"Жаңа Қазақстан" ұлттық мемлекет болуы керек
Жаңа Қазақстанды құру науқаны тақауда аяқастынан басталып кетті. Қазіргі қарқыны жаман емес. Бірақ енді құрылатын «Жаңа Қазақстан қандай болу керек?» деген мәселе төңірегінде айтылып жатқан ой-пікірлер өте аз. Тіпті, жоқтың қасы. Мұны, бір тараптан, түсінуге де болатындай, мемлекет құрудың әлемге ортақ үлгілері көп қой, соның біреуін әкеп өзімізге қонжита салсақ, жұмыс бітті емес пе дейтін арқаны кеңге салу жатқандай істің артында.
Бір қуанарлығы, біздегі «қайта құру» жұмысы алда атқарылмақ ұлы істерге берік негіз болатын мықты алғышарттарды әзірлеуден бастау алыпты. Басқасын айтпағанда, Мемлекеттік хатшының құзыретін кеңейтіп, пәрменін арттыратын үлкен құжаттың шұғыл қабылдануы соның нақты айғағы болса керек. Елімізде рет тәртібі бойынша бесінші орынды иеленетін, ел тізгінін ұстап отырғандардың бірі болып есептелетін бұл лауазымның билігі бұрын-соңды бұл аяда кеңейіп көрген емес. Қос қолды көтеріп құптарлық-ақ шешім.
Мұны мемлекет басшысының өз қарамағындағы биліктің қомақты бөлігімен, өз жағдайына қарай, идеология саласында қызмет атқаратын лауазымдармен бөлісуі деп бағалап жатқандар да бар. Астарына үңілсек, айтып отырған сөздерінің негізі де жоқ емес. Жалпы, біз секілді мемлекеті тәуелсіздік алғанмен, халқы әлі тәуелсіз халық ретінде қалыптасып болмаған, қалыптасу былай тұрыпты, әлі бір тілде – өз ана тілінде сөйлеп, еркін түсінісе алатын деңгейге жетпеген, арада отыз жылдан аса уақыт өтсе де бұл тарапта көңіл көншітетін әрекеттер жасалмаған ел үшін осылай болғаны өте дүрыс па деп ойлайсың. Өйткені, өздеріңізге мәлім, біздің идеология саласындай кенже қалған, сорымызға қарай соншалықты күрделі, тарихта қалыптасқан ішкі ахуал ғана емес, сыртқы фокторлар да үнемі әсер етіп тұратын, соған қарамай, жолына жатып алып әр жерінен жырымдап кететін жырынды мекемелері де көп әлсіз сала болған емес. Өзгесін айтпағанда, олардың ең тегеуіріндісі, бет қаратпас пәрмендісі бұрынғы билік құрылымын уысында ұстаған топ десек, енді ол да үлкен күлшесінен айрылған тентек баладай оқыс жуасып, бір шетке қарай ығысып барып тұрыпты. Бірақ, өз басым оның соншалықты тез басылып, беріле салғанына сене алмаймын. Байқамасаң, баяғы десі, беделі, басқа да көрінбейтін көп «қолдары» бар, құшағынан сусып кеткен «қызықты» дүниені құзырына қайта алуға қолда бар мүмкіндігін аямай салуы да ықтимал алда. Сақ болу керек.
Сөйтіп, мемлекеттік хатшыңыз аз уақыттың ішінде ысқырығы жер жарып, жасындай жарқылдап шыға келіпті. Жұмысына білек сыбана кіріскені жер түбінен менмұндалайды. Ел кісілерімен ақылдасқан алғашқы отырысын да едел-жедел өткізіп тастапты. Іске сәт дегеннен басқа тілек жоқ бізде.
Дегенмен, шынын айтуымыз керек, идеология біздің оңбай аузымыз күйген осал тұсымыз ғой. Былайғы жұрттың «кеңейген құзыретпен мемлекеттік хатшы енді не істер екен?» деп, кілкіген күдікпен оның алдағы қадамдарына көз тігіп отырғаны да анық. Осы елдің бір азаматы ретінде бұл біздің де қадала қарап, ой елегінен өткізіп, саралап жүрген мәселеміз ғой. Әлі де болса көңілді күпті етіп, ұйқыны қашырып жүрген тұстары туралы көкейге түйгенімізді, ораты кеп тұрған осы сәтте ортаға салсақ дейміз.
