Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5680 0 пікір 21 Қыркүйек, 2012 сағат 10:11

Қазақстан қырық елден ішімдік алады

Елімізде соңғы бес жылда арақ-шарап өндіру 30 пайызға азайып кеткен. Сонда тұрғындар ішімдікті аз пайдалана бастаған ба, әлде отандық өнімдерге сұраныс төмен бе?

Елімізде соңғы бес жылда арақ-шарап өндіру 30 пайызға азайып кеткен. Сонда тұрғындар ішімдікті аз пайдалана бастаған ба, әлде отандық өнімдерге сұраныс төмен бе?

Статистика агенттігі мәліметтеріне қарағанда, 2011 жылы Қазақстанға әлем­нің 40-тан астам елінен алкогольді ішімдік импортталған. Сөйтіп, 64 млн 682 мың литр сыра, 11 млн 999 мың литр табиғи ша­рап, 1 млн литрге жуық хош иістен­діргіш, өсімдік заттары қосылған шарап, 6 млн 780 мың литр арақ қазақстандық дүкен сөрелерін толтырған. Сонда еліміз­де әр адам басына шаққанда, жылына орта есеппен 5 литрден шетелдік ішім­діктен келеді. Әрине, осыдан кейін қазақ­стан­дықтардың тек кілең қымбат әрі жоғары сапалы, таңдаулы арақ-шарап­тарға ден қоя бастағаны жайлы топшы­лауға болар еді. Бірақ, шын мәнісінде, жағдай - бас­қаша.
Сыраның сыры
Өткен жылы елімізде ең көп импорт­талған ішімдіктің түрі - сыра. Бұл өтімді ішімдік былтыр бірнеше еуропалық ел­дер­­ден, оның ішінде Бельгия, Германия, Чехиядан көбірек әкелінген. Импорт кө­ле­міне қарағанда, Мексика мен Қы­тайдан шығарылатын сыраға да сұраныс бар. Алайда барлық алыс шетелдерден елге тасымалданатын сыраның көлемін (2 млн 287 литр) Ресей мен Беларусьтан әке­лі­нетін өніммен салыстырсақ, бұл - теңіз­ге құйылған тамшыдай-ақ (Кесте №1). 
Әрине, Қазақстанның бұл екі елмен Кеден одағын құрғанын ескерсек, жаңа экономикалық жағдай үш елдегі сыра шығарушылардың саудасын қыздыра түсуі тиіс. Десек те, қазақстандық кәсіп­керлер өткен жылы ең көп сырасын тап осы «одақтастарына» емес, көрші Қыр­ғыз­станға өткізіпті. Ал Қазақстанға 2011 жылы 61 млн литрден астам сырасын жі­берген Ресейге бар-жоғы... 782 мың литр қазақстандық сыра кетсе, Беларусьқа бір литр де өтпеген.
«Бұл рыноктың толық екендігін, Ке­ден одағы елдеріндегі сыра өндіру сала­сында бәсекелестіктің жоғарылығын, оған қоса Ресей мен Беларусь рыногында бірнеше ірі әлемдік өндірушілердің бар екендігін ескерсек, бұл елдерге экспорт­талатын жергілікті қазақстандық сыра маркаларының табысты болу мүмкіндігі мейлінше төмен» - деп мәлімдеді Efes Karaganda Brewery компаниясының қоғаммен байланыс супервайзері Юлия Антонова. Оған қоса, мысалы, беларусь­тер өткен жылы мемлекеттік реттеу ар­қылы сыра импортын қысқартып, отан­дық кәсіпорындар экспортын арттыруға бағытталған бағдарламалар арқылы сыра өндірісін 17,8 пайызға күрт өсірген. Бірақ Қазақстанда керісінше жағдай орын алған.
Кеден одағы рыногын да «жаулай» алмаған бұл ішімдік түрін өндіру Қазақ­станның өз ішінде де құлдырай түсіпті. Өткен жылы бұл сусынды шығару 14,1 пайызға азайып, жалпы өнімнің көлемі 425 млн 136,3 мың литрді құраған. Мұның басты себебі алкогольді рынокты реттеу тәртібінің қатаңдатылуымен байланысты деп есептейді Антонова. Ол оның ішінде сыра акциздерінің екі есеге дейін өсіп, декларациялаудың жаңа тәртібі енгізіл­генін атап өтеді. Мысалы, 2011 жылдың 1 қаңтарынан акциздер сыраның литріне 13 теңгеден 25 теңгеге, яғни 92 пайызға көтерілген. Сөйтіп, ең көп іші­летін отан­дық ішімдік түрі - қазақстандық сыраның өзі өндірісте қысқара берген. Дегенмен Қазақстаннан экспортталған жалпы сыра көлемі (3 млн 934 мың) - өткен жылы сыртқа шығарылған барлық отандық арақ-шараптардың арасындағы әзірге «рекордтық көрсеткіш».

