлы, жазушы:
"Димаш Ахметұлының "Ақиқаттан аттауға болмайды" деп аталатын кiтабын оқыған кiсiнiң есiнде болар. 1993 жылы сәуiр айында ол кiсi:
"Мен тәңiрi сыйға тартқан бiраз жасқа келдiм... Ат жалын тартып мiнген азамат шақтан алдыма қойған бар арман, бар мақсат - өзiңмен еншiлес болу едi, халқым. Ол ниет орындалды. Қалтқысыз қызмет етуге, аманатқа адал болуға, адам баласына қиянат жасамауға, ала жiптен аттамауға тырыстым. Соңғы демiм таусылғанша алақаны аялы, жаны саялы елiм, саған; алтын бесiгiм - жерiм, саған қызмет етуден танбаймын", - дей келiп, жан баласына өкпесiнiң жоқтығын, өзгенiң өзiне деген өкпе, ренiш, назы болса, ақ басын иiп, мың қайтара кешiрiм сұрайтынын ағынан жазыла жазған едi. Жарықтық Димекең болашақты болжай бiлетiн, аңғарымы да, айтары да мол көшелi жан едi".
1995 жыл.
Кәмшат Дөненбаева, Социалистiк Еңбек Ерi:
"Дiнмұхамед Ахметұлы республикада елдiң ырысына ырыс қосуға атсалысып, аянбай еңбек еткен азаматтарымыздың бәрiн де түспе-түс жақсы бiлетiн едi. Елгекелгенде солардың бәрiмен де жүзбе-жүз кездесiп, хал-жағдайын сұрауға уақыт табатын. Атақты диқандар Жансұлтан Демеев, Аманкелдi Исақов, Иван Руцкой, Алексей Сахно, Михаил Яровой сынды ерлердi, олардың өкшесiн басып келе жатқан iзбасарларын да жақсы танитын. Егiн алқабына шығып, дидарласып, әңгiмелесiп қайтатын. Осындай жарқын жүздi жанды бiр көрiп қалудың өзi еңбек адамына үлкен мәртебе болатын.
Ол кiсi елiне сендi, адамдардың еңбегiн, азаматтығын жоғары бағалады. Қырдағы мал бағып, егiн еккен сан ұлттың өкiлдерi Қонаевты ыстық ықыласымен қарсы алатын. Оны асқар Алатаудай көрушi едi. Тiптi заманында Брежневтен басқаға бас игiсi келмеген бiздiң облыстың басшысы, адуынды Бородиннiң өзi де Дiнмұхамед Ахметұлын қатты сыйлап, Димекеңнiң мысы басып тұрушы едi. Оны бiз де байқап, ағамыздың ұлы тұлғасына сүйсiнiп, мақтан тұтушы едiк.
Қазақ елi үшiн Димаш аға бүкiл өмiрiн бердi. Мұндай арыстарды бiртуар дейтiнi қандай жарасты!".
1997 жыл.
Әрiпбай Алыбаев, қоғам қайраткерi:
"- Анау тұрған - Шоқан Шыңғысұлының ескерткiшi, - деп едiм, Димекең:
- Мен ұмытпасам, алдыңғы жылы барып көргенмiн. "Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң қаулысымен қойылды!" деп дұрыс жазғансыңдар. Ол жылдары мен сол Кеңестiң төрағасы болатынмын. Қазақтың зеңгiр аспанынан аққан жұлдыздай жарқ ете түскен Шоқанның басына генерал Колпаковскийдiң қойғызған тасынан басқа белгi қоймағанымыз өте ұят болар едi. Ал Тезек төре өте ақылды болған. Әйтпесе, ол ел билеп, төре болар ма едi? Бiр кезде мен Тезек төренiң суретiн көрдiм. Әдемi, тұлғалы адам екен. Бас киiмiнiң маңдайына құстың қауырсынынан "сұлтан" белгiсiн қадап, әшекейлеп қойыпты. Тегiнде сол төрелiктiң белгiсi болуы керек.
Тезек төре халқының намысын қорғап, кезiнде Сүйiнбай ақын мен Қатағанды айтыстырған. Қатаған - қырғыз ақыны. Сүйiнбайдың "Қашырма төрем қаныңды" деуiне қарағанда, айтыстың басында Қатағанның сөзiнiң өктемдiгiнен Тезек төре iштей қобалжып: "Қалай болар екен?" деп, қатты сасқан болу керек. Ақырында Сүйiнбай қазақтың көптiгiн айтып, бiр-бiрiне септiгiн айтып Қатағанды жеңiп шығады...
Димекең осылайша өз ойларын айтып үлгергенше бiз Сарыөзектен де өтiп, Талдықорғанға қарай тарттық".
