Президентке үндеу: Менің ұлым террорист емес!
Кеше «қаңтар көтерілісіне» қатысты алғашқы сот үкімі шыққанын, жергілікті БАҚ жазды. Алматы қаласы, Алматы аудандық соты Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласының тұрғындары – Бақыт Оңтай мен Өжет Жеңісханға қатысты шешім шығарып, 5 жылға соттады. Енді бұл екі азамат жазаларын қауіпсіздігі орташа режимдегі түзеу мекемесінде өтейтін болады.
Сотталған екі азаматтың екеуі де 1999 жылы туған, 22 жастағы жігіттер.
«Азаттықтың» ақпаратынша, Бақыт Оңтай мен Өжет Жеңісханның істері бойынша тергеу 26 қаңтарда аяқталып, қылмыстық іс 1 ақпанда сотқа түскен. Ал сот үкімі 17 ақпанда шыққан. Оларға Қылмыстық кодекстің 291 бабы 3 бөлігі бойынша («Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу») айып тағылған.
Кеше қаңтардағы бейбіт шеруге қатысқан Өжет Жеңісханның әкесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан өз ұлына араша сұрап, үндеу жариялады.
«Менің аты жөнім Жеңісхан Әкрамұлы. Алматы қаласы 18-тергеу абақтысында жатқан Жеңісхан Өжеттің әкесімін.
Менің ұлым террорист емес! Ешқандай ұйымға, басқа да қылмысқа қатысы жоқ! Алаңға өз көзқарасын білдіру үшін бейбіт шеруге шыққан болатын. Сол кезде біреулер қорқытып, қару кезеп, қолына қару ұстатқан. Ол қарудан ешқандай оқ атылмаған.
Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біз сізден осы балаға араша түсуіңізді сұраймыз! Жақында өзіңіз сұхбат бергеніңізде «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» құру жөнінде айтқан едіңіз. Біздің баламызға әділетсіз үкім шығарылып отыр. Біздің баламызға әділетті шешім тағайындап, соттың әділетті үкім шығаруын қалаймыз», - дейді Өжеттің әкесі.
;list=TLGGKesjogUtcEMyMjAyMjAyMgAbai.kz