Талғат ТЕМЕНОВ, режиссер: МЕН «ЗАКОНЧЕННЫЙ ДУРАК» ЕМЕСПІН ҒОЙ
4, 5, 6 қазан Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында премьера. Режиссер Талғат Теменов М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясын «Ай-Қарагөз» деген атпен көрерменге ұсынады. О баста-ақ Теменов бір шығармаға кіріссе, бір сөзін өзгертпей қоя салмайтыны түсінікті еді. Бірақ Мұхтар Әуезов... «Пьесаны өзгерттім» деген бір ауыз сөз талай адамды айран-асыр қалдырды. «Әуезовті өзгерту?! Әуезовте драматургия жоқ болса!..» Не керек, қойылмай жатып біраз шу шығарған спектакль туралы режиссердің өзімен пікірлестік.
- Әйгілі «Қарагөзді» қояйын деп жатырсыз. Шымылдығы түрілмей жатып ел неше түрлі әңгімелер естіп жатыр...
- «Теменов Әуезовке ауыз салды» деп жатыр...
- Осыншама шу шығармай, «Қарагөзді» бір әрпін өзгертпей қоя салсаңыз қайтер еді?
4, 5, 6 қазан Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында премьера. Режиссер Талғат Теменов М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясын «Ай-Қарагөз» деген атпен көрерменге ұсынады. О баста-ақ Теменов бір шығармаға кіріссе, бір сөзін өзгертпей қоя салмайтыны түсінікті еді. Бірақ Мұхтар Әуезов... «Пьесаны өзгерттім» деген бір ауыз сөз талай адамды айран-асыр қалдырды. «Әуезовті өзгерту?! Әуезовте драматургия жоқ болса!..» Не керек, қойылмай жатып біраз шу шығарған спектакль туралы режиссердің өзімен пікірлестік.
- Әйгілі «Қарагөзді» қояйын деп жатырсыз. Шымылдығы түрілмей жатып ел неше түрлі әңгімелер естіп жатыр...
- «Теменов Әуезовке ауыз салды» деп жатыр...
- Осыншама шу шығармай, «Қарагөзді» бір әрпін өзгертпей қоя салсаңыз қайтер еді?
- Уақыт, заман, көзқарас өзгерді. Әуезов «Қарагөздің» екінші нұсқасын 1926 жылы жазды. Одан бері бір ғасырдай уақыт өтті. Қазір заман басқа, психология басқа. Тек қана махаббат өзгерген жоқ, тартыс өзгерген жоқ. Адамдардың қарым-қатынасы өзгерген жоқ. Ең негізгісі, пьесаны қайта жазып біткенде Мұрат Әуезовке оқыттым. «Талғат, егер автор тірі болса, риза болар еді», - деді. Өзге түгілі өз театрымыздың актрисалары да «Қалайша Әуезовке сөз салдың?» - деп түсінбеді о баста. Бірақ жеме-жемге келгенде, қазір спектакль дайын болғанда бәрі риза болып жатыр. Мысалы, Шекспир қаншама ғасырдан бері қанша елде, қанша театрларда қойылды - әркез жаңа бір акценттер қойылып, жаңа бір трактовкамен ойналады. Классика дегеніміз сол. Моцартқа, Бахқа талай орындаушы баруы мүмкін, бірақ әрқайсысы өзінше ойнайды. Бірақ түпкі негіз қалады. Сол сияқты Әуезов жазған үштаған: Сырым, Қарагөз, Нарша және төртінші күш - Мөржан бейнесіндегі қоғам өзгерген жоқ. Мен «законченный дурак» емеспін ғой. Біраз ақын-жазушыларды шақырып көрсеттім, байқағаным, спектакль ешкімді де бей-жай қалдырмайды.
- Оқиға өтетін уақытты өзгерткен жоқсыз ба?
- Жоқ. Бірақ ән өзгерді. Мысалы, Рамазан Стамғазиевтің орындауында Тұрсынжан Шапайдың «Дариға-дәуренін» алдым. Осы ән Сырымның әні болып қалды. Ең соңында осы әнмен бірге зал да күңіреніп кетеді. Ол аз десеңіз, мен бағдарламаның соңғы бетіне ән мәтінін басып қойдым. Көрермен театрдан шығып, көлігінде кетіп бара жатып, сол әнді айтып бара жататындай қылдым.
- Жалпы, «Қарагөзге» не үшін қызықтыңыз?