Теріс идеология, теңдігі жоқ саясат
Қарап отырсаңыз, идеология саласында істейтін іс, атқарар шаруа шаш-етектен екен. Және асу берместей асқар. Біле білсек, бұл тараптағы жұмыстың еңсерілуіне жылдар емес, ғасырлар кететіндей. Олай болатыны, ешуақытта естен шығаруға болмайтын бір жай – біз бодан болған елміз ғой. Үш ғасыр бойы теперіш көріп, үш жүз жылдық ұлттық езгіні бастан кешкен халықпыз. Соның салдарынан ұлттық болмысымыздан ажырап, жойылып кетуге шақ қалып барып, соңғы есепте, Құдайдың құдіреті, Тәңірдің жарылқауымен әупіріммен аман қалған жұртпыз. Аталған жайлардан да жаманы, біз мұны сезінбейтін, түйсінбейтін халықпыз. Себебі, әуелгі үш ғасырлық отыршылдықты айтпағанда, кейінгі жетпіс жылдық тоталитарлық жүйенің қызыл идеологиясының санамызға сіңгені сонша, талай уақыт құлдықта күн кешкен кешірмемізді өзімізге сезіндіретін, намысымызды жанып, қайратымызды қайрауға тиіс ұлттық рухтың барынша көмескіленіп, әлсіреуіне алып келген. Бойға дендеген бұл дертті емдеу, негізі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, алдыңғы биліктің кезінде атқарылуы керек жұмыс болатын. Бірақ, олар бұдан саналы түрде бас тартты. Үндемей қойсақ, қайтер дейсің, сәбет үкіметі көзін үлкен етіп ашқан сауатты халық қой, құлқынын тойдырсақ, ұлттық мемлекетті шекесіне таңа ма, аз күннен соң барлығын ұмытып, айқын ұлттық ерекшелігі болмағанмен, шекарасы бар тәуелсіз халық болады да шығады, ондай елдер жер бетінде аз емес қой, Сингапур деген мемлекетті алыңыз, тілі жоғалғанмен, өзі орнында (негізі, жойылған), бірақ о бастағы ұлт есімімен аталмайтын, дүниедегі ең бай тіл – ағылшын тілін қолданатын, үкіметі, армиясы, басқасы бар, өздері өте бай тұратын жақсы мемлекет… соны мысал етіп алдарына тартсақ, жетіп жатыр емес пе деген байламға келген секілді. Мұны бір кезде сол мемлекетті үлгі қылып көп дәріптегенінен сезіп отырмын, кейін не ықпал еткені белгісіз, пышақ кескендей жым болды. Сөйтіп, бұл тарапта еш шаруа атқарылмай, жүк келесі буынның мойнына ысырылды. Анығында бұл, яғни, отырсыздандыру науқаны, кімнен тәуелсіздік алсаң да, ерте ме, кеш пе, қалайда бір жүргізілге міндетті қозғалыс болатын. Қашып құтыла алмас борыш еді. Себебі, тәуелді болудың, отар болудың қанға сіңген уынан құтылмай тұрып, қалған шаруаны атқара алмас едің. Бір таңқаларлығы, дүниеде болмайтын істердің бәрі бізде бола береді, әлгі көкейтесті шаруа да атқарылмаған күйі жайында қала берді. Сол мәңгүрт, құл-құтан күйімізде елдік дамудың келесі сатысына қарай қадам басып, жоқтан дәмеленіп, тұлыпқа мөңіреп кете бердік. Жуыну, шайыну, тазару, «кір-қоқыстан» арылу деген бізге керек емес екен. Біз үшін қарайып тірі жүрсек болды, сол артығымен жетеді екен. «Нас басқан» нашар күйімізде қара үзіп алға шыққан отыз елдің қатарына барып тұра қалуға иек қышытып, қайқайып кете бердік. Халықты біріктіретін ұлттық рух, сананы берік тұтастыратын мәдени бірегейлік, тіл арқылы бекемделетін ішкі тығыздық деген асыл ұғымдар естен шықты, болашаққа қалай болғанда да өзімізге ұқсап баруымыз керек деген қасиетті қағида қаперге кірмеді. Өр рухымыз болмаса да, шыт жаңа боп тазармасақ та, көршінің көлігін сұрап мінген сұрамсақтай біреудің тілін қарызға ала тұрып, алға қарай «нық» басып кете