Шартараптан келетін шараптар
Былтыр шетелдерден 13 млн литрге жуық шарап өнімдері импортталса, елден бар-жоғы 17 мың 495 литр ғана шарап шығарылыпты. Қазақстанның бұл ішімдік түрі санаулы елге өте аз мөлшерде жіберілген. Экспорт көлемі бойынша алдыңғы орынға Грузия шықса, Швей­цария мен Жапония да қазақстандық ша­раптың дәмін «татып» көрген (Кесте №2). Табиғи шарабымен әйгілі Гру­зияның 17 мың литр Қазақстан шарабын не үшін алғаны - құпия, бірақ оның есе­сіне, олар былтыр 1 млн 780 мың литрден артық өз өнімін осында тоғытқан. Қазақстан шарабын өте аз (12 мың литр) мөлшерде тұтынған Молдова да өз шарабын беруде алдына жан салмайды. 
Ал біз ойлағандай, француз және итальян табиғи шараптары ең көп импортталған өнім санатында емес. Дегенмен хош иістендіруші және өсімдік заттары қосылған шараптар арасында итальян өнімдері (595 мың литр) ең көбірек келген. Соған қарағанда, қазақ­стандықтар қымбат табиғи еуропалық шараптарға ден қоя бастады деу - асығыстық. Ішімдік бағасы - бұл рынок­тағы сұранысқа әсер ететін елеулі фактордың бірі ретінде қалған. Десек те, қазақстандықтардың талғамы өсіп, шарап ішу мәдениеті қалыптаса бастағанын айтады Қазақстан шарап жасаушылар қауымдастығының қызметкерлері. «Қазір сатып алушылар сауаттырақ. Олар табиғи өнімге қарай ұмтылады. Табиғи шараптарға деген сұраныс жоғары. Осы арқылы рынокты жаулап алуға болар еді», - деп есептейді қауымдастықтың аты-жөнін айтпауды сұраған өкілі. Шынымен өткен жылы елге импортталған өнімдердің басым бөлігі - табиғи шараптар, ал түрлі заттар қосылған шараптардың импортталған жал­пы көлемі бір миллион литрге жет­пеген. Оның сөзіне қарағанда, елімізде құрғақ шараптарға сұраныс жоғары емес, жергілікті тұрғындар тәтті, жартылай тәтті десерттік шараптарды тәуір көреді.
Бірақ «шетелдік шараптың бәрі бірдей сапалы емес». Қазақстан шарап жасау­шылар қауымдастығының өкілдері ТМД елдерінен келетін шараптардың сапасын талай сынға алған. Олар табиғи шараптың бағасы жүзімнің құнына байланысты арзан болуы мүмкін емес деп есептейді. Ал отандық шарап өндірушілердің өздері қазіргі таңда бәсекеге төтеп бере алмай отырғандығын ашық мойындап отыр. Сондықтан былтыр отандық табиғи жүзім шарабын өндіру алдыңғы жылмен салыстырғанда 33 пайызға азайған. Сон­да бір жыл бойы Қазақстанда өндірілген шарап көлемі бір ғана Молдовадан осын­да әкелінетін шараптың үштен бір (2 млн 619,9 мың) бөлігіндей ғана бол­ған.
Қазақстан шарап шығарушылардың өз өнімдеріне деген сұраныстың жыл сайын төмендей түсуін шикізат жетіспеу­ші­лігімен түсіндіреді. «Жүзім алқаптары жыл­дан-жылға азаюда. Басқа аймақ­тар­мен салыстырғанда апатты жағдайдамыз», - дейді қауымдастық маманы. Оның сө­зі­не қарағанда, 1985 жылы КСРО-да ішім­дікке тыйым салу кезеңінің өзінде Қазақ­станда 27 мың гектар жүзім алқабы болса, өткен жылы оның тек 8 мыңы қал­ған. 
Екінші жағынан, қазақстандық ша­рап­тардың өзге рыноктарға енуі де оңай емес. Тіпті Кеден одағына кіретін елдердің өзінде ішкі өндірушілерін қорғау мақсатында арақ-шарап импортына тосқауылдар қойылған. «Ресейде сырттан ішімдік әкелушілерге бізбен тіпті салыстыруға келмейтін талаптар қояды. Ондағы алғашқы жарнаның көлемі өнімнің өзіндік құнын бірнеше мәртеге өсіріп жібереді», - дейді шарап шы­ғарушы маман. Оның айтуынша, Ресейдің оңтүстік шығысындағы рынок қазақстандық шарап өнімдеріне зәру. Тіпті Қазақстанға жақын аудандарынан арнайы келіп, қазақстандық шарапты алып кететіндер бар. «Бірақ біз экспортты ұйымдастыра алмаймыз. Себебі Кеден одағы ауқымында бұл ретте өзара қарым-қатынас бірқалыпқа келмеген», - дейді қауымдастық қызметкері.