- Әуезовте Сырымның бір сөзі бар: «Мен Қарагөзді үш күн, үш түн іздегенде өзім үшін таптым», - дейді. Бір-ақ ауыз сөз. Ал мен содан сахна жасадым. Ұйытқыған боранда қызды іздеген жұртшылық күдер үзгенде Сырымның жалғыз өзі қалып қойып, ақыры Қарагөзді табуы - махаббат жолындағы ерлік болатын. Сол тұста Қарагөздің аузына: «Мен сенің келеріңді білгем» деген сөз салдым. Спектакль содан басталады. Мөржанның сөзі бар: «Баяғыда әке-шешесі өліп, екеуі жетім қалғанда бір-біріне пана болды», - дейді. Менде кішкентай Қарагөз бен кішкентай Сырым бар. Ең соңында Брейгельдің «Соқырлары» кетіп бара жатады. «Бұлар кімдер?», - дейді. «Соқырлар. Атам айтқан, бұл дүниеде жақсылықты, сұлулықты, махаббатты көрмегендер - соқырлар деген», - дейді. Осы сияқты, Әуезовте бар, бірақ ешкім байқамаған сөздерден мизансценалар құрдым. Сосын тартысты қараңыз. Ақылды адам, таза адам, ғашық адамды қоғам, орта жындандырады. Қарагөз таяқ жегеннен, біреу басынан ұрып, миы шайқалғаннан жынданған жоқ. Ол Сырымды сүйгеннен, өзі үшін Сырымның жапа шеккенінен жынданады. Бұл мотив Достоевскийде бар, Король Лир өлер алдында жынданады, Гамлет те солай. ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі Милош Форманның «Пролетая над гнездом кукушки» фильмін есіңізге түсіріңіз. Сондықтан Әуезовтің Қарагөзі Достоевский, Шекспир кейіпкерлерімен деңгейлес ірі бейне. Маған бұл пьесадан керегі - Сырым, Қарагөз бен Наршаның трагедиясы. Спектакль осы трагедияға құрылады.
- Сырым мен Қарагөз емес, Сырым, Қарагөз және Нарша трагедиясы дейсіз ғой?
- Дәл солай. Осы уақытқа дейін Наршаны қатардағы байдың баласы ретінде көрсетіп келді. Ал бізде ең соңында Қарагөздің басында Сырым мен Нарша бірге қалады. Әуезов пьесасында: «Сырым, сені Нарша шақырып жатыр», - деп кісі келетін. Менің трактовкамда Сырым Наршаға өзі келеді. «Қазақ даласында екеуіміздей шерменде жоқ» деп жылайды. Екеуі де ақылды, екеуі де көркем, екеуі де көзі ашық, бір-ақ кінәсі - екеуі бір қызды сүйгені.
- Өзіңіз ойлаңызшы, Нарша өзінің бәсекелесі, оның үстіне сүйген жары артық көретін адамның алдына баруы мүмкін бе?
- Бұл тек қана кемеңгер адам баратын қадам. Наршаның образы бізде осындай биікке көтерілді. Оның үстіне Нарша (біздің трактовкада) Орынборда оқыған, патшалық әскердің мектебінен өткен, былайша айтқанда, өз ортасында бәрінен биік тұрған азамат. Әбіш секілді, Шоқан секілді, ағартушы. Осындай азаматқа, бүгінгі тілмен айтқанда әлгі «мамбетка» қыздың қарамай, қайдағы бір «хиппиге» еліктеуі ол үшін үлкен трагедия. Бірақ оның даналығы да сонда, ол да сезім үшін құрбандыққа барады.
- Сіз осы уақытқа дейін заманауи спектакльдер қойдыңыз, орыс шығармаларын, Айтматовты сахналадыңыз. Қазақ классикасына келу үшін неге сонша ұзақ толғандыңыз?
- Өйткені қазақ классикасы деген - біздің барымыз, арымыз, інжу-маржанымыз. Мен көркемдік көзқарастарым қалыптаса бастаған кезеңде тоғыз жыл бойы Мәскеуде тұрған адаммын, көзімді ашып көргенім орыс классикасы болды, орыс спектакльдерімен, шет ел киносымен өстім. Салған жерден қазақ классикасына бара алмағаным да - Мұхаңдар, Ғабеңдер алдындағы жауапкершіліктен еді. Институтты бітірмей жатып жас режиссерлердің біресе «Ақан Серіні», біресе «Қыз Жібекті» жылтыңдатып қоюының өзінде үлкен кінәрат жатыр. Адам жүгіру үшін алдымен қаз тұрып, тәй-тәй басып үйренбей ме? Сол секілді, заманауи пьесалар мен аударма дүниелер менің театрға бейімделу жолдарым еді. Бір байқағаным, көрермен «Ай-Қарагөздің» басынан аяғына дейін демін ішіне тартып отырады. Мен бұл спектакль арқылы қазақ классикасын қалай қоюға болатынын көрсеттім деп ойлаймын.
- Әңгімеңізге рахмет.
Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ
"Халық сөзі" газеті