беріппіз. Мұның соңының неге әкеліп соққанын, тобырмен құрған мемлекеттің қандай болатынын кешегі күні бұрқ еткен «Қаңтар оқиғалары» әбден ашып, көрсетіп берді. «Бүлінгеннен бүлдірге алма!», «Ешкімнің ала жібін аттама!» деген ұлттық қағидаңды қаперіне алмайтын, ешкімге жаны ашымайтын, елін де, туған қаласын да, керек болса, тағдыры ортақ отандасын да, оның жеке мүлкін де аямайтын, алдынан шыққанды шімірікпей шағып, тайсалмай қирата беретін «өте белсенді» жастар өсіп жетіліпті бізде, куә болдық. Ол ол ма, сол шамада, сол аласапыраннан кейін керең болғыр құлағымызға жетті, біздің елдің байлығының жартысынан астамы, арасында ана тілін білетін біреуі жоқ, 162 байдың қолында екен. Ал керек болса! Ел басына күн туып, екі талай заман болғанда әлгі сабаздардың алды жиған-тергенін қалтасына басып, жау шабатындай қай кезде де дайын тұратын тікұшақтарына мініп, «түп атасының» ауылына қарай тартып отырыпты. Ойланатын шаруа ма? Ойланғанда қандай! Мемлекеттік хатшы бізден де терең, бізден де ұзақ ойлануға тиіс. Өйткені, сең әлі қозғалған жоқ қой, іркіліп баяғы кептелген жерінде әлі тұр. Оны жылжыту әмәнда оңай бола қоймас.
Сөзіміздің салмағы арта түсу үшін осы арада тағы бір нәрсені қоса кетейік, тәуелсіздік алған отыз жылда Жаңаөзені бар, басқасы бар, талай жерде ереуіл, толқу, наразылықтар болды. Күмәніңіз болмасын, алда да болады. Бірақ, соның бәрі қарынның қамы үшін барған, үкіметтен нан сұраған, айлықтың көбеюін талап еткен өңкей бір әлеуметтік мәселелер. Жерге тапталып, керексіз боп қалған тілін, ділін сұраған, ұлттық рухын, жоғалған болмысын қайтаруды талап етіп көшеге шыққан халықты, сіз көрмесеңіз, мен әлі көрмедім. Алда да көретініме сенбеймін… Бұл нені білдіреді? Бір-ақ нәрсені көрсетеді, бұл елге тіл керек емес, діл де керек емес, ұрғаны бар ондай қарын тойғызбайтын құрғақ ұраныңды. Халыққа нан керек, үй керек, одан қалды, баяғыда ішіп-жеп қойған несиесін жауып беруің керек бюжеттің есебінен, салық төлеушілердің, яғни, сіз бен біздің есебімізден.
Жақсылап тұрып ойланып алмай, санаға салып саралап алмай, кейін толысқан ақыл-парасатымен ие болатын жөні дұрыс иесін тәрбиеліп, жетілдірмей тұрып, қара күшпен мемлекет құруға болмайды екен. Осы жолы осының басы анық ашылды. Ал онда біз қандай адамдармен, қандай халықпен, нендей жұртпен мемлекет құрып жатырмыз? Енді осы тарапта аз-кем әңгіме.
Кешегі қазақ кім еді?
Арада шамалы уақыт өтсе, барлығын ұмытып, көбеңсіп қалатын бұл адам санасының әлсіздігіне не айтарсың! Үнемі құлағына құйып, есіне салып отырмасаң, жұрт деген әңгүдік көргенінен, кеше ғана бастан кешкенінен көз жазып қала береді екен. Сенбесіңіз сұраңызшы бүгінгі қазақтардан «Сен қандай қазақсың?» деп. Бас қатырып әуре болмайды, бірден айтады: «Біз нағыз қазақпыз» деп. Соңынан «Ата-бабамыз да осы біздей болған» дегенді қосады шімірікпей. Еш күмәніңіз болмасын, солай етеді.
«Мынаның есі дұрыс па?» дейсің сен жағаңды ұстап. «Сонда әлгі орысқа үш жүз жыл отар болған бодан қазақ қайда кетті?» дейсің ішіңнен иманыңды үйіріп. Содан соң барып бүйіріңнен жын түртеді. «Жоқ! – дейсің дауысыңды қатты шығарып. – Бүгінгі қазақ… арғысын айтпай-ақ қояйық, осыдан жүз жыл бұрынғы қазақ емес. Садағасы кетсін олардың!» дейсің тістеніп.
