Сенбі, 23 Қараша 2024
Саңлақ 4559 10 пікір 21 Ақпан, 2022 сағат 14:12

Бейжіңдегі сәтсіздікке кім кінәлі?

Бейжіңдегі қысқы олимпиада ойындары кеше өз мәресіне жетті. Қазақстан төрткүл дүние көз тіккен бұл додада жүлдесіз қалды.

Елімізден олимпиада ойындарына 34 спортшы аттанған болатын. Олар – қысқы спорт ойындарының ішінде спорттың шаңғы жарысы, фристайл-могул, шаңғы акробатикасы, тау шаңғысы, шаңғымен секіру, биатлон және шорт-трек түрлерінен жүлделі орындарға таласты.

Өкінішке орай, Қазақстанның бұл олимпиададағы ең үлкен жетістігі – шорт-тректен Абзал Әжіғалиевтің төртінші орынды иеленгені болды. Сегіз спорт түрінен бақ сынаған қазақстандықтар жақсы нәтижеге қол жеткізе алмады. Бұл олимпиадада ең үздік шыққан Норвегия елі 16 алтын, 8 күміс, 13 қола медаль жеңіп алды. Одан кейінгі кезекте Германия барлығы – 27 медаль, АҚШ – 25, Швеция – 18, Қытай – 15, медальді жеңіп «үздік бестік» қатарында тұр. Қазақстан 2010 жылдан бері қарай әр қысқы олимпиададан 1 күміс 2 қола медаль алған.

Биылғы ақ олимпиаданы Қазақстан өткізуі мүмкін еді. 2013 жылдың тамыз айының ортасында Алматы қаласы бірінші болып ХОК-қа ресми өтінім берген. Сонымен, олимпиаданы өткізу құқығы үшін шешуші сәтте Бейжің мен Алматы қалаларына таңдау түсті. Нәтижесінде Қытай астанасы бар болғаны 4 дауыс (44:40) басымдықпен жеңіске жетіп, кезекті қысқы олимпиада ойындарын өткізу құқығына ие болды.

Бейжің олимпиадасына Қазақстан 250 млн теңге бөлуді жоспарлаған екен. Ал, жарысқа дайындыққа 400 миллион теңге жұмсалған. Сонымен, биылғы ақ олимпиада ойындарына жалпылай алғанда 600 миллион теңге жұмсалып тұр.

Осыған дейін: «Бейжің олимпиадасына 250 миллион теңге бөліну жоспарланған. Алайда ұйымдастырушылар делегация санын қысқартып, жұмсалатын қаржы 220 миллион теңгеге түседі», - деп пікір білдірген еді ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков.

Десе де, біздің спортшылар жүлде мен марапаттан кенде қалайын деп отырған жоқ. Шорт-тректен жарыста 500 метр қашықтыққа сырғанап, 4 орынға шыққан Абзал Әжіғалиевке 40 000 доллор (17,1 млн теңге) сыйақы беріледі, онымен бірге әртүрлі эстафетада өнер көрсетіп бесінші орынға ие болған Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Ольга Тихонова және Яна Ханға 10 000 доллордан (4,1 миллион теңге) беріледі. Сәйкесінше, аталған сома көлемінде сыйақыны спортшылардың жаттықтырушылары да алатын болады. Бірақ, мұнда спортшының бонусы команданың үш тәлімгері арасында бөлінеді. Командалық спорт түрлерінде сәтті өнер көрсеткені үшін команданың үш жаттықтырушысы бірдей мөлшерде бонус алады.

2022 жылғы олимпиада қорытындысы бойынша, Қазақстан спортшылар мен жаттықтырушыларға 140 мың доллар (60 миллион теңгеге жуық) төлейді. Ақша республикалық бюджеттен аударылады.

Жазғы және қысқы Олимпиада жүлдегерлеріне төлемдер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1435 қаулысымен реттеледі. Спортшы алтын үшін 250 мың доллар, Күміс үшін 150 мың, қола үшін 75 мың доллар алады. Сондай-ақ, төртінші, бесінші және алтыншы орындарға ие болған қазақстандықтарға тиісінше 30, 10 және бес мың доллардан сыйақы беріледі.

Олимпиада ойындарына қатысатын үздік спортшыларды іріктеп, таңдап алуға тікелей жауапты, оларды жаттықтыруға бөлінетін қаражатты күні кешеге дейін басқарып келген Тимур Құлыбаев басшылығындағы ҰОК бұл нәтижеге қалай жауап берер екен?..

Біз тақырыпқа тұздық ретінде, Бейжің олимпиадасына арнайы барып, теле экран арқылы ақпарат таратқан әріптесіміз Жандос Айтбайұлының олимпиада туралы пікірін оқырман талқысына ұсынғанды жөн көрдік.

