Түркі мемлекеттері ұйымына Ресей қосыла ма?
2026 жылғы 30 қазанда Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 13-саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейді ұйым жұмысына бақылаушы ретінде қатысуға немесе «ТМҰ плюс» форматына қосылуға шақыруды ұсынды. Бұл ұсынысты қазақстандықтар әртүрлі қабылдауда: бірі – «Бұл мүмкін емес, Ресей ұйымның жұмысына кедергі» десе, екіншілері – президенттің ұсынысын қолдауда. Енді, осы мәселеге тереңірек тоқтаймыз.
Президент өз ұсынысын негіздеу үшін мынадай деректерді алға тартады:
1) Тарихи және мәдени байланыстар: Ресей ірі держава ретінде көне заманнан бері түркі әлемімен тығыз қарым-қатынаста болып келеді. Сондай-ақ орыс тілінде түркі тілдерінен тамыр тартатын сөздер аз емес.
2) Ресейдегі түркі халықтары: Ресей Федерациясының аумағында көптеген түркі тілдес халықтар (мысалы, татарлар, башқұрттар, құмықтар, сахалар және т.б.) тарихи мекен еткен.
3) Алтай тұжырымдамасы: Қазіргі таңда Ресей тарапы «Алтай өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» деген ғылыми және мәдени тұжырымдаманы белсенді дәріптеуде. Қазақстан бұл көзқарасты қолдайтынын білдірді.
4) Ұйымның беделін арттыру: Мұндай ірі аймақтық ойыншының «ТМҰ плюс» немесе бақылаушы мәртебесінде қатысуы ұйымның халықаралық деңгейдегі ықпалы мен геосаяси салмағын одан әрі нығайтуға септігін тигізеді.
Бірақ, саммитке қатысушылар Ресейдің Украинада жүргізіп жатқан қазіргі соғыс қимылдарын ескере келе, әрі, оның 5 жылға таяу уақыт бойы үздіксіз жүргізіп жатқан «арнайы әскери операциясын» (АӘО) БҰҰ‑на мүше 150‑ден астам мемлекеттердің «агрессия», ал, Ресейді «агрессияны қаржыландырушы мемлекет» (спонсор) деп танығандықтан – Қазақстан президентінің ұсынысын салқын қабылдады. Ол олардың түрінен көрініп тұрды...
Ал, мұның астарында қандай шындық жатыр?
Біріншіден, әрине, қазір біз Түркі елдерінің ұйымы нақты аяққа тұрған, саяси ықпалы зор, экономикалық қуаты жеткілікті ұйым деп айта алмаймыз. Бұл ұйым қазір «саяси бастама», «ықылас‑ниет» ретіндегі жоба деңгейінде тұр десе болады. Сондықтан, осы жағдайда мұндай ұсыныстың Ресеймен 7598,6 шақырымдық шегарасы бар Қазақстан тарапынан жасалуы заңды.
Екіншіден, барлық Түркі ұйымына мүше елдерге қарағанда тек Қазақстанда ғана өте ірі орыс диаспорасы өмір сүріп жатыр. Ал, бұл Қазақстан үшін өте нәзік, үнемі есте ұстауды қажет ететін өткір мәселе. Сондықтан, Қазақстан тарапы осы ұсынысты жасауға тиісті еді.
Үшіншіден, бүгінгі Ресей‑Украина арасындағы соғысқа ықпал еткен «Орыс әлемі» идеологиясын өмірге әкелген авторлар А.Дугин мен В.Р.Мединский әлі де өз «қызметтерін» жалғастыруда. (Мысалы, В.Р.Мединский жақында Сауд Арабия еліндегі келіссөздерге РФ делегациясын бастап баратын болды). Ендеше, ондай идеологияның Қазақстанда бас көтеруінің алдын алу – Қазақстанның саяси дипломатиясының басты міндеттерінің біріне жатады деу – шындық.
Сол себепті де, Қазақстан тарапы ұсынға бұл ұсыныс – егер, әр тараптарда осыған ниет болса, барлық мәселені бейбіт түрде шешуге болатынына меңзейді.
Одан өзге қандай себептер бар?
Қазіргі Түркі әлемі өзінің дербес мемлекеттгіне қол жеткізген тәуелсіз мемлекеттермен шектелмейтіні белгілі. Оған Ресейдегі түркілік халықтардан өзге, Қытайда өмір сүріп жатқан түркілік елдерді де жатқызамыз. Ендеше, Түркі елдерінің Ұйымына осы екі елдегі түркілік халықтармен байланысын үзбеуі қажет болса, онда бұл Ұйымға Ресейді де, Қытайды да бақылаушы етіп қабылдау – дұрыс қадам. Егер олай етпесек, қысқа ғана тарихи кезеңде бұл елдер толығымен империялық сипаттағы халықтармен ассимиляцияланып, өздерінің түп‑тамырынан ажыраулары мүмкін. Түркі әлемі бұған жол бермей, мәселені мейлінше бейбіт жолдармен шешуге ұмтылса – болашақта Ресей мен Қытайдағы түркілік жұрттардың Түркі елдері ұйымдарымен интеграциясы жойылмайды.
...Тарихты кім болжаған, мүмкін, бір уақыттарда олар да тәуелсіздік алып, өз үйіріне қосылар деген үміт бар – оны үзуге болмайды...
Әрине, осының бәрін сараптап, біліп отырған Ресей мен Қытай біздің президенттің ұсынысын қолдай ма, қолдамай ма – міне, осы мәселе әлдеқайда маңыздырақ болып тұр!
Сіздер қалай ойлайсыздар?
Әбдірашит Бәкірұлы, философ
Abai.kz