Бүгінгілер садағасы кететіндей кім еді олар сонда?
Айтайық. Олар жалаң қылышпен жауға шапқан ержүрек далалықтар болатын. Халқының азаттығына басын байлаған Кенесары болатын олар. Неше ұрпақтан бері үздіксіз шыңдалған, ұзақ уақыт дайындықтан өткен, дәстүрі қалыптасқан және сол заманғы ең озық құрал-жарақпен жабдықталған кәсіби армиясы бар екенін біле тұра, өзінің жеңілетіні айдан анық бола тұра отаршыл орыс әскеріне қаймықпай қарсы ұмтылған өр кеуделі, азат рухты, еркіндік құмар, шейіт кетуді құл болып өмір сүруден артық көретін даланың дара көкжалдары болатын. Дұрыстап қараңызшы, бүгінгі қазақ соларға ұқсай ма екен?
Кешегі қазақ кім еді? Олар асыл текті Алаш арыстары болатын. Орыстың ғылымын игеріп, артынан өз елін «сасық», «надан» деп менсінбей кетіп қалмай, олардың көзін ашуға, сәтті келіп жатса, баяғыда шаңырағы ортасына түскен көне мемлекеттерін қалпына келтіруге ұмтылған, жұмыс қанша қиын, жол қанша ұзын болса да, бастаған істерін ешуақытта тастап кетпейтін, аса табанды, басқа ештеңесі болмағанда, бодауына қара басын бәйгеге тіккен, садағаң кеткір елдің ірілері болатын.
Жақсы білесіздер, сол бір қасиетіңе басы асыл адамдардың түбіне кейін, көп ұзамай өңмеңдеп жетіп келген коммунисттер жетті. Дәл қазірдің өзінде сумаңдап арамызда жүрген, сайлау бола қалса халық біткен жабылып кеп дауыс беретін қызыл қорқаулар. Сөйтіп, кешікпей Қазақстанда қызылдардың дәурені басталды. Әуелі аштық болды қолдан жасалған. «Әлхамдулиллә алты миллионыңыздың» жартысы жоқ, сауаты бар бай-құлақ, аузы дуалы қожа-молда, сұңғыла ойлы жақсы мен жайсаң, есі бар атқамінер, сөз ұстайтын кісіден түк қалмаған, тақыр жерге отырып қалған қара сирақ жаңа тұрпатты құлдардан «қоммунизм құру» қозғалысы басталып кетті. Анығында, бұл нәубеттің басы ғана болатын.
Көшпелі халықты отырықтандыру, онда да күшпен шұғыл қоныстандыру деген – нағыз апат еді. Бұл туралы графтың баласы Толстойдың айтқаны бар: «Бір халықты жойып жіберудің ең тиімді жолы – оны үйренген күнкөріс көзінен айыру» деп. Соны жақсы зерттеген қызыл белсенділер жұмысқа бел шеше кірісті. Көшпелі жұртты мыңдаған жылдарға созылған тіршілік тәсілінен, өмір сүру формасынан айырып, орыстың хуторына қуып тықты. Оны кейін «ауыл» деп атап алған өздері. Бұл деген тұрмыстық деңгейдегі шаруа емес, шынтуайтында, сана арқылы өтетін, халықтың өткенін ұмыттырып, ендігісіне тез бейімдейтін, жылдам мәңгүрттендіретін ең оңтайлы амал болатын. Жоспарлы түрде атқарылып, жымсымалықпен жүзеге асырылған сұрқия іс – қыр жайлаған түз елінің астындағы атын тартып алғанда, әлгі ешкімге бас игісі келмейтін асау жұрт аз уақыттың ішінде жыны алынған бақсыдай болып, шықылыққа тұрды. Сөйтіп, қазакеңнің екінші, тым саясиланған жаңа өмірі басталды. Тірі қалған қазақтың барлығы ойға түсіп, жер тырмап, егін егуге кірісті. Егін егуге кіріссе мейлі ғой, ол науқанның соңы «қазақ жұмысшы табын қалыптастыру» деген ұранмен кең етек жайған, кен табылған жерлерде бой көтере бастаған жаңа кеңес қалашықтарына жаппай орналастырумен ары жалғасты. Соның салдарында соншама қысқа уақыт мұғдарында басқа тіршілік ортасында қалыптасқан, өз тілінен мақұрым алғашқы қазақ мәңгүрттері төбе көрсете бастады. Міне, сіз бен біз білетін бүгінгі қазақтар дәл сол кеңес қазақтарының жарты ғасырдан соңғы әлі де өз болмысын, өз мінезін тауып үлгермеген өлез ұрпағы болатын. Сол шалажан көксаулармен, болар-болмасы әзірше белгісіз Елбасыңыздың бастауында рухы әлсіз, талабы кем, болашақтан үміті аз, іші қуыс мемлекет құрылды. Тәуелсіз деген аты болмаса, сол тұңғыш президентіңіздің өзінен бастап басқасына дейін шүлдірлеп өзге тілде сөйлейтін, өзге ділде ойлайтын, ешқашан қазақ болғысы келмейтін, оның жері мен байлығы ғана керек жаңа «құл иелері» бой көтерген ел болдық та шықтық көп өтпей. Сенбесеңіз, қараңыз маңайыңызға, тәуелсіздікке отыз жыл болған бүгінгі күннің өзінде «Ой, шіркін, союз кезінде былай өмір сүрдік қой!» деп, кеңірдегінің тұсын бас бармағының тырнағымен орып түсетіндер әлі кездеседі.