Жандос Айтбайұлы:

- Ол рас, Таиландта біз доп қуғанбыз,
Қоржынды талай мәрте тоқ қылғанбыз.
Кубаның мықтыларын шақыртып ап,
Алматыда Мұхтарханға соқтырғанбыз.
Солт Лейк Сити сындарынан құры қол қайтып,
Секілді боп отырмыз қысылған қыз.

​Бұл, арда туған Амангелді Сейітхановтың 2002-ші жылы айтыста айтқаны. Ұлтжанды ұстазым қазақ спортындағы кез-келген сәтсіздікке күйіп-пісіп жатушы еді. Көзі тірі болғанда, осы ойындар туралы да жан-жақты жазар еді ау…

​Бейжің ойындары бітті. Солт Лейк Ситиден соң салбырап, Турин ойындарынан кейін түңіліп кетіп едік, Қытайдан қысыла-қысыла қайтып бара жатқан жәйіміз бар. Түсінгеніміз дүбірлі додаларда қазақтың намысын қаракөздер ғана қорғау керек! Қаны қазақ деп қайнап, қазақ деп жүрегі соғатындар болмаса, өзгелерге әнұранымыз бен көк туымыздың құны көк тиын. «Жүлде алсам үкімет тағайындаған қыруар қаржыға қарық боламын, жүлдесіз қалсам тып-тыныш жата беремін», - дейді. Тіпті мәреге 30-40-шы болып келсе де мәз. Сөзге тартсаң ақталудан аспайды.

Рас, осы уақытқа дейін қысқы ойындарда тек өзге ұлттың өкілдері қазаққа жүлде алып берді. Олардың еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Әлі де құрметтейміз! Бірақ, сол Смирнов пен Прокашевалар шыққан кеңес мектебі келмеске кетті. Енді скандинавиялық елдердің тәжірибесіне сүйене отырып өз мектебімізді қалыптастыратын уақыт жетті. Қысқы спорттан да мықтылармен иық тірестіре алатынымызды осы жолы өзіміздің қаракөз ұл-қыздарымыз тағы бір мәрте дәлелдеді. Онда неге қазақ баласын қысқы спортқа бермейді деген пікірлерді де оқып-біліп жүрміз. Спортқа бермейді емес, береді. Бірақ әлгі спорт түрінің аурасын көрген бала тұра қашады. Неге? Өйткені шаңғы, биатлон, мәнерлеп сырғанау, коньки мен хоккейіңізді орекеңдер иемденіп алған. Ал сол спорт түрінің қыр-сырын ана тілінде түсіне алмаған соң, қазақ баласына ол қызық па? Әрине, бірден бокс пен күреске барады. Өйткені ол жақта қазақилық басым. Бапкерлер басынан сипаса да, боқтаса да бәрі қазақша.

Бір ғана мысал шорт-тректен ұлттық құраманың бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков ағамыз қаншама қаракөздерге жол ашты. Айтқымыз келгені өз тілін жетік білетін, ет жүрегі елім деп соғатын қазақ бапкерлерінің санын арттырып, олардың білімін жетілдіру қажет. Балалар спортын басты назарға алған жөн. Спорттық үйірмелер, жаттығу жасайтын кешендер, спорттық бұйымдар тегін болса қысқы спортқа келетіндердің қатары көбейер еді. Тек қана қала емес, ауылды жерден таланттарды іздеп тауып, олармен жүйелі түрде жұмыс жасау керек. Әртүрлі деңгейдегі жарыстарды ұйымдастырып, қысқы спорттағы бәсекелестікті арттырған жөн. Әлем мықтыларымен үзеңгі қағыстырып жүрген спортшыларымыздың жетістігі кең көлемде насихатталуы тиіс. Олимпиада ойындарында бір ғана шорт-тректен бірнеше медаль алуға болады.

Ендеше осы бір спорт түрін дамытуды қолға алып, заманауи үлгідегі спорт кешендері салынса. Универсиада мен Азиадаға салынған спорттық нысандар қаңырап бос тұрмай, ел игілігі үшін жұмыс істесе. Саңлақ спортшы Смирнов айтқандай «бізде тау десе тау, бау десе бау бар». Жыл он екі ай қар жаумайтын елдің спортшылары да жүлде алып жатыр емес пе. Ендеше болашақты бүгіннен ойлап, қазақ спортын көтеруге шындап кірісу керек. Әйтпесе, осы жағдай төрт жылдан кейінде қайталануы әбден мүмкін.

​Айтпақшы, спортқа бөлінген қыруар қаржының да қайда жұмсалғаны туралы халықтың алдында есеп берілсе деген көпшіліктің талап-тілегі бар!

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5391