«Нұр Отан» «Отан» бола ма?
Саяси реформалар туралы ұстанымын президент қыркүйекте жариялаймын деп еді. Постқаңтарлық саяси ахуал әсер етті ме, енді, міне, ол жолдауын наурызда жариялайтын боп, билік партиясының кезектен тыс съезін тез арада өткізу туралы шешім қабылданды. Ол жиын арғыкүні өтпек.
Әрине, қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса – партияның болмысы мен тұрмысында нені, қалай өзгертеді, оны сол ұйымның тізгінін қолына алған президенттің өзі біледі. Сондықтан, орынсыз білгішсініп, сәуегейлік танытып жатқаным артықтау болар.
Бірақ, саяси шешім қабылдауда президент сөзсіз ескеруі тиіс жайттар да жоқ емес. Сол туралы ғана айтайын.
Біріншіден, Қаңтар қанды қырғынынан кейін біз мүлдем басқа саяси ахуалды бастан кешіріп жатырмыз.
Қоғам қақ жарылды десе болады. Бір жағы – елбасыныің мұрасынан бас тартып жатқан Тоқаевты қолдаса, оған үміт артса, екінші жағы әлі де оған сенбейді, оны «Назарбаевтың ізбасары» деп қабылдайды. Меніңше, осы съезде президент өзіне сенімсіздік танытып жатқан күштер иланатындай, электорат соңына еретіндей сөздерді дәл тауып, өткен кезеңмен біржолата ат құйрығын кесісуі тиіс. Соның ішінде, Қаңтар қырғынының себептері, оны басты ұйымдастырушылар туралы да мейлінше ашық айтып, «20 мың террористердің» қайдан шыққаны мен тергеу изоляторларында боп жатқан азаптауларға қатысты кесімді пікірін білдіруі шарт. Ең бастысы – «ескертусіз оқ атуға рұхсат беремін» деген сөзінің астарын түсінбей қалған (басқаша түсінген) халқына тәпсірлеп беруі тиіс. Сол күндері оққа ұшып, қаза тапқан, жараланған, басқаша зардап шеккен әрбір адамға қатысты тергеу істерінің нәтижелерін жариялауы керек.
Сонда ғана сенім орнына келіп, орнығуы мүмкін. Екіншіден, ендігі жерде қоғам саяси өмірдегі монополияға шыдамайды, оған ашық түрде қарсы шығады. Оның өзі саяси дүрбелеңнің қайталануына әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан, саяси алаңда қалғысы келсе, «Нұротан» өзгерісті өзінен бастауы тиіс. Алдымен, атын ауыстырса, сосын өз бағдарламасы мен құжаттарындағы «елбасизм» көріністерімен қош айтысса, нұр үстіне нұр болар еді (бұл жерде «нұр» деген қазақтың сөзін мен ешбір ирониясыз және саяси астарсыз айтып отырмын, ол сөзге де реабилитицая керек сияқты).
Соның ішінде, «30 жыл бойғы саяси режимнің барлық ісін – қол жеткізген жеңіс пен жетістіктерін де, жіберілген қателіктерін де, саяси қылмыстарды да – өз мойнымызға аламыз. Сол үшін халықтан кешірім сұраймыз!», - деп моральдық және саяси тұрғыдан арылмаса (оны «катарсис), қалған сөздің бәрі далбаса боп қалып, «елбасизмнің» тарихи жүгі оларды құрдымға сүйрей береді!
Ең бастысы – «Нұротан» шынайы оппозициялық партиялармен ашық бәсекеге түсіп, олармен терезесі тең жағдайда өмір сүруге бейімделуі керек.
Бірақ, партия ішіндегі ескі гвардия оған жол бере қоя ма? Отыз жыл бойына қалыптасқан саяси комфорттан олар қалайша өз еркімен бас тарта қояды?
Сондықтан, осы съезден кейін билік ескі әдетіне салып, жасанды, декоративті партиясымақтарды құрып, квазиреформа жасауға тырысуы ықтимал. Ондайды да көргенбіз кезінде.
Үшіншіден, ескіні көксеген күштер демекші, өз басым, билікке ресми түрде жақын топтардың бәрі бір адамдай Тоқаевты қолдап жатыр деп ойламаймын. Миллиардтары мен майшелпектерінен, құзырлы орындарынан айрылып, бұл күндері бір саусағын бүгіп отырған олар саяси реванш алмайды деп кім кесіп-пішіп айта алады?
Осы күндері бел алып, қоғамның біршама қолдауына ие болған «антитоқаевшыл» күштер оның жақсылығынан гөрі жамандығын баса айтып, тырнақ астынан кір іздеп жатқаны рас емес пе? Кей кездері өзін оппозициялық санайтын күштер де осы хорға қосылып кетеді. Ондай күштердің лоббистері билік партиясының ішінде де бар емес пе?
Мәселен, олар Тоқаевқа «билік партиясын басқармай-ақ қойыңыз, ол «токсичный» боп қалды, оны басқару Сіздің имиджіңізге теріс әсер етеді» деген ұстанымды өткізуге тырысуы мүмкін. Сөйтіп, ол ресурс ертеңгі күні қой терісін жамылып жұрген басқа күштердің қолына көшуі ықтимал (қазір ешнәрсеге таң қалмайтын болдық қой өзі).
Ал президент сайлауы болса, келіп қалды. Президенттің кандидатурасын ұсына алатын, парламентті өз тізімі арқылы түзе алатын күш – партия болып тұрғанда, Тоқаевтың мұндай мықты саяси әрі бюрократиялық ресурстан өз еркімен бас тартуы қаншалықты орынды?
Меніңше, ол тағы да дипломатиялық таңдау жасайды: жыл аяғына дейін партияны өз қолымен қайта жасақтап, сайланбалы органдарына өз адамдарын енгізіп, партия басшылығына өзіне мейлінше берілген, айтқанынан шықпайтын, ең бастысы, дербес саясаткер болуға ұмтыылмайтын, таза функционер тұлғаны қояды. Өйткені, сайлаулар қарсаңында партиялық мінбе президентке де қажет. Содан соң «мемлекет басшысы ретінде мен барлық саяси күштерге тең қарауға тиістімін» деп, партия басшылығынан кетуі әбден мүмкін. Оны да көре жатармыз!
Әміржан Қосан
Abai.kz