Арақтың ақыры тақау ма?
Арақ-шарап саласы бюджетке кіріс әкелетін саланың бірі саналады. Мем­лекет қазынасына одан жылына орта есеппен 20 миллиард теңге құйылатынын айтады «Қазалко» Қазақстан алкоголь өнімдерін шығарушылар қауымдас­тығының президенті Әміржан Қалиев. Бірақ Қазақстанда соңғы 3 жылда арақ шығаратын 16 кәсіпорын жабылыпты. Өткен жылы 2010 жылмен салыстырғанда 10,9 пайызға арақ (40 млн 427 мың литр) аз шығарылған. Ал коньяк көлемі 5,1 пайыз­ға кеміп, 4 млн 685 мың литр өн­дірілген. 
Бірақ оның есесіне, Белоруссия мен Ресейден әкелінетін ішімдіктерге есік айқара ашылған. Әміржан Қалиевтің айтуынша, «бұрын бұл шетелдік өнім­дерге акциз мөлшері бойынша айыр­ма­шылық болатын. Оны 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап алып тастады. Енді олардың өнімдері біздің рынокқа ішкі акциздік мөлшермен кіретін болды. Белоруссия мен Ресей өнімдерінің сапасы мен көлемі бойынша бізде ешқандай кедергі жоқ!» - дейді Қалиев. Оның айтуынша, арақ өнімдерінің 95 пайызы Қазақстанға Ресейден әкелінеді. Мәселен, былтыр көрші елден 5 мил­лионнан астам литр арақ импортталған. Сондықтан «ресейліктер арақтың қандай түрін және қанша әкелемін десе де, бұл - олардың өз еріктерінде», - дейді қауым­дастық басшысы. 
Ал керісінше, қазақстандық кәсіп­кер­лердің Ресей мен Белоруссияға арақ-шараптарын апара алмай, ол жақта қазақстандық ішімдіктерге заңды түрде кедергі қойылып отырғанын жеткізді «Қазалко» басшысы. «Белоруссияда - монополия. Үкіметтің рұқсатынсыз арақ апару мүмкін емес. Ресейде шеттен әкелінетін арақ-шараптарға арналған бұрынғы кедергілер сақталуда», - дейді сарапшы. Оның айтуынша, «қазақ­стан­дық арақтардың сапасы соңғы жылдары ресейлік өнімдерге қарағанда өте жоғары, бірақ бағасы әлдеқайда төмен». Сондық­тан да, Қалиевтің пікірінше, Ресей өздерінің жергілікті арақ өндірушілердің мүддесін қорғау үшін шеттен әкелінетін, оның ішінде қазақстандық өнімдерге қойылатын кедергілерді әлі алмай отыр. 
Соған қарамастан, қазақстандық арақтарды тұтынушылар «географиясы» ауқымды. Мысалы, Ұлыбритания, Израиль, Корея, тіпті Ирак пен Жапо­нияға да қазақстандық арақ өнімдері белгілі бір мөлшерде жіберілетін болып шықты. Ал Қазақстанға арақтар қайдан әкелінбейді десеңізші?! Барбадос, Багам аралдары, Куба, Бразилия, Гайана, Ямайка, Мексика мен Пуэрто-Рико, барлығы 40-қа жуық елден ішімдіктер импортталады. Мұның