Ұлттық сана болмай, мемлекеттік сана орнықпайды
Алдыңғы билік, неге екенін, осы қазақтарды өзгертіп, басы азат қана емес, рухы да өр жаңа қазақ жасауға талпынбады. Ұмтылғандай бейне танытқанмен, шын мәнінде, әлгісі елді дәмелендіріп, алдаусыратқан далбаса бірдеңе болып шықты. Өзі өзгеруге, елді өзгертуге құлқы болған жоқ, әйтеуір, жабулы қазан жабулы күйі қала берді. Біздің пайымдауымызша, алдыңғы биліктің ең үлкен қателігі – осы. Өйткені, дүние дүрбелең боп жатқан орайлы, оңтайлы сәтті өткізіп жіберді. Аяқ-қолы, аузы-басы еркін болғанмен, санасы азат емес кісілермен мемлекет құруға болмас еді. Құрдық деп күмпілдеткен мемлекетіміздің түрі, әне, анау. Бір-ақ күнде түп қотарылып, аударылып қалмағанмен, жүгі ауып барып, басқа біреулерді көмекке шақырып жатып, әупіріммен әрең алып қалдық. Енді ойланбасақ болмас. Біздің ойымызша, елде түптің түбінде ұлттық мемлекет құрылмай, көсегеміз көгермейді. Қазақша сөйлеп еңбектеніп, қазақша ойлап дамитын ел болмай, әманда түтініміз түзу ұшпайды. Өйткені, біле-білсек, ұлт деген – өте берік ірге тас. Сол ірге тас нық орнықпай, ешқашан асығымыз алшысынан түспейді.
Алдыңғы үкіметтің тағы бір қателігі – халықты мал құрлы көріп, күндіз-түні солардың өмірі толмайтын бөтегесін толтырумен айналысты. Арасында асап-асап, өз құлқындарын да аямай толтырғанын, арты ашылған бүгін күнде әрең біліп жатырмыз, ақталмай кеткен қайран үміт! Адыра қалған қайран уақыт! Ондай мүмкіндік қайта айналып келмейді ғой енді. Ақыр аяғы, халықты тәуелсіз ел құрып жатқанына нандырып, азат елде жасап жатқанын сезіндіре алмаған күйі тарих қойнауына кетті.
Мұның бәрін неге сонша жексұрын болып шұбыртып жатырмыз?
Жаңа билік тыңдасын деп, құзыреті кеңейген Мемлекеттік хатшы естісін деп. Сонан соң жақсылап ойлансын, өткен өкіметтің кебін киіп, қателігін қайталамай, қиындықтан алып шығар жаңа жол тапсын деп. Онсыз да «Жаңа Қазақстан» құрылып жатыр ғой, ондағы ең маңызды мәселе – ұлттық деген құдіретті негізді ұмытып кетпесін деп.