1996 жыл.
Асанбай Асқаров, мемлекет және қоғам қайраткерi:
"Қонаев өте сауатты басшы бола бiлдi. Кез келген мәселенi шешуде батылдық пен көрегендiк танытты. Бiздiң ғасырымыздың 60-80 жылдары аралығында Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық жағдайы толығымен өзгердi. Осы бастамалардың бәрiнiң ұйымдастырушысы әрi басшысы Қонаев болғанын ұмытпауымыз керек. Жалпы, кейбiр тың iсте басқадан дара тұлғаның рөлi ерекше болатынын есте сақтаған жөн. Тарихта оған келтiрер мысалдар көп. Әйтеуiр бiр кiсi өзгерiс, жаңалықтың бастамашысы әрi көшбасшысы болса, оның соңынан iзiн басып, iсiн жалғастырушылар да ередi. Мәселен, араб ұлтының қалыптасуында Мұхаммед ғ.с. еңбегi ұлан-ғайыр, АҚШ-тың қалыптасуына Джордж Вашингтон ересен үлес қосса, Рим империясы - Юлий Цезарьға, Еуропа ұлы Карл алдында көп қарыздар".
1993 жыл.
Кеңес Аухадиев, мемлекет және қоғам қайраткерi:
"Димекеңнiң жымия қарап, мейiрлене сөйлегенiн мен ешқашан ұмыта алмаймын. Ондай мейiрбан адам, мейiрiмдi басшы туа да бермейтiн шығар. ХХ ғасырда бейбiт елдi басқарып үлкен абыройға жеттi. Еңбегiмен, адамдық қасиетiмен жеттi.
Қазақ кезiнде Қонаевымен мақтанды, ал Қонаев өле-өлгенше қазағымен мақтанып өттi. Қазақтың кейбiр әпербақандары қаншама ғайбатты сөйлеп, қиянат жасап, қиялап жала жапқанымен, кешiрiмдi, кең Қонаев жалпы қазақты жанындай сүйiп, жақсы көрiп өттi. Ол қазаққа өкпелеген жоқ. Өзi жақсы көретiн қазақтың бiрi - Мұхаметжан Тынышбаевтың 115 жылдығын атап өтуге барған сапарында ойда жоқта оралмас сапарға аттанды.
Сергек жүретiн, ширақ қимылдайтын, бiрақ сабырмен, ақылмен, кiшiпейiлдiлiкпен ел басқарған Қонаев бәрiмiзге қандай жағдайда да адал адам болудың, елге адал қызмет жасаудың үлгiсiн көрсетiп кеткендей. Қонаевтың үлгiсi - қазақтың қасиеттiлiгi.
2002 жыл.
Ыбырай Жақаев,Социалистiк Еңбек Ерi:
"Жұрттың iшiне пышақ айналмайды, Қонаевтың iшiнде ерттеулi ат айналып жүре бередi".
1965 жыл.
Сүйедi аға өзiңдi, сүйедi қазақ!
Аруақты орын, қашаннан, киелi қазақ,
Бiтiмi бөлек, сыры ерек, сүйегi ғажап!
Айдай әлемге танылған Адалдығым деп,
Сүйедi аға өзiңдi, сүйедi қазақ!
Табуға бекiп, қалайда бiр ағат iстi,
(Алтынға қоспақ ойлары сыналап мысты).
Эфирден айтты күпiлдеп, газетке жазды,
Iзiңе күн-түн, ағатай, шырақ ап түстi.
Iздедi ақ тер, көк тер боп "алтын қойманы",
Қамыңды iштей қайысып халқың да ойлады.
Жаны жомарттың қашанда мұраты асқақ,
Жүрегi, Iсi, Ниетi - жарқын ғой бәрi.
Жарқын ғой бәрi - жүрген жол, өткен iздерi,
Халқына шалқып жататын көк теңiз көңлi.
Елiнiң қамын ойлайды ерте де, кеш те,
Көркейсiн дейдi,
Жұртына көктем iздедi.
Жоғары қойған о баста алтыннан арын,
Өзгенiң қайтсiн қыңыр ой, салқын қабағын.
Ұждан мен Ардың әлемдiк өлшемi ең өзiң,
Ұрпақ алдында мәңгiлiк жарқын жанарың.
Аруақты орын қашаннан, киелi қазақ,
Бiтiмi бөлек, сыры ерек, сүйегi ғажап.
Айдай әлемге танылған Адалдығым деп,
Сүйедi аға өзiңдi, сүйедi қазақ!
Темiрше САРЫБАЙ, ақын
"Жас Алаш" газеті