себебін сарапшы қазақстандықтардың тұрмыс жағдайы жақсарып, әр алуан ішімдік түрлеріне деген сұраныстың артқандығымен түсін­діреді. «Олар бұрынғы Кеңес өкіметі кезіндегідей тек арақ, күшейтілген шарап, сыра ішіп қана қоймай, виски, текила, ром, жақсы коньяктар тұтынады. Ал текила, виски, ром бізде шығарыл­мағандықтан, шетелдерден әкелінеді», - дейді қауымдастық өкілі. 
Оған қоса Қазақстанда шығарылатын шараптың ғана емес, коньяктың да сапасы төмен, сұранысқа жауап бере алмайтынын айтады Қалиев. Себебі жақсы коньяк жасау үшін жүзімнің жақ­сы сорты қажет. Ол шарап шығару­шы­лардың алдыңғы уәжін қостай отырып, 1985 жылғы Горбачевтің «құрғақ заңы» кезінде шауып тасталған жүзім план­тацияларының әлі күнге дейін қалпына келмегенін еске салады. «Қазақ­стан­дықтар сапасыз шарап пен коньякты ішпейді. Ал шетел жақсы спиртін бізге бер­мейді. Біздің тұтынушылар арзанын әрі сапалысын іздейді. Өнімдерімізге сұраныстың төмендеп, отандық коньяк, шарап азайғанының себебі - осында», - дейді сарапшы. 
Оған қоса Қазақстанда жалпы алко­гольді ішімдікке сұраныс төмендеп келе­тінін айтады Қалиев. Оның сөзіне қарағанда, «бұрын жылына өндірілетін арақ өнімінің көлемі - 95-100 млн литр болса, қазір 65-70 млн литр. Бәрі сұра­нысқа байланысты. Сұраныс азайған». Оған қоса, сарапшының айтуынша, қазір жастар арасында да арақ ішу азайған. Салауатты өмір сүру салты ішімдік рыно­гына өз әсерін тигізген. Ол келе­шекте бұл тенденция нығая түсетіндігін, яғни градусы жоғары, күшті ішімдіктерді тұты­ну азая беретіндігін, оның орнына жеңіл ішімдіктерге сұраныс өсетіндігін болжай­ды. Ал отандық өндірушілердің дәл қазіргідей жағдайда осындай сұра­нысты қанағаттандыруы - неғайбіл, яғни бұл рыноктағы болашағы да - бұ­лыңғыр.

Тақырыпқа орай:
Адам өліміне әкелген қайғылы оқиғалардан кейін Чехия мен Польшадан келетін ішімдік өнімдері айналымын қадағалау күшейтілді деп хабарлайды Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметі. 
Польшаның Кельце қаласы шекарашылары Чехиядан келген күдікті 194 ішімдік бөтелкелерін тапқан. Жарамсыз ішімдіктің салдарынан Чехияда 22 адам қайтыс болып, 30 адам ауруханаға түскен. Польшада осындай негізде екі адамның өлімі тіркелген. Қазақстан импорттайтын ішімдіктер қатарында Польша мен Чехиядан әкелінетін өнімдер де бар.

Айжан КӨШКЕНОВА 

"Айқын" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5317