Әрине, ғасырлар бойы бодандықта болған, санаcы, оны айтпағанда, сол сананы қалыптастыратын тілдің өзінде қосылмайтын қос жағалауда қақ жарылып қалып қойған халықты қайта біріктіру, қалай айтсаң да, оңай шаруа емес. Ал содан соң екеуін бір-біріне етене етіп, ортақ отандарын құдды бір әкесі-шешесін сүйгендей сүйдіру, қиын жағдайда әлгі «ортақ үйлерін» тізе біріктере отырып қорғауды үйрету – аса ұзақ уақытқа созылатын үдеріс. Мұнда, бәрі бір, азат кеңістікке шығып, оңаша отау құрудың бұраң жолына түскен барлық елдердегі сияқты – алғашқы кезде, жұртқа демократияны үйретіп, оны орнықтыруда мемлекеттің өзі көмекке келіп, түрлі инститтуттары қол ұшын бергені сияқты, бізде де, ұлттық сипатты айқындау ісінде, мемлекет күшіне арқа сүйемей болмайды. Онсыз жұмыс мандымайды.
Иә, белгілі жай, ұлттық мемлекет құру деген басқа жұмысты қаңтарып қойып, күндіз-түні «ұлт», «ұлт» деп, қала берді, «қазақ», «қазақ» деп айқайлай беру емес. Біздің жоғарыда отырғандарда ескіден қалған бір кате көзқарас бар. «Ұлт» десе, «ұлтшылдық» (шавинизм) қозады деп ойлайды. Бұл түбірімен теріс ұғым. Керек болса, сол қадамға бармай-ақ… «ұлт», «ұлт» деп айқайламай-ақ, «қазақ», «қазақ» деп қақсамай-ақ, ұлттық мемлекет құруға болады, егер шын ниет, риясыз ықылас болса. Оған орыс тілі, не басқа бірдеңе кедергі емес. Тілде тұрған не бар? Үйреніп алсаң, үлкен құрал, қажетіңе жаратасың да, жөніңе кете бересің. Біздегі мәселе тілде емес, ділде, дітте болып тұр. Өр жақта отырғандардың дітінде. Білуіңіз керек, біздегі ең сұрқия, «басымен кіріп кеткен идеологиялық құлдық» – сол өр жақта болып отыр. Ана тілін білмейтін, білгісі келмейтіндердің көбі сонда жүр жалбызбалап жан бағып. Солар өзгеруі керек алдымен. Содан соң төменге қарай құлдилайды оң өзгеріс.
Осыған дейін адымды аштырмай, тұсап келген кесірлі кедергі – санамен маталып, жүрекпен байлану деген Құдай атқан кертартпалық болды. Қалыптасқан сол «салтпен» өмір сүруді доғару керек. Сонда, ағыс өз арнасын тауып, жөңкіле жөнеледі.
Мүбәда, қолданған шара сірескен тоңды еріте алмаса, онда ардақты Алаш қайраткерлеріне жүгіну керек. Ұлттық мемлекет құру о баста, қолдарында түк болмаса да, солардың асыл арманы болған. Солардан, алда құрылмақ мемлекеттеріне әлемдегі ең ұлы ұлттық мемлекет – Жапояны үлгі етіп таңдап алғаны себепті «жапон тыңшысы» атанған сол арманшылдардан сұрау керек. Бұл жайында олар аз айтқан, аз жазған жоқ.
Әлгінде ғана айтқанымыздай, алдымен шын ниет, рас ықылас болсын деңіз. Олар болса, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, жүкті қиядан аман алып өтетін амал да табылады.
Бір нәрсенің басы ашық, біздің отанымызда ұлттық сана болмай, ешқашан мемлекеттік сана орнықпайды. Өйткені, біздің жағдайымызда ұлт, қалай айтсаңыз да, ұзағырақ өмір сүрген құбылыс, түсінікті, тіпті, қолмен ұстап, көзбен көруге болатын нақты нәрсе. Ал мемлекет… ажырап қалып, көп заманнан соң енді алақанымызға келіп қонып жатқан ғайыптың құсы, таңсық дүние. Сырын алып, мысын басып, тұғырына тұрақтандыру үшін уақыт қажет. Сондықтан, оны «ұлт» дейтін алтын қазыққа байлау керек. Сонда ғана тұрақты, тұрлаулы болады. Сипаттары жақын егіз ұғымды үндестіріп, тәрбие бастауын осы қос құндылықты қосақтай отырып өрістетсе, жұмыстың жемісті болары сөзсіз. Сонда ғана жұрт жұп арнаның нәрін бойына тез сіңіріп, жылдам игеріп кетеді.
Серік Нұғыман